Quantcast
Channel: Кеудемде қимылдаған жаным барда...

Шетелде білім алу: Высшая школа экономики

0
0

Бүгінгі айдарымыздың кейіпкері асқан талаптылықтың үлгісі болуға әбден лайық. Мәскеудегі Экономика жоғары мектебінде білім алатын Асқар Кожепьянов өзінің тәжірибесімен бөлісті.

- Асқар, сәлем! Алдымен өзің туралы айтсаң?

- Мен Қостанай облысының шағын, бірақ жайлы Рудный қаласында дүниеге келдім. Қаладағы өзіндік дәстүрі бар мектептердің бірі – №2 гимназияда оқыдым. Мектеп бітіргеннен кейін алматылық оқу орнына түскім келді, бірақ ойдағыдай болмады – өз қаламның институтында ғана «Маркетинг» мамандығынан оқу грантын иелендім. Ата-анам жас кезінде қоғамдық істерде жоғары белсенділік танытыпты, комсомолда болған екен. Бұл белсенділікті мен де мұра етіппін, университеттің қоғамдық және саяси өміріне үнемі араласып тұруым арқылы көп нәрсе үйрендім. Оқуым, әрине, бірінші орында тұрды.

- Ал Мәскеуге оқуға түсуге шешім қабылдауыңа не түрткі болды?

- Дипломдық жұмысты қорғау жақындаған кезде Экономика жоғары мектебінің олимпиадасына қатысу мүмкіндігі жайлы білдім. Мен оқыған Рудный индустриалды институты мәскеулік оқу орнымен әріптестік қатынаста болғандықтан, бұл сайыстағы жеңіс университет магистратурасының есігін ашатын еді. Мен олимпиадаға қатысып көрдім, бірақ жеңіске жетпедім. Алайда, мәскеуліктер маған магистратураға түсудің басқа жолын ұсынды – ТМД елдерінің абитуриенттеріне арналған квота алу мақсатындағы сұхбаттасу. Өкінішке орай, квотаны да алмадым.

Бакалавр дәрежесін алған соң, табысты карьера жасау мақсатымен еліміздің астанасына көшуге бел будым. Алайда армандаған қызметіме бірнеше жылдық тәжірибе талап етілгендіктен, орналаса алмадым да, туристік компанияда жұмыс істеуге тура келді. Бұл жағдай мені, әрине, қанағаттандырмады. Мақсатыма жетудің мүмкін болатын жолдарын іздеу үстінде болдым. Барлығын және бірден иеленгім келді.

Жаңа вакансиялар, тәжірибеден өту бағдарламалары туралы ақпарат іздеп жүрдім, сонымен бірге Мәскеуге бару жайында да ұмытпадым. Нәтижесінде, университет аяқтағаннан кейін сегіз ай өткен соң әлемдік экономикадан олимпиадада жеңіске жетуім арқылы Экономика жоғары мектебіне оқуға түстім. Дәл сол уақытта Астанадағы ірі IT-компанияда тәжірибе жинақтау конкурсынан да өттім.

Таңдау қажет болды. Мен көп ойланбай білім алуды таңдадым да, Мәскеуге кеттім.

- Университет жайлы не айтасың? Алғашқы әсерің қандай болды?

- Қала мен университеттен алған алғашқы әсерімнің ерекше болғаны сонша, қазіргі күнге дейін сақталған. Кей кезде ғана күн сәулесінің жоқтығынан көңіл-күйім түсіп жүреді. Біздің күн шуағына бөленіп үйренгеніміз сонша, оған тәуелді де болып қалыппыз.

Университеттегі Ресей мен басқа елдерден келген өте ақылды студенттердің көптігі мені таң қалдырды. Әсіресе профессорлар мен студенттердің біздің еліміздің өкілдері жайлы пікірі қуантты, олар Қазақстан мен оның халқын жоғары бағалайды, елбасымыз жайлы жылы сөздер естідім. Осындайды естіп, көңілің қуанады.

- Ал оқу үрдісінде қандай айырмашылық байқадың?

- Шатты көңіл-күйдің басым болғанына қарамастан, оқу үрдісі туралы да ұмытпаған жөн. Экономист мамандығын таңдағандықтан, математикадан өте жақсы деңгей қажет болды. Әрине, ресейлік білім үнемі өзінің іргелілігімен ерекшеленетін. Мен білім алған оқу орны классикалық ресейлік және заманауи еуропалық білім беру модельдерін үйлестіре білді. Осындай оқу жүйесі мықты маман дайындауға жағдай туғызады, өзімнің Мәскеуде тапқан достарымды үлгі ретінде айта аламын.

- Өзің бірге оқыған, араласқан жастардың қандай ерекшеліктерін атап өтер едің? Бізбен салыстырғанда, айырмашылықтар көп пе?

- Студенттерге келетін болсақ, ресейлік және қазақстандық жастардың арасында қатты айырмашылық сезілмейді. Қызығушылықтарымыз бірдей. Қарапайымдықтың белгісі шығар, мен оқыған университеттің студенттері өздерінің білімдерімен ешқашан мақтанбайтын. Ал олардың білімді екендігіне күмән аз.

- Оқудан бос уақытыңда немен айналысасың?

- Мен үшін тек қана оқу үрдісіне берілу қызықсыз, басқа салаларда белсенділік танытуға тырысамын. Стоиктер философиясын зерттегенді, тарихи әдебиеттер оқығанды ұнатамын. Қыста достарыммен коньки тебеміз, жазда волейбол, футбол ойнаймыз.

- Шетелде оқитын студенттеріміздің бірігіп пәтер жалдау тәжірибесі кең таралған. Ал сен қайда тұрасың?

- Жатақханада тұрамын. Кір жуғыш машина, қысқатолқынды пеш, интернет сияқты қажеттің бәрі бар. Тұрмыстық жағдайлары өте жоғары деңгейде, студенттің оқу үрдісіне ештеңе кедергі жасамайды. Өзім бұған дейін жатақханада тұрып көрмеген едім, жақсы әсер алдым.

- Оқуда немесе күнделікті өмірде қиындықтар кездестірдің бе?

- Әрине, күнделікті тұрмыста көптеген ұсақ қиыншылықтарға тап боласың. Мысалы, 22 жасымда тамақ пісіруді үйренуге тура келді. Мәскеулік жаңбырларға көп уақыт үйрене алмай жүрдім. Сонымен бірге, әрине, жақындарымды сағындым. Бірақ студенттік өмірдің қызықтары аталмыш ыңғайсыздықтардың бәрін ұмыттырды.

- Шетелге, әсіресе Мәскеуге оқуға түсетіндерге қандай кеңес берер едің?

- Мәскеуге оқуға түсемін деушілерге талапты болуға кеңес берер едім. Ештеңеден қорықпаңдар. Мәскеу – үлкен әрі күрделі қала, миллиондаған халқы бар, сондықтан өте абай болу керек, бірақ мақсаттарыңды да естен шығармаған жөн, үнемі алға ұмтылу керек. Мәскеу талапты, жауапкершілігі мол және ұқыпты адамдарды жақсы көреді. Өзіңе осындай қасиеттер тән десең, қош келдің! Бұл қала сені уақыт, ақша және адамдармен қарым-қатынасты бағалауға баулиды.

Сұхбаттасқан: Айжан Байтанова

Фото: Асқардың жеке архивынан


«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

China University of Petroleum, Beijing

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Carl von Ossietzky Universität Oldenburg

Universität Greifswald

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: University of L'Aquila

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: Humboldt-Universität zu Berlin

İstanbul Üniversitesi

Institute of French Petroleum (IFP) School

Multimedia University of Malaysia

Oklahoma State University


«Астана Опера» театрына фото шолу

0
0

Айжан Байтанова

журналист

Бүгін «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесері өтеді. Осыған орай «Екпін» театрға жасалған фото шолуды ұсынып отыр.

Театр ғимараты палладиандық, неоклассикалық сәулет стильдерінде салынған.

Астана қаласының Тұран көшесінде орналасқан театрды салуға бірнеше мемлекет қатысты. Германия сахна монтажын жасаса, Италия шеберлері акустикасын, құрылыс материалдары мен қабырғадағы көлемді (3D) көркемсурет, Болгария мен отандық мамандар фасадтар үшін жауап берген болатын. Швейцариялық сәулетшілер, құрылысшылармен жұмыс жасады. Жобаның бас мердігері швейцариялық Mabetex болды.

Ғимаратта барлық спектакльдер мен концерттерді жазып алуға мүмкіндік туғызатын студиялық жабдықтау орналасқан, теардың жеке спутник стансасы бар.

Едендегі паркет, қабырғалардағы шие ағашынан жасалған панельдер, креслолар мен айналардың барлығы акустикалық тұрғыдан есептеліп орналасқан. Дыбыс толқынын жұтатын немесе шағылыстыратын барлық беттер дыбысты қабылдауға жақсы мүмкіндік береді. Креслолардың еңкею және бұрылу бұрыштары миландық "Ла Скала" театрының үлгісімен жасалған.

Театрдың үлкен мақтаныштарының бірі - зор сахна кеңістігі. Негізгі сахна, арьерсахна және қапталындағы екі қалта көмегімен үзіліссіз спектакльдер циклімен жұмыс жасай алады. Бұл сахна кеңістігінде бірден үш акт қоюға мүмкіндік туғызады.

Сахна механизмін (13 метрге дейінгі тереңдікте орналасқан) неміс мамандары дайындаған, барлық қозғалыстары сандық технологиямен басқарылады.

Көрермен залы 1250 орынға шақталған, оркестр орына 120 оркестрант жайғаса алады.

Театр фойесінде екі үлкен сатының жанында Бурабай мен Шарын каньонының суреттері салынған.

Камералық залдың кіреберісі

Театрда әр қабатқа, тіпті галереяға дейін көтерілетін лифтіден бастап, арнайы дәретханаларға дейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға барлық жағдай жасалған.

250 адамға шақталған зал камералық музыка концерттерін өткізуге арналған және ауқымды акустикалық мүмкіндіктерге ие. Залдың төбесіндегі бірегей суретті интерьермен жұмыс жасаған итальяндық суретшілер тобы салды.

Камералық залдың төбесіндегі сурет

Театрда 26 репетиция залы бар. Олардың акустикасымен итальяндық мамандар жұмыс жасап, репетиториядағы дыбысталу ерекше таза деңгейге жеткен. Арнайы ағаштан жасалған қабырғалар, тіпті ондағы дыбыс өткізетін саңылаулардың өзі дыбысты бірқалыпты әрі толық естуге мүмкіндік береді.

Театрда алпыстан астам грим бөлмелері бар, олардың 8 - VIP. Грим бөлмесінде музыкалық аспап бар, арнайы акустикалық жүйе қолданылған, қажетінше дайындала беруге болады.

Салтанат Мұратбекова, меццо-сопрано:

- Дайындыққа барлық бос уақыт кетеді, ал концертмейстермен (Салтанат опера концертмейстері Жанар Ахметовамен жұмыс жасайды) күніне бір сағат дайындаламыз. Біз үшін ең бастысы, денсаулыққа мұқият болу керек. Театр әртісі үнемі ізденіс үстінде болады, тәжірибе жинақтайды, курстарға барады, жаңа нәрселерге үйренуге тырысып жүреді. Шет тіліндегі қойылымды барынша беріліп орындау үшін тілді түсіну қажет. Тілді білмесең, сезімің оянбайды.

Салтанат Италияда тәжірибе жинақтап, Россини атындағы опера фестивалінде жеңіске жетіп, Россини операсындағы бас партияны орындауға мүмкіндік алды.

Солистер мен оркестрдің дайындығы

Сәбит Дайыров, контрабас:

- 1974 жылдан бастап музыкамен айналысамын. Вердидің басқа да шығармаларын көп орындадым. Мысалы, "Отеллода" контрабастың солосы бар, барлық зал тым-тырыс, жалғыз өзің ойнайсың. Осындай сәттерде аса жоғары жауапкершілікті сезінесің. Ал "Аттила" операсындағы партиям мен үшін күрделі емес. Солистер дайындығы бөлек жүреді, біз бөлек дайындаламыз, содан кейін бірге дайындығымыз бар. Пицци секілді әлемдік деңгейдегі мамандармен жұмыс жасау кезінде музыкант ретінде көп нәрсе алуға болады.

Айсұлу Байкенова, концертмейстер, скрипка:

- Мектептен бері скрипкада ойнаймын, ал кәсіби тәжірибеме жиырма жыл. "Аттила" спектаклін алғашқы рет ойнағалы жатырмын, бірінші танысуым, алған әсерім керемет. Әлемдік деңгейдегі мамандармен жұмыс жасағанымыз өте құнды тәжірибе. Театрымызда дайындық үшін барлық жағдай жасалған, оркестрмен ғана емес, шағын топтармен немесе жеке дайындалуға да болады.

Айдар Абжаханов, дирижер:

- 1993 жылдан бастап музыкамен, дирижерлікпен айналысамын. Театр ортасында 1997 жылданмын. Түске дейін, таңертең дайындаламыз, қандай опера болмасын, барлығы жеке адамға ғана байланысты, өте индивидуалды. Кейде концерттен кейін де дайындалатын жағдайлар болады, оркестр дайындығында арнайы кесте жоқ, мүмкіндігінше өз шеберлігімізді шыңдай беруге тырысамыз.

Айдар "Аттила" премьерасынан кейін тамшалауға болатын "Ромео мен Джульетта" спектаклінің қоюшысы.

- "Ромео мен Джульеттаны" Бордо операсының бас хореографы, балет көркем жетекшісі Шарль Жюдпен бірге дайындап жатырмыз, ол қоюшы болса, мен дирижермін. Жюд мырза жоғары деңгейдегі маман, - дейді өзі.

- Жақсы деңгейдегі театр жасау оңай емес, бұл тек ғимаратын салумен ғана шектелмейді. Әлемдік театрлар бұл үшін жүз, екі жүз жылдай уақыт жұмсаған, біздің уақытымыз әлдеқайда қысқа. Барлығы оңай емес, бірақ аса күрделі ештеңе жоқ. Ең бастысы - адами фактор, ұжымдағы қарым-қатынастың жақсы болуы, - деп бөліседі Айдар Кенжетайұлы.

"Ромео мен Джульеттаға" балет труппасының дайындығы

«Астана Опера» театрының Әлемдік тұсаукесеріне орай төрт кеш өтеді.

Басты кеш - 2013 жылдың 21 қазаны - Дж. Вердидің «Аттила» операсының тұсаукесері. Қоюшы режиссері, сценографы, костюм жөніндегі суретшісі - әлемге белгілі итальяндық шебер, Францияның Құрметті Легионы Орденінің иегері Пьер Луиджи Пицци. Музыкалық жетекшісі және дирижері – Валерий Гергиев (Мариин театры, Санкт-Петербор).

22 қазанда классикалық музыка жұлдыздарының гала-концерті болса, 24-і күні «Астана Опера» театрының жұлдыздары өнер көрсетеді.

Болат Тыныбеков: «Менің аспабым — виолончельдің тамыры қобыздан тарайды»

0
0

Айжан Кәрібаева

журналист

Бүгінгі кейіпкеріміз Күләш Байсейітова атындағы мектеп музыкасының сахнасынан бастап, Ұлыбританиядағы Альберт-холлға дейін көптеген әлемдік сахналарда өнер көрсеткен, Лондондағы "Royal College of Music" жоғарғы оқу орнының түлегі, виолончель аспабының шебер орындаушысы, музыкант Болат Тыныбеков.

Тыныбековтер әулеті қазірде шетелдерде өздерінің әйгілі дуэтімен танымал. Бір туған ағалы-қарындас Ботагөз (скрипка) бен Болат қазақ әуендерін де классикалық аспаптарға салып, әлемге қазақ музыкасын насихаттайды. Бүгінде Болат Тыныбековпен тек музыка жайлы емес, жалпы әлемдегі Қазақстанның орнын, тіл мәселесі мен бізге алға жүруге не жетіспейтіні жайлы әңгіме тарқаттық.

- Болат, сәлеметсіз бе! Біздің журналға сұхбат беруге уақыт тауып келгеніңізге рахмет. Біраз өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз, қай жерде туылып, өсіп-өндіңіз?

- 1985 жылы Қарағандыда қарындасым екеуіміз туылғанбыз. Кейін екі айымызда Алматыға көшіп келіп, осы жерде Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектебінде 12 жыл оқып бітіріп шықтық. Жалпы музыка бағытын таңдауымыз бекерден емес деп ойлаймын. Әкем ғалым-металлург болған. "Ғалымдар үйінде" қызмет етіп, жаңа металл түрлерін ашып, зерттеулер жасағаны үшін кеңес заманында "Лениндік сыйлықтар" алып отырған. Мені де болашақта ізін бассын деп атымды "Болат" қойғаны да сол себептен болар. Алайда біздің кішкентай кезімізде әкеміз ауырып қайтыс болды. Сол себепті анамның бағытымен кеттік. Ал анам – кәсіби скрипкашы. Біздің бас жанашырымыз, қолдаушымыз, менеджеріміз.

- Ал Лондонға ең ірі музыка мектебіне түсу мүмкіндігі қалай түсті?

- Қазақстандағы Ресей күндерінде Мәскеуден келген танымал виолончелист, М.Л.Ростроповичтің шәкірті Наталья Гутман қарындасым екеуімізді көріп, бізге ары қарай оқуымызды Мәскеуде емес, Лондонға барып жалғастыруымызға кеңес берді. Өйткені қазіргі мәскеулік білім бұрынғыдай емес деп, Лондондағы өзінің жақсы таныстары Боярскийлерге бағыттады. Олар да ерлі-зайыптылар скрипкашы мен виолончелист екен. Солай біз Лондонда мәскеуліктерден үйрендік.

Ол университет бізді құшақ жая қабылдағанымен, оқу ақысы жағы қиындық туғызды. Содан анамыз "Болашақ" бағдарламасы жайлы естіп қалып, мектеп бітіргеннен кейін, біз «Royal College of Music» университетіне «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат тапсырып түстік.

- Оқу процесі, ондағы мұғалімдеріңіз жайлы айтып берсеңіз?

- Ол университет өзінің инновацияларымен ерекшеленеді. Жыл сайын пәндер жаңаланады, мысалы, мен алған сабақтар кейінгі курстарға түспеуі мүмкін. Сондай-ақ теориядан гөрі, практикаға көп мән беріледі. Білімнің жұмыста бір пайдаға асу керектігі олар үшін маңызды.

Мұғалімдік құрам өте интернационалды болды. Ол университет үшін мұғалімнің міндетті түрде ағылшын болуы маңызды емес екен. Бастысы, үлкен шебер болуы керек. Сол себепті мен жапондардан да, француздардан да сабақтар алдым. Әрине, шетелде оқудың басты артықшылығы сол – әлемнің түкпір-түкпірінен достар жинап келесің. Мысалы, келешекте мен музыка фестивалін өткізетін болсам, жан-жақтан түрлі шеберлерді шақыра аламын. Негізі халықаралық қарым-қатынастың өзі осылай орнайды.

Оқып жүріп мен екінші курстан бастап сабақ бердім. Ол да бір ерекше тәсіл – өйткені өзгеге оқытып жүріп, сен материалды өзің терең қабылдайсың. Өз мұғаліміңмен әріптес боласың. Әр студентті ынталандыру, түсіну, түсіндіру – бәрі де маған өте ұнайды, өзіме жақын дүниелер. Сол себепті мен қазір де №10 музыкалық мектепте сабақ беру тәжірибемді жалғастырып жүрмін.

- Сабақ беріп жүрсеңіз, біздегі оқу жүйесі жайлы айтарыңыз болар?

- Иә, бізде әлі де музыкалық білім саласында тым академиялық жүйе қатып қалған. Ойын арқылы жеңілдетіп жеткізу тәсілі жоқ. Қазірде қинау, ойнай алмасаң қолыңнан ұру сияқты тәсілдер жұмыс істемейді. Адамдар соңғы кезде музыкамен өздері үшін айналысады. Мен әдетте оқушыларымнан қазір не тыңдап жүрсің деп сұраймын. Ол кино музыкасы болсын, джаз, рок болсын, оларға нотасын жазып беріп, соны үйрете бастаймын. Оқушылар музыканы қиын сабақ ретінде емес, жан қалауы ретінде қабылдауы керек.

Бір жағынан сабақ беруге мен неліктен көп мән беремін? Өйткені ол біздің болашақ тыңдармандарымыз. Біз музыка үйрету арқылы оқушыларға сол әсем әлемге деген талғам қалыптастырамыз. Олардың музыкаға деген сүйіспеншілігін арттырамыз. Көп жағдайда классикалық музыканы ешкім түсінбейді, концерттерге ешкім бармайды деп жатады. Егер аудиторияны тәрбиелемесе, әрине оған сұраныс болмайды. Мен өз басым, әр орта мектепте жақсы музыка үйірмелерінің болуын қалаймын. Ол ертең музыкант болмаса да, музыканы түсінуі қалады. Болашақта ол керемет тыңдарман болады.

- Ал классикалық музыканы түсіну үшін қарапайым тыңдарманға неден бастау керек? Мүмкін музыка тарихына үңілу керек шығар?

- Жоқ, ол міндетті емес. Ол музыканттардың міндеті. Алдымен жай ғана концерттерге барудан бастау керек. Қазір Қазақстанда мәдениетке, классикалық өнерге үлкен мән берілуде. Концерттер дұрыс форматта құрылып жатыр. Яғни, қай туынды қандай жағдайда жазылғаны жайлы айтылады, көрерменді қызықтырады.

Мысалы, Д.Шостаковичтің ағылшын аудармашы қызына ғашық болып жазған керемет сонатасы бар. Сондай туындының қандай жағдайда, қандай сезіммен жазылғанын түсіндірсе, тыңдарман оны басқаша қабылдай бастайды. Мысалы, Лондонда бізді тек музыкаға емес, өзіңді презентациялауға да үйретеді. Көрермендермен "eye contact" жасау, қалай жүріп, тұру – бәрі де сахнада өте маңызды.

- Қазірде белгілі бір ансамбльдердің құрамында барсыз ба?

- Менің мәңгілік ансамблім қарындасым екеуіміздің дуэтіміз (күліп). Одан соң "Тұран" атты триомыз бар, онда екеуіміз және фортепианода ойнайтын Жанель Ахметова деген досымыз бар. Ол қазір Цюрихте білім алуда. Одан соң бірнеше лондондық ансамбльдердің құрамында бармын. Олар да концерттерге жиі шақырып тұрады.

- Музыкадан басқа немен айналысасыз?

- Қазір опера айтумен қызығып жүрмін. Миланда өте жақсы маэстро тауып алып, содан сабақтар алғанмын. Әдетте опера әншілері 28-30 жастарында ән айтуды бастайды. Мүмкін болашақта ол менің кәсібіме де айналатын шығар. Қазірде Моцарттың «Фигаро»-сын дайындап жүрмін. Оған тек ән салу емес, актерлік шеберлік те қосылып кетеді. Өнердің сан қырлары ғой. Сондай-ақ фотомодель ретінде лондондық “Ugly Models” агенттігінде бармын.

- Шетелде қазақ музыкасын орындайсыздар, ол жақтағы аудиторияның әсері қандай болып жатады?

- Шетелде қазақ музыкасы өте жоғары бағаланып жатады. Классикалық музыка бізге Батыстан келген, әрине, оны түсіну қиын. Екінші жағынан классикалық музыка өз менталитетіне сай қатаңдау, педанттық. Ал біздің қазақ әуені романтикаға толы.

Виолончель, скрипка, контрабас пен альт негізінде тамырын Орталық Азиядан алады. Ұлы Жібек Жолы арқылы еуропалықтар өздеріне қобызды алып келеді. Алдымен қобыз ол кездері Италиядағы алғашқы респубилка тектес ел Венецияға келеді. Олар қобызды атақты Страдивари туған Кремонаға әкеліп, оны ары қарай дамытып одан виола жасайды. Ал қобыздың өзі түркі кезеңінде соғыс жағдайындағы садақтан пайда болған. Бұл факт кеңес энциклопедияларында да жазылған. Алайда Кеңес одағының құрамында болған жылдарда көптеген түркологтардың еңбектері жойылып, қазірдің өзінде біраз факттар жасырынып жатыр.

Мысалы, аңыз бойынша, қазақтардың арғы аталары Көкке табынған түркілер емес пе, міне, сол түркілер көк бөріден тарайды, яғни “Mother Wolf”. Бұл аңыз тіпті италиялықтардың қазіргі Тоскана жерінде мекендеген этрусстардың қасқырдан тараған аңызынан да ежелгі. Италиядағы «Капитолиялық қасқыр» мүсініндегі екі баланы кейін римдіктер қойған екен, ал қасқырдың өзі сол этрустармен бірге келген. Этрустардың өздері қасқырдан тараған аңызы бар, бірақ олардың қайдан келгені белгісіз.

Менің өз болжамым бойынша, ол сол көк түркілерден тарайды. Одан соң венгрлер де біздің мадиярлар. Олар өздері де оны мойындайды. Венгрлердің музыкасы, нағыз классикалық қазақ әуені. Ежелгі түркі кезеңі, Орталық Азия тарихы өте қызықты ғой. Мысалы, Англияда Әмір Темірді Тамерланус деп танып, оны “King” ретінде зерттейді. Одан соң тарихыңа үңіліп, терең қазбалай бастасаң, өз рухың да көтеріледі. Аяғыңда нық тұрасың.

Мен әлемнің көп елдерінде болдым, ондай саяхаттаудың бір артықшылығы – қайда жүрмесең де, өз халқыңның ерекшелігін бағалайсың. Біздің халқымызда білім де, дарын да, эмоция да бар. Қазақстанның басты байлығы - мұнай да, табиғаты да емес, адамдары. Ең бастысы, бір-бірімізді артқа тартпай, көп сынай бермеу керек. Өйткені бұл жағдайдағы ең басты проблема – қазіргі кезең, уақыт қана.

- Иә, біз кей жағдайларда әлемдегі өз орнымызды түсінбей жатамыз...

- Әрине, әрбір ауыспалы кезеңде кез келген елде бүкіл құндылықтар қайтадан жаңғыра бастайды. Біздің өмір сүріп жатқан қазіргі кезеңіміз – елдің нық аяғына тұрып, біраз тұрақтылық сақталған кезең. Қандайда болсын экономикалық тұрақтылық болған елде адамдар әрине материалдық құндылықтарға жүгіреді. Алматы, Астанадан соны көретіндеймін.

Соңғы кезде «понтовый казах» деп айтатындары да содан. Ол біздің халыққа біткен мінез емес. Ол тек ауыспалы кезеңнен кейін туындаған жағдайдағы реакция. Мысалы, Қытайды алсаң, италиялық «Gucci» дүкендерінде кезекке тізіліп, стиліне келе ме, келмей ме, білместен сөмкелерді қырып сатып алып жатқан қытайлықтарды көресің. Оның бәрі өтеді. Біз енді-енді ғана тұрақтылыққа үйреніп, оң-солымызды байқап, қайтадан байырғы құндылықтарымызға көңіл бөліп, мәдениетке назар аударудамыз.

- Тек музыкамен емес, жалпы өмірде белгілі бір жетістікке жеткісі келетін жастарға не айтар едіңіз? Мүмкін өз тәжірибеңіз арқылы келген кеңестер?

- Ең бастысы, тек жастарға емес, жалпы біздерге позитивті болуға үйрену керек. Дамыған елдер оны біледі. Яғни, олар әр жағдайдың жақсы жақтарын көруге тырысады. Оларда, мысалы, Англияда адамның өзін-өзі тануына бағытталған, жетістікке жетуге үйрететін үлкен психологиялық орталықтар құрылған. Сондықтан олар жетістікке жетудің бірден-бір үлкен қадамы өмірдің жақсы жақтарына көңіл аудару деп ғылыми зерттеулер тұрғысында тұжырым жасайды.

Ал біз көбінесе жағдайдың негативті қырын тез көріп қоямыз. Мысалы, анау маған былай қарап қалды, мені сынап жатыр, ұнатпай қалды сынды ойлардан арылу керек. Әр адамның жетістікке жетуі позитивті ойларына байланысты. Бір жағынан, оны өз тәжірибемнен де айтып отырмын.

Одан соң бір-бірімізді қолдауды үйренуіміз керек. Бір елде тұрып, ұлтқа бөлінушілік те дұрыс емес деп ойлаймын. Мысалы, Қазақстанда тұратын орыстар мен ресейлік орыстарды алып қарасаң да, ол мүлде түрлі адамдар. Біз еуропалық та, азиялық та емеспіз, еуразиялықтармыз. Бір жағынан, бір-бірін он жыл көрмесе де, құшақтай алмай, жүз метрден иіліп тұратын жапондықтар сияқты емеспіз, екінші жағынан толықтай еуропалықтар да емеспіз. Екі жақтың да мәдениетін сіңіргенбіз. Сол себепті орыс тілін де мен еуразиялық тіл ретінде қарастырамын.

Әрине, ең бастысы, ана тіліміз – қазақ тілі, ал одан соң еуразиялық тіл – орыс тілі болуы керек деп ойлаймын. Мысалы, әлем бойынша көптеген елдер ағылшынша сөйлейді. Бірақ олар біз Англияның тілі ағылшынша сөйлейміз демейді, мысалы, біз аустралиялық немесе канадалық ағылшын тілінде сөйлейміз дейді. Сол сияқты біз қазақстандық орыс тілінде сөйлейміз. Айтпақшы, орыс тілінде түркі сөздері көптеп кездеседі. Сондықтан ол Еуразияда пайда болып қалыптасқан тіл.

Материалды басқа сайттарға көшіруге жол берілмейді

Кітап оқу туралы 5 минуттық дәріс

0
0

Бук-скауттың оқырманның қолайлылық зонасы туралы пікірі

«Манн, Иванов и Фербер» баспаханасының бұрынғы бук-скауты Сергей Король Лебедев Студиясында дәріс оқып, кітаптан неғұрлым көп пайда алу үшін оны қалай оқу қажет екенімен бөлісті.

Субвокализация — мәтінді ішімізден оқу үрдісі. Адам минутына 200-300, кейде 400 сөз жылдамдықпен сөйлей алады. Бұл шамамен оның оқу жылдамдығымен сәйкес келеді. Жылдам оқудың белгілі теорияларының ешқайсысы шын мәнісінде жұмыс істемейді, себебі субвокализацияны бәсеңдете отырып, мәтінді жақсы меңгеру мүмкіндігі ғылыми түрде дәлелденбеген. Сөздердің қалай дыбысталатынын елестете алмайтын керең-мылқау адамдар да сөздерді ішінен айтады, бірақ бұл саусақтарды қимылдату немесе қол бұлшықеттеріне күш салу арқылы жүзеге асады. Демек, субвокализация үрдісінің физиологиялық негізі де бар. Кез келген мәтінді асықпай әрі мұқият оқу керек, мүмкін болмаса, оқуды кейінге қалдырған жөн.

Біздің жадымыз үзінді түрінде жұмыс жасайды — нәтижесінде біз оқылған кітаптың 85% ұмытып қаламыз. Бірақ, есте сақталатын ақпарат көлемін ұлғайтудың бірнеше жолы бар. Ол үшін белсенді оқу тәсілін қолдану керек — белгілер қою, қызықты немесе пайдалы үзінділерді көрсету, болашақта тереңірек ақпарат іздеу үшін сұрақтар құрастыру. Кітап бетіне қарындашпен белгі қоюға, doc-файлда немесе Evernote қызметінде жазбалар жасау. Оқығаннан кейін рецензия немесе қысқаша мазмұн жазсаңыз, бұл кітапты меңгеруде көп көмегін тигізеді, ал ең құнды ақпарат үнемі қолжетімді болады.

Жаңа кітапты алғаш оқығаннан кейін толықтай түсіну әдетте қиын болады. Кітапты жақсы түсінудің жолы — оны екі рет оқу. Мортимер Адлер өзінің «Кітаптарды қалай оқу керек?» атты еңбегінде сүйікті шығармаларымызды тіпті бес-алты рет оқуға кеңес береді.

Кітапқа аяусыз болыңыз, елу бет ережесін ұстаныңыз. Егер алғашқы елу бет ішінде кітап сізді қызықтырмаса — оқуды тоқтатыңыз, кітапқа екінші мүмкіндік бермеңіз. Сөйтіп, бір кітапты шамамен бір сағат ішінде сараптап шығуға болады. Әлемде сапалы әдебиет өте көп, сондықтан уақытыңызды жаман кітаптарға бөлмеуге тырысыңыз. Өзіңізге күніне кем дегенде бір сағат кітап оқу мақсатын қойыңыз. Сонда сіз жылына шамамен елу кітап оқисыз, ал бұл орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Кейде өзіңіздің оқырман қолайлылығы зонасынан шығуға тырысыңыз, тәжірибе ретінде өзіңізге ұнамайтын жанрдағы кітапты оқып көріңіз. Мысалы, сіз нон-фикшнды жақсы көрсеңіз, детектив немесе махаббат хикаясын оқыңыз. Бұндай тәжірибе парашютпен секіру сияқты әсер қалдырады. Одан кейін өзіңізге жақсы таныс жанрыңызға қайта оралу ерекше сезіледі.

Сергей Король дәрісінің толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар.

Материалды дайындаған: Айжан Байтанова

Тұрар Рысқұловтың ұрпағымен кездесу

0
0

Мейрамхан Жәпек

журналист, Тұрар Рысқұлов

публицистикасын зерттеуші

I бөлім Бастау

II бөлім Айт күні

III бөлім

Тұрардың ұрпағы Владимир

Іс сапарымның соңғы аптасына дейін Тұрардың қызы Майямен оның  немересі Владимирмен жолығуды ойлап жүрдім. Күнделікті қауырт жұмыстардан кездесу кейінге қала берді. Дегенмен, жаратушы Алла бәрінің сәтін келтірді. Бірде РГАСПИ-де бір құжатты қарап отырсам, сұраныс қағазында В.Рысқұлов деп жазылып тұр.

Мұрағат қызметкері, зерттеу нысанымыз бір болғандықтан ғана жеке парақшасын көрсетті. Сөйтсем, В.Рысқұловпен көрші тұрады екенбіз. Үйге келе сала Жаннаға айттым. «Дұрыс, келесі Декабристер көшесі. Ортада «Байқоңыр». Алты минутта тауып аласың» деді. «Байқоңырың не?» деп сұраймын Жаннадан. Ол ішек сілесі қата күлді. «Метродан шыға сала жан-жағыңа қарамайтының көрініп тұр. Метроның сол жағында «Байқоңыр» кинотеатры, оң жағында біздің үй емес пе?!». Мен дереу телефон тұтқасын алып, оған хабарластым. «Жексенбі күні сағат үшке келіңіз» деді.

Жанна екеуміз діттеген уақытта ол кісінің есігінің қоңырауын соқтық. Ар жақтан аласа бойлы әдемі келіншек шықты. «Келіңіздер, төрлетіңіздер» деп қонақжайлық танытты. Төргі қонақ бөлмесінің  бір қабырғасы толған кітап. Әлем әдебиеті, тарих, жаратылыстану, өнер, энциклопедиялар, толып жатыр. Көз сүрінеді.

Владимир Тұрар Рысқұловтың екінші қызы Майяның ұлы. 1957 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Мәскеу Мемлекеттік Университетінің Азия Африка елдері институтының тарих- филология факультетін тәмамдаған, араб, ағылшын, француз тілі бойынша маман. Кезінде атақты «Интуристе» қызмет атқарыпты. Александрина, Анастасия, Анна есімді үш қызы бар. Жұбайы Вера Борисовна үй қызметінде. Александрина мен Анастасия жоғары білімді биотехнологтар, кенжесі Анна-суретші.

Негізінен, Т. Рысқұловтың бұрынғы жұбайы Надежда Константиновнадан екі қыз қалған. Үлкені Софья, кішісі Майя.

Софья Тұрарқызы 1923 жылы дүниеге келген. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Тіпті, сол жылдары екінің бірі қолы жете бермейтін «аға оқытушы» деген зор атаққа ие болады. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Софья  апамыз 1998 жылы қайтыс болыпты.

Майя Тұрарқызы 1929 жылы  дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң, Мәскеудің Көркем сурет көрмесі дирекциясында машинистка болып, Центросоюз хатшылығында және Роспотребсоюзда әр түрлі қызметтер атқарған. Қазір жасы 91де. Науқастанып жатуына байланысты, сұхбаттасудың реті келмеді.

«Нағашы әжем Надежда Константиновна бар ғұмырын екі қызына арнады, дұрыс тәрбие беріп, оқытты. Кезінде Қызыл профессура институтында, КСРО ҒА Тарих институтында машинистка болып қызмет етті. Ол кісі 1976 жылы дүниеден қайтты. Нағашы әжем өте мейірімді адам еді. Атам туралы жиі айтатын. Қазір кейбір топтар қазақ зиялыларын бір-біріне қарсы қойып, арасына сына қаққысы келетін сияқты. Олардыкі дұрыс емес. Әжем: «Н.Нұрмақов, С.Қожановтардың жанұясымен жақсы қарым-қатынаста болдық, қонаққа келіп тұратын» дейтін. Алматыдағы нағашы әпкем Сәулемен телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Марқұм Рида әпкеммен кезінде «Интуристе» бірге қызмет атқардық»- дейді Владимир Рысқұлов.

«Қазақстанда жарыққа шыққан көптеген оқулықтарда, мақалаларда авторлар мемлекет қайраткерлері туралы қателікке жол береді. Тіпті бір кітапта Жаһанша Досмұхамедовтан басқаларына бөтен есімдер жазылып кетіпті. Ол сурет біздің жанұялық альбомымызда сақтаулы тұр», деп Владимир көне суретті алып шықты.

Шындығында, суреттің екінші жағында Ж.Досмұхамедов өз қолымен былай деп жазыпты: Жаһанша, Заира, менің қарындасым Хадиша, Сұлтанбек. 1923 жыл. Бұл жерде Заира - Ольга Константиновна. Сұлтанбек - мемлекет қайраткері, публицист Сұлтанбек Қожанов. Ж.Досмұхамедовтер жанұясы 1923 жылы Тәшкенде тұрғанда түссе керек бұл суретке. Қазақтың бір емес екі апталдай азаматы ғашық болған, жанұя құрған, апалы сіңлілі екі қыз туралы қызығушылық танытқанымда мынадай мәліметтер анықталды.

Ольга, Татьяна, Надежда Томскінің жанындағы Каинск қаласында теміржолшы Константин Пушкаревтің отбасында дүниеге келіпті. Константин Пушкарев аштық жылдары қайтыс болады. Ольга Константиновна (1896-1986) Жаһанша Досмұхамедовпен Томскіде танысып, тұрмысқа шығады. Қазан төңкерісіне дейін Ж.Досмұхамедов Томск сот аймағы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Олардың өздеріне тиесілі жеке күймесі, үйі болған. Жаһанша мен Ольга мұсылманша некесін қидырыпты. Күйеуін соншалықты құрметтеп, шексіз сүйген Ольга ислам дінін қабылдап, есімін Заира деп өзгерткен. (Кейін Ж.Досмұхамедов қызмет бабына қарай Ташкентке көшкенде қайын енесі мен балдыздарын қасына алады.М.Ж.). Зұлмат жылдары Жаһанша тұтқындалып жер аударылғанда Заира онымен бірге кетеді.

Ал, К.Пушкаревтің екінші қызы Татьяна (1900-1932) ұлты латыш Август Поднектің жары. А.Поднек мемлекет қайраткері, КСРО Мемлекеттік Жоспар комитетінің мүшесі болған. 1928 жылдары Орталық Азия мен Қазақстанның Су шаруашылығы Бас басқармасының бастығы қызметін атқарады. Татьяна ақ қан ауруынан 1932 жылы Ялтада қаза болыпты.

Кенже қыз Надежда Константиновна мен Тұрар Рысқұлов Жаһаншаның үйінде танысады, бір-бірін ұнатқан екі жас отау құрады.

P.S.

Ғылыми іссапарымның әрбір күні өзім үшін өте маңызды мәнді, әрбір күн көз ілестірмес жылдамдықпен өтті. Діттеген мақсатыма жеткеніммен зерттеу барысында тағы да қосымша тың дүниелер ашылып жатты. Оларды шолып қана өтіп, Алла нәсіп етсе, келесі іссапарға жүк болсын деп белгілеп қойдым.

«Ақиқат атаулының қолайсыздығы сонда, оны жалғандықпен араластырып жіберсең қате қорытындыға, тіпті бір-біріне қарама-қарсы қорытындыға келуің мүмкін» деп неміс ойшылы Г.Лейбниц айтқандай, менің көз жеткізген, қолмен ұстаған құжаттарымның барлығы да терең талдауды, объективті бағаны қажет етеді.

Ендігі жерде мемлекеттік деңгейде мүмкіндіктерімізді жинақтап Мәскеуге тарихшылар, заңгерлер, экономистер, саясаткерлер, журналистерден тұратын ғылыми экспедицияға жіберсек, олар мақсатты түрде зерттеулер жүргізсе, ел тарихындағы әлі де болса ақтаңдақ тұстар толыққанды түсіндірілер еді. Себебі біз әлі де болса ел тарихына қатысты көп мәселелерге бір жақты қарап, бір ғана бағытта баға беріп келе жатқанымыз жасырын емес.

Қарағанды - Мәскеу - Қарағанды
2010 жыл

Фото: Владимир Рысқұловтың жеке парақшасынан

Асхат Еркімбай: «Ғылым адами негізде қалыптасады»

0
0

Айжан Кәрібаева

журналист

Қала оқушылары мен ауыл оқушыларының айырмашылығы

Иә, айырмашылығы қатты сезіледі. Екі жақтың да артықшылығы мен кемшілігі бар. Мысалы, қала мектептерінде оқушылар ашық, еркін ойлы, бірақ ауылдың балаларымен салыстырғанда ұлттық мәселеде көп ақпараттанбаған. Ауылдың балаларында ұяңдығы басым, білсем деп тұрса да - ұялады. Сол себепті ауыл балаларына ұяңдығын ашу керек, ал қала мектептеріне қазақилықты көбірек түсіндіру керек болады. Бірақ ол айырмашылық студенттер арасында 3-4 курстарда жойылып кетеді.

Негізі белгілі бір деңгейде ұяңдық дұрыс. Ол иманнан болады. Адам ұяң болса, тыңдайды деген сөз. Кейде, мысалы, мүлде бет бақтыртпайтын студенттер болады, ол оны демократия деп қате түсінеді. Ол жай ғана өзін көрсету, білім алу құштарлығы мүлде жоқ деген сөз. Ал ұяң балада үйренуге деген құштарлық көбірек.

Негізі «қазақи тәрбиенің» өзі тыйымнан құралған. Кішкентайынан ата-аналар «тыныш отыр», «ананы тиіспе», «анда барма», «мында барма» деп тыйым айтумен болады, оның түбі жасқаншақтыққа келіп соғады. Кейін олар сабақта «сұрасам ба екен, сұрамасам ба екен?», «сұрасам, өзімді білмейтін адамдай көрсетіп қоям ғой» деп ойлайды. Мысалы, өзім ауыл мектебінен қала мектебіне ауысқанмын. Ал бізді кішкентайымыздан білген нәрсеңді айтып отыруға үйреткен. Үнемі сабақ айтып, белсенді отыруға тырысатынмын. Ал қала мектебінде ондай әрекетің саған «білгіш» деген таңба басады екен. Сосын өзіңді баса бастайсың «қойшы, білгіш бола бермей, айтпай-ақ қояйыншы» деп. Бірақ оны да жеңіп шығу керек.

Кейін бұл әдетім әлі де қалмапты. Шетелге оқу үшін он мың кандидат арасынан Маски бағдарламасын жеңіп шыққанда, Алматыда он адамға арналған orientation болды. Сол кезде де мен бірінші партаға отырып алып, «менде үлкен қорқыныш бар, менде academic writing нашар, оны еш жерде оқымағанмын, не істеймін» деп қайта-қайта сұрай берсем керек, маған кейін «енді сен оны үйрену үшін бара жатырсың ғой» деді. Сол кезде мен түсінгендей болдым. Менде білетін адамдай көріну керекпін деген комплекс болады екен. Ешкім де аспаннан біліп түспейді, білмегеніңді айтып қана ол нәрсені үйренесің, білесің. Сен қателесу үшін оқуға түсесің. Қателесуге хақың бар, ол табиғи процес. Қателесуден қорықпауды студенттер түсінсе деймін.

Оның екінші жағы – білгішсіну. Мектепте физика мұғаліміміз «білемін деп айтпаңдар» деп ұрсатын. «Білмеймін деп айтқан адам бір жерден шығады» дейтін тағы да. Сонда қазір ойлап отырсам, жаңа нәрсені білмеймін деп айтуға ұмтылу керек екен.

Менің мұғалімдерім және Майкл Браун

Менің Қарағанды облысы, Сәтпаев ауылындағы мектепте Баян Аюповна деген орыс тілді сынып жетекшім болды. Қазақ мектебіне барып жүрмін, бірақ мұғалімім орысша сөйлейді. Бұл қалай дегенімде, ол кісі өзі Солтүстік Қазақстанда туып, кеңес заманында жалғыз қазақ болып мектепте оқып, талай шеттетулер көріп, талай қиындыққа ұшыраған екен. Сол кезден ол өз-өзіне қазақ балаларын оқытамын деп серт беріпті. Бізге мектеп бағдарламасы бойынша 10-11 сыныпта алгебра, геометрияны 1-2 тоқсанда бітіртіп тастатып, Мәскеу, Томск технологиялық университетінің арнайы оқулықтарымен оқытатын. Бізге бола, арнайы ЖОО-ның профессорларын шақыртатын. Ең бірінші, мені шабыттандырған сол кісі еді. Егер шын ниетің болса, жаның ашыса, саған жүктелген міндеттен екі-үш есе көбірек істеуге болады.

Университет енді басқа орта. Онда қазақ тілі әдебиетінен кумир тұтқан, кітабын жастанып оқитын мұғалімім болды. Кейін бір күні көшеде кетіп бара жатсам, ішіп алған, мас күйінде көрдім. 1 курс мені жағамнан ұстап алып «бір бөтелке әкеліп бер» дегенінде есеңгіреп, 2-3 күн өз-өзіме келе алмағаным бар (күліп). Кейінірек түсіндім: университетте адами, ізгілік қарым-қатынас дамытатын, оны жоғары қоятын мұғалімдер жақсырақ болады екен. Мектептегідей онда мұғалімді кумир тұтып қажет емес. Ондай мұғалімдер студентке объект ретінде емес, адам ретінде қарайды. Проблемасы бар, ауылдан келген студент деп жанашырлықпен қарауы мүмкін. Кейін есіңде лекциядағы сабақтар емес, көбінесе мұғалімдермен адами қарым-қатынасың, ауызашарға шақырып, тауға барғаның сияқты сәттер қалады екен. Сол себепті мұғалім ретінде өзіңді супер бәрін білемін деп көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені оқушыларың сені қуып жетеді. Әсіресе журналистика факультетінде, оқу бітіргеннен соң студентіңмен әріптес, бір деңгейлес боласың.

Шетелден келгенде бірден байқалады. Екі жыл болмаған кезімде Қазақстан қатты өзгерген. Қоғамда агрессия көп, бірақ құр эмоциялар басылған. Орта қазақиланып, қазақ мүддесі ашық айтыла бастаған. Жыл өткен сайын орыс тілді орта ығысып, қазақи орта басып келе жатыр. Сол тенденция қатты білінеді.

Ал Америкада Майкл Браун деген ғылыми жетекшім болды. Ол енді саған туған әкеңдей қарайласады. Оларда студентке объект ретінде қарау деген мүлдем миларына кіріп шықпайды. Баласындай, әріптесіндей көріп, тамағыңды да алып береді, «студентсің ғой, төлеме» деп неше түрлі қамқорлығын көрсетеді. Алпыс-жетпістердегі кісі болса да, Майк деп ата дейді, оны үлкен профессор деп қабылдамайсың да, өте қарапайым адам. Талай рет үйіне барып, иті-мысығына дейін танып, талай рет ғылыми еңбектерін асханасында талқылағанымыз бар.

Сондай қарапайым болғаны соншалық, оған бар нәрсеңді ашық айта бересің, бүкіл нәрсені талқылай аласың. Басқа ешкім түсінбесе де, ғылыми жетекшім, Майкл Браун мені түсінеді деген мықты сенім қалыптасты. Солай әркімге өз ғылыми жетекшілері ыстық. Мысалы, осы жылғы лондондық олимпиада күндері Майктан магистрлік жұмысыма байланысты маңызды бір құжат күтіп отырғанмын. Көп күттіріп хат келді әйтеуір, ашып оқысам, Винокуров жеңісі құтты болсын, әйелім екеуіміз «Қазақстан» деп айқайлап отырмыз деп, тағы да олимпиада жайлы нәрселер жазып кетіпті. Сонда мен Майк менің жұмысым не болды деп күліп жатырмын. Әрине, ғылым маңызды, бірақ ол адами негізде қалыптасады деп еді ол сол кезде. Ғылыми дүние адамилықтан бөлек нәрсе емес. Ғылыми ортада сондай ықыласты, пейілді сезсе, біздің оқушылар да ғалым болуға ұмтылар ма еді деген ойға қаласың.

Журналистерге сабақ берудегі принцептерім

Ал біздің қоғамда, дәстүрлі бағытпен дамып келе жатқан қоғамда, "статус" деген өте маңызды. Ол біздің ұлттық болмысымыз. Әрине, оның жақсы да, жаман да жағы бар. Бірақ шығармашылық адамына қарым-қатынастағы статус деген кедергі келдіреді. Ал индивидуалистік бағытта дамыған Америка үшін керісінше ұжымдық рух қалыптастыру қиынға соғады. Білім беру жүйесінде де олар қазірде топ қылып тапсырма беруге тырысады. Ұжымдастыру олар үшін проблема.

Журналист шығармашылықтың адамы, оның қораштану сезімі, жасқақтау, ұялу, қорқу болмау керек. Өз сабақтарымда соны түсіндіруге, өзіме статус қоймауға тырысамын. Өйткені ол кейін неше түрлі үлкен кісілердің алдында қоғам атынан жасқанбай сұрақ қоя білуі керек. Сабақтарымда тіпті партаның болмауын да қалаймын. Себебі оның өзі оқушы мен студент арасындағы шектеу.

Мен өз сабақтарымда көбінесе тренингтерден алған тәжірибеммен бөлісемін. Студентке ең бастысы, мотивация берсең, ол сабаққа өз еркімен келеді. Екіншіден, үнемі диагностика жасап отыру керек. Бір тапсырма бердің бе, оны оқушы қаншалықты қабылдай алғанын тексеріп отыру керек. Үшіншіден, аудиторияны бақылау керек, яғни адамдар ақпаратты түрліше қабылдайды. Аудиалдар, визуалдар және кинестеттер бар. Сыныпта қайсысы көп, соған байланысты комбинация жасап, не көп сөйлеп, не тақтаға жазып көрсетіп, не ойын ойнатып сездіресің. Содан кейін ғана сабақтан шыққан соң, оқушыларда «бір нәрсе біледі екенмін» деген қанағаттанған сезім пайда болады. Мүмкін бұл тәсіл математика не физика оқытуда дұрыс емес шығар, бірақ дәл журналистикада ол өте тиімді.

Негізі қазақ тіл әдебиетінде оқып шыққан адам бәрібір принципшіл болады. Ғабит Мүсіреповты, Мұхтар Әуезовты оқып, адалдықты дәріптеген шығармалардан күнде сусындайсың. Одан кейін әрине әділдікке болысып, адалдыққа ұмтыласың. Ішіңде негізгі өзек қалыптасады. Бес жыл бойы романтикаға толы шығармаларды оқып жүрген адамға топ етіп жемқорлығы сіңіскен, мәдениетсіз, дөрекі ортаға тап болу өте қиын. Бәлкім басқа салада ондай емес шығар. Бірақ филологтар, мектеп кезімен бірге санағанда, 16 жыл бойы адалдық, әділдік ескен шығармаларды оқып өседі екен. Филфак балалары сезімшіл, әсершіл болып шығатыны содан.

(Материалдың бірінші бөлімі)

Видеолекция: «Дала уалаятының газеті»

0
0

Бүгінгі лекциямыз қазақ журналистикасының тарихына қатысты тақырыпты қамтиды: «Дала уалаяты газетінің» тарихы.

Лектор: Мейрамхан Жәпек (журналист, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы веб-ресурстар бөлімінің жетекшісі).

Тақырып бойынша лекторға сұрақ қоюға болады.

Лекцияның бірінші бөлімі.

Қосымша ақпарат

1888 – 1902 ж.ж. Омбы қаласында жарық көрді. Басында «Акмолинские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде шығып тұрды. Редакторлары: Козлов, Михайлов, Абаза, Попов, Лавров, Аблайханов, Сұлтанғазин, Дүйсембаев.

Газетте ақпараттық материалдарымен (Стамбұлдағы Айя-София мешіті туралы, Баян ауылдан, Ғылым хабарлары, т.б.) қоса публицистикалық, көркем-әдеби туындылар да жарияланды. Аңыз, хикаялар, жұмбақ, мақал, өлең, ертегілер көптеп кездеседі. Мысалы, араб елінің «1001 түннің хикаясы» ертегісі, Жиренше шешен, Үш дос, Рас һәм қисық, Толағай һәм бөрі тастаған таулар турасынан т.б.

Дала уалаятының газетінде бүгінгі кітаптарға жазылатын аннотацияға ұқсас материалдар да аз емес. Мысалы, «Бір жаңа кітап турасынан», «Басылып шыққан кітаптар туралы», «Жаңа кітаптар», «Қазақтарға пайдалы кітаптар».

Лаура Мырзақоңырованың «Дәмді Әлемі»

0
0

Айжан Кәрібаева

журналист

Лаура Мырзақоңырова Ақтау қаласында тұратын қазақтың қарапайым қызы. Қазірде Маңғыстау облысы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ал бос уақытында жанұясын тәтті тағамдарымен қуантып, оның жасалу жолдарын басқа да қыз-келіншектермен өз блогында бөлісіп отырады. Бүгінде Лаура бізге damdialem.blogspot.com блогы жайлы айтып беріп, арнайы «Екпін» үшін ерекше бір тәттісінің жасалу жолын көрсетті.


- Жалпы аспаздық блогын жүргізу идеясы қалай келді? Блогты қашаннан бастап жүргізе бастадыңыз?

- Барлығы инстаграмға әзірлеген тағамдарымның және тәттілерімнің суреттерін қоюдан басталды. Инстаграмдағы достарым сурет қойған сайын рецепт сұрайтын болды, рецепті бір жаздым, екі жаздым, соңында өзім шаршап кетіп, ойыма бір блог ашу келді. Сөйтіп компьютер алдына отырып, бірден блог ашуды жөн көрдім. Блогты қалай атарымды білмей, таңға дейін отырғаным әлі есімде (күліп). Ұйқы қысып бара жатса да, "блогты ашпай, ұйықтамаймын" дедім, әйтеуір таңға жақын "Дәмді әлем" деген атау ойыма сап ете түсіп, блогымды сонымен солай атап кеттім. Міне, осы айда блогыма 1 жыл болды, 1 жылдың ішінде 100 рецепт салып үлгеріппін.

- Блог жүргізудің жалпы өзіңізге қандай пайдасы тиеді?

- Негізі блогтың маған тиер ешқандай пайдасы жоқ, бұл тек менің хоббиім және де қыз-келіншектерге көмек болсын деген ниет!

- Қанша жасыңыздан бастап тағам әзірлеуді үйрендіңіз? Біреу үйретті ме?

- Алғаш рет тамақты 3-сыныпта оқып жүргенімде, яғни 9 жасымда жасағанмын, інім "дұрыс піспеген" деп сын айтқан еді. Жалпы әр қыз баланың тағам пісіруде алғашқы ұстазы анасы болады, менің де алғашқы ұстазым ол - аяулы анам! Анам - аспаз! Бала кезімнен үнемі қасында жүріп, неше түрлі тағамдарды жасауды үйрендім ол кісіден.

- Көбінесе қай елдің асханасы ұнайды? Қандай тамақтарды жасағанды ұнатасыз?

- Маған ащы тағамдар ұнайды, сондықтан қытай тағамдарын жаным сүйеді. Үйде де анда-санда қытайдың тағамдарын жасап тұрамын, себебі жолдасым да ұнатады. Көбінесе қою тағамдардан гөрі сорпаны жақсы көремін, қажет болса аптасына 7 рет болса да жасай беруші едім.

- Блогыңыздағы жеңіл рецептерді қайдан табасыз?

- Негізі тағамдарды бала кезімнен жақсы жасасам да, тәттілерді пісіруді күйеуге шыққан соң бастадым. Басында көмекшім интернет болды, гуглдан шықпайтын едім, кейін кейбір рецептер ойдан да шыға беретін болды, бірақ кейде ерекше бір нәрсе пісіргім келсе, интернеттен қарайтынымды жасырмаймын.

- Жалпы өз тәжірибеңізден шыққан тамақ жасаудағы 1-2 құпияларыңызбен бөліссеңіз?

- Тамақ жасау да бір өнер! Бірақ кез келген адам, тамақты Аллаһтың атымен, яғни "Бисмиллаһ" сөзімен бастаса, жасалған тағамның дәмді болатынына күмәнім жоқ.
Құпияға келер болсақ, тағамның ең маңызды бөлігі ет екені бәрімізге мәлім, яғни тағамның дәмді болып-болмауы еттің дәмді пісуіне байланысты.

Бір-екі рет қыздар менен қуырылған еттің жасалу жолын сұраған болатын. Негізі құпия дейтіндей құпия емес, кеңес дейінші, етті қызған майға салып қуыру керек, 2-3 минут қуырғаннан кейін тұз салу қажет, кейбіреулері ет қатайып кетеді деп, тұзды ет піскеннен кейін салуға кеңес беріп жатады, бірақ маған сеніңіздер, бірден тұз салсаңыз, ет піскенше тұзы сіңіп, дәмі керемет болады. Сонымен етті қуыру барысында тұздап, өзінің шырыны шығып, таусылғанша қатты отта пісіру керек. Шырыны таусылып, ет қазанға жабыса бастағаннан бастап, 1 стақан су құйып, отты баяулатып, жай отта суы таусылғанша пісіресіз, барлық құпия осы!

- Басқа да қандай хоббиларыңыз бар?

- Жұмыстан келгенімде тек қана тамақ жасауға және балаларға қарауға ғана әлім жетеді, сондықтан хобби дейтіндей басқа нәрселерге көңіл бөлмеймін де. Бірақ анда-санда ән айтып қоямын, бала кезімдегі арманым әнші болу еді.

- Тамақ жасауды қиынсынатын немесе қолымнан келмейді дейтін қыздардың құлшынысын арттыру үшін қандай кеңес айтар едіңіз?

- Қыз-келіншектерге айтар кеңесім, тәтті тағам әзірлеу кез келгендеріңіздің қолынан келеді, тек ең бастысы ықылас болуы керек. Бір жасағаннан бәрі керемет болып шыға келмейді, менде де кезінде дәмсіз тағамдар, езіліп кеткен күріш, күйіп кеткен ет, шикі піскен тәттілер болды, бірақ оған қарамастан мен қайта-қайта сол тағамды жақсы шыққанға дейін жасай бердім, менің қолымнан келді, ендеше сіздердің де қолдарыңыздан келеді деген сөз! Ең бастысы, нәтиже шыққанға дейін еңбек ету, сол кезде көздеріңізді жұмып тұрып-ақ дәмді тағам жасап, қазір мен ұқсап, басқа қыз-келіншектерге кеңес беріп отырасыздар.

Бұл тортты арнайы "Екпін" журналы үшін жасадым.

Торттың түрі шынымен де бархатқа ұқсайды. Дәмі де түріне сай жақсы деп айта аламын. Дастарханыңыздың сәні болады. Сондықтан осы тортты жасап қонақтарыңыздың қуанышына бөленіңіз!


Құрамы:

Жұмыртқа - 4 дана

Қант - 1 стақан

Сүт - 1 стақан

Маргарин - 200гр

Ұн - 2,5 стақан

Разрыхлитель - 1

Ванилин - 1

Қызыл бояғыш (пищевой краситель) - 0,5 шай қасық


Кремі үшін:

Ақуыз - 2 дана

Қант - 1,5 стақан

Лимон тамшысы 4-5

Су - 0,75 мл


Арасына:

Консервіленген жемістер

Киви - 2 дана

Үстіне - қант пудрасы


Алдымен жұмыртқаға қант салып, миксермен көпіртіп араластырамыз.


Маргаринді ерітіп,


көпірген жұмыртқа және қантқа құйып,


араластыра береміз.


Енді сүт құямыз.


оны да араластырып,


бояғыш саламыз.



Барлығы қызыл түске боялғанға дейін араластырамыз.


Ұн салып,


араластырамыз.


Формамызға құйып, 180°-та 45 минут шамасында пісіреміз.


Салқындағанша күтеміз, үстінгі артық биіктеу бөлігін кесіп алып тастаймыз.


Блендерға салып,


ұсақтаймыз.


Дайын тәттімізді екіге бөліп,


кивиді тураймыз.


Консервідегі жемістер осындай!


Осылай дайындап қоямыз да,


крем дайындаймыз. Кремді дайындау жолы damdialem.blogspot.com'да бар. Бірінші ақуызды миксермен көпіртіп, шамамен 7-8 минут араластырамыз. Ақуыз аппақ қардай болып қоюлануы керек. 1,5 стақан қантқа 0,75 мл су құйып, лимон тамшыларын тамызып қайнатамыз. Қайнату уақыты 5-10 минут арасында болады. Яғни шәрбеттің түсі біраз сарғайып қоюланса, дайын деген сөз! Сол қайнаған шәрбетті аппақ ақуыздың үстіне жайлап құйып тұрып, миксермен тоқтамастан араластырамыз. Крем әбден қоюланғанша тоқтатпау керек. Сонымен төмендегідей қою крем шығуы тиіс.


Екіге бөлінген тәттінің үстіне крем жағып жемістерімізді жайғастырып, екінші бөлігімен жабамыз да,


осының үстіне крем жағамыз. Мен үстіңгі кесілген бөлігін астына жібердім де, астын үстіне қараттым, сондықтан беті тегіс болып тұр суретте.


Тәттімізді толықтай креммен қаптап тастаймыз.


Ұнтақтарды жанына және үстіне сеуіп, қаптаймыз.


Енді жазуды бетіне қалай түсіру керектігін түсіндіріп кетейін. Бір қағазға керекті жазуды жазып,


ойып алып тастаймыз.


Дайын торттың үстіне


қағазымызды қойып,

қант пудрасын сеуіп шығамыз.


Осындай жазу шығады.


Шетелде білім алу: The University of Aberdeen

0
0

«Шетелде білім алу» айдарының бүгінгі кейіпкері – Көлік және коммуникациялар министрлігінің бас сарапшысы Жанат Жахметова.

-  Жанат, сәлем! Алдымен өзің туралы қысқаша айтып өтсең? Қазақстанда қай жоғары оқу орнында білім алып едің?

- Мен Жезқазған қаласында туып-өстім, №8 қазақ гимназиясын 2004 жылы аяқтап, сол жылы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Сегізінші сыныпқа дейін ағылшын тілін сүйіп оқитынмын, кейіннен жаратылыстану сабақтарына қызығушылығым арта бастады. Мүмкін, анамның химия пәні мұғалімі болғаны да рөлін атқарған шығар. Университетті 2008 жылы Органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығы бойынша аяқтап шықтым.

2009 жылы Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығына жұмысқа орналастым, кейін мемлекеттік қызметке ауыстым. Өз мамандығым бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне орналасқым келіп еді, алайда мені Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне шақырды. Екі жыл агенттікте жұмыс істеп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Шотландияға оқуға түстім.

- Неге Шотландияны таңдадың?

- Абердин университетіне Oil and Gas Engineering мамандығы бойынша оқуға түстім. Ұлыбритания таңдауыма себеп көп болды. Біріншіден, Абердин Еуропаның мұнай астанасы саналады. Мысал үшін, АҚШ-та да көптеген университеттер бар, бірақ маған Абердин жақынырақ болды. Екіншіден, университеттен шақыру алдым. «Болашақпен» оқуға өзім түстім, IELTS тапсырып, 7 ұпай жинадым да, сертификатымды университеттерге жібердім. Абердиннен шақыру келді.

Өзім де үнемі Ұлыбританияны көруді армандайтынмын. Британдықтар да, жаңбырлы, салқын ауа райы да ұнайды. Еуропаның көп елдерінде болдым, ешқайсысында Ұлыбританиядағыдай өзімді еркін сезінбеймін.

- Тіл үйренуден қиындықтар болды ма?

- Тіл үйренуден еш қиындық болмады, мектепте ағылшыннан жақсы білім алып едім. Бірақ, мектепте қалай жақсы оқысаң да, тестілеуге бәрібір дайындалу қажет. Тек тілді білу жеткіліксіз, әр тесттің өз құрылымы болады, оған дайын болу керек. Сонымен қатар, психологиялық дайындық та маңызды. IELTS қиын тесттердің бірі, тіл білсем де, оған жарты жылдай жақсылап дайындалдым.

- Қазақстан мен Ұлыбритания білім беру жүйелерінде айырмашылықтар бары анық. Қайсысымен кездестің?

- Өзім туралы айтсам, бакалавриат пен магистратура арасында біршама уақыт өтті. Содан болу керек, магистратураға деген көзқарасым салмақтырақ болды. Шпаргалка дайындап, не де болса жақсы баға алып шығуды ойлайтынбыз. Ал магистратурада оқып жүрген кезде бір де бір рет олай жасауға тырыспаппын. Жауапкершілік әлдеқайда көбірек болса да, уайымдамаппын да.

Ал оқу жүйесіндегі айырмашылықтар, көбінесе, кредиттік жүйемен байланысты. Қазақстанда оқуға түскенімде, кредиттік жүйе жаңа ғана енгізіліп жатқан еді. Біздің жүйеде студентті қалай да болса аяйды, мысалы лектор 10 тақырыпқа дәріс оқиды да, дәл сол тақырыптар бойынша 100 сұрақ береді. Ал Абердинде олай емес. Дәрісте он тақырып тыңдасаң, емтиханның он бесінің бәрі келеді. Сонымен қатар, баяндау стилистикасы да өзгеше. Бір жылдың ішінде басқа стилистикаға тез ауысып үлгеру біраз қиындау болды.

- Абердин жастары қандай?

- Қазақстанда оқыған кезде әлі бала едік, ол жақта студенттер ересектеу. Мүмкін, өзім де жиырма бестен асқанда оқуға түскендіктен, солай көрінген шығар. Біздің студенттер өте белсенді, пысық, бұл мақтанатын нәрсе. Мысалы, Қазақстаннан барған қыз бір студенттік кеңесті басқарып отырды. Ал британ жастарында сондай белсенділікті аса байқамадым.

Тағы бір айта кетерлік жайт, әркім өзі үшін жауап береді. Ешкім ешкімнен көшірмейді, тіпті көшіріп алуды сұрамайды да. Мүмкін, ондай жағдайлар болып тұратын да шығар, бірақ өзім кездестірмедім.

Тағы байқағаным, британдық жастар өз ісіне берілген. Мысалы, сабақтарын таңнан кешке дейін оқиды да, басқа ештеңеге алаңдамайды. Сонымен бірге, демалуды да біледі. Сабақтарын оқыса, демалу туралы, ал демалса, сабақ туралы ойламауға тырысады.

- Қайда тұрдың? Пәтер жалдау қымбат па?

- Мен жатақханада тұрдым. Оқуға түскенімде өзіме жатақхана керектігін анкетамда көрсеткен болатынмын. Таңдауға бірнеше жатақхана ұсынылды. Тіпті кішкентай қалашық бар екен, университтен 15 минуттық жерде орналасқан. Біріншіден, жатақханада тұру қымбат емес. Өйткені, жарық, су, интернет үшін төлемейсің, оның бәрі тегін. Ал Ұлыбританияда жарық өте қымбат. Белгілі бір соманы кесте бойынша төлеп тұрасың, өте ыңғайлы.

Екіншіден, студент үшін жатақханада барлық жағдай жасалған. Ас үй, вай-фай, оқу залы, компьютер класы да бар.

Үшіншіден, пәтер жалдау кезінде көп қаражатың кетеді, бірге жалдап тұру үшін адам іздейсің, коммуналдық қызметтер үшін төлейсің және пәтерің жатақханадай университет жанында болмайды. Бұл, өз кезегінде қосымша қаражат пен уақытыңды алады.

- Шотландияда тұрған бір жыл ішінде қандай қиындықтарға тап болдың?

- Ең басты қиындық – медицина. Шотландияға келгенде, бірден полиция мен емханада тіркелуің керек. Содан соң, ауырып қалған жағдайда, ауруханаға бармай, телефонмен хабарласасың. Дәрігер қабылдай алатын уақытта ғана келесің, ал ол бір аптадан кейін босауы да мүмкін.

Жазып беретін дәрілері мен рецептері де өзгеше. Бізде бірден антибиотик жазып берсе, британдықтар не ешқандай дәрі бермейді, не жеңіл дәрі береді. Онысы дұрыс деп ойлаймын.

Негізі, баратын жеріңді өзің таңдап, ұнатып барсаң, көп қиындық кездестіре қоймайсың.

- Оқу кезінде қызықты оқиғалар болып тұрды ма?

- Лондонда өткен Олимпиадаға бару мүмкіндігі болды. Ең бастысы, жақын жерде әрі қымбат емес. Бір күнге барып, қазақстандық боксшыларға жанкүйер болып қайттық.

Мен оқыған топта 70 адамдай оқыды, олардың арасында 6 қазақ болдық. Топпен бірге жоба дайындау кезінде бірге жиналып, кітапхана не бөлмелерімізде отырып, басқалармен салыстырғанда өте көп шулайтынбыз. Дегенмен, өте жақсы жоба дайындап, 20 ұпайдың 19-ын жинадық.

- «Болашақпен» шетелге оқуға түсетін жастарға қандай кеңес берер едің?

- Ең бастысы – қорықпау. Мен «Болашақ» бағдарламасымен 2006 жылы да оқуға түсуге тырысқанмын, бірақ өтпей қалдым. Дегенмен, бес жылдан кейін қайта тырысып, оқу грантын жеңіп алдым. Тырысыңдар, өз күштеріңді сынауға қорықпаңдар. Бұндай ерекше мүмкіндік барлық мемлекеттерде жоқ. Африкадан келген көршім оларда тіпті өз еліңде орта білім алатын мүмкіндік болмай жататынын айтты.

Шетелде оқу тек білім алу емес, басқа мемлекеттерді көру, олардың өмірімен, мәдениетімен танысу мүмкіндігі. Оқуға түскеннен кейін, қатты қиналмаңдар. Қазақстандағы жүйе мен шетелдік жүйенің мүлдем әр түрлі екенін есте сақтаған жөн. Басқалардың жетістіктерінен сабақ алуға тырысу керек.

- Қазір немен айналысасың?

- Қазір Көлік және коммуникациялар министрлігінде жұмыс істеймін. Оқуға түскен кезімде де сонда істейтінмін, ол кезде Байланыс және ақпарат министрлігі болатынбыз. Менің басшылығым оқуға түскеніме қуанды, бір жылға академиялық үзіліс беріп, жұмыс орнымды сақтап қалды. Магистратурамды аяқтаған соң, Қазақстанға оралып, қайтадан өз жұмысыма шықтым.

- Қандай кітаптарды сүйіп оқисың?

«Бай әке, жарлы әке» кітабын жақында бітірдім. Кітап ұнады, өте жеңіл, қарапайым жазылған. Оқуға кеңес беремін. Тағы бір ұнайтын кітабым – Chicken Soup for the Soul. Шағын ғана, бірақ сабақ алатын оқиғалар жинағы. Классикадан Джек Лондонның «Ақ азуы» мен Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасын» атай аламын. Негізі, қаржы саласының кітаптарын көп оқимын.

Сұхбаттасқан: Айжан Байтанова

Фото Жанаттың жеке архивынан


«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

China University of Petroleum, Beijing

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Carl von Ossietzky Universität Oldenburg

Universität Greifswald

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: University of L'Aquila

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: Humboldt-Universität zu Berlin

İstanbul Üniversitesi

Institute of French Petroleum (IFP) School

Multimedia University of Malaysia

Oklahoma State University

Высшая школа экономики

«Екпін» жобасы неліктен сіздермен қоштасады?

0
0

2012 жылдың қаңтар айында «Екпін» деген жобамыз туды, осы уақытқа дейін қаншама айдар мен материал дайындалды, қаншама кейіпкермен таныстық, қаншама жиналыс өткіздік. Осының бәрі бекер емес, еңбегіміз зая кетпеді деген үмітпен жобаның соңғы нүктесін бүгін қоюға тура келеді.

Барша оқырмандарымыз үшін соңғы видеоблогымызды түсіруді жөн көріп, осы роликті сіздерге арнадық. Түсірілім барысында бірнеше дубль камераға жазылмады, содан біраз алғысымыз видеода жоқ. Алайда, әрқайсыларыңыздың орны біз үшін ерекше екенін ұмытпаңыздар. Бізді оқып, жобамызға қызығушылық танытып отырған барлық жандарға алғысымыз шексіз. Жаңа жобаларда жүздескенше!

«Екпін» командасы





Latest Images