Quantcast
Channel: Кеудемде қимылдаған жаным барда...
Viewing all 450 articles
Browse latest View live

Қымбат Әбілдақызы: «Желтоқсандықтар арманының алдында қарыздармыз»

0
0

1986 жылдың желтоқсаны журналист Қымбат Әбілдақызының көзімен

1986 жыл деген бүгінгідей Тәуелсіздіктің рухы ар-намысымызда шынайы көрініс табатын уақыт емес еді. Біз өте саналы түрде жоғарыға бағынышты екендігімізді білетінбіз. Ол жоғары деген қазақтың тәуелсіздігіне, өзінің ұлтын сүю сезіміне қолдау көрсетпейтіндігі, қайта қысып ұстайтындығы ап-анық мәселе болатын. Сырттан сондай бір қысым болғандықтан елді сүю, туған Отаныңды сүю, халқыңның құндылықтарын құрметтеу, соған жан ашу сезімінің барлығы бір ұлтшылдық болып көрінетін.

Кезінде бізге атеизмді оқытты, құдайдан қорықпайтын болдық, ішкі иманымыз бекем болған жоқ. Ол кезде «Мен қазақпын», «Менің ұлтым» деген дүниелерді біз бүгінгідей сезіммен айта алмайтынбыз. Сондықтан сол бір ішкі қыспақ адамның еркіндігіне, рух еркіндігіне қысым болған кезде сенің одан сайын елге деген сүйіспеншілігің арта түседі: «Шіркін-ай, орыстардың анасы да ұлы, мынасы да ұлы. Ал өзіміздің ұлтымызға жаны ашыған қаншама ұлыларымыз, алаштың ардақтылары, алаштың көсемдерінің еңбектері жарыққа шыққан соң оларды түсініп, түйсігіңде сілкініс пайда болады, оның барлығы, сөз жоқ, іште булығып-булығып жүрді де желтоқсан көтерілісінде жарылатын кезеңге жетті.

Желтоқсан желі

Желтоқсан - біріншіден, оқиға емес. Оқиға деген сөз ойда-жоқта бола салатын дүние ғой. Ал мен ешқашан желтоқсанды ойда-жоқта бұзақылардың ба, не азын-аулақ ұлтшылдардың бір оқиғасы деп айта алмаймын. Ол іштегі қанның 62 тамырына сыймай, шын мәнісінде бір елдік рухтың тасыған үлкен бір ғажап сезімі деп ұғамын. Сондықтан желтоқсан - көтеріліс. Еркіндікті аңсаған, бостандықты аңсаған, тәуелсіздікті аңсаған бір азат сананың көтерілісі деп ұғамын.

Ең ғажабы, сол санамызда өзіміздің бодандықта жүрген мемлекет екендігімізді, әсіресе мына көзі ашық алаштың ақтандақтарын енді қолына алып, ұлтты сүю сезімі, ұлтты қорғау сезімі, солардан енді-енді үйрене бастаған ұрпақтың 86-жылы лап етіп көтеріліске шығуы - осы уақытқа дейін өз елімізді басқаратын бір ұл тумаған ба, неге бізге сырттан қазақтың жағдайын, қазақтың мінез-құлқын, пейілін, тұрмыс-тіршілігін білмейтін, жалпы қазақ деген халықпен бір қазанда қайнамаған, сырттан келіп осындай үлкен Тәңір жерінің үстін, астын кең-қазынаға, байлыққа толтырып, несібемізді молынан берген мемлекетті өзімізден туған бір ұлдың басқара алмауы қалай? Бұл да енді бодандықтың, бізді езіп-таптап қорлаудың үлкен түрі шығар деп, ішіміздегі сілкініс бірден атой салды.

Намыс

Мен ол кезде Қазақстандағы жалғыз телевизия Қазақстан телерадио корпорациясы телеарнасының әдебиет редакциясында жұмыс істейтінмін. Сол кезде оқуымды бітіріп, арнайы шақырумен келіп жұмыс істеп жатқан болатынмын. Ол кезде телевизияға орналасу өте қиын еді. Студент кезімде телеарнада ғажап хабарлар болатын: «Ой-көкпар» деген білім жарысы, «Әдептен озбайық» деген эстетикалық хабар, «Қызықты кездесулер» атты ғалымдар мен өнер адамдарымен сондай-ақ ауыл шаруашылық мамандары мен еңбеккерлермен адамның жан дүниесін ашатын, дала мен қаланың арасындағы байланыс, далаңда да, қалаңда да бар қазақ бірін-бірі толықтырып тұру керек дегенді үйрететін бір сұмдық жақсы хабарлар болатын. Ал қазір біз тек қаланың адамдарын ғана телеарнадан жылтыңдатып, Тәуелсіздік алған 21 жылда қаланың өмірінен басқа ауылдың өмірі жоқтай болып кеттік. Мен бұған қарсымын. Ауылдың өмірі бізден ұмыт қалды.

Біз ауылдың үдіре қалаға көшіп бейшара болып, құл болып, көрінгеннің босағасында, есігінде жүруіне біздің мына жүргізіп жатқан саясатымыз, үгіт-насихатымыздың дұрыс еместігі де деп білемін. Ал ол кезде қанша жерден біз бодан болып жүрсек те, ауыл еңбеккерлеріне деген құрметте шек болмайтын. Бүкіл өнер адамдары оларға арнайы барып концертін қойып, қызметін көрсететін. Ауыл дегеніңіз шын мәнінде қаланың асыраушысы, қазақтың тамыры-тын. Ал сонда жастарда ауылды сүю сезімі, ауыл адамын бағалау сезімі жоғары болатын. Оларды біз кәдімгідей қазақтың асыраушысы , қазақтың тамыры деп ұғатынбыз. Қалада жүргендер соның жай ғана жапырағы, бұтағы деп сезінетінбіз. Түптің-түбі біз ауылға  жанашыр болатынбыз. Өйткені ауыл дегеніңіз қазақтықтың бұзылмаған қаймағы болатын.

Міне, көрдіңіз бе, сонда көтеріліске ауыл балалары шығып тұр. Әрине, мен ол алаңға шыққандардың, көтеріліске қатысқандардың барлығының бойында патриоттық сезім бұрқырап тұрды деп айта алмаймын. Бірақ оларда ұлтқа, халыққа, мемлекетке деген адалдық болды. Олардың намысы мықты болды. Сол сезіммен біздің Отанымыз Қазақстанды Колбиннің қолына беріп қоя алмадық. Көтеріліске шыққан жастар өздерінің жастық жігерін, санасын, намысын бәрін құрбандыққа шалды, неше түрлі зорлық-зомбылыққа төзіп, саналы түрде тепкінің астында қалды.

«Менің Қазақстаным»

Мен университетте өте белсенді болдым, сол кездегі комсомолдың жетекшісі, студенттер жатақханасының басшысы, Лениндік стипендиямен оқыдым. Беделім әжептәуір болатын. Сол ұйымдастырушылығымды телевизия басшылары танып, арнайы шақыртып жұмысқа алды. Менің бұл Алматыда сүйенішім жоқ, жатақхана алғанша вокзалда түнейтін, шабаданымды вокзалдың сақтау камерасына қойып қоятын қыз болғанмын. Осыдан жұмыс орнымды сақтап қалудың қымбат екендігін менің ішім білетін. Ол орынға тіпті өз ішімізде алакөздердің жүргенін, орнымның өте қажет екендігін менің жаным сезетін.

Содан 16-күні таңертең жұмысқа келдік. Алғаш жаңа ғимаратқа көшкен кездеріміз. Телевизияның үлкен шыны терезесінен қарап тұрсақ лек-легімен Темирязев көшесінен, Желтоқсанның Абайынан бір бөлек, Фурмановтан бір бөлек бұрқыраған жастар келе жатыр.  Оларға қарап жүрегіміз ұшып кетті. Содан басшыларымыз қолымызға кезекшілік белгісін байлап, «Жастарды тоқтатыңдар, мына істеп жатқан ісінің қате екендігін түсіндіріңдер» деп бізді шығарды. Қазір көзі тірі Серік Байқонов, Темірхан Момбекұлы, марқұм Әділбек Тауасаров, Өмірсерік Жұманов, Бейбіт Құсанбек сынды бірталай адамдар редакциядан шықтық. Ол кезде басшымыз Жүрсін Ерман болатын. Шықтық... Анау келе жатқан сұсты, ағыл тегіл лекті біз сияқтылардың «Тоқтаңдар!», «Қойыңдар!» дегенге тоқтай салмайтындығы олардың сұсынан көрініп тұрды. Ол мүмкін емес нәрсе еді. Сосын өзіңнің ішінде де басшылыққа, сырттан келген шүрегейліге бағынатын халқыңның хәлін сезіну деген бар, оларға «шықпаңдар» деп айтқымыз келіп тұрған жоқ. Ана жігіттер тұрып қалды, содан мен далаға шығып 5-10 минуттай бақылаған кезде жастар лап қойып, тура біздің ғимараттың сол жақ бүйірінен келіп тоқтады. Олар түнеріп алып, «Қайдасыңдар достарымды» айтып келе жатты. «...Достар, достар, жүрсің қайда...» үндерінде мұң бар, өкініш бар, зар бар. Сосын мен: «Жігіттер, қыздар, сендер не достарыңды жоқтап келе жатырсыңдар ма? Шынымен де елдікті жоқтап, намысты жоқтап келе жатсаңдар «Менің елім, менің жерім...» деп әндете бастадым. Менің дауысым жоқ, бірақ жүрек «Менің елім, менің жерім...» дегенде көзден ыстық жас шығып, қолымдағы белгімді телевизия жаққа лақтырып тастадым да, тура жастардың алдына секіріп түсіп, соларға қосылып кеттім. Содан бәріміз «Менің Қазақстанымды» айтып кеттік. Соны айтып тура алаңға жақындаған кезде ана жақтан, мына жақтан келгендердің бәрі «Менің Қазақстанымды» тіпті әуелетіп, аспандата түсті.

Алаңда

Солай алаңның алдына мінбеге жету, ойыңды айту мүмкін емес. Үлкен қалақтай-қалақтай микрофонға «Армандарың не?», «Жастар қойыңдар!» деп, біраз басшылар шығып тоқтау айтып трибунаға көтерілді. Біз оларға: «Намыс жоқ сіздерде!», «Сіздерге бәрібір, айлықтарың болса, қызметтерің болса, партия қызметкері болсаңдар бітті, намыс жоқ!» деп сулы қарды домалақтап-домалақтап алып: «Сөйлемеңдер, бізді тоқтатпаңдар!» деп жастардың тіпті қаны көтеріліп кетті. Содан микрофонға жете алмаймыз, бәрі бір-бірін «Сен сөйле! Сен сөйле!» деп итереді. Содан «Өз елімізді басқаратын басшы бар Қазақстанда, өз басшымыз келсін! Кетсін Колбин! Кетсін Колбин!» дейміз.

Қалай кештің болғанын білмейміз, шашы басымыздың бәрі дода-дода. Бір уақытта 16-сының кешінен бастап машинамен кәдімгідей жәшік-жәшік арақ сатыла бастады. Содан жүгіріп-жүгіріп келген солдат сияқты беті бар, бірақ жүрегінде, көзінде ешқандай мейірімі жоқ жансыздар пайда бола бастады. Олар «Қайтыңдар!», «Кетіңдер!» деп бізді тепкілей бастады. Қыздарды «Қазақты туғызбаймыз, қазақты туатын осы» деп, оларды қолдың дүбімен маңдайдан сарт еткізіп ұрғанда аяғы тайып, қыз шалқасынан түседі, сонда олар керзі етігімен қыздардың астынан тепкенін көзіммен көрдім. Қыздардың шыңғырғандағы құлын даусы құраққа кеткенде жігіттер аналарды ұрып, сүйреп масқара болып жатты. Мен солардың біріне осылай істегеніне мәңгілік ескерткіш болсын деп бетін бес саусағыммен салып келіп қалдым. Сол-ақ екен, біреу менің шашымнан жұлып сүйреп алып кетті. Ұлдар оның үстіне құлап, тепкілеп жатты. Содан олар ессіз, қансырап жатқан мені зорға дегенде алып кеткен екен.

Одан кейін 17-күні менің шығуға мұршам болған жоқ. Мына бас деген, ми деген солқылдап... Содан маған «Телевидениеге аспирантураға кетейін деп тұрған жеріңнен зорға дегенде алып қалып едік... Жалғыз соңғы көмегіміз - ана кадрдың ішінен сен жүрген жердің бәрін алып тастаймыз. Оншақты күн бұрынғы датамен жұмыстан кеттім деген өтініш жазып алып келесің. Әйтпесе сотталып кететін болдың. Соңғы көмегіміз осы» деген хабар келді. Бірақ мен одан қорыққан жоқпын, басым тепкіге ұшыраған, шаш жұлынған, содан мына көк желке деген көтертпей, соңғы күндеріне қатыса алмадым.

Бүгінгі Желтоқсан

Бұл желтоқсан көтерілісі бодандыққа қарсы азаттықты аңсау, адалдық сезім. Мен қазір бір нәрсеге күрсінемін - желтоқсанды бұзақылық деп түсіндірмеу керек. Бұл күнді атаусыз қалдырмау керек. Бұл біздің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің, Қазақстанды әлем таныған, әлем мойындаған осы күн үшін жас өмірін, жас ғұмырын құрбандыққа шалған кез. Ал ондай құрбандықты, ондай жастық жалынсыз, ондай батыл қадамсыз қоғамдағы сеңді бұзу, құлдық сананы бұзу тіпті мүмкін емес-тін.

«Бізге өз тәуелсіздігіміз керек еді» деп хат жазып, мәдениетті бола жүріп, қазақтың бойында намыс бар екенін, батырдың, ақынның ұрпағы екенін, көзі ашық қазақ деген ұлт бар екенін ол кезде әбден билікті уысынан шығарғысы келмейтін кеңестік жүйеге түсіндіру, бейбіт жолмен тәуелсіздікті алу, меніңше, тіпті мүмкін емес болатын. Ал өкінішім - бүгінгі күні сондай құдіретті бастаманы бастаған жастардың ерлігін ерлік деп бағаламауымыз. Кейінгі жастарға соны ерлік деп түсіндірмейтіндігіміз. Отан үшін сондайға бару керек дегенді түсіндірмеу мен үшін қорлық!

Тәуелсіздік

Тәуелсіздікті де біз керемет бағалап жатқан жоқпыз. Мереке сияқты өткіземіз. Жоқ, бұл күндер бүкіл ой-сананы тебірентетін, сілкінтетін, шын мәнінде кез келген қазақтың, тек қазақтың ғана емес, қазақтан жағдайы әлде қайда артық өзге ұлттарға тәуелсіздіктің не екенін ұқтыратын, шын мәніндегі байқаулар, тебіреністі жиындар, конференциялар, шығармашылық байқаудың түр-түрін өткізу қажет. Анау қолына енді қалам алып, қағазға үңіле бастаған балаларға Тәуелсіздік туралы шығарма жазғызудан сынып-сыныбымен, буын-буынымен байқаулар жүргізу керек.

Шенеуніктер, мемлекет қызметкерлері Тәуелсіздік туралы ғажап мақалдар, нақылдар айтып, сондағы ерліктерді жаңғыртып отыратын болса, Отанды сүю, Отанды бағалау, оның ішінде өзіңнің ұлттық идеяңды қалыптастырып отырса... «Тәуелсіздік алғандағы арманың не еді? Сол арманың орындалды ма?» деген сұрақ қою керек еді бізге қазір. Біздің ішіміздегі тот басып, бүркеніп жатқан бұлақтардың көзін ашатын уақыт әлде қашан жетті. «Тәуелсіздікке көңілің толады ма?» деген сұрақты кез келгенімізге ашық қоятын уақыт жетті.

Ел иесі, жер иесі қазақтың рухы басқаларға үлгі болуы тиіс. Олардың өмірі, олардың көңілі, олардың қызметі басқа ұлттарға үлгі болуы тиіс. Біз бас ұлт болуға тиіспіз. Желтоқсандықтардың өз басшысын аңсағандағы арманы осы еді. Біз желтоқсандықтар арманының алдында қарыздармыз.

© Екпін


1986 жылдың желтоқсаны куәгерлер көзімен

0
0

«Екпін» журналы атаулы датаға орай материалдар топтамасын ұсынады. Бірінші материалда журналист Қымбат Әбілдақызының берген естелігі болса, бүгінгі кейіпкерлеріміз Берікгүл мен Клара өз естеліктерімен бөлісуде.

Берікгүл Әбдіқалықова, психолог:

1986 жылы мен Алматы қаласындағы кітап баспасында жұмыс істеп жүрген болатынмын. Ол кезде небары 20 жаста едім. Сол жылы желтоқсан айында басшылық жастар алаңға шыға бастағанын естіп, жұмыскерлерді сол жаққа милицияға көмектесетін жасақшылар ретінде жіберді. Басында шынымен де жастардікі дұрыс емес шығар деп алаңға шыққан болатынбыз. Алайда келгеннен кейін бәрін өз көзімізбен көріп, жастарды милиционерлердің тепкісіне бергіміз келмей, біз де соларға қосылып кеттік.

16 желтоқсанда кешке бәріміз жатақханаға келіп, барлығын жинап, алаңда болып жатқан әділетсіздікті айттық. Ертесіне жұмыстан қоңырау шалып қоймағаннан соң жұмысқа бардық, алайда алдыңғы күні көргенімізден қанымыз қайнап тұрған, бой бермей қайтадан алаңға кетіп қалдық. Алаңға келгеніміз сол еді, баршамызды ҰҚК-нің қызметкерлері ұстап алып, автобусқа отырғызып алып кетті. Сөйтсек, жатақханадағы бір қыз: «Бұлар алаңға барып жүр» деп, бізді сатып жіберген екен. Ұсталған жастардың барлығын тергеп, 10 күнге қамауға алды. Бір камерада 33 адамдай болдық. Бәрі студенттер, жастар. Сұмдық заман болды ғой...

10 күннің ішінде өмірімізде көрмегенді көрдік. Оның барлығын қазір айтып жатудың қажеті жоқ деп санаймын, өйткені желтоқсанды елеп жатқан адам кемде-кем. Жылда-жылда осындай оқиға болған еді деп жай айтады да қояды. 10 күндік қамаудан шыққаннан кейін жұмысыма қайтып келдім. Сол кездегі бастығымыз Ақбасов деген кісі көтеріліс болған аралықта жұмыста болғанмын деп жазып, қатысқандығың туралы ешкімге тіс жарушы болма. Әйтпесе қудалауға ұшырап, сотталуың мүмкін, - деп мені жұмыста алып қалды. Ол менен басқа да қаншама қазақ жастарының басын аман алып қалған еді. Кейін біздерді біреулер іздеп келген екен, бірақ бастығымыз біздің ол аралықта жұмыста болғандығымызды, кітап баспасынан ешкімнің ол көтеріліске қатыспағандығын айтып, істі жауып тастаған екен.

Қамаудан шыққаннан кейін сол жердегі екі күндік оқиғалардан денсаулық нашарлап, соқыр ішек болып ауруханаға түстім. Ауруханада 2 аптадай жатып шығып, кейін жұмысымды жалғастырдым. Одан кейін келесі жылы оқуға түсетін уақыт келіп, маған оқуға жолдама беретін кезде орыстар басшылыққа: «бұл кезінде желтоқсан көтерілісіне қатысқан еді ғой, бұл бұзық» деп, маған жолдама берулеріне қарсы болды. Әйтеуір үйтіп-бүйтіп жүріп, жолдаманы алып, Талдықорған қаласына оқуға кеттім. Жоғарғы білім алып, жұмыс істеп, бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Қазір Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында психологпын.

Кезінде 86-жылы алаңға шыққан жастарды «бұзақылар, алқаштар» деп айып тағып жатты. Жоқ, ол кезде біз еріккеннен алаңға барған жоқпыз. Ешкім ол жерге көшеден келіп, қосылып кеткен жоқ. Мысалы, мен өзім сол кезде баспа цехіндегі комсомол ұйымының хатшысы болатынмын. Өзге ұлт өкілдері қазақтарды басынып жатқандарын көргеннен соң қайта-қайта алаңға бардық. Мен басқа ұлтқа қарсы емеспін. Бірақ өзге ұлт өкілі қазақты сондай деңгейге түсіргеніне мен қарсымын.

Клара Қабылғазина, филология ғылымдарының кандидаты:

Мен ол кезде ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде кабинет меңгерушісі болып қызмет атқаратынмын. Кейбір мұғалімдердің орнына сабақ та жүргізетінмін. Сондай сәттің бірінде сол кездегі деканымыз Темірбек Қожакеев келіп: жолда келе жатқанда алаңда адам толып тұр екен, — деп айтып келді. Сол кезде дұрыс түсінбедік те. Бірақ студенттерге сақ болыңдар деп ескерту жасадық. Бірінші күні солай абыр-сабыр түсініксіздікпен өтті. Ал екінші күні Ресейдің «Известия» деген газетінде 25-30 жолдық «кеше Қазақстанның орталық алаңында қазақтың есірткі тартқан, арақ ішіп алған бұзақылары алаңға шықты» деген хабары шықты. Ол кездерде «есірткі» деген сөзді білмейтінбіз де, өте сирек еститінбіз. Сонда не болды екен деген тағы да дүдәмал ойлармен қалдық.

Сосын екінші күннің түнінен бастап бұл оқиға кеңінен өрбіп кетті. Қала үстінде гүр-гүр еткен нәрселер көбейіп кетті, соғыс кезіндегідей әсер қалдырды. Сөйтсек, Ресейден танктер, әскерге қосымша күш әкелінген екен. Үшінші күннен бастап жаншулар басталды. Сондай кездерде жағдайды өз үлесіне шешу үшін бір топтар пайда болды. «Орыс пен қазақ бір-бірін қырып жатыр екен» деген қауесет әңгімелер шығып кетті. Тіпті біз жұмыстан қайтайық десек, бірде-бір көлік жүрмейді. Сөйтіп бірнеше қазақ болып топталып үйімізге қайтқанымыз бар.

Бір жағынан, бұл оқиға біздің тәуелсіздік алуымызға жол басшы болды. Біраз адамдар қорлық көрді. Мысалы, Бауыржан Үсенов деген ақын жігіт болған. Замандастарынан естіген әңгіме ғой: сол күндері Бауыржан ауруханаға түсіп қалып, бірақ дәрігерлер «қазақ» деп қарамай, күтім болмағандықтан, қайтыс болған. Сондай-ақ сол аязды күндері ереуілге шыққан жастарды автобусқа тиеп, түрмелердің бәрі толып кеткеннен соң қала сыртына тасып шығаруға бұйрық берген екен. Бір топ жастарды тиеп алған автобуста милиционер Жабықбаев Тілеуберді деген жігіт болыпты. Оның айтуынша, оларды қала сыртындағы «Өжет» деген жердің ар жағында қала қоқыстарын төгетін үлкен сайға апаруға нұсқаулық беріліпті. Сонда қазіргі Райымбек пен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы үлкен көпірдің астына жақындаған уақытта автобустағыларға: «түсіп, жан бағып қалыңдар, мені тексеріп жатқан ешкім жоқ» депті. Осы күні ол зейнеткер.

Сұхбаттасқан: Айнұр Ракишева

Айжан Кәрібаева

Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 90 жыл

0
0

2012 жылы 15 желтоқсанда Ұлы Отан соғысының ардагері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, А. А. Фадеев атындағы Бүкілодақтық сыйлықтың лауреаты Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 90 жыл толды.

«Әзілхан – біздің республикамыздағы, үлкен одақ көлеміндегі жақсы танылған прозаиктеріміздің бірі. Әзілханның әрбір кітабы, баспадан шыққан әрбір сөзі – біздің халықтың көңіліне, жүрегіне қонып жатқан сөздер, ұялап қалған ойлар»

Ғабит Мүсірепов

Жақында сүйікті жазушымыздың шығармашылығына арналған интернет-парақша пайда болды. Парақшаның адресі.

Әдеби онлайн-мекен туралы Әзілхан атаның немересі Әлия Нұршайықова былай дейді:

«Атамыздың 90 жылдығының қарсаңында отбасымыз болып осы датаға әр қайсымыз өз үлесімізді қоса бастадық. Ата-анамыз «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын қайта басып шығарса, Жанар әпкеміз ҚазҰУ-дағы факультетімен бірге сайыс ұйымдастырды. Ал біз, немерелері, атамызға интернет парақшасы арқылы ескерткіш қояйық деп шештік. Алма мен Дина тәтелерімнің арқасында сайт керемет болып шықты. Бұл жерден ең нақты биография мен әжеміз Халима мен атамыз Әзілханның махаббат тарихын, көптеген фотографиялар мен естеліктерді таба аласыздар. Сондай-ақ сайтта «Кітаптар» атты бөлім бар. Онда кітаптарды онлайн оқумен қатар, оларға тапсырыс беруге де болады, жеткізу жүйесі бүкіл Қазақстанға таралады. Ал атамыздың өмір бойы жинаған көптеген архивті материалдары, мақалалары, қолжазбалары болашақта кезегімен жарияланып тұратын болады. Сондай-ақ оның видео, радиоға шыққандары мен жеке кабинетіне виртуалды экскурсия жасап қою жоспарымызда бар.

Біздің мақсатымыз — ол туралы ақпарат беріп қою ғана емес, оқырман мен авторды жақындастыру. Оның өмірін, жазған кітаптарын, естеліктерін көрсету. Атамның өмір тарихы бүкіл әлемге паш етуге тұрарлық, өйткені ол расымен қызықты да мақтануға лайықты өмір сүрді»!

© Екпін

«Дала. Қала.»

0
0

Дала. Қала.

Қырда ерік, жібек кілем, тау мен су бар,
Шулаған көңілге хош қаз бен қу бар.
Қалада жан азығы, шам шырағы,
Белгісі адамдықтың білім-ту бар.

Дала. Дала деп атын айтсаң-ақ ойдағы ерік, ендік, құлпырып тұрған көкорай шалғын, төбесі мұнарланып, тұманданып көкке тірескен асқар тау, күмістей таза бұраңдап ағып жатқан өзен, тағы санап түгесілмес жасағанның жаратқан табиғатының әдемілігі көңілге сап ете түсті.

Жаз жетті. Қыс бойы саңырау, шырт ұйқыда, шала жансар жатқан дала оянды, оған жан кірді. Ол бұрынғы ертегілерде айтылғандай күні кеше басы таз, мұрнынан боқ аққан, үсті-басы шіп-шикі қотыр бір жаман жан еді. Бір сілкінді, он төртіндегі айдай үлде мен бүлдеге оранған жаңа бойжеткен бір қыз болды.

Қыс бойы түтін, сасықтың арасында ауруға шалдығып шыққан дала баласы о да тірілді... қараңғы, сасық үйін тастап қашып, киіз үйін тігіп көкорай шалғынға барып қонды. Қалың күпі, ауыр тұмағын тастап, желісін қақты, биесін байлады. Бір жағынан сүрін жеп, ертеңді-кеш сапырып сары қымызын іше бастады. Ол бір жасап қалды. Көршілес үйдің отағасылары астарына бір-бір тері салып алып, қолдарына таяғын ұстап, есік алдына көлеңкеге жиылып...қысыр кеңеске кірісті, жастар үйде жоқ. Бай балалары не қысырақтың айғырын, не күйлі шыққан бір қысыр бедеуді мініп алып, қырда жылқыда. Кедей балалары солардың қасына еріп, дәнеге ойында жоқ, асау тай, құнан, байталдан қарқ боп, о да мәз боп жүр. Жас келіншек, қыздар олар да шат. Әсіресе қыс бойы бұзау суғарам деп қар тасып, боқ күреп, жүдеп шыққан, артық көндіге алмаған жаңа түскен келіншектер жұмыстан босағандарына қуанып, жастау қыздар шешесінің қыс бойы үйде құрылыс қыласың деп кигізбеген жаңа тіккен...көйлек, күміс таққан тақияларын киіп қуанып, қуаныштары, қойнына сыймайды. Көксе қыздар, бозбалалар елдің желеуі, биенің байлауы, жұрттың жиын болатын мезгіл де жетіп қалды-ау деп іштерінен қуанады. Биыл ойын-той, қызойнақ көп болғай деп тілейді.

Міне, жаз жетсе дала әдемі, көңілді. Жалғыз-ақ сол сүйкімді даланың орасан бір кемшілігі бар. Оның баласы білімсіз, ойсыз. Ішіп-жеу, ойнап-күлу, ұйықтаудан басқаны білмейді. Төрт аяқты малдан аз-ақ ілгері, ол жарты адам.

Ал енді жаз жеткенде қалаға қарасаң, онда бұл әдеміліктің бірі жоқ. Құрғақ болып аз ғана жел тұрса, шаң, көз ашқызбайтын құм боран. Жаңбыр жауса жүргізбейтін батпақ болады. Дала баласына қала көңілсіз. Ол онда тұра алмайды, шыдай алмайды. Бірақ қаланың осы кемшілігін түгелдейтін бір артықтығы бар. Оның баласы білімді, ойлы. Ол таңқаларлық істер істейді. Отты дүние айналған теңізді кезеді. Айшылық жолды алты аттайтын атсыз арба жасайды. Майсыз шам жандырады. Неше жүз шықырым жерден сөйлесетін құрал жасайды, қанатсыз көкке ұшып, бұлтқа араласады. Түпсіз теңізге сүңгіп меруерт-маржан шығарады, қысқасы қала баласы асқан адамдар. Естімейтін нәрселері жоқ, қолдарынан бәрі келеді. Қала ол өнер-білімнің бесігі, анасы. Онда шын бүтін адамдар бар, онда адамды адам қылатын жұрттары бар. Онда өнер бар, онда білім бар, онда адамға жан бар.

Мағжан Жұмабаев

Мақала «Айқап» журналының 1912 жылғы №1 санында жарық көрген


Мағжан Жұмабаев (1893-1938) — талантты ақын. Бұрынғы Ақмола облысы губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында туған. Қызылжар — Петропавловск медресесінде, Уфадағы «Ғалия» медресесінде, 1923-1927 жылдары Москвада жоғарғы әдебиет-көркемөнер институтында оқыған. «Айқап» журналында төмендегідей мақала, өлеңдері: «Қатын алу, ерге шығу», «Бұлбұл», «Жазғұтыры», «Жатыр», «Күз күні», «Шын сорлы», «Дала. Қала.» жарияланды.

_________________________________________________________________________

«Қазақ жастарына»

«Аз уақытта көп білу жолының басы»

«Тіл сақтаушылық»

Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»

Студенттік БАҚтар. I бөлім.

0
0

«Екпін» жобасы алматылық университеттердің газет-журналдарына шолу жасап, студенттермен шығарылып жүрген БАҚтар тізімін құрып, әр басылымның бас редакторымен сұхбаттасуды жөн көрді.

Өмір. Жастар. Ақиқат.

«Өмір. Жастар. Ақиқат» республикалық ақпараттық-танымдық журналы 2012 жылдың қараша айынан бастап шығып келеді. Айына бір рет шығып тұратын журнал республика аумағында 5000 данамен тарайды. Журнал «Кино және театр», «Біздің сұхбат», «Атадан ақыл», «Пікірсайыс алаңы», «Қисық айна», «Сыршыл жүрек», «Ақиқат», «Жүрек жылуы» деген басты айдарлардан тұрады.


Тамабек Әбілхайыр, журналдың бас редакторы, Халықаралық бизнес университетінің «Бағалау» мамандығының 2-курс студенті, 18 жаста.


— Журналды шығаруға не түрткі болды, идеясы қалай келді?

Ең алдымен журналдың идеясы Орынбасаров Нұрсұлтан есімді жігіт екеуміздің арамызда дүниеге келді. Алғашында бұл тек идея жүзінде ғана болды. Бірақ кейін команда жасақтап, жанымызға жастарды жинап, осы журналды жарыққа шығардық. Басты мақсатымыз қазақ жастары өз ойларын ашық білдіре алатындай, өз мәселелерін жаза алатындай журнал шығару еді. Қазақ жастары арасындағы талантты, дарынды жастарды қалың көпшілікке таныстыруды мақсат еттік.

— Өзге журналдардан ерекшелігі қандай?

Журналдың шығармашылық тобы тек жастардан ғана құралған. Сондықтан біз өз құрдастарымыздың жанына не керек екендігін тура тауып жаза аламыз деп ойлаймын. Біз жаспыз, қоғамдағы жастар өмірінде болып жатқан түйткілді мәселелерді білеміз, өзіміз де сол жағдайларды бастан кешіреміз. Сондықтан да барынша ақиқатты жазамыз. Журналдың дизайнын қарасаңыз да барынша қазақиландырылып жасалынған. Яғни өз жаһандану үрдісіне еріп бара жатқан қатарластарымызға ұлттық мәдениетті насихаттау.

— Журналда жарияланған қандай материалмен мақтана аласың?

Мен үшін журналдағы материалдың барлығы қызық. Себебі біз оқырман үшін жұмыс істейміз.

— Журналдың болашағын қалай көресін?

Алда бұйыртса журналдың сапасын арттырып, шығармашылықты топты кеңейткіміз келеді. Журналды жаңа қызықты айдарлармен толықтыру да ойда бар.

— Журнал ашқысы келетін өзің сияқты студенттерге қандай кеңес бересің?

Біз енді кеңес беретіндей үлкен жетістікке жеткен жоқпыз. Өзімізде тәжірибе жинап жатырмыз. Бірақ айтарым, пайда үшін жұмыс істеудің қажеті жоқ. Журнал шығару арқылы атыңды шығарып, пайда табамын деу бос әурешілік. Шыны керек, қазір ондай журналдарды көп көремін. Сондықтан бастысы оқырман үшін жұмыс істеу керек.

Баспагер

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналиситика факультеті, «Баспа ісі және дизайн» кафедрасының жанынан құрылған «Баспагер» үйірмесінің «Баспагер» оқу-тәжірибелік қабырға газеті. 4-5 жыл бұрын бастау алған «Баспагер» қабырға газеті араға біраз жылдар салып барып, 2011 жылдың 14 қазанынан бастап қайта шыға бастады. Баспагердің алғашқы қарлығаштары бүгінде факультеттің 1 курс магистранттары және еліміздің белді БАҚ-ның тілшілері. Бүгінде ай сайын шығып тұратын газеттің 10 нөмірі жарыққа шыққан, 11-ші нөмірі беттелу үстінде. Қабырға газетінің негізгі бағыты студенттердің шығармшылығына қолдау көрсету. Олардың шығармашылықтарын газет тәжірибесіне бейімдеу. Бүгінгі күні қабырға газетінің «Ақпараттар ағыны», «Отандық баспалар», «Жыр отау», «Мәдениет», «Тылсым дүние», «Баспагер» фотокөрмесі, «Темірқазық», «Баспа ісінің түсіндірме сөздігі», «Сән мен сымбат», «Бастау», «Жүректің үні», «Технология», «Тіл-ұлттың жаны», «Қала тынысы», «Талбесік», «Оймен өткен 15 минут», «Әдебиет» сынды басты айдарлары бар.


Досжан Балабекұлы  «Баспагердің» қабырға газетінің бас редакторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультеті «Баспа ісі және дизайн» кафедрасының 2-курс студенті, 19 жаста.

— Бұл қабырға газетінің шығу тарихы жайында айтып берсең?

Газет мен редакторлыққа келгенге дейін бірнеше жыл бұрын шыққан болатын. Қазір алғашқы санын шығарушылардың біразы факультетіміздің магистранты және респбуликалық БАҚ-та қызмет істеп келеді. Газеттің басты мақсаты факультетімізге түскен студенттердің өресін кеңейтіп, олардың теориялық сабақтардан алған білімдерін, қабырға газеті арқылы практикалық тұрғыда шыңдау, тәрбиелеу, үйрету, бейімдету. Кезінде «Баспа ісі және дизайн кафедрасының» жанынан құрылған ұйымның қабырға газеті болып құрылған «Баспагер» бүгінгі күні жас журналистерді дайындайтын шеберлік мектепке айналып отыр.

— Газетте жарияланған қандай материалмен мақтана аласың?

Газеттің осы уақытқа дейін бірнеше саны шықты. Оның әр санында шыққан материалдың өз қызығы мен қиыншылығы бар. Бәрін бірдей мақтап, я нашар деп айта алмаймын. Әр материалдың өз ойы, өз айтары болды. Мәселен, былтыр тілшіміз А. Тәжібаеваның «Баспагер аруы мен сұлтаны» атты газетішілік байқауы өз оқырмандарының санын арттырды. Байқауға қатысушы үміткерлер де, дауыс берушілер саны да артты. Қазір басқа да айдарлар дүниеге келді.

Газеттің болашағын қалай көресін?

Газеттің болашағы жарқын боларына сенемін. Себебі жыл сайын оқуға түскен жастардың талпынысы мен құштарлығына қарап, олардың қабырға газетін таралымы бар газет күйіне жетелейтіндігін сеземін. Біздің алға қойып отырған жоспарларымыз көп. Соның бірі 50 данамен шығатын 24 беттік «Баспагер» журналын шығару. Алдағы уақытта осы ойымыз іс жүзінде орындалып қаларына сенім мол.

Былтыр өткен университеттік «Ғылым әлемі» конференциясында университет ректоры Ғ.Мұтанов біздің газетпен көрмеде танысқан сәтте «Баспагерді» «Қазақ университеті» газетіне қосымша ретінде қосу керек, - деп атап көрсеткен болатын. Бірақ, университеттік газеттің аясы тар болғандықтан, қосылу мүмкін болмады. Қазірде, «Баспагердің» тілшілер құрамы тағы да толығып келеді.

— Өзің сияқты газет шығарумен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес бересің?

Әрине, газет шығарумен айналысқысы келген жастарға бастаған істі аяқсыз қалдырмаса екен деймін. Себебі басын бастап, кейін істі аяқсыз қалдырып кететіндер де баршылық. Бірақ, биылғы оқу жылында оқуға түскен факультеттің 1-курс студенттерінен газет шығаруға деген құштарлықтарын байқадым. Мәселен, 1-курс студенттері Айгүл Орынбаева, Алтынай Айтбаева, Ақнұр Жоламанова, Данияр Асылбек сынды т.б. студенттердің қазірден газет шығаруға деген икемдерін байқап қуанасың, іштей марқайып қаласың. Мен де өз кезегімде тәжірибеммен бөлісіп тұрамын.

«Іstudent.kz» онлайн журналы

Студенттерге арналған «Іstudent.kz» онлайн журналын Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері Ахметжанов Дастан, Бекжанов Бақдәулет, Тойгулиев Әлішер, Қыпшақбаев Нұрсұлтан дүниеге алып келген. Онлайн журналдың ашылғанына небәрі 1 ай болды. Журналдың беттерінен «Жаңалықтар», «Студенттерге», «Абитуриентке», «Жұмыс іздеу», «Студвики» сынды айдарлардан түрлі материалдар оқи аласыз. Бүгінгі күні сайт әкімшілігі қызығы мен шыжығы мол студенттік күндер мен студенттерге қажетті ақпараттар жазғысы келетін жас журналистерді және редакторларды жұмысқа шақыру үстінде.


Дастан Ахметжанов онлайн журналды дамытушы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 4 курс студенті, 21 жаста.

— Бұл онлайн журналды жасау туралы идея қашан, қалай келді?

Іstudent.kz студенттерге арналған онлайн журналды жасау туралы идея өткен жылдың жазында келген болатын. Бірақ ол кезде өзге жобаларымыз болды да, оны қолға ала-алмадық. Ал қазір жақында ғана сайттың дизайны мен кодингін бітіріп, сайтты ашып қойық. Бірақ тұрақты жазып тұратын журналистеріміз, мақалаларды реттеп отыратын редакторымыз болмағандықтан, сайттың жұмысы тоқтап тұр. Қазір журналистер мен редакторлар іздеп жатырмыз.

— Мақсаттарың қандай?

Мақсатымыз студенттік өмірді ортаға салып, оның ащы шындығы мен тәтті күндерін халықтың назарына шығару. Мысалы, талапкерлерге жоғарғы оқу орындары туралы мәліметтер білуге, еліміздің өзге қалаларынан келетін студенттерге пәтер табу бойынша көмектесу дегендей.

— Бұл сайттын қандай ерекшелігі бар?

Студенттердің өмірі жайлы айтатын және ешқандай университетке бағынбайтын онлайн журнал бізде әлі жоқ. Болғанның өзінде қалай болса солай жасалынып, тіпті қарауға қорқынышты сайттар бар. Біз Іstudent-ті болашақта үлкен портал етуді жоспарлап отырмыз. Бізбен жұмыс істегісі келетін адамдарға қашанда есігіміз ашық. Ол программист болсын, журналист болсын, аудармашы не редактор болсын, тіпті өзге саладан болса да осы студенттердің өмірі жайлы жазуға деген шынайы құлшынысы болса болғаны. Өздеріңіз байқағандай, қазір сайт орыс тілінде. Сайтты қазақ тіліне сапалы аударатын аудармашымыз жоқ болғандықтан әзірше сайтты қазақ тіліне аудару тек арман болып тұр...

— Ашылғанына көп болмаса да, ең жақсы материалымыз осы деп қайсысын атай аласыз...

Сайт ашылғанға дейін кодинг пен дизайнына көп уақыт жібергендіктен қазір онлайн журналда материалдар көп емес. Бірақ сонда да ең жақсысы деп талапкерлерге арналған «Шпаргалка для поступающего в ВУЗ: полезные советы» материалын атай аламын. Ол университетке түсуге дайындалып жүрген оқушыларға жақсы ақпарат болады деп сенемін.

— Сайттың болашағын қалай елестетесің?

Болашақта студенттерге арналған студенттік өмір жайында айтатын порталымыз студенттердің сөйлесетін және пікір алмаса алатын алаңы болса деп ойлаймыз. Мақсаттарымыздың арасында бұл сайтқа өзгерістер енгізе отырып, қолданушыларға көптеген мүмкіндіктер беру бар. Ал ең бастысы «Студенттік кез деген не?» деген сұрақтың жауабын біздің Іstudent.kz-тен іздейтіндей етіп жасау.

— Өздеріне осындай онлайн журнал ашқысы келетін студенттерге қандай кеңес бересің?

Осындай онлайн журнал ашқысы келетіндерге айтарым: сайтты ашып, оған программистер іздеп, оған тағы журналистер іздеп жүргенше, бізге келсін, біздің командамыздың бөлігі болсын! Жалғызды бөрі жейді демекші, топ болып жұмыс істесек өте тамаша болар еді.


«8:30» студенттерге арналған ақпараттық-ойын сауық журналы

Студенттерге арналған «8:30» журналы 2011 жылдың қараша айынан бастап маусымына дейін бір рет шығып келеді. Таралымы 1000 дана. Журналдың басты айдарлары: «Студент ырғағы», «Мessage for students» (белгілі тұлғалармен сұхбат), «Қала», «Арт», «Сән», «Кино», «Кітаптар», «Іnbox» (оқырмандардың жіберген мақалалары, суреттері, әңгімелері жарияланатын айдар).


Фариза Бекмаханбет — «8:30» журналының бас редакторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультеті «PR» мамандығының 3 курс студенті, 20 жаста.

— Журналды шығаруға не түрткі болды, идеясы қалай келді?

— Өткен жылы ҚазҰУ-да студенттік журнал шығару туралы ой келді. Ол кезде университет қабырғасында қазіргі біздің жоба сияқты жоба әлі болмаған еді. Осы ойымызды университет басшылығына жеткізгенімізде, олар бізге қолдау көрсететіндігін айтты. Сөйтіп осы жобаны дүниеге алып келуді ойластырған дайын топпен жұмысқа кірісіп кеттік. Бір сөзбен айтсам, бәрі аяқ астынан басталып кеткен дүние.

— Өзге журналдардан ерекшелігі қандай?

— Біріншіден, журналды шығарушылардың барлығы университетте оқитын студенттер. Өзіміз студенттерміз, күнделікті студенттер арасында жүргендіктен бүгінгі студенттердің жағдайын жақсы білеміз деп айта аламыз. Сондықтанда «8:30» — бұл студенттерге арналған, әрі өзінің шығармашылығымен бөліскісі келетін, өз ойын ашық жазғысы келетін әрбір студентке үлкен мүмкіндік беретін журнал.

Екіншіден, «8:30» бұл біздің ойымызбен, идеямызбен, арманымызбен өсіп келе жатқан журнал. Бұл жоба — күндіз-түні ұйықтамай материалдардың мәтінін, фотографияларды редакциялап, макетін салып, журналдың әрбір санында өзінің ерекше орны бар әрбір деталін ойластыру арқылы маңдай терімізді аямай төгіп дүниеге алып келіп жүрген дүние. Бұның барлығы біздің еңбек, ал еңбектің жолы ешқашанда оңай болған емес.

Үшіншіден, тобымыздағы әрбір студенттен бастап, оқытушыларымыз, әрі университетет басшылығы бізді қолдап келеді. Біз бұл журналды атақ-даңқ үшін емес, өзіміздің қолымыздан келетін нәрсені жасап, көпшілікке қажетті ақпаратты тарату үшін жасап келеміз. Бүгінгі күні ҚазҰУ-дың типографиясы бізге бұл журналды тегін басуға мүмкіндік беріп отырғандықтан, журналды студенттерге тегін таратамыз.

— Журнал не үшін дәл «8:30» деп аталды?

— Журналға ат қоярдан бұрын өте көп ойландық. Әркім түрлі атаулар ұсынды, олардың әрқайсысын қарастырып, әрқайсысына сын айтылды. Түрлі әлемге танымал БАҚ-тардың атауларын қарастырдық. Соңында біз көпшіліктен ерекше болуымыз керек деп шешіп, журналды ҚазҰУ студенттерінің өмірінде ерекше орын алатын «8:30» деген нөмірді таңдадық. «8:30» — бұл мыңдаған ҚазҰУ студенттеріне бірінші сабаққа есік ашатын кезең болуымен қатар, бұл күнделікті біздің студенттік өмір басталатын уақыт.

— Журналдың басты мақсаты қандай?

— Жастардың дүниетанымын кеңейтіп, жан-жақты дамуына екпін беру. Біздің журналды қолына алған әрбір студент соңына дейін бір деммен оқып шықса екен, әрбір жарияланған мақаламыз оқыған адамның өз-өзін жетілдіруге деген ынтасын ашса екен деп ойлаймыз. Біздің журнал білімді, әдемі және жарқын болашақты армандайтын жастарға арналған.

— Журналда жарияланған қандай материалмен мақтана аласың?

— Журналда жарияланатын материалдарды бөліп-жармаймыз. Өйткені әрбір материалдың өз құндылығы бар. Мысалы, жақында ғана шыққан журналдың күзгі санында «Forbes» журналының Қазақстандағы басшысы Арманжан Байтасов, «Astana Group» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов, Алматы қаласының жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Санжар Боқаев сынды табысты адамдар мен қазақастандық шоу-бизнес өкілдері Луина мен рэпер Дилани туралы қызықты ақпарттар жарияланды. Сондай-ақ оқырмандар комикстер көріп көңіл көтеріп, «Восточное не клише» мақаласын оқып сәннің жаңа үлгілерімен танысса, «Обезвреженное настоящее» материалы оқырманын біраз ойға батырады.

— Журналдың болашағын қалай көресің?

— Қазір негізінен ҚазҰУ-дың студенттерімен жұмыс істеудеміз, алдағы уақытта Алматының барлық студенттер аудиториясын қамту ойымызда бар. Біздің «8:30» журналымызды жарқын болашақ, көптеген жаңа жобалар, серіктестеріміз бен оқырмандар санының артуы күтіп тұр деп сенеміз.

— Журнал ашқысы келетін өзің сияқты студенттерге қандай кеңес бересің?

— Алдына нақты мақсат қойып, соған жетуге деген арманы болса, бәрі де мүмкін!

Жастарға арналған Күлтөбе — «Күлтөбенің басында күнде кеңес» сайты

2011 жылдың 21-шілдесінен бастап жұмыс істеп келе жатқан Күлтөбе сайтының басты бағыты — жастар шығармашылығын молынан насихаттау болып табылады. Күлтөбе республика көлемінде айтысқа қатысып жүрген жастар арасында аптасына бір рет жазба айтыс өткізіп тұратын бірден-бір сайттардың бірі. Негізгі айдарлары: «Әдебиет әлемі» (поэзия, проза, сын, сатира), «Тарих», «Қоғам», «Мәдениет», «Спорт», «Дін», «Руханият», «Айтарым бар», «Сырсарай», «Сағым жылдар», «Қисық айна», «Масқара», «Жастар today».


Нұржан Туғанбай — сайттың бас редакторы, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың филология факультетінде «қазақ филологиясы» мамандығы бойынша 4 курс оқиды, 21 жаста.

— Бұл сайтты қалай дүниеге келді?

— Жалпы бұл жобаның авторы Ермұхамед Мәулен есімді азамат. Ақпарат айдынында желкенін түріп, жүзіп жатқан ғаламтордағы басылымдар саны көбейген кезде жай ғана сайт ашып, жүргізіп отыру еріккеннің ермегі болар еді. Тарихтан тағылымы бар жан XVII-XVIII ғасырларда Күлтөбе деп аталатын төбе басында қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары күнде кеңес құрып, жиын жасайтынын білуі тиіс. Ол өткен заман. Ал біздің сайт атын осылай алуымыздың себебі — заман талабына сай порталдың пікір алаңында пайымды ой-пікірмен бөлісіп, кеңес құру, жастар үнін жаңғырту. Мақсатымыз — жастардың шығармашылығын, жүрек жарды туындыларын жариялай отырып, қоғамда жастардың әдеби ортасын қалыптастыру, рухани азық алатын портал ретінде танылу.

— Бұл сайттың өзгелерден қандай ерекшелігі бар?

— Кез келген жастағы жастардың өзіндік ішкі үнін көпшілікпен бөлісуде еш кедергіге кездеспеуін басты ерекшелік деуге келеді. Бұл көлденең көкаттының «әу» дегені жариялана береді деген сөз емес. Сондай-ақ, қоғамда орын алып жатқан әдеби оқиғаларға тиісті сараптама жасап, сана сүзгісінен, ой елегінен өткізіп, жас қаламгерлердің көзқарасымен түзілген пайымды пікір туғызу порталдың өзіндік өзгешелігі.

— Сайта жарияланған қандай материалмен мақтана аласың?

— Меніңше, сайт бетіне шыққан материалдардың барлығы дерлік өздік ерекшеліктері бар дүниелер. Әдебиет, өнер, руханият тақырыбына қалам сілтеу кез келген журналистің қолынан келе қоймас. Өте нәзік, әрі күрделі бола тұра оқырманға түсінікті тілде жетуі тиіс. Ал осы үдеден шыға білген материалдар деп Табиғат Абаилдаевтың «Жазылар естеліктер ол туралы...», «Смотрящий» дегенді білесіз бе? «Саятхан Сатылғановтың «Ақырзаман туралы аңыз», «Еркекті құрту үшін келген пайғамбар», «АCTIV: «Хадис сатып алыңыз!» сынды материалдары дәл уақытында оқырманға жол тартып, сәтті шықты деуге әбден болады.

— Сайттың болашағын қалай көресің?

— Болашақта да аталған тақырыптар төңірегінде тың дүниелер мен сүйекті материалдар легін жариялауды жалғастыратын боламыз. Алдағы уақытта сайтты барынша дамытып, оқырманды баурап алатындай өзіне ғана тән дизайн жасау — біз көздеген меже.

— Осындай сайт ашқысы келетін студенттерге қандай кеңес бересің?

— «Журналистиканы бітірдім, болды» деп, сайт не газет ашып алып жатқандар көп. Тіпті бұл салаға қатысы жоқ, тек қызығушылығы бар жастар да молынан кездеседі. Бұл салаға көңіл бөліп жатқандардың саны көбейгенмен қазақ журналистикасының сапасы артады деп кесіп пішіп пайым жасауға болмас. Меніңше, сайт, портал ашқандар өз ісінің кәсіби маманы болғаны дұрыс.

Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева

Жаңа жылдық HandMade

0
0

Жаңа жыл мерекесіне бір апта қалды. Біріміз Жаңа жылды мейрам ретінде қабылдамай, оған дайындалмасақ, екіншіміз желтоқсан басталғалы Жаңа жылға шын ықыласпен дайындалып, «тойдың болғанынан, боладысы қызықтың» күйін кешіп, шырша безендіріп, «Аққала» да соғып қойдық.

«Екпін» жобасы басталған жұмыс аптасына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін сіздермен бірге Жаңа жылға дайындалмақшы. Бүгінгі материалымызда тез жасалынатын Жаңа жылдық Hand made ойыншықтары мен қорапшаларды бірге әзірлейік.

Лентадан жасалынатын аспалы шырша


Егер сіздің жұмыс орныңызда Жаңа жылдық шырша болмаса, онда уайымдамаңыз. Оны оп-оңай жасап алуға болады.

Ол үшін бізге:

- лента (сыйлық орайтын лента алсаңыз тіптен жақсы)

- ине-жіп

- түрлі-түсті моншақтар

- қайшы

Аталған құралдардың барлығын үйден-ақ тез табуға болады. Сондықтан дүкенге барып, оларды іздеп, арнайы дайындық жасаудың қажеті жоқ.

Жасалу жолы:

  1. Лентаны 20 см-дей қылып қиып, шыршаның формасына келтіріп, соңына дейін бүктейміз. Тек қатты қысып жібермеу керек. Әйтпесе әдемілігі жойылып кетеді.
  2. Инені алып бүктелген лентаның дәл ортасынан тесеміз. Бұл лентаны жіпке тізіп шырша жасау барысында шатаспауыңыз үшін қажет.
  3. Инені жіпке сабақтап алып (15 см-дей), жіптің ұшын қалың қылып түйнектейміз де моншақтарды (моншақтар үлкен болса, әдемі көрінеді) қалауымызша өткіземіз.
  4. Кейін лентаны жіпке моншақтарды салу арқылы жинаймыз. Лентаның екінші ұшы  біткен соң тағы да түрлі моншақтарды араластыра отырып, жіпке тізіп, жіптің ұшын түйнектейміз.

Міне, біздің Жаңа жылдық мини-шыршамыз дайын. Терезеге немесе қабырғаға жабыстырып қойсаңыз бұл шырша сіздің көңіл-күйіңізді көтеретіндігіне кепілдік береміз :)

Аққырау немесе жұлдызша

Қыстың аязды күні жапалақтап жауған қарға не жетсін? Қара жерге ақ көрпе болып жауып жатқан аққырауларды алақаныңызға ұстап алып еріп кеткенше «Неткен құдірет?!» деп талай тамашалап тұрған боларсыз. Бүгін дәл сондай болмаса да, сол аққырауды еске салып, көңіліңізді көтерер аққырауларды немесе жұлдызшаларды жасамақпыз.

Керек жабдықтар:

-         қызыл және ақ жіп

-         ши

-         ПВА желімі (немесе қағаз желім)

-         қатты қорап

-         қарындаш

-         сызғыш

-         қайшы

-         жылтырақ желім (болмаса жылтырақ лак)

-         стрейч пленка

Қалай жасаймыз?

  1. Алдымен қорапқа жұлдызшаның немесе аққыраудың суретін салып аламыз. Ол үшін екі үшбұрышты бір-біріне қарама қарсы қылып сызып, бетін стрейч пленкамен ораймыз.Сосын шилерді алып, қорапқа салынған жұлдызшаның ұштарына қадап шығамыз.
  2. Ақ жіпті алып, шилерге үшбұрыш ретінде ораймыз. 20-30 шақты орамнан соң, екінші ұшбұрышты ораймыз.

3. Жұлдыздың формасы шыққан жіпті ПВА желімімен жан-жағын желімдейміз. Желім кепкенше күтеміз. Міндетті түрде кебуі тиіс!

4. Желім кепкеннен соң қызыл жіпті ұзын етіп 5-6 рет созып қалыңдатып аламыз. Сыртқы үшбұрыштардың түйісетін жеріне 5-6 рет орап шығамыз.

5. Орап болған соң жылтыр желімді немесе лакты алып, айналасына жағып шығамыз.

6. Лак (жылтыр желім) кепкен соң, жұлдызшаны таяқшалардан шығарып, артық шығып кеткен жіптерді қиып тастаймыз.

Біздің аққырауымыз (жұлдызшамыз) дайын! Бұл жұлдызшаларды терезеге, болмаса шыршаға ілуіңізге болады.

Сыйлық қорапшасы

Жаңа жылда құрбыларыңызға сыйлыққа әшекей сыйлағыңыз келді делік. Әшекей бұйымды сатып алдыңыз, бірақ оған әдемі қорапшаны сатып алуды ұмытып кеттіңіз немесе сыйлық қорапшалары ұнамады. Уайымдамаңыз! Келесі жасайтынымыз - қарапайым, әрі сүйкімді сыйлыққа арналған қорапша. Оның жасалу жолын үйреніп алсаңыз, сыйыңыздың шын жүректен жасалғанын көрсете аласыз.

Қажетті  құрал-жабдықтар:

- түрлі-түсті картон қағазы

- қайшы

- ақ және қызыл жіп (болмаса лента, әр түрлі)

- сызғыш

- транспортир

Қалай жасаймыз?

  1. Алдымен картонға суреттегідей форма сызамыз.
  2. Төрт жағынан бастырып алған соң, абайлап қиямыз.
  3. Доғаланған форманың түсі бар жағын сыртқа қарата отырып төрт жағын да бүгіп шығамыз.
  4. Бүктелген бұрыштарды бір-біріне қиюластырып кигіземіз (бірінің үстіне бірін қиюластыра отырып).

5. Қорапшаға әшекей бұйымыңызды салып, қиюластырып жауып, лентамен байлаймыз.

Сыйлық қорапшасы дайын! Егер фантазияңыз мықты болса, түрлі форма жасауға болады. Оған қоса, бұл қорапшаны ашық хат ретінде де қолдануға болады.

Келе жатқан жаңа жыл отбасыңызға бақыт, берекелі дастархан, жұмыстарыңызға табыс, өмірлеріңізге қуаныш әкелсін!


Жаңа жылға дайындық жүргізген Рысгүл Рамазанова

Фото: Айнұр Ракишева

Абылай Әділханов

«Ұят-ай»!

0
0

Ұят-ай!

Дарвин, Уэлс, Спенсерлерден бері ғылым жолы адамзат барша «туатын, өлетін» затпен бір тұқымдас дейді. Адамзат екі аяқты сөйлейтін сөзді, ұятты болып өзге қалған хайуаннан айрылады.

Осы 20 ғасыр басында үкімет мұжыққа дүре салуды жол қылып шығармақ болғанда адам баласынан озған, күн жоғалмаса аты жойылмайтын Лев Николаевич Толстой «Русские ведомости» газетасына хат жазып жария қылды. Сол Толстой жазған хаттың аты «Ұят» еді. Осы хат атын өзге сөзге аударсақ, мағынасы мынау: біз адам емес пе едік? Ұят біздің белгіміз емес пе еді? Осы жалғыз белгіден айрылып, ана төрт аяғына сыйынған аталарымыздың аулына қайтқанымыз ба?

19 ғасырдың аяғында бірнеше адамдарды үкімет асып өлтірмек болғанда орыс философы Владимир Соловьев жұрт жиып сөйледі. Адам баласын асып өлтіру христиан жолынан тысқары деп. Осыны жария қылып айттың деп, үкімет В.Соловьевті Петербургтен айдады. В.Соловьев қылған ісі, ғұмырындағы мінезі, Л.Н. Толстой мен Г.Н.Потанинде ғана бар. Осы Соловьев философия жолында Дарвин, Спенсерге қарсы еді. Бұларға айтатын дәлелі: «Хайуанда ұят жоқ, адам ұятты», - деп. Франция жазушысы Золя «Адам хайуан» деп роман жазды. Адам баласының сөлекет ісін хайуандықпен қылдының мысалы қылып. Міне, көзіміз көрді Балқан соғысын. Мұнда болған істерді хайуандыққа қайтармай ұғынып білу қиын емес пе? Толстой, Потанин, Соловьев бізді қанша жоғары тартса да, біз тырысып шыға қашқан түйедей, төрт аяқтының аулына қашып жатырмыз-ау деймін.

Орысқа газета, журнал шығарып жол ашқан А.Н.Радищев (1749-1802) абақтыға жабылып, он жыл Сібірге айдалған. Осы Радищев замандасы, тағы орысқа газета, журнал шығарып, Еуропа жолын ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург деген абақтысында 15 жыл отырған.

Бауырым Ахмет, Мирякуб*! Сен екеуіңнің абақтың Радищев пен Новиков абақтысы.
Орыс жазушысы М.ИСалтыковтың «Түзулік пен шошқа» атты мақаласы бар. «Түзулік! Сен бар дейсің, рас па, мен көрмеген күнді сен қайдан көрдің» деп, шошқа түзулікті балтырдан алған. Сонда түзулік айтқан: «Шошқа, сені құдай жаратқанда жоғары қаратпай жаратқан, сен күнді осы себептен көрмейсің», - депті. Сен екеуің істі күнде көретін жұртқа атқарып тұрсыңдар ғой, балтырды басқаға беріңдер.

18 ғасырда «ақыл патшасы» атанған Вольтер еді. Осы Вольтер, замандасы Толстойға неше жол көрсеткен француз Руссо, тағы осы екеуінің замандасы философ Дидро абақтыда жатқан. Осы Дидро қатын патша Екатерина екіншімен хат алысып, патша Дидродан көп ақыл алған. Біздің Россияда абақтыға жатпаған жақсы адам кем. Жазушы Достоевский, Потанин, Короленко, Мельчин, Чернышевский. Морозов абақтыда жатқан. Бәрін жазып болмайды. Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеновтар айдалған.

Түркияла халықты қатарға қосамын деп сарбаздар абақтыға жабылған, айдалған. Бұрынғы Мадхат пашалар 1883 жылы айдауда жүргенде өлген, осы күнгі Ахмед Риза һәм басқалары да абақтыда жатқан. Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе не армандарың бар?

1910 жылы опат болды Г. Дума члені В.А.Караулов. Бұл төрт жыл Шлиссельбург абақтысында отырып, ғұмырынша Сібірге айдалған еді. 1910 жылы жазғытұры 3. Г. Дума дін құрдастығы туралы закон жобасы қаралды. Сонда Караулов докладчик дін бәрі құрдас, дінге бостандық, құдай жолы адам көкірегінде, бұған ешкімнің таласы жоқ деп, жүріске салғанда Г.Думаның оң жағынан бір депутат «которожник» деп хайуандық қылып Карауловтың бетінен алды. Осы надандық, әдепсіздік қылған депутат бір поп еді. Қазақшаға тәржіме қылсам – қажы Д-ға ісі ұқсайды. Сонда Караулов айтты: «мен абақтыда отырдым, айдалдым. Міне, сендердің Г.Думада отырғандарың, осы мен атқарған істің аяғы. Мен бұған мақтанамын», - деп. Осы Карауловтың попқа берген жауабы бейітінде тасқа жазулы. Караулов өлгенде 3 Дума Уфа губерниясынан депутат молла Тоқаев жас әйел баласына ұстатып гүл әкелді. Досекең бұған не айтар?

Қажы Д. Ай! Осы Караулов, Потанинмен бір қос болмай, сенімен бір жүріп дозаққа кетейін бе? Жақынға қас қылған Қабыл мен Иуданың қайда екені белгілі еді, бұларға да бір атшы керек қой, жолың болсын.

Х.А. – жақсы Наполеон жауынгер патша болған соң соғыста дұшпандардың сырын білуге Шульман атты бір атақты шпион (тыңшы) ұстап еді. Наполеон берген қазынаға әбден тойып, Шульман жақсы адам сапына кірмек болды. Наполеоннан ақ сүйектікке жол ашатын почетный легион орденін сұрады. Сонда Наполеон айтқан: «Сендей кісілігі жоқ оңбағанға қазына берсем де, орден бермеймін», - деп. Мұны Шульман балаларының құлағына салғаным.

Қ.Б.

Бұл мақала 1914 жылы 16-наурызда «Қазақ» газетінің №57 санында жарық көрген. Л.Н.Толстой, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Г.Н.Потанин, т.б. өмірлерінен деректер берілген.

Ахмет, Мирякуб* — А. Байтұрсынов пен М. Дулатов — «Екпін»

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (1866-1937) – қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. «Дала уалаятының газетінен» бастап «Айқап» журналында Әлиханның көптеген мақалалары жарияланған. «Қазақ» газетінде екі жүзге жуық мақала мен аудармалары басылған.

Мерзімді «Дала уалаяты», «Айқап», «Сарыарқа» сияқты баспасөздерде «Қыр баласы», «Ғалихан», «Әлихан», «Қ.Б.», «Е.Б.», «Арыс ұлы» деген бүркеншек кездеседі, ал орыс тіліндегі жарияланымдарда «А.Б.», «Туземец», «Киргиз», «Киргиз-Степняк», «К.Степняк», «Сын степей», «Статистик», «V» белгісімен қол қойылған. Әлекеңнің немересі Райымжан Әзіханұлы Бөкейхан Кеңес дәуірінде Әлекеңнің «Қалмақбай», «Н.Ш.» деген бүркеншек аты болған деп көрсетеді. «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» – деген монографиясына «Степняк», «Русские поселения в глубине Степного края», «Перецеленцы в татарских урманах», «Переселенческие наделы в Акмолинской области», «Киргизы на совещании генерал-губернатора» т.б. еңбектерге «V» белгісін қойған.

Әлихан Бөкейхановтың көптеген еңбектері жиналып бітпеген, ал орыс тілінде жазылғандары әлі қазақшаға аударылмаған. Сондықтан кейбір еңбектерінің орысша атауы көрсетілді.

_________________________________________________________________________

«Алаш» айдарында жарияланған ұқсас мақалалар:

Есенғали Қасаболатов: «Қазақ жастарына»

Ахмет Байтұрсынов: «Аз уақытта көп білу жолының басы»

Уалиолла Халели: «Тіл сақтаушылық»

Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»

Мағжан Жұмабаев: «Дала. Қала.»

Өнер қыраны

0
0

«Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы,

Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды»

Өмір — өкініш пен қуаныштың қосындысы. Жылап жүріп, жұбанған қандай жақсы! Ал қуанып жүріп, кенеттен қайғыру неткен өкінішті еді! Тау биік. Мәңгіліктің мызғымас көрінісі. Тау тұлға. Өмір бойы жанымда жүретіндей көрінетін. Кім білген!? Мәңгіліктің де мәңгі емес екенін.

Мойындаймын. Жақын араласқан жоқпын. Шындығы сол — жарқын бейнесі жүрегімде қалатындай сәттер жетерлік. Сол бір жаймашуақ жүздесу бүгінде сағынышқа айналған, маған қалғаны сағыныштан шым-шымдап сыр шерту ғана.

1998 жыл. Ол кезде жеті жасар баламын. Әкем мені Сатыбалды көкемнің (Фарида апатайымның әкесі) мерейтойына ертіп апарған. Өзіммен жасты балалармен тәттіге таласып, мәре-сәре боп жүрміз. Той басталып, соңына таяп қалған кез. Бір кезде асаба боп жүрген шашы артқа қайырылған, ұзын бойлы, батыр пішіндес, мұртты кісі (кейін Жасарал жездем екенін білдім) жанымызға келді де: «жігіттер, кімнің қандай өнері бар? Кәмпиттің де қарызын қайтаратын кез келді. Кім өнерін көрсетсе, соған керемет сыйлық берем». Бәріміз ойынымызды тастап, күбірлей кеттік ішімізден. Әрең дегенде есіме түсірдім-ау: «Асың, асың, асыңа... Береке қонсын басыңа». Иә, алғаш рет ел алдында тақпақ (бата) айттым. Жұртшылықтың «бәрекелділеп» қол соққаны әлі есімде. Тойдан соң мұртты аға қолымды қысып: «Жарайсың, азамат!» — деді. Осы бір ауыз сөз кейінгі жеңісті күндеріме жол ашқандай болды. Бұл алғашқы кездесу еді.

«Асылбек Еңсеповтің орындауындағы «Әке толғауы» күйі үйдің теледидарынан жиі көрсетілетін. Көрген сайын қызығып, қызыққан сайын құштарлығым оянып, бірде анама: «Мен де күйші болам» — дедім. Сөйтіп, екі жыл бойы музыкалық мектептің домбыра сыныбына қатыстым. Пайдасы көп болды. Мен үшін емес, музыкалық мектеп үшін. Қабілетің болмаса, қаржы да көмектеспейді екен!? «Кеңес» күйінен әріге бара алмай, тежедім ақыры өзімді. Сөйтіп, сол оқиға ұмытылған сияқты болып еді!? Кейін «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысына қатысуға мүмкіндік алып, ақ басты Алатау баурайындағы Алматыға ат басын бұрдық. Жездемнің үйінде қонақ болып, шай ішіп, тым жақсы отырғанбыз, кенет әкем: Мына баланы домбыраға бердік. Түк шығармады. Құр ақшаны жұмсағанымыз болмаса...» - демесі бар ма? Ой, ұялғаным-ай! Сәл үнсіздіктен соң Жасарал жездем: «Баланың күйші болуы міндетті емес. Бастысы, өнерді сезіну ғой. Мүмкін, домбыра балаңның өнерге деген сүйіспеншілік сезімін оятқан шығар?! Шешім қабылдауға асықпа» -деген еді. Бәлкім, даналық та, даралық та осы шығар. Осыдан кейін мені анам да, әкем де, «жұмсалған қаржы» да мазаламайтын болды.

Үйге қайтарда маған қарап: «Талабың зор. Есіңде болсын, өмір ақ және қара жолақтан тұрады. Екеуі де пенденің пейіліне қарай табыс әкелуі мүмкін. Ақ жолақ мейлінше қиындыққа толы, бірақ соңы баянды болмақ. Ал қара жол қулық-сұмдық, зорлық-зомбылықтан жасалған, ол уақытша ғана қуаныш, аяғы қасірет. Адамдық ажарыңа кір түсірме. Кейін тазарту қиын болады. Ақ жолмен келсең, сені қашанда құшақ жая қарсы алам». Біз осылай қоштасқанбыз.

Соңғы кездесу, соңғы тілек еді бұл. Әттең, ақырғы рет тілдесіп тұрғанымды білсемші сол кезде... Әлі күнге сол бір сәттегі бебеулеген күйдің үні құлағымнан кетер емес. Домбыраңның үнін сағындым. Домбыра сені сағынды, шандозым!

Пенделіктен биіктетіп парасатын,

Сездірер әрдайым асқарлығын,

Асқақтық... бәрі-бәрі жарасатын,

Әр сөзі тұп-тұнық, астарлы ұғым.

Елін сүю-үлкен жүректілік,

Өнерге керек ерен асаулық,

Тәуекелге бел буды білек түріп,

Өнерді елге ұсынды жасау ғып.

Бағасы зор бақытқа кенеледі,

Мақсаты айқын арманшыл айбатты ерге.

Талайға үлгі — өмірің өнегелі.

Шыңдалған құрылысшыдан қайраткерге.

Асыл тас айналмайды үйіндіге,

Еселі еңбек жеткізер ғасырларға,

Қалдыра кет, қасиетіңді кейінгіге.

Зәру болып жүрмесін асылдарға!

Мейрамбек Таубалдиев Ерланұлы

тележурналист


Үздік жаңа жылдық образды бірге таңдайық

0
0

Жаңа жыл жақындап келеді. Онымен бірге түрлі корпоративтер мен балмаскарадтар, жаңа жыл тойлау кештері басталып кетті. «Екпін» бұл ретте өзінің Fashion бағытын ұстанып, ҚазҰУ-лық жастар арасындағы үздік жаңа жылдық образды таңдауды ұйғарды. Бірден айта кетейік, образдар «ерекшелік» негізінде емес, «үйлестіре білу», «сәндік» негізінде таңдалды. «Екпін» пікірінше, сәнді деп таңдалған қатысушылар өздерінің киімдері мен 2013 жылы қандай трендтер болатынын болжап көрді.

Ұнаған образға пікір қалдыру арқылы дауыс бере аласыздар. Сондай-ақ ВК-дағы біздің пабликте дауыс беру жүріп жатыр.

1. Айсұлу Шабарбекова, география факультетінің 2 курс студенті.

- Бұл көйлекті киген себебім: ақ түс әрқашанда мерекеге сай түс. Егер де менде "Супермэн" костюмі болғанда, соны киіп келуші едім. Ол болмағандықтан, гардеробымдағы кешкі көйлекті киіп келдім. Осы жылы меніңше, қысқартылған шалбар, былғары, тізеден сәл төмен белдемшелер, салмақты түстер мен ірі аксессуарлар сәнде болады.

2.  Нұрсұлтан Орынбеков, халықаралық қатынастар факультетінің 1 курс студенті

- Негізі мен бүгін Санчо Панса образында келген болатынмын. Бірақ шляпам түсіп қалды. Бұл менің бір жыл бұрынғы алған киімім. Жаңа жылдық кештерге, өнер ортасында осы киімді киемін.

3. Әсел Бексұлтан, заң факультетінің 2 курс студенті

- Әрдайым көпшіліктің ортасында жүруді жақсы көремін. Ерекше киінуді ұнатамын. Қасымдағы өзім салған суретім де, қызыл ернім де мені ерекшелеп тұратындай.

4. Балжан Берекеқызы, филология факультетінің 4 курс студенті

- Сары түсті жақсы көргендіктен және өзім сары болғандықтан, осы көйлекті киіп келдім.

5. Руслан Әбдіғалиев, экономика факультетінің 4 курс студенті.

- Бүгін 2 образда келген болатынмын. Біріншісі - Аяз ата костюмі, бірақ ол ыңғайсыз болғандықтан, жарты сағаттан кейін шешіп тастадым. Сондықтан екіншісін таңдап жай ғана балға келетін қыздардың арманы болатын джентельмен ретінде келіп отырмын. "Екпін" интернет-журналының болып жатқан фото-байқауында жеңіске жетем деп ойлаймын. Менің фанаттарыма үлкен сәлем! :)

6. Әйгерім Жора, экономика факультетінің 2 курс студенті

- Менің образым - ертегі әлеміне саяхат, "Бремен музыканттарындағы" Ханшайым кейіпкерінің бейнесі. Бұл образ өзімнің мінезіме келеді: қырсық әрі ерке.

7. Әсел Альзакова, география факультетінің 3 курс студенті.

- Бүгінгі образға көп ойланған жоқпын, ең бастысы үйлесімділік пен сәндік қағидасын ұстандым. Сондай-ақ көйлегімдегі оюлар жылан принтіне сәл ұқсастау деп есептеймін. Осы жылы, меніңше, былғары, әдемі фигуралы көйлектер мен белдемшелер сәнде болады. Ең бастысы, ұзын белдемшелер нақты сәнде болмайды.

8. Салтанат Қасымбекова, филология факультетінің 4 курс студенті

- Мен бүгін "Періште" образында келдім. Ол менің қазіргі жан дүниемнің көрінісі. Меніңше, әр ару киім таңдаған кезде оған сәйкес аксессуарлар таңдайды. 2013-жыл - жылан жылы болғандықтан, жылан терісі трендте болады деп ойлаймын. Бірақ егер шынымен де солай болса, мен сәнді болмайтын шығармын, өйткені ондай принттер маған мүлде ұнамайды.

9. Жания Дулатқызы, география факультетінің 2 курс студенті

- Мен бүгінгі образымды қарапайымдылық қағидасы бойынша таңдадым. Қарапайым бола тұра, эффектілі образ. Жаңа жылда меніңше, әлбетте гипюр, оны D&G-ның соңғы коллекциясынан көруге болады, сондай-ақ күзден бері келе жатқан тренд - тікендер (шипы). Көбісі жаңа жылда жылан принтын кию жақсылыққа алып келеді дейді, бірақ мен оған сенбеймін, қарапайым әдемі көйлекте боламын.

10. Данияр Сүндетбаев, жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы

- Менің бүгінгі пират болып киінгенімнің бірнеше себептері бар. Біріншісі, пират бас киімін тауып алу оңай болды, яғни костюмі қиын емес. Екіншіден, бұл образ өзімнің жан-дүниеме жақын. Мен әрдайым шытырман оқиғалар іздеп жүрем, сондай-ақ біраз бүлік жасауға да құмармын.

Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева

Фото: Айнұр Ракишева

Қазнет жаңа жылмен құттықтайды!

0
0

Құрметті достар, барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа 2013 жылмен құттықтай отырып, оқырман, блогшы қауымның өткен 2012-жылдың басты жаңалықтары мен өзгерістерімен бөлісіп отырмыз.

монтаж: Ерлан Аменов

© Екпін

 

Қазақтың Бақтияры

0
0

Жамбыл облыстық әкімдікте Бақтияр Артаев кабинетінің алдына келдім. Жүрегімнің дүрсілдегені құлағыма дейін жетіп, бойымды бір сенімсіздік билеп алды. Айнаға қарамасам да, бетімнің қып-қызыл болғанын іштей сезіп тұрмын. Неге сонша қобалжығанымды да түсіне алмадым. Мүмкін үлкен жауапкершілікті сезінгенім болар.

Алдымнан Бақтияр ағаның өзі шығып қалды. Күлімдеген жүзін көргенде ғана өзіме-өзім келдім. Бақтиярдың бойындағы қарапайымдылығы, адамгершілігі, бауырмалдылығы, салмақтылығы мені тәнті етті. Бір жарым сағатқа созылған кездесуде Олимпиада чемпионын ғана емес, үлкен жүректі азаматты таныдым.

Бала Бақтияр

- Бір сұхбатыңызда төбелескенді ұнатпаймын депсіз. Кішкентай Бақтияр тәртіпті оқушы болды ма? Мектепте қалай оқыдыңыз?

- Қатты бұзық болдым деп айтуға болмайды. Бірақ тұйық мінезді, салмақты бала болдым. Мектепте жақсы оқыдым. Бірақ үштік алған сәттерім де болды. Оны жасырмаймын.

- Бала кезде кім болуды армандадыңыз? Олимпиада чемпионы боламын деген бала арман болған шығар?

- Чемпион болу – менің бала арманым болған жоқ. Шынымды айтсам, ондай ой болған емес. Менің бала арманым – елін қорғайтын батыр болу еді. Жағдайы төмен, әлсіз қарапайым халыққа қорғаныш болсам деген арманмен өстім. Аллаға шүкір, сол бала арман мені спортқа жетеледі. Осылайша чемпион болып отырған жайымыз бар.

- Бала кездегі қызықты сәттеріңізді айтып берcеңіз...

- Бала кезде қызықты оқиғалар көп болады ғой. Ол кезде ақша жоқ, көлік жоқ. Жаяу жүреміз. «Күндізгі дискотека» болатын. Соған бір топ бала болып баратынбыз. Ол қаланың орталығында орналасқан. Арақашықтық біраз. Жолда қайтып келе жатып, шаршап қаламыз. Сонда бір үйдің заборын тарсылдатып, тас лақтырып қаша жөнелетінбіз. Солай қуаласпақ ойнап тез-тез жететінбіз. Бұл да бір бұзықтық, еркелік болған шығар...

Боксшы Бақтияр

- Бокс сізге Олимпиада чемпионы атағын, Баркер кубогын, алтын медаль мен танымалдылықтан басқа тағы не бере алды деп ойлайсыз?

- Бокс маған бір сөзбен айтқанда бәрін берді деп ойлаймын. Бокс өмірде ыстық пен суықтың, ащы мен тұщының дәмін татқызып, бәрі түстегідей ғажап емес екенін түсіндірді. Не болса да еңбектің, маңдай тердің, қиыншылықтың арқасында келетіндігін үйретті. Бокстың арқасында біраз елдерді аралап, көптеген достар таптым. Ел көрдім, жер көрдім.

- Ұлы жеңіске апарар жол сіздіңше неден құралады? Тынымсыз еңбек пе әлде туа біткен талант па?

- Тынымсыз еңбек. Жеңіс – сол еңбектің арқасында келетін дүние. Ол еңбек, талант және сәттіліктің қосындысанан тұрады. Жай Аллаға сеніп, болмаса талантыңа сеніп жүре берсең, ол ұзаққа апармайды деп ойламаймын. Меніңше, Аллаға сене отырып, өзіңе деген сенімділік болуы қажет. Ал, сәттілік пен бақ – Алланың беретін сыйы шығар. Ал жеңіс сенің тынымсыз еңбегің мен төккен теріңнің ақысы деп түсінемін.

- Сізді сырттай ұстаз тұтатын жас боксшылар өте көп. Шәкіртіңіз бар ма?

- Мен мемлекеттік қызметке ауысқанан кейін, спорттан алшақтап қалдым. Тәрбиелеп отырған шәкіртім жоқ. Бірақ өзімнің бапкерім Нұрлан Ақүрпековтың менен кейінгі шәкірттері бар. Болашақта бәрі болуы мүмкін. Алдағыны Алла біледі дейді. Оның барлығын уақыт көрсетеді.

- Аудан, ауылдардағы спорт мектептерінде мастер-класс өткізіп тұруға уақытыңыз бола бермейтін шығар?

- Айтқанымдай спорттан алшақтау жүргеннен кейін мүмкіндік бола бермейді. Әлем біріншілігінің алдында газет беттерінде Бақтияр Артаев спортқа қайта оралады екен деп жазылып жатты ғой. Сол кезде Республикалық Федерациядан шақыру алып, 3 ай жас спортшыларға көмектесіп, мастер-класс көрсеткен кездер болды. Қазіргі таңда мастер-класс өткізудің сәті түсіп жатқан жоқ. Аллаға шүкір, қазір балалардың барлығы олимпиадаға жолдамаларын алды. Егер болашақта ресми шақырулар болып жатса, өз тәжірбиеммен бөлісуге мен әрқашан дайынмын.

- Боксшы жақсы жұдырықтасуы, бір формада болуы қажет. Шебер боксшыға тағы қандай қасиеттер тән?

- Әр спортшы әлемдік деңгейде өнер көрсеткеннен кейін, оған ел сенім артып отырады. Ең бірінші, әрқашан да кәсіби дайындықта жүріп, үлкен жауапкершілікпен жаттығуы керек. Ол өзі үшін де, елі үшін де маңызды.

- Рингке шыққан кезде қобалжуды қалай жеңесіз? Өзіңізге сенімділікті қалай арттырасыз?

- Менің сенімділігім - менің жүрегім шығар. Қандай қарсылас болса да, мен ешқашан мойынсұнған емеспін. Әрине, уайым болады. Оны жасырмаймын. Бірақ қарсыластарымның алдында қорқыныш сезімі болған емес. Көбіне ұмтылыс пен жігерліктің арқасында жеңіске жететінмін. Бірақ арасында жеңіліс те болады. Жасыратыны жоқ, жеңілістің көбі төрешілердің әділетсіздігінен болды. Өзім мойындайтын жеңіліс өмірімде 2-3 рет болған шығар.

- Сіздің жеңісіңіз елімізге деген сүйіспеншіліктің арқасында келді деп айтуға болады ма?

- Әрине, болады. Елге деген, жерге деген, Отанға деген сүйіспеншіліктің арқасында, «Мен қазақпын» сөзінің арқасында деп ойлаймын. Өйткені, халықтың арасында жүріп қазақтың кеңдігін көрген кезде, кішіпейілділігін көрген кезде еліңді мақтан тұтасың. Ол жеңіс Отанға деген сүйіспеншіліктің арқасында жеткен жеңіс. Басқаша ешқалай айтуға болмайды.

- Ал қазір жастарда сол елім, жерім деген сезім әлі де ұйықтап жатқан секілді...

- Мені сәл қобалжытатыны, қазір біз өзіміздің салт-дәстүрімізден сәл ауытқып бара жатырмыз. Былайша айтқанда, орысша болып бара жатқан секілдіміз. Маған ұнамайтыны сол. Біз – қазақпыз! Біз ең бастысы ана тілімізді қадірлеп, қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, тарихымызды ұмытпауымыз кажет. Сол кезде ғана бізде патриоттық сезім оянады. Өзге елге еліктеп, өзге елдің тілін, салт-дәстүрін, киімін қабылдап жүргеніміз болмас. Осы жағдай мені қатты алаңдатады. Менің ойымша, Отанға деген сүйіспеншілік ана тілінде сөйлеуден басталады. Бірақ, Отансүйгіштік сезім көп жастарда жоғары деп қуана айта аламын.

- Бокс қолғабын кигелі бері 245 кездесуге шығып, оның 207-сінде жеңіске жетіпсіз. Ең алғашқы кездесу есіңізде ме?

- Бар жоғы он жаста болатынмын. Ең алғаш жарысымды қазіргі №1 спорт мектебінде болды. Ол кезде 28 кг салмақ дәрежесінде шыққанмын. Боксқа қатысқаныма бір-ақ ай ғана уақыт өткен. Қарсыласымды айқын басымдықпен жеңдім. Одан кейін өзімнің досыммен жұдырықтасып, бірінші орын алған болатынмын. Мен үшін өте қызық болды. Көз алдымда әлі тұр сол жекпе-жектер. Бірақ қарсыластарымның аты-жөндері есімде қалмапты.

- Талай бүлдіршін сіз секілді Олимпиада чемпионы болуды армандайды. Сізге еліктейді. Кішкентай боксшыларға қандай тілек, кеңес айтасыз?

- Менің айтар тілегім Отанды сүйіңдер, ата-ананы сыйлаңдар, қолда барда бағалай біліңдер, қадірлей біліңдер. Қай сала болсын, спорт болсын, өнер болсын, ең бастысы Қазақстанды танытатын, еліміздің намысын қорғайтын ұлы тұлға болуларына және қандай істі бастаса да, аяғына дейін жеткізетіндей жігерлі болуларына тілектеспін.

Басшы Бақтияр

- «Абай.kz» порталында «Бақтиярды басынып жүрген кім? Басындырып жүрген кім?» атты материал жарық көрді. 2001 жылдың 26 қаңтарында сіздің облыстық спорт басқармасының бастығы қызметінен босауыңыздың себебі жайлы. Қайнарбеков Гамлет Төреханұлының есімі де ескерусіз қалмапты. Халық көп пікір жазыпты. Осы жайында не айтасыз? Расымен, сізді «басынып жүргендер» бар ма?

- Оқыдым. Басынып жүрген ешкім жоқ. Аллаға шүкір деймін. Көріп отырғанындай мына Ақ үйде аппарат басшысының орынбасары қызметіндемін. Бұл да жоғары қызмет. Мен сол ұсынысты қуана-қуана қабыл алдым.

- Қазір Таразда жасөспірімдер қылмысы туралы көп айтылуда. Осы «бұзық» балаларды спортқа тарту жұмыстары жүргізілді ме?

- Жоқ, жүргізілмеді. Менің бір білетінім, біздің мектепте спортшы балалар өте көп болатын. Сондай кез болды ма, балалардың барлығы спортқа қызықты. Мен оқыған мектептің тең жартысы боксқа, тең жартысы күреске қатысатын. Біз боксшылар мен күресшілер болып жарысатынбыз. Олар бірінші орын алып келсе, біз соған ұмтылатынбыз. Бізден біреу Азия чемпионы болып келсе, олар тырысатын. Бізде спортпен өз еріктерімен барып айналысатын. Бізді ешкім шақырған жоқ. Қазір шақырсаң да балалардың спортқа келуі өте қиын. Қазір көзқарас басқа. Көп балалар компьютерге отырып алған. Барлығы дайын. Қиналғысы келмейді. Сәл жүгірсе жандары қиналып, екінші рет бармай қояды. Бірақ соның өзінде де, спортпен айналысатын балалар көп. Көп балалар бокс сарайынын шықпай дайындалып жүргенін көргенде қатты қуанып қаламын.

- Боксшы Бақтияр, ал енді шенеунік Бақтияр. Басшы да, әкім де болдыңыз. Қайсы қиынырақ болды? Рингте жұдырықтасқан ба, әлде ел басқарған ба?

- Екеуі де оңай нәрсе емес. Ар жақта ел намысын қорғайсың. Халқың қарап отырады, сенім артады. Мемлекеттік қызметте де атқарған қызмет елге пайдасын алып келуі тиіс. Шынымды айтсам, екеуінің салмағы теңдей.

Қазақтың Бақтияры

- Анкетаңызда «Көшпенділер» сүйікті кітабым деп көрсетіпсіз. Кітап оқығанды ұнатасыз ба? Қандай шығарма ерекше әсер қалдырды?

- Ұлы ақын-жазушыларымыз Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтың шығармаларына қызығамын. Мұхтар Шахановтың өлеңдері ерекше ұнайды. «Көшпенділер» кітабын оқып, ол кездегі саясат, өмір басқаша болғанын түсіндім. Осы шығарма маған ерекше әсер қалдырды. Абай атамыздың қара сөздері ұнайды. Шынымды айтсам, көп кітап оқи бермеймін. Бірақ газет-журнал көп оқимын. Жаңалықты жібермеймін.

- Театрға соңғы рет қашан бардыңыз?

- Соңғы рет театрға барғаным есімде жоқ. Шынымды айтсам, театрлық көріністерге онша қызыға бермейді екенмін.

- Адам бойындағы қандай қасиеттерді ерекше бағалайсыз?

- Бірінші кезекте шыншылдық, адалдық, әділеттілік. Адам әділетті болмаса өте қиын. Шын сөйлеуі қажет. Екінші, Отанға деген сүйіспеншілік шығар. Қазіргі таңда заман ғана емес, адам өзгергеннен кейін осы қасиет жетпей жатады. Міне, осы қасиеттердің адам бойында жоғары болғанын қалаймын..

- Ал өзіңіздің бойыңыздағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

- Тік мінезділігімді шығар. Бірақ көп жерде маған осы кедергі жасайды. Одан кейін қарапайымдылығым, еңбекқорлығым, кішіпейілділігім...

- Халық сізді боксшы, әрі әкім деп таниды. Халыққа беймәлім тағы қандай өнеріңіз бар?

- Аң аулағанды және ән айтқанды ұнатамын. Айтарлықтай керемет дауысым жоқ. Қарапайым қоңыр дауыс бар. «Музарт», «Жігіттер квартетінің», Қайрат Нұртастың әндерін сүйіп тыңдаймын. Сондай баяу ән айтқанды жақсы көремін.

- Ал бокстан басқа қандай спорт түрімен айналысасыз?

- Қазір әкімшілік болып аптасына 3 күн футбол ойнаймыз.

- Танымалдылыққа, жұлдыз болуға ұмтылмайтын секілдісіз. Жеңістен соң «жұлдызбын» деген мақтаныш сезімі болды ма?

- Жоқ. Болған жоқ. Мен өзімді ешқашан  «жұлдызбын» деп ойламаймын. Мүмкін солай көрінсек, көрінетін шығармыз. Кейде болады, мазаңды алып жатқанда сәл ренжіп кетіп қалған кездер. Кейбір кісілер түсінбей жатады «бала жұлдыз болып қалыпты» деп. Енді біреулер мазамды алып жатса жақтырмаймын. Сондықтан да, танымалдылыққа қызықпаймын, оны керек деп есептемеймін. Ләжі болса, халық арасында көрінбей жүргенді қалаймын. Мен – халықтың адамымын.

- Қазір сізді қолдайтындар да, қолпаштайтындар да көп. Жүрген жеріңізде танып, суретке түсуге ұсыныс жасап, қолтаңбаңызды сұрап жатады. Сол сәтте қандай сезімде боласыз?

- Ең бірінші, бала кездегі еңбегім ақталғанына қуанамын. Ішімнен осындай күнге жеткізгеніне Аллаға шүкіршілік айтып тұрамын. Қасымда суретке түсіп жатқан адамдарға да жақсылықтар жұғысты болса екен деген ниетпен, ішімнен тек жақсылық тілеп тұрамын.

- Шет елде көп болдыңыз. Шет тілдерін білесіз бе?

- Иә, түрікше, ағылшынша білемін. Енді кәсіби деңгейде емес. Еркін сөйлеуге сәл-сәл қиналамын. Шамалы уақыт керек, терең меңгеру маған қиын болмайтын шығар.

- Өмірде ең қиналған, өкінген, қатты ренжіген сәтіңіз болды ма?

- Шынымды айтсам, өте жиі болды. Сырттан қарағандағыдай бәрі керемет емес. Ондай сәттер болған, болып жатыр, бола береді де. Оны мына жағдай деп айту қиын. Бірақ оған мойынсұнбай, әрқашан да тек алға ұмтылу қажет. Себебі, өмір деген – күрес. Құлап қалсаң, тұрып, ары қарай жүру керек.

- Өмірлік мақсатыңыз қандай?

- Болашақта халыққа көмегі тиетін, пайдасы тиетін жақсы қызмет ету. Халық қалаулысы болу.

- 2008 жылғы олимпиадада сізге төрешілер тарапынан әділетсіздік жасалды дегенді көп естідік. Соны өзіңізден сұрағанды жөн көрдік.

- Төрешілер тарапынан әділетсіздік жасалды. Мен оны сеніммен айта аламын. Мен өзім де кәсіби деңгейде өнерімді көрсете алмадым. Өзіме не болғанын білмеймін. Матвей Коробовтан кейін өзім аурып шықтым. Мазам болмады. Бұлай рингке шығу өмірімде ешқашан болған емес. Жекпе-жек кезінде не болып жатқанын түсінбей жүрдім. Және де отырған 5 төрешінің барлығы маған қарсы болғаны қатты әсер етті. Ең соңында Джеймс Дигэйлдің қолын көтергені маған өте-өте ауыр тиді. Ол кездесуді мен үшін ең сәтсіз жекпе-жек болды деп есептеймін.

- Бокстан кетуіңізге де осы жайт әсер етті ме?

- Жоқ. Менің бокстан кетуіме ол себеп болған жоқ. Жеңіліп, қол түсіру деген менің табиғатымда болған емес. Бокстан кетуімнің себебі – психологиялық түрде қатты шаршадым. 10 жасымнан бастап 25 жасыма дейін бір формада, үнемі халық алдында жүру өте ауыр. Күніне 3 мезгіл дайындығы тағы бар. Оның үстіне өмірге деген көзқарасым да өзгерді.

- Енді отбасыңыз жайлы айта өтсеңіз...

- Түріме қарап көп адам мені бойдақ деп ойлайды. Қашан үйленесің деп сұрап та жатады. Отау құрғаныма 3 жыл болды. Қазір, Аллаға шүкір, екі баланың әкесімін. Алинұр, Айзия деген екі кішкентайым бар. Болашақта Қазақстанның демографиясына, қазақтың санын көбейтуге атсалысқым келеді. Өзім балажандымын. Бұрын олай ойламайтынмын. Әке атанғаннан кейін көзқарасым мүлдем өзгерді.

- Балаңызды бокс үйірмесіне бересіз бе?

- Баламды спортқа беремін. Бірақ боксқа баруын қаламаймын. Бір отбасына бір боксер жететін шығар. Ол оңай емес. Кейін балам жұдырықтасып жатқанда, тақымымды қысып отыратынымды білемін. Ол маған ауырлау болады. Балама тиген әр соққы маған тигенмен бірдей. Мен оны қаламаймын. Ләжі болса, жүзуге, акробатикаға барғанын қалаймын.

- Қалай ойлайсыз, бокс қатыгез спортқа жатпайды ма осы? Біреудің басынан ұрып, соғу деген...

- Жоқ. Қатыгез спорт деп мен ережесіз айқасуды айтар едім. Ол өте ауыр жекпе-жек. Бокс шахмат ойыны секілді ғой. Сен ұрып үлгермесең, сені ұрып жібереді (күліп). Бұл жерде кім-кімді алдайды, кім ақылдырақ, кім жылдам, кім белсенді сол жеңіске жетеді. Соққылар болады, әрине. Бірақ, бокс – баспен ойлануды қажет ететін спорт түрі.

- Сырлы сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен Сәния Әбдіғапар

Студенттік БАҚтар. II бөлім

0
0

«Екпін» жобасы алматылық университеттердің газет-журналдарына шолу жасап, студенттермен шығарылып жүрген БАҚтар тізімін құрып, әр басылымның бас редакторымен сұхбаттасуды жөн көрді. І бөлімді былтырғы жылдың аяғында жарияласақ, бүгін жалғасын ұсынып отырмыз.

«Kimep Pie»

Төрт жалынды, жігерлі құрбылардың идеясынан туындаған журнал. 2008 жылдың қазан айында пайда болған басылымның қазіргі редакторы Ақдидар Әуезова ол кезде әлі мектеп оқушысы болған екен. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол «Кимэп Пай» туралы естіп, редакция мүшесі болуын армандап жүреді.

Ақдидар Әуезова, ҚМЭБИ, халықаралық журналистика факультетінің 3 курс студенті:

— Қазірде редакциямызда 60 адам бар. Басқа кастинг жасамаймын, өйткені қазіргі құрамымызды жеке HR табысым деп ойлаймын. Бас редактор ретінде мен үшін ұжымды редакциядан асқан бақыт жоқ. «Кимэп Пай»-дың ең үлкен жетістігі деп Кимэптің президенті Доктор Чан Йан Бэнгпен болған сұхбатты айта аламын. Өйткені ол кісіден университет құрылғанынан бері 20 жыл бойы ешкім де (студенттік ұйымдар) сұхбат ала алмаған. Жалпы, сұхбат — мен үшін үлкен ләззат. Оқырманға адамның жаңа қыр-сырын ашу өте қызықты деп ойлаймын.

— Көбінесе не туралы жазасыздар?

— Біздің журналдың слоганы: «Студенчество со вкусом», сондықтан біз сүйікті университетіміз, оның үлгі аларлық адамдары, қызықты шаралары, қолдауға тұрарлық жобалары жайлы жазамыз. Ең бастысы, біз ешкімге тәуелді емеспіз. Журналды университет әкімшілігі емес, студенттердің өзі шығарады. Сондықтан, не жазсақ та, өз қалауымызда. Журнал шығарудан бөлек біз ҚМЭБИ-дің түрлі кештерін ұйымдастырамыз. Мысалы, Golden Middle Awards (3 курстағы үздік студенттерді марапаттау), Graduation және де біз үшін ең маңызды шара — Kimep Awards, бұл жобаның іске асуына әр жылдары көптеген студенттер ат салысқан, ал басты идеясы осы журналдың ең алғашқы редакторына келген.

— Журнал шығаруда алғаш рет қандай қиындықтар болды?

— Көптеген. Ең үлкені — бізге ешкім сенбеді. Талпынысымызға күлді. Бізге тек еңбектенуден басқа ештеңе қалмады, ал негативті мотивациямызға айналдырдық. Қазір бұл жағдайларды еске түсірсек, күлкіміз келеді. Бірақ ол адамдарға емес, өткен қиындықтарға. «Ит үреді, керуен көшеді» емес пе?



«IMPRESSIONS Magazine»

2008 жылдары бұл атаумен СДУ-дың шағын газеті шығып тұратын. Ал журнал етіп басып шығару ойы сол жылдары баспасөз орталығының басшысы Жангелдинов Бахтиярға кейін келді. 2011 жылы журналға жаңа формат пен стиль берген СДУ түлегі Есімов Айбек болды. Журналдың қазіргі редакторы Никита Юн 2 курс оқып жүргенінен бастап, жетекшілік тізгінін «мирас» ретінде алған.

Никита Юн, СДУ, филология факультетінің 3 курс студенті

— Редакцияда қанша адам жұмыс істейді?

— Тәуелсіз корреспонденттерден бастап, маған дейін 40 адам. Журнал толықтай студенттердің күшімен басылады. Сондықтан ұжымды, бір адамдай жұмыс атқаратын ұйымбыз.

— Көбінде не жайлы жазасыздар?

— Журнал тек қана студенттер үшін емес, сондай-ақ мұғалімдер мен ата-аналарға да қызық болады деп ойлаймын. Өйткені біз студенттік өмірмен қатар, мұғалімдер туралы, қызықты шаралар, университеттің «тұлғалары», эстрада және кино жұлдыздары жайлы жазамыз. Сондай-ақ пейнтболдан чемпионат, «Мафия» ойынын, жаңа жылдық, қайырымдылық концерттер, көктемгі бал өткізу жоспарымызда бар.

— Алғашында қандай қиындықтар болды?

— Біріншіден команда құруда біраз қиындықтар болды. Содан соң материал жинауда, типографиялық қиындықтарға кезіктік. Бірақ қазірде бар күшімізді салып жұмыс істеудеміз, сондықтан қиындықтар артта қалды. Сонда да босаңсуға болмайды. Алда талай мақсаттар бар: тиражды көбейту, комплексті журнал жасау, тақырыптар аясын кеңейту, IM-ді бренд ретінде орнықтырып, тіпті «ҚазПресс» дүңгіршіктеріне қою. Мұның бәрі қолдан келеді, тек соған сену керек. Өз ісіңе, дұрыстығына күмән келтірмей, сену керек. «Еңбектен де, күлімде» — менің келер жылдардағы девизім болмақ.

Жалпы кез келген студенттік БАҚ-тың сәтті шығуы студенттердің оған қатынасына, мотивацияларына байланысты.

«Primus»

Бұл МАБ студенттерінің журналы 2007 жылы 8-желтоқсанда құрылған. Құрушылары сол кездегі 3 курс студенттері: Құдайбергенова мен Лепихова ханымдар болды. Бас кезінде «Primus Inter Pares» («Теңдестер арасындағы бірінші») аталған журнал 2012-2013 оқу жылының басында ребрендинг әсерінен жай ғана «Примус» («Бірінші») аталды.

Валерия Балакина, ХБА, маркетинг факультетінің 2 курс студенті

— Көбінде қандай тақырыптарға жазасыздар?

— Кез келген, бірақ негізгі бағыты - университет қабырғасында өтетін шаралар. Әр санды белігілі бір датаға немесе мерекеге арнаймыз. Айқындалған айдарлар жоқ, «МАБ» және «Еркін тақырып» деп тақырыптар өздігінен бөліне береді. Мысалы, ең атышулы материалдар 2011 жылдың күзінде шыққан, «Академияның студенттік кеңесі», 2012 жылдың күзінде шыққан «Есік көліне дәстүрлі саяхат жайлы» және де «МАБ студенттік ұйымдарына қабылдау».

— Редакцияда қанша адам жұмыс істейді?

— Қазірде редакцияда 20 адам бар. Академияның кез келген студентін қабылдай береміз. Ең бастысы, жұмыс істеуге, дамуға, өзін-өзі жетілдіруіне деген ынтасы бар болуы керек.

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева

Мұқағали Мақатаев күнделігінен. II бөлім

0
0

Құрметті оқырман, осы материалда қазақтың лирик ақыны, шынайы поэзия өкілінің өлеңдерін емес, жеке күнделігінен алынған жазбалардың жалғасын ұсынамыз.

1-январь 1974-жыл

Жеке өз басыңның қадір-қасиеті деген осы екен-ау! Ал мен ақымақ оны қорғамақ тұрмақ, тіпті білмеппін де. Қарапайым болғым келеді, алайда ашық ауыз екем, тек менің «достарым» ғана емес, тіпті өз отбасым, балаларым да мені жер соқтырып кетеді. О, сен қорқынышты нәрсесің, Адамзат! Болмайды, өз қадір-қасиетіңді қорға! Ақын атыңды сақта, нағыз ақынмын десең, соған лайықты бол! Табиғаттың өзіндей қарапайым бол, бірақ ол сияқты қайсар да бол. Сен өз замандастарыңнан өзгешесің. Неңмен екенін айтпаймын... ендеше, өр болсаңшы! Басыңды көтер, бауырым!..

25-май 1974 жыл

Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды. ...Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан адам қалыптарыңда қалыңдар! Әрдайым сақ болып, әрдайым өздеріңді бағалай біліңдер!

Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені...

* * *

Ерте-ертеде Нерон патша өмір сүрген. Жұрт оны ақымақ деп атауға дағдыланып кеткен. Шынында да ол сондай болды ма, мен онысын білмеймін. Бірақ мен оны өз сөзі арқылы білемін және терең түсінемін. «О! Қандай ұлы актер өліп барады!» — оның бүкіл өмірінің дәні сол сөзінде. Ол қанша ақымақ болса да, өз қалауынша өмір сүрмеген адамның шын жүректен мойындауы. Біз бәріміз — артиспіз, тіпті ұсақ-түйек те де...

***

Тап келе қалған жағдайға дереу бейімделе кетіп, кез келген лажсыз жағдаймен амал тауып, кез келген қауіпті айналып өте алатын, қарсыласпайтын, тек бірақ жел шайқаған көк шыбықша майысып қана қоятын адамдар ақылды әрі табыстан табысқа жеткіш, бақытты болып саналмақ па? Ал ешкімге бас имейтін, кез келген жауыздық пен зорлыққа әрдайым қарсы тұруға тырысатын және жауыздықтын қорланған құлы болғанша, түп-тамарымен қопарылып қалғанды артық санайтын қарт еменше қара дауылға қасқайып қарсы тұратындар неге бақытты деп есептелінбейді? Қалай дегенмен де, бұл ғасырда біз алдыңғыларды ақылды санаймыз. Және оларға қызығамыз, ал соңғыларды не ақымақ санаймыз, не жолы болмағандар дейміз де, байғұсты кекесінен менсінбей шығарып саламыз, ондайға жоғарыдан жақтырмай қараймыз. Мыңдаған мысал келтіре алам, ол өздеріңнің де қолдарыңнан келеді...

Сүйікті менің балаларым, бұл жөнінде маған сендерге екінің бірін ұсыну қиын, өздерің қалап алыңдар. Сендердің тағдырларын қалай болатыны маған белгісіз...

29-май 1974-жыл

Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені оларды аз білемін. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен есмеспін, өйткені өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады...

10-июнь 1974-жыл

Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді; ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің. Тіпті ең жақындарым да. Түсіңсендерші, мен туғаннан адаммын, адам қалпымда қалам; ал мен кейін ақын болдым, ұқсаңдаршы, болдым, яғни...

1-октябрь 1974-жыл

Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тұра, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз шығармашылығын бүгінгі күнмен және өзінің ұранды патриотизімімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер — ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі «бос орынды» тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз рөл атқарды. Қазіргі біздің әдебиетке құлдық ұра беретін құлдар қажет. Олар, әрине, «борозданы бүлдірмейді». Осы күнгі ережелер оларды толық қанағаттандырады. Рұқсатпен жазады, жұмыс істейді, тамақ ішеді және жүріп-тұрады. Олар тәртіпті.

Өйтпегенде ше, талант буырқанса, ол өз жолымен қозғалғысы келеді және жолдан шығып кетіп, бірдемені бүлдіріп те алады, сондайда құлдар аяқ асты табыла кетеді. Ұятсыздар, олар таланттың орнын баса қоюға дап-дайын және қарасаңызшы, «орнын басады да». Орынға отырады да, таланттардың үстінен бұйыра бастайды. О, қандай күйінішті! Одан өткен күйініш болмайды...

6-октябрь 1974-жыл

Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам?! Осы күнгі әдебиет — нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол «сыншысымақ» белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ, бұдан ары бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақайшыл серіктестерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетімізде жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашыңдар! Олардың жебеп-жебеушілерін түгелдей әшкерлейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!

31 январь 1975 жыл

Өзіңе бір жаңа екі костюм алып кимей-ақ өліп кетуің (құдай оның бетін әрі қылсын) қандай аянышты. Жетіспеушілікте туып және үнемі жетіспеушілікте өмір сүру қандай өкінішті. Егер бала, бозбала кезімді есіме алсам, сұмдық үрейленемін, қатты жебірленемін. Бүкіл жастық шағым менің өзіме соқпай жанай өтіп кетіпті. Санамда титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын. Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен, бар өмірімнің қор, жиренішті болып көрінетіні соншалық, кейде өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді...

Шындығын айтқанда, мен бұрын денсаулық дегеннің, ауру дегенннің не екендігін білмеуші ем. Тағдырым мені бұдан да тыс қалдырмапты. Бұрын білмесем енді бар сырқаттың сырын түсінуге тура келді. Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім: өмірдің қуанышын татып көргем жоқ, шығармашылықтың қуанышына жолыққам жоқ, бар өмірімді жоқшылыққа, жоқшылықтан өмірі үрейленуде өткіздім. Қысқасы туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу — қашанда қорлық қой...

14 ақпан 1976 жыл

Қазіргі жастардың қайсысы Пушкиннің «Евгений Онегинін» немесе Байронның «Чайльд Гарольдін» оқып басын қатырады. Ондайлар зорға табылар. Лермонтовтың «Шайтанын» аяғына дейін оқып шығуға олардың шыдамы жетер-жетпесіне күмәнданамын. Қазіргі ұрпақ бүгінгі күнмен өмір сүреді. Олар үшін өмір театр емес, өте шығатын эстрада. Олар кереметке де нанбайды: оларға ештеңе керемет емес; олардың талғамы тез өзгереді. Маған терең ойлау, өзін және өзгені тану оларға жат сияқты болып көрінеді.

Егер қасақана солардың өмірі жайында солардың өз сөйлеу мәнерінде өлеңмен роман жазса қайтер еді? Сол арқылы мәжбүр етсе көксоққандарды?...

16 ақпан 1976 жыл

Көркем сынсыз әдебиет өмір сүрмейді. Сын өз мойнына талай нәрсені алуға тиіс. Сын қазы да, адвокат та болу керек, ал қажет болған жағдайда ол өте қатал, мейірімсіз айыптаушы да бола білуі керек. Әйтпесе, әдебиет, жалпы өнер атаулы алғашқы қоғам құрылысын елестетеді. Әркім өз білгенінше, мұнысы жақсы еместігін сезе тұра, жабайы түйсікпен, көркемдікке жат әрекет жасайды. Алайда кимелей береді, кимелей береді. Соның бәріне сын кінәлі. Бізде дұрыс сын жоқ. Оның таза, әділ, өкілдері жоқ. Тек жағымпаздар бар. Олар беделділерді мақтау үшін өзара жарысқа түседі. Олар сол арқылы әдебиеттің асырауында өздерінің қала беруін қамтамасыз етеді. Бұл урашыл-сыншылар көркем шығарманы шатпақтан ажырата алмайды. Олар үшін автордың өзі бірінші орында тұрады. Оның кім, қандай қызметте екеніне көңіл аударады. Ал ондай шатпақайлардың көлеңкесінде таланттар бірте-бірте сөне береді.

***

«Тек қана өз уақытында жақсы сыншылардың болмауынан қаншама өркениет пен ғажайып өнер туындылары құрып кетті екен десеңші!

Чехов.

16 ақпан 1976 жыл

Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға білгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де қақысы жоқ.

Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз — өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек...

17-февраль 1974-жыл

Бүгінгі күнмен, бүгінгі өмірмен ғана тіршілік жатқан адамдардың даңқы мен атағы арта берсін. Бір күнін жақсы өткізді ме, жетеді. Олар үшін өмірдің мәні — өз ғұмырын қыжалатсыз молшылықта, уайым-қайғысыз өткізіп, артынан жақсы, бай мұра қалдыру. Несі бар, олардікі дұрыс.

Өзімді құрбандыққа беріп, мен неменеге талпынам? Бәрін құрбандыққа қия отырып?! Шайтан алсын бәрін! Түптеп келгенде, жер бетіндегі жақсылықтың рахатын менің де көруім керек қой. Бірақ қайтіп?!

***

Ақын болу үшін ақында не болуы керек?

Бірінші: талант. Білімді, сұңғыла талант (диплом міндетті емес).

Екінші: ұят, өзінің нашар өлеңдерін оқығанда өзінен өзі ұялуы үшін.

Үшінші: қарапайымдылық. Пушкин мен Абайдыкіндей болмаса да, басқалар түсінетіндей адамдық қарапайымдылық. Ақылдымсымау, түсіндірмеу, тек жырлау.

Төртінші: түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану.

Бесінші: еңбек, үнемі шындалып отыру үшін.

Алтыншы: жан. Жан байлығын әмәнда сақтау қажет.

25 ақпан 1976 жыл

Фольклорымыздың бай екендігі даусыз. Оны кез келген халықтың кез келген фольклорымен қатар қоюға болады. Егер фольклорымызды әдебиетімізбен салыстырсақ, онда соңғысы кәдімгідей кедей көрінеді. Ол оның әлі жасандығынан, буыны қатпағанынан. Жазғыштар көп болғанымен, жазылған (мәнді, толыққандысы) әлі аз. Біз жазылған нәрсенің санына қарап қарықпыз. Көркем әдебиет ұжымдық еңбек емес екенін ойлайтын уақыт жетпеді ме? Ол мейлінше даралықтан туады. Және белгілі уақыттың есебі де, фотографиясы да емес. Ол қоғамның, дәуірдің сынынан өтуге тиіс.

Егер қадір-қасиеті миллиметрлік қана болса, шақырымға созылған тізімдер әдебиетті құрай алмайды.

Мұқағали Мақатаев

ШЫҒАРМАЛАРЫ көп томдық толық жинағы IV-том

Құрастырғандар — Л.Әзімжанқызы, Оразақын Асқар.

Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2009

Мұқағали Мақатаев күнделігінен. I бөлім

Алматы көшелері: Нұрмақов Нығмет

0
0

Нұрмақов көшесі 1966 жылға дейін 3-линия деп аталынып келген. Исаев және Әйтиев көшелерінің арасында орналасқан бұл көше Гоголь көшесінің солтүстік жағынан басталып, Жамбыл көшесіне дейін жалғасып жатыр. Ол Қазбек би, Төле би, Бөгенбай батыр, Қарасай батыр және Қабанбай батыр көшелерін қиып өтеді.

Соғыстан кейінгі кезеңде бұл көшенің бойында бау-бақшалы учаскелері бар бір қабатты үйлер салына бастаған. Бүгінгі күні бұл көшенің бойында:

Нұрмақов пен Төле би көшелерінің қиылысында әлемдік газды генераторлық құрылғыларды өндіруші Aksa компаниясы орналасқан.

Нұрмақов пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында қаламыздағы ерекше мейрамханалардың бірі Wagon Restaurant орналасқан.

Нұрмақов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында көппрофильді "Авторлық медицина" орталығы орналасқан.

Нұрмақов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында 2009 жылы салынған "Ақмарал" тұрғынүй кешені орналасқан.

Нұрмақов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында «Juicy», «Palma», «Frutta», «Fantan», «Maiami», «Juicy Junior» сынды шырын шығарушы «Raimbek Bottlers» компаниясы орналасқан.

Кеңес партия және мемлекет қайраткері Нұрмақов Нығмет Нұрмақұлы 1895 жылдың 25 сәуірінде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ол сауатын өзінің ауылындағы орыс мектебінде ашып, кейін Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алған. Оны аяқтағаннан кейін Омбы мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1915 жылы аяқтап шығады.

Нығмет Нұрмақов Омбыда оқып жүріп Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатын көздеген Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев сынды бір топ жастармен бірігіп «Бірлік» атты жасырын ұйым құрады. 1915 жылы ол Қарқаралыда өзі оқыған орыс-қазақ учи­лищесінде мұғалім болып қызмет атқарып жүргенінде, 1916 жылдың 25 маусымында шыққан «19-43 жас аралығындағы еңбекке жарамды барлық адамдарды қара жұмысқа алу» туралы жарлыққа қарсы үгіт жұмыстарын қолына алып, «Дала одағы» атты ұйым құрып, соған басшылық етеді. Бірақ көп ұзамай Колчак үкіметінің орнауымен ұйым таратылып, ұйым мүшелері тұтқынға алынады. Сөйтіп 1918 жылдың желтоқсанына дейін ол 18 ай түрмеде отырып шығады.

Нығмет Нұрмақов 1919-1921 жылдар аралығында Қарқаралы уездік әскери ревкомының мүшесі, Семей уездік әскери ревкомының секретарі сынды бірқатар жауапты қызметтерде істеп, 1921 жылдың қазан айынан бастап ре­волю­ци­ялық Трибунал­дың төрағасы болып тағайындалады. 1922 жылдың ақпан айында Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің III-ші съезінде Нығмет Нұрмақов Қазақ атқару комитеті төралқасының құрамына сайланып, оған Республи­калық Жоғарғы Три­бунал­ды басқару жүкте­леді.

Сонымен қатар ол 1923 жылдың сәуір айынан бастап РСФСР Жоғарғы Со­тының қазақ бөлімінің төрағасы болса, сол жылдың мамыр айынан бастап оған қосымша Әділет халық комиссары қызметі жүктеледі. Сол кезеңдерде ол про­кура­тура мен сот органдарын ұйым­дасты­ру, сот құрылы­сы ере­желерін қалыптастырып, іс жүргізу­ге қазақ тілін енгізу жұмыстарын аяқтайды. Про­кура­тура және сот қыз­меткер­лерінің білімін артты­ру, білікті жаңа кадр­лар­ды қалып­тасты­ру, олар­ды қыз­метке тұрақтандыру, жалақыла­рын өсіру, тұрмыс­тық жағдай­ла­рын жақсар­ту мәсе­лелерін ше­шуде де Нұрмақов та­бан­ды­лығының арқасын­да біраз жұмыс­тар атқарыл­ған. Сол кезеңде Орынбор, Се­мей­, Ақмо­ла, Қос­та­най­ қалаларында ашылған заң курстарының жанынан еңбек сессияларын ұйымдастырған да Нығмет Нұрмақов еді.

Ол 1924 жылдың қыркүйек айында өзінің Әділет комиссары міндетін жаңа тағайындалған Н.Ералинге тапсырып, өзі сол жылдың қазан айынан бастап 1929 жылдың сәуіріне дейін ҚАКСР Ха­лық Ко­мис­сарла­ры кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүріп, сол жылы БК(б)ПОК жанындағы коммунистік университетке Мәскеуге оқуға жіберіледі. Оны 1931 жылы аяқтап, одан кейін 1937 жылға дейін БОАК Президиумы ұлттар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

1937 жылдың 3 маусымында тұтқындалып, сол жылдың қыркүйек айында Нығмет Нұрмақов өзінің ана тілі қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуін талап еткені үшін ұлтшыл деп айыпталып, 42 жасында атылады. Ол тек 1956 жылдың 11 тамызында КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.

Бүгінгі күні Қазақ елінің азаттығы үшін, тәуелсіздігі үшін ерік-жігерін аямаған, жанын пида еткен аяулы күрескер атына Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы (Қарағанды облысы) қалаларындағы көшелер, Қарағанды қаласындағы 2-ші мектеп-интернат атаулары берілген және Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта, туған ауылында ескерткіш орнатылған.

© Екпін

_________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі

Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі

Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі

Алматы көшелері: Жұмағали Сайын көшесі

Алматы көшелері: Досмұхамедов көшесі

Жексенбілік аспаздық: үй торты

0
0

Менің ең сүйікті тортым «Наполеон». Алайда ол тортты осы уақытқа дейін жасап көрген емеспін, жасалу жолы қиын болғандықтан батылым жетер емес. Содан бір күні «Наполеонға» ұқсайтын, бірақ жасалу жолы оңай торт жасаудың әдісін ойлап, асханаға келдім. Сөйтіп торт жасауға арналған заттарды алып, торттың қамырын дайындадым.

— Май — 100 гр.
— Қант — 1 стақан
— Бал — 2 ас қасық
— Жұмыртқа — 2 дана
— Ұн — 400 гр.
— Сода

Алдымен баяу жанып тұрған отқа ыдыс қойып ішіне май, қант, бал, екі жұмыртқаны салып араластырамыз.

Әбден араластырып болғаннан кейін үстіне 200 гр. ұн саламыз.

Ұн мен қоймалжын қоспаны толықтай араластырамыз.

Үстінен қалған 200 гр. ұнды салып, қамыр илейміз.


Дайын қамырды бөліктерге бөлеміз.




Қамырды жайып, майланған табаға салып, піскен кезде қамыр үрленіп кетпес үшін қамырға тесіктер жасаймыз. Сөйтіп алдын ала қыздырып қойған духовкаға қамырды саламыз да, күйіп кетпес үшін қарап тұрамыз (бір қамыр небәрі 3-4 минут піседі).

Торттың кремі үшін:
— Қоюлатылған сүт — 1 банка
— Сары май — 200 гр.


Қоюлатылған сүт пен майды қосып, үлпілдеген крем шыққанша миксермен араластырамыз.


Кремді барлық нандарға жағып, дайын тортты 5-6 сағатқа тоңазытқышқа салып қоямыз.

Тоңазытқыштан алып, торттың үстіне кез-келген өзіңізге ұнайтындай етіп безендірсеңіз болады. Мен торттың үстіне шоколадты ерітіп, оның үстіне грек жаңғағының үгітіндісін септім.


Асыңыз дәмді болсын!

Торт пісірген: Айнұр Ракишева

Денсаулыққа пайдалы салаттар
Тұмауға қарсы шырын
Сүзбе қосылған қатпарлы бәліш
«Құмырсқа илеуі» торты
Қызыл шие бәліші
Sushi step by step
Банан балмұздағы
Шоколад құймақтары
Банан мен шоколад коктейлі
Бесбармақ
Мерекелік салат


Глэм-рок бағытындағы жас әнші Тоғжан

0
0

Әр бүлдіршін кішкентай кезінен «өскенде бәленше боламын» деп армандайды. Бірақ есейе келе, күнделікті тіршілік қамымен бе, әлде пессимист қоғамның әсерінен бе, кешегі бала арманы ұмытыла береді. Осылайша кейбір ересектердің көздерінен кім үшін өмір сүрдім, арманым неге орындалмады деген риторикалық сұрақтар оқылып тұратындай. Алайда өз арманын сатпаған, қандай қиындық болмасын, ең бастысы, жан-дүниесін тыңдай білген бақытты адамдар да өмірде аз емес. Сол қатарға жататын арулардың бірі, жұмысына кәсіби түрде келетін, әр қимылынан индивидуалдылығы көрінетін, өзінің қуатты тембрымен тыңдарманға позитив сыйлайтын Тоғжан Ерсімбекпен болған әңгімемізді қабыл алыңыздар.

Глэм-рок — (ағылш. glamorous — «эффектілі») — 70-ж.ж. басында Англияда пайда болған рок-музыканың бір бағыты. Глэм-рок жанрындағы әншілер үшін жарқын мінезді образ, театралды әсер беретін экзотикалық костюмдер тән.

— Сәлем, Тоғжан! Алдымен өзіңмен жақынырақ таныссақ, қай жерде туылдың, өстің?

— Менің туған қалам — шағын Шу қаласы. 1988 жылы 19 мамырда дүниеге келдім. Музыканы балалық шағымнан жақсы көремін. Әулетімізде музыкалық ген бар дей аламын. Әкем жақтан болсын, анам жақтан болсын ата-әжелерім шығармашылықтан алыс емес. Анамның әкесі, мысалы, мәдениет үйін басқарған, анамның да дауысы керемет, мектепте оқығанда әрдайым маған дұрыс бағыт көрсетіп отыратын. Ән айтуды жақсы көретін барлық балалар секілді мен де 5-6 жасымнан бастап қонақтар алдында «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Алтын-ай» сияқты танымал әндерді айтып жүрдім. Бірақ қонақтар өте жиі келе беретіндіктен, бұрыш-бұрышқа тығылып та қалатынмын (күліп).

Бір сәт: мен 5-сыныпқа дейін «р» әрпін айта алмайтынмын. Өзім іштей де, әке-шешем де соны уайымдайтынбыз, өйткені мектепте кемсітулерді кім ұнатсын? Анам орыс тілінен сабақ береді, мұғалімнің қызы ретінде мен әдеттегідей белсенді, барлық шараларға қатысып, бір сөзбен үздік оқушы болдым. Сол кезде концерттерге өзім міндетті түрде шығып алып, Роза Рымбаеваның «Наурыз», «Атамекен» әндерін орындайтынмын, ал онда, әрине, «р» әрпі бар. Сонда концерттерден кейінгі кемсітулерге жылап, анама келгенімде «онда концертке не үшін қатысасың?» дейтін, ал мен сонда «р»-ды айта алмайтынымды ұмытып кететінмін. Соған қарамастан, сахнаға ұмтылып тұрыппын. Домбыра ойнау болсын, ән айту болсын, маған сахна ұнайтын. Солай 5-ші сыныпта кездейсоқ «р» әрпін айтып кеттім, сол кезде мен үшін ол сондай бақыт болды (күліп).

7-сыныптан бастап, қаладағы жаңа мектепте белсенді ән айтып жүргендіктен, мені мәдениет үйіне концерттерге жиі шақыра бастады. Сөйтіп, үлкен сыныптарда аудан, облыс көлемінде сахнаға шығатын болдым. Дәл сол кезде айтпақшы «Superstar.kz» сайысының 1-сезоны бітіп, 2-сезонына кастинг жүріп жатты. Анам екеуіміз газет қарап отырып, 16-25 жас аралығындағы таланттарды шақырамыз деген хабарлама көрдік. Менің жасым дәл 16-да, барамын деп шештім. Алматыға барып кастингтен өттім, бүкіл Қазақстан бойынша 50-лікке кірдім. Бірақ соңында жас, тәжірибем жоқ болғандықтан, дұрыс ән таңдамаппын. Алтынай Жорабаеваның «Сен алғаш гүл бердің көктемде» әні болатын. Солай өтпелі кезеңнен өте алмай, жабырқап қалғанмын. 10-сыныпта, жасөспірім кезең болғандықтан, ондай нәрселерді қатты қабылдайсың ғой. Әйтеуір бір жағынан Шуда мені бәрі тани бастады.

Сөйтіп мектеп бітірер кезде мамандығымды мүлдем шығармашылықпен байланыссыз, «Халықаралық қатынастар»-ды таңдадым. Бір жағынан ата-анамның да мамандық болу керек дегеніне келістім. Алматыда 4 жыл оқып, қаншалықты жеңіл айтылған болып көрінсе де бұл мамандық «менікі емес» екендігін түсіндім. Алайда мен оған еш өкінбеймін. Меніңше, өмірде бәрі де өз орнымен, өз ағысымен жүреді. 4 жылда қаншама жақын достар, мамандық бойынша емес, өмірлік көптеген сабақтар алып шықтым.

Оқуымды бітіріп шыққан соң 3 ай бойы ойланып, психологияға қызығатындығымнан, магистратураға «Психология» мамандығына түстім. Психология музыкамен тығыз байланысты. Өйткені дәл психология мені музыкаға алып келді. Оқу кезеңімді қарап отырсам, алдымен «Халықаралық қатынастар» дүниетанымымды кеңейтіп, жалпы тұлға болып қалыптасуыма көмектесті. «Психология» мамандығы өз-өзімді тануға жетелеп, соңында музыкаға саналы түрде алып келді. Бұрында егер «біраз әнші бола тұрып, сосын басқа жұмысқа тұрып кетем» деп ойласам, енді менің сүйікті жұмысым — музыка екендігін білдім. Ол менің қолымнан келеді, нақты мақсаттарым бар, неге арманыңның орындалуына қарай күш салмасқа? Мен үшін, ең бастысы, ішкі әлемімді түсініп, ішкі әлемімнің музыканы қалайтынын түсіну маңызды кезең болды.

— Ал ішкі әлемің музыканың қай жанрына жақын?

— Бұл сұраққа да жауап іздеп ұзақ жүріп келдім. Көптеген әншілермен кездесесің, түрлі еліктеулер болады. Алғашында, менікі джаз, сосын поп дедім. Қысқаша айтқанда, көптеген жанрларда айтып келіп, ең соңында рокқа тоқтадым. Маған рок ұнайды. Дәлірек айтқанда, old school, классикалық рок. 50, 60, 70-жылдардан бері рок орындаушыларды тыңдаймын. Рок-н-ролл, блюз, фолк-блюз жаныма жақын. Рокта дәл не ұнайды десеңіз, оның энергетикасы, драйв, беретін әсері — бәрі де менікі екендігін сеземін.

Жалпы, рокқа келуімнің қысқаша тарихы да бар. ҚазҰУ-да оқып жүргенде студенттер сарайында ән айтып жүрдім, әнші таныстарым көп болды. Бір күні бір таныс әнші қыз келіп «Сохо»-да кастинг болып жатқанын айтты. Ол кезде, әрине, «Сохо» — танымал клуб, өзінің вокалдық мектебі барын білмегенмін. Көптеген жас әншілерге ол жерде ән айту арман екен. Кастингке барып, 30-40 қатысушылардың арасынан мені таңдап алды. Осылайша менің клубтардағы «карьерам» басталды десем болады. Және сол кезден бастап мен рок тыңдай бастадым.

— Ал 60-70 жылдардағы роктың қандай ерекшелігі бар?

— Бәрі де блюзден бастау алады. Роктың негізінде блюз жатыр. Рок, блюз рок, фанк — бәрі де бастапқыда «қара» музыка болған. Қара нәсілді американдықтардың бұрынғы заманда плантацияларда жұмыс істеп жүріп айтатын әндері ғой. Сол кездерде ақ нәсілділер олардың музыкасын байқап, осыдан ақша жасауға болады емес пе деп, біртіндеп оларды қалаға әкеле бастаған.

Ең алғашқы студиалар «Кадиллак рекордс» сияқты сол кездері пайда болады. Мадди Уотерс, Литл Ричард, Хаулин Вулф, Этта Джеймс, Чак Берри, Элвис Пресли — көрнекі тұлғалары. Рок-н-ролл дегеніміз өзі сол кезеңде қара және ақ нәсілді американдықтарды біріктірген музыка болған. Өйткені ол кезеңде ақтар мен қараларға бірге отыруға болмайтын еді. Тіпті 10 ба, 11 ма грэмми алған атақты Рэй Чарльзге сол кезеңде Джорджия штатына концертімен келгенде, ақтарға арнайы зал жасаймыз деген шарт қойған екен. Оған келіспеген әншіге мүлдем ол штатта ән айтуға рұқсат етілмеген. Алайда кейін оның ең танымал «Georgia On My mind» әні Джорджияның әнұранына айналып, одан ресми кешірім сұралған.

Алматы мейрамханаларының бірінде Тоғжанды тыңдауға барғанда

— Ал психология өміріңде қандай орын алады?

— Елеулі орындардың бірін. Өйткені маған жас кезімнен өзімді тану, ішкі «Мен»-імді қалыптастыру маңызды болды. Дәл университет бітіріп, болашаққа көз салған кезеңде «Психология» мамандығына түсемін деп шештім. Өйткені алғаш мамандығымды таңдағанда ата-ананың, қоғамның әсері болды деп ойлаймын. Солай «Тұран» университетінің «Психология» факультетіне қарасты көптеген тренингтерге бардым. Сол кездерде бір инсайт болған шығар, кейін ішкі «Мен»-ім музыканы қалайтынына анық көзім жетті.

— Ал өлеңді өзің жазасың ба?

— Өте қызық сұрақ, өйткені алдында ғана өзім осыны ойластырғанмын. Музыка жаза алмаймын, оны білемін. Алайда мектеп кезінде өлең жазатыным болған. Сол себепті көркемдеп жазбасам да, күнделігіме әрдайым өзімді толғандыратын, ерекше сезімдерді жазып отыруды шештім. Өйткені әнші орындап жатқан дүниесін өз ішкі әлемінен алса, ол әрқашанда тыңдарманның жүрегіне жетеді.

— Топ құру сияқты түрлі ұсыныстар болып тұратын шығар?

— Иә, болады. Поп стилінде айтатын үш қыздан тұратын топтарға шақырып жатады, мысалы. Бірақ ол маған жақын емес. Ең бастысы, мен өз жүрек қалауымды тыңдаймын. Егер де мен жұмысқа жанымды беріп істемесем, ұсынысқа мүлдем келіспеген дұрыс.

— Музыкада саған, ең бастысы, не маңызды?

— Шынайылық. Оны мен өмірде де, музыкада да қатты бағалаймын. Мысалы, Тина Тернер сахнада минимен жүріп ән айта береді, бірақ ол шынайы айтады. Фальш жоқ, жүрегімен орындайды. Осы маған маңызды. Мысалы, Битлз. Неге олар ең танымал топ болып кетті? Былай қарасаң, олардың өлеңдері өте қарапайым, сазды. Сөздері жеңіл. Тек жаныңды салып айтқанда ғана, ең қарапайым нәрсенің өзі таңғажайып болып көрінеді.

— Олай жаныңды беріп айтудан, энергиялық алмасудан кейін шаршайтын шығарсың, қалпыңа қалай ораласың?

— Көбінесе моральді емес, физикалық түрде шаршаймын. 5-6 күн қатарынан жұмыс істегенде, әсіресе. Рок орындауда тіптен дауыс желбезегіне қатты күш салынады. Алайда, қазір оның емін жасаудың көптеген амалдары бар, дәрі-дәрмек деген сияқты. Ал моральды түрде ол маған керісінше — демалыс. Жұмыста мен керісінше демаламын. Әндетіп-ақ қалпыма келемін. Менің терапиям.

Тоғжанның дравйын жай отырып тыңдау мүмкін емес) билейміз)

— Дауысыңды қалай баптап тұрасың?

— Әрине, табулар бар. Балмұздақтан бұрында-ақ бас тартқанмын. Суық сусын, тамақ ішуге болмайды. Шемішке, чипсы дегендерді де аз жеймін, концерт алдында мүлдем жемеуге тырысамын. Дауыс деген — құрал. Оны әрдайым жаттықтырып тұру керек. Сондықтан вокалмен жиі айналысып тұрамын. Мысалы, гитарада ойнайтын адам 2-3 күн ойнамай қалса, саусақтары келіңкіремей, ұмытып тұрады, бұл да сол сияқты.

— Ал аспаптарда ойнайсың ба?

— Жоқ, бірақ үйренгім келеді. Жалпы менде музыкалық білім жоқ, білетініңдей. Нота білмеймін, тек есту қабілетіме сүйенемін. Бірақ келешекте оқимын, үйренемін деген мақсатым бар.

— Ал біздің шоу-бизнесте Рок бағытында айтатындар бар ма?

— Бізде көбінесе поп, клуб. Рок орындайтын Әсем бар. Оныкі бірақ этно рок. Ал нағыз шынайы рокты, әрине, көбінде шоу-бизнесте емес, арнайы рок клубтарда, Soho, Guns n’ Roses сияқты мейрамханалардан ести аламыз.

— Музыкадағы арманың қандай?

— Авторлық үлкен бағдарлама жасау. Жеке өзімнің дауысыма жазылған музыка мен өз ойларымнан құралған мәтіні бар материалды қолыма алып, тыңдап көру сәті мен үшін өте қызықты.

— Өзің орындап жүрген әндеріңнен ең сүйіктілері бар ма?

— Барлық әндер де сүйікті. Мистер Биг, Уайтснейк, Битлз, Шаде, Стинг, Тина Тернерлердің әндерін орындаймын ғой. Көп жағдайда қаншалықты ерекше болуға тырысқанымызбен, бізге шаблонды дүниелерді, жұрт қабылдай алатын әндерді орындауға тура келеді. Өйткені сахнада тұрып, өткен заманның бір авторлық тобының әнін айтып тұрғанға қарағанда, коммерциялық топтың әндерін айту тыңдарманға жеңіл тиеді. Өз аудиторияңды табу керек. Мысалы, пабтарда, рок клубтарда орындасам, менің репертуарыма дәл келеді. Ал клубтарда, әрине, жастарға лайықты танымал әндер орындауға тура келеді.

— Музыкадан өзге қандай хоббиларың бар?

— Соңғы кезде стрип-дэнспен айналысқанмын. Ол да сахнада сенімді қозғалу үшін, кейбір би элементтерін қосу үшін көмектесті. Және де жақында Президент паркіне жақын көшіп барған соң, жаңа хобби — жаяу жүру пайда болды. Кешке таман құлаққабымды киіп алып, ойымды сергітіп жүремін.

— Сүйікті кітаптарың?

— Ирвинг Стоунның Ванг Гог жайлы жазған биографиялық «Жажда жизни» романы өте қатты әсер еткен. Неге десеңіз, суретшнің қиын өмірі, махаббат, шынайылық — бәрі бар. Ирина Хакамаданың «Дао жизни» кітабы жақсы. Жалпы Ирина Хакамаданың өзі маған тұлға ретінде қызықты. Индивидуалистерді ұнатамын. Ги де Мопассанның «Жизнь», «Друг». Нағыз өмірлік кітап.

Ал музыкаға байланысты Муслим Магомаевтың өмірі, шығармашылығы жайлы кітапты оқуға кеңес беремін. Сондай-ақ өзімнің сүйікті «Psychologies» журналымды оқуға кеңес берем. Менің допингім десем болады, әр санының шығуын асыға күтемін.

— Тоғжан, қалай ойлайсың, біздің елде нағыз талант үшін тамыр-таныссыз, қалталы ата-аналарсыз танымал болу мүмкін бе? Бұл стереотип пе, әлде шынайы нәрсе ме?

— Нағыз талант ерте ме, кеш пе жарқырап шығады деп ойлаймын. Алайда, оған да күш салу керек. Адам өзінің нақты мақсатын, не істегісі келетінін, ертең қайда болғысы келетінін айқын білуі керек. Сол бағытта қимылдау керек. Бір орында отыра бермей, өз деңгейіңнен жоғарыға қарай ұмтылыс жасау керек, меніңше. 60% әрдайым амбицияда, талпыныста. Ал қалғаны бақ пен дарынның үлесінде. Өмірде әрдайым сену керек. Жалпы өмірде сенімсіз қалай жүруге болады? Сенім адамның көзінен-ақ, дауысынан-ақ байқалып тұрады. Сондай-ақ 90% талантты, бірден көзге түсетін адамдар болады. Олар, әрине, өзінің мінезімен, харизмасымен кез келгенді баурап алады. Негізінен осындай тұлғалар бірден жарқырап шығады. Оған мысал — Фредди Меркьюри. Ол мамандығы бойынша дизайнер болса да, әрқашан сол музыкалық ортада жүретін. Жай ғана көшеге шықса да, міндетті түрде көзге түсетіндей бір нәрсе киіп шығады. Керемет дауысы болмаса да, харизмасының арқасында Queen-нің солисті болады. Енді Фреддисіз ол топты елестету мүмкін емес. Айтпақшы, оның идеясымен жазылған аралас жанрды Barcelona композияциясын тыңдауға кеңес берем.

— Сенің тек ән орындауыңнан ғана емес, әңгімеңнен де ләззат алады екенсің, рахмет!

Сұхбатты жүргізген Айжан Кәрібаева

«Айқап» журналында әйел теңсіздігі мәселесі

0
0

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНЫҢ АТАЛАРЫНА

Қымбатты аталарымыз! Біз-дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса, соншама сіздерге абыйыр емес пе?! Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абыйырлы болмас па едік? Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһиттік белгісі емес пе? Осы белгілі-сын аталарға нық орнап қалған секілденеді. Неге десеңдер, сіз қыздарыңызды тәрбиелеуде кем тұтынасыз. Кем тұтынғандығыңыз ер балаларыңызды оқытасыз да, қыз балаларыңызды оқытпайсыз. Қыздарымыз оқыса бұзылады дейсіз де біздерді оқудан махұрым қалдырасыз. Бұрынғы ғаялдардың бұзылғандары оқығаннан бұзылған ба екен? Мұны ғақылыңызға салып неге қарамайсыз? Адамды оқу бұза ма екен? Біле білсеңіздер ең әуелі жақсылап қыз баланы оқыту тиіс. Тиіс екендігі мынау: Бұл қыздар түбінде балаларға болашақ ана болған соң, бала тәрбиелеу олардың жұмысы болады. Баланы тәрбиелеуші ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алмайды. «Алып анадан» деген ғой. Баланың әдепсіз жаман болып шығуы надан ананың дұрыстап баласын тәрбие қыла алмағандығынан болады. Болмаса бала іштен әдепсіз жаман болып тумайды. Біздер ғаял болған соң қала, далаға шығып оқи алмаймыз, соның үшін біздерді ауылда оқытуға тырысыңыз. Тым болмаса, жеті-сегізден он бес жасымызға шейін оқытсаңыздар қайтеді? Ер бала бөтен жерге шығып кетіп оқуға мүмкін. Біз сорлыларға бөтен жерге барып оқу қайда? Біздер надан болсақ, түк те білмесек, дүниеден қор болып өтсек, мұның обалы қыз аталары сізге болмай, кімге болады? Біздерді оқыту сіздердің мойындарыңызға борыш. Қиямет күнінде Алла тағаланың хұзырында біз қыз балалар барлығымыз бір ауыздан шулап, зарланамыз. Көз жасымызға қалмай оқытсаңыздар, сіздерге алғыс береміз.

Екінші бір кемге тұтынатұғын орныңыз, қыздарыңызды мал секілді сатасыз. Бесікте жатқан шағымыздан-ақ біреуге қатындыққа сатып қоясыз. Соңғы уақытта екі жас біріне-бірі тең бола ма, болмай ма? Оған қарамайсыз. Тек тұз-дәмі жарасса жақсы, жараспаса, қыз баланың бүкіл ғұмыры жәбір-жапада өтеді, тимесе дау-жанжал шығуға себеп болып кетеді. 13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? Алпыстағы шал 13-14-тегі қызға тең бола ма? Тең болатұғын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіздер?

Менің бұл сөзім бір өз басымның сөзі емес, бүкіл қазақ қыздарының сөзі осы. Бірақ бейшара қазақ қыздары надан болып ешнәрсе білмегендіктен, мұң-мұқтажын айтып зарлана алмайды, болмаса қарап жатпас еді. Көп үшін ғайыпқа алсаңыз да мен айтып жатырмын. Өзім шәһерде бірнеше жыл тұрып, оқығаннан жазарлық шамам болған соң, мұң-мұқтажымызды жазып жатырмыз. Біз үшін сөз жазушы ешкім жоқ. Тіпті оқыған жастарымыз да біз турада бір ауыз сөз айтпайды. Бөтен жұрт ер бала, қыз баласын бірдей оқытады.

«Айқап» журналына әркім мұңын жазып жатқан соң мен-дағы басымыздағы кеңесті қозғап жаздым, журналға басылар деп үміт етемін. Егер басылмаса, журнал ерлер үшін шығарылған екен де, ғаялдар үшін шығарылмаған екен деймін де, бақытымның жоқтығынан көріп қала беремін.

Сақыпжамал Тілеубайқызы

1911 ж. «Айқап» №7 саны

 

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА

Оқып ем газет алып қыстың күні,

Көрінді нөмірлерден қыздың үні.

Риза бұл «Айқапқа» болып тұрмын,

Әр жерден естілген соң әйел үні.

 

Оқыдым Сақыпжамал қыздың зарын,

Жазайын көңілдегі менде барын.

Айнадай «Айқабыңыз» бар уақытта

Бүкіл қыз сөз жазсаңдар ықтиярың.

 

Қысқа ойлап біздің қазақ айыптай ма?

Айыбын анық біліп айтпайды ма?

Ақылмен салыстырып ойласаңыз

Аярсыз ыншалла біздің жайды.

Жазамын өз мұңымның жиып бәрін,

Қараңыз тезге салып қыздың зарын.

Болса да оқымаған ақылы мол,

Түсінер жұрт иесі ағаларым.

 

Арғымақ бір есекке қосақталды,

Солайша болғаннан соң өткен заман.

Әкемнің бетіне шіркеу болады деп.

Тірі де шын азапқа кеткен жаман.

 

Ғибрат ал менен соңғы сіңлілерім,

Бұл бәле басқа келсе, бөлме шабан.

Өткізбе жылап-сықтап ғұмырларды

Көнбейік өлсек-тағы енді бұған.

Күләйім Өтегенқызы

«Айқап» 1912 жыл

ҚАТЫН АЛУ, ЕРГЕ ШЫҒУ

Құдайдан айналайын қыз қылмаған,
Сүйегім қызды көрсе қызғындаған.
Дүниеде қыздан сорлы пенде бар ма,
Пұлындай саудагердің тозғындаған.

Бұл өлең халқымыздың басынан емес, жүрегінен шыққан өлең, яғни қыздың сорлы екенін ғақыл білмейді, жүрек біледі. Әйелді де, еркекті де Алла жаратты. Соның үшін біреуінің ерге шығып, біреуінің қатын алуында еш оқа жоқ. Қыздан сорлы пенде жоқ деген өлең бөтен халықта жоқ һәм болуға да тиісті емес. Неге десеңіз, олардың қыздары сорлы болмайды. Жас ғұмырын рахатта өткізіп, ер жеткен соң Алланың қосуы бойынша ерге шығады, ана болады. Ал енді біздің қыздарымыз жас ғұмырында рахат көрмейді. Һәм ержеткен соң ерге Алланың қосуы бойынша шықпайды. Торы шолақ байтал есебінде сатып алушыға күң болып, ата-анасына шай-су болады. Бұл сөздің рас екені әркімге белгілі болған себепті сөзді ұзартып, журнал бетін толтыруды мақұл көрмедім. Қазақта кемшілік көп, бұл күнде сол кемшіліктер туралы сөздер жазылып жатыр. Енді осындай ой тіріліп, ұйқы кетіңкіреп, жаманнан жиіркеніп, жақсының иісі мұрынға кіре бастаған кезде бауырларымнан өтінетінім мынау:

  • Құда болып, құдай десіп, бір жасар қызды айттырып қоюды тастаңыз, әйел затын кем көрмей, еркекпенен тең көріңіз! Қатынымыз күң болса, баламыз құл болады. Көрмей, сүйіспей некеленген себепті арада махаббат болмайды. Сол себепті іреніш көбейіп, ауру жайылып, тұқым бұзылып, халықтың құруына себеп болады. Соның үшін бар күшімізбен осы кемшілікті бітіруге ыждаһат қылайық.

М.Ж. (Мағжан Жұмабаев)

1913 ж. «Айқап» №2

________________________________________________________________________

«Алаш» айдарында жарияланған ұқсас мақалалар:

Есенғали Қасаболатов: «Қазақ жастарына»

Ахмет Байтұрсынов: «Аз уақытта көп білу жолының басы»

Уалиолла Халели: «Тіл сақтаушылық»

Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»

Мағжан Жұмабаев: «Дала. Қала.»

Әлихан Бөкейханов: «Ұят-ай»!

Шетелде білім алу: Universität Greifswald

0
0

Қазақтың білім-ғылым жолын насихат еткен аузы дуалы шешендері мен данышпан даналары көп болғаны тарихтан белгілі. Сондықтан, болашағымызды жарқын ететін қыз-жігіттеріміздің білімсіз болуға хақысы жоқ.


Екібастұз қаласының тумасы Салтанат Бейсенова Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде биология мамандығының докторантурасында білім алып жүріп, қазіргі кезде Алманиядағы Э.Морица атындағы Грайфсвальд университетінде ғылыми білімін жетілдіріп жүр. Осы материалда «Шетелде білім алу» айдарының жалғасы ретінде болашақ философия (PhD) докторымен болған сұхбатымызды ұсынамыз.


— Салтанат, білімнің ғылым атты жоғары сатысына қалай келдің? Бұл саланы таңдауының себебі неде?

— «Жастық, жалынды шақ — бұл тамаша дүние, оны рәсуа ету қылмыс». Атақты ағылшын жазушысы Бернард Шоудың осы сөзінде терең мағына бар. Бұл — «жас болсаң, күш-қуатың мен ерік-жігеріңді аямай еңбек ет, арманыңа қол жеткіз» — деген сөз ғой. Құдайға шүкір, өмірімде осы сөзді көкейге тоқытқызып, алға жетелеген жаны жайсаң азаматтар кездесті. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде ұстаз болуды мақсат еттім. Орта мектепті тәмамдаған соң Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына (ПМПИ) биология пәнінің мұғалімі мамандығына түстім. Кейін осы жоғары оқу орнының магистратурасына түсіп, ұстаздық мұратым ғалым болу арманына айналды. Осындай қадамға баруға әкем Арын-Рашид Бейсенов пен инстититуттағы ұстазым биология ғылымдарының докторы, профессоры Жанат Мұқатаева септігін тигізді.

— Бүгінде ғылым саласында жастар аз, ғылым «қартайып» кетті деген пікірлер айтылып жүр. Осыған не айтар едің?

— Расында да, ғылымда 60 жастан асқан азаматтар басым. Алайда, олар да қол қусырып отырған жоқ. Негізі, ғылыми жаңалық ашу жасқа қарамайды. Ғылымдағы ағаларымыз екі үлкен міндетті атқаруды. Алғашқысы — отандық ғылымды дамыту, екіншісі — бұл салаға білімге құштар жастарды тарту, тәрбиелеу ісі. Өзім де осындай азаматтардың ғылым «мектебінен» түлеп ұшқан жаспын. Ғылымға бет бұрып, нәпақа табуды емес, еліміздің болашағын ойлайтын қатарластарым баршылық. Сол себепті, бүгінгі ғылым мен ғалымдар «қартайып» кетті деген пікірмен келіспеймін.

— Сөзің аузыңда, университет пен институттардың арқасүйер болып табылатын қарт ғалымдардың орнын басатын жас ғалымдарды тәрбиелеу бойынша үлкен іс атқарылып жатқанын айтып өттің. Сонымен, жастарды ғылымға көптеп тартудың жолы қандай?

— Елбасымыз атап өткендей, қазіргі Қазақстан, әлемдік саяси сахнаға көрермен көзімен қарайтын үйренуші елден өсіп, енді үйретуші ел деңгейіне жетті. Сол сияқты осы жиырма жылда жастардың да санасы өсті, ойы серпілді. Жастар табиғатынан кез келген іске, жұмысқа ынталандыруды қажет ететін буын. Ғылымға дарынды жастарды шақырудың бірнеше жолы бар. Алдымен, бұл салада жүрген азаматтардың абыройы жоғары, тұрмысы, әл-ауқаты жоғары болуы қажет. Бұл бізді ынталандыра түсетіні анық. Екінші кезекте, ғылым жолына түскен жас болашағының кемел болатынына көзі жетуі тиіс. Әрине, бұл тұрғыда елімізде қыруар іс тыңдырылуда, ғылым саласын дамытуға жыл сайын жұмсалатын қаржы көлемі ұлғаюда, шетелдің үздік оқу орындарында білім алуға да жол ашық. Осының арқасында, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» — деп Ы.Алтынсарин айтқандай, ғылыми жаңалық ашып, әлемді аузына қаратқан Алаш балалары бар арамызда. Олар да мемлекетке қарап қалмай, көп тілді меңгеріп, сапалы білім алуға тырысуы керек. Өзім де — арманы бір Алаш жастарының бірімін.

— Ал өзің қазақ ғылымына қандай үлес қоспақсың?

— Әрине, жаңадан физика заңын ашқан жоқпын. Қазіргі кезде биологияның өсімдік саласында еңбек етудемін. Нақтырақ айтсақ, ғасырлық тарихы бар Э.Морица атындағы Грайфсвальд университетінің профессоры Мартин Шниттлердің жетекшілігімен гагея* атты өсімдікті молекулалық-генетикалық деңгейде зерттеудемін. Докторлық диссертациям осы тақырыпқа арналды. Өйткені, осы өсімдік елімізде көптеп кездескенімен, молекулалық-генетикалық тұрғыда мүлдем зерттелмеген. Гагея көктемгі кезеңде ғана гүлдейтін, көбею эволюциясы ерекше өсімдік. Гагеяның «құпияларын» ашқаным — қазақ ғылымына қосқан өзіндік үлесім болмақ. Осы өсімдікті егжей-тегжейлі зерттеуге алманиялық университетте қажетті құрал-жабдықтар бар.

— Арамызда ел серкесі боларлық жастар жетіп артылады. Бірақ, солардың ішінде мансап қуып, қара басының қамын ойлайтындар бар. Ел, тіл, діл мүддесі үшін жанын салатын қыз-жігіттеріміз де жоқ емес. Бізді қызықтыратыны — Алманиядағы әріптестеріңнің бізге, қазақ жастарына деген көзқарасы.

— Алманияда ғылыми тәжірибеден өтіп жүргеніме үш айдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында «Қай жерден келдің? Ұлтың кім?» деген сауалдар жиі қойылды. Әрине, зор мақтанышпен «Мен — Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын, ұлтым — қазақ!» деп айттым. Еуропалықтар біздің ел жастарын озық ой көгінде еркін жүзетін, һәм білімді азаматтар деп біледі. Негізі, замандастарымның білімі мен біліктілігі ешбір елдің жас буын өкілдерінен кем емес. Мәселен, алманиялық әріптес жастарды қарасам, ғылыми жаңалық ашуға құмар. Олар Азия елдері халқының тұрмыс-салтын, мәдениетін, жерін зерттеуге бет бұруда.

____________________________________________________________________________

*Гагея — Еуразия мен Солтүстік Африкада көп таралған, 70 түрі бар сарымсақ тәрізді өсімдік

Сұхбаттасқан Ақмарал Есімханова


«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Интернетке «байланғандар», немесе алматылық FaceBook кездесуі қалай өтті?

0
0

Сәлем, достар! 12-қаңтарда өткен алматылық Фэйсбук қолданушылары жиынына «Екпін» командасы да барып, қазақтілді ғаламтордың белсенді қыз-жігіттерімен сұхбат жүргізіп қайтты.

Кездесуге келген адамдармен бұрыннан араласып тұрғандықтан, және де интернетте дос болып үлгергендігімізден, видеоблогта біраз әзілдеп, қалжыңдауды бұрыс көрмедік. Біздіңше, кезекті видеоблогымыз қызықты да, «ескі достардың жиыны» стилінде шыққан тәрізді. Тамашалаңыздар!

Оператор, монтаж: Ерлан Аменов

P.S. лайк басып, пікір қалдырып, каналға жазылуды ұмытпаңыздар! :)

«Екпін» 1 жылға толды

0
0

Редакция ұжымына cөз берсек...


Әлия Сембай:

Өткен аптада бір шетелдік сериалдан: «Бұл әлем сенсіз де өмір сүре алады, оған несіне ренжисің» — деген сөзді естіп, еріксіз мойындадым. Қазіргі заманда әр маңызды ақпарат, қуанышты жаңалық не трагедия 1-2 күн ғана өмір сүреді. Кешегі жұлдыз бүгін сөніп, орнына жаңасы туады, кеше тамашалаған кинотуындыны бір айдан соң ешкім де еске түсірмейді, твиттерде 50 ретвитке ие болған маңызды хабарлама мыңдаған хабарламалардың астында бірер күннен соң табылмай қалады. Біз ұмытшақпыз. Тренд, сән, «медиа шуға» құмармыз. Өзгерістен қалып қоюға қорқамыз; асығыс шешім қабылдаймыз. Достарымызды әлеуметтік желілердегі френдтерге әлдеқашан ауыстырып, қағаз кітапты электронды сияға айырбастадық. Симфониялық концертіміз құлаққапта, дәрістеріміз мониторда, ал киім-кешегіміз шетелден поштамен келеді. Біз — жастармыз, бізді біреулер түсінбейді, кінә тағады, бірақ біз өзгеруге ниет танытқан емеспіз, себебі заман талабы осы. Біз керемет қолданушымыз, ақылды тұтынушымыз, алайда, біздің де осы заманға береріміз бар. Байқап отырсақ, арамызда дарынды биолог, спортсмен, суретші, дизайнер, актер, программистер көп. Алдына мақсат қоя білетін, білімге ұмтылатын қазақ жастарымен «Екпін» арқылы танысып жүргендеріңізге, міне, бір жыл толды. Біле берсеңіз, бұл отандық таланттардың кішкентай ғана бөлігі, ал біз білмейтін, танысуға әлі үлгірмеген қыз бен жігіттер қаншама?

Бір жылдың ішінде «Екпін» беттерінде оқырманға қызықты сұхбат, жаңа идея, пайдалы ақпарат, шешім қабылдауға серпін беретін материал жазуға тырыстық. Асыра айтқаным емес, біз бұған сендік, талпындық. Әрине, кейде ойлағанымыздай шықпады, кейде өз-өзімізден жеңілдік, бірақ әрқашан да сенім арттық. Сіздерге. Қазақ жастарына.

Айжан Кәрібаева:

Өмірде ештеңе де кездейсоқ болмайды дегенге сенемін. Сол себепті 2 курста «Блогтық журналистика» пәнін таңдауым, блог бастап, жалпы интернетке тек қолданушы ретінде кірмегенім мені «Екпін»-ге алып келді деп ойлаймын. Әлия Сембай ұсынған «Екпіннің» концепциясымен танысып, болашақ идеяларымызды қойын дәптерге тізген күндеріміз әлі есімде. Міне, баламыздай болған «Екпін»-ге 1 жыл да толып қалыпты. Бұл менің алғашқы жұмысым болғандықтан, маған дәл осындай команда, жалпы жұмыстың «ауыр жүк» бола бермейтінін, жайлы да қызықты болатынын түсіну маңызды болды.

Кейде журналымыздың алғашқы бетінен бастап, бір қайтара оқып шыққан ұнайды. Барлық жасаған материалдар, сұхбаттар, рецензия, мақалалар — бәрі де ертеңгі тарих емес пе? Әсіресе «Екпін» арқылы танысқан жаңа достар мен жалпы шығармашылық орта өзімнің жеке шығармашылық ойларыма қозғау салғандай. Кез келген материал болсын, соны дайындау барысында әйтеуір бір құнды дүниелер аламын өзіме. Мысалы, «Алашордашылар» жайлы серияның мақалаларын дайындау барысында осыған дейін білсем де, ден қойып оқымаған кітаптарды бір қайтара ақтардым. Алматы көшелеріне шолу жасаған кезде, қаламыздың көбінесе аралай бермейтін көрікті жерлерін өзім үшін жаңадан аштым. Ал сұхбаттар тіпті бөлек әңгіме. Бөлек пост болатын сияқты. Өйткені 1 жыл ішінде қаншама қызықты әңгімелер, кездесулер өтті. Суретші Ақжан, «За тебя, Бәке» құрушысы Марғұлан, «Геогебраны» қазақшалаған Талғат, шахматист Гүлмира, актер Азамат Сатыбалды, дизайнер әрі құрбым болып кеткен Зарина, ақын Олжас, футболист Олжас .., айта берсем көп. Ал шетел студенттерінің тәжірибелері, көптеген фотосессиялар мен сауалнама, репортаждар, мұражай, кітапхана, жатақхана, көрмелерге шолу барысында неше түрлі қызық оқиғалар мен естен кетпес әсерлер қалды. «Екпін» аясында түсіріп жүрген видеоблогтарымыз тіпті өзімді жаңа қырымнан көруге мүмкіндік берді.

Қорытындылай келе, осы қызықты да жемісті бастауды бірге іске асыруға шақырған, ең алдымен, бізге сене білген, жұмысты ыңғайлы жасай білген Әлия Сембайға, әрдайым қасымда фотоаппаратын немесе диктофонын тастамай, керек кезде қол ұшын беруден аянбайтын, әріптесім әрі құрбым Айнұр Ракишеваға және де бүкіл Yvision командасына алғысымды білдіремін!

«Екпін», меніңше, ыңырси беретін еркетотай емес, өздігінен нық аяққа тұрып келе жатқан, байсалды да алғыр бала сияқты. Сондықтан осындай өз күшіне сенген, қазіргі заман ағымынан қалыспайтын жобаның болашағы зор болары айдан анық.

Айнұр Ракишева:

Осыдан бір жарым жыл бұрын Әлия Сембаймен танысып, Айжан Кәрібаевамен үшеуіміз бір топ болып, жұдырықтай жұмыла жұмысқа кіріскен едік. Сол уақытта жастарға арналған мәдениетті, әдебиетті насихаттайтын, қатарластарының қол жеткізген жетістіктерімен бөлісе отырып, биік белестерге талпындыратын қазақ тілді жоба «Екпіннің» алғашқы материалдарын дүниеге алып келіп жаттық. Бірнеше айдан соң қағаздағы жобамыз интернет бетінен көрінді. Ол күн 19 қаңтар еді. Бұл мен үшін ерекше дата. Өйткені бұл күн менің журналистік өмірдің қайнап жатқан қазанына түсуіме бірден-бір себеп болған «Екпін» журналының дүниеге келген күні. Күн өткен сайын Әлияның жол сілтеуімен Алматы қаласының мәдени өміріне араласып, жатақхана, кітапхана, мұражайларға шолу жасай бастадық, түрлі мерекелік іс-шараларға қатысып, репортаждар әзірледік. Сырт көзге оңай көрінгенімен, бір материалдың дүниеге келуі оңай нәрсе емес екендігі әріптестерімізге белгілі. Сөйтіп жүріп бір жыл қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Айжан екеумізді алыстан танып қойғандар енді: «Екпіннің ұзын бойлы қыздары келе жатыр» дейді екен.
«Екпінмен» бірге өзім де біраз жетістіктерге жеттім деп нық айта аламын. Бір жылдың ішінде өзімді журналист ретінде ғана емес, фотожурналист, аспазшы ретінде де сынап көрдім.

«Екпіннің» арқасында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Францияның інжу-маржандары» атты көрменің ең алғашқы көрермендері болып, көрменің ресми ашылуына дейін репортаж жасап, мәз болғанымыз әлі есімде... «Екпін» туралы бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын. Өйткені естеліктер өте көп. Қорыта айтқанда, «Екпін» біз үшін тек жұмыс емес, ол Әлия, мен, Айжан үшеуіміздің бір жасар кіп-кішкентай сәбиіміз секілді. Сондықтан да алдағы уақытта «Екпіннің» өркендеп, өсіп-өну жолында еңбегімізді аямаймыз дегім келеді. Туған күнің құтты болсын, «Екпін»!

Кейіпкерлеріміздің лебізі


«Сенсация» КВН командасы:

Былтыр біздің команда туралы Айжан Кәрібаева материал жасаймын дегенде өте риза болдық. Өйткені Алматыда КВН командалары көп, таңдау бізге түскені қуантпай қоймады. Содан кейін сұхбат кезінде ерекше әсер алдық. Өйткені қарапайым болып көрінетін сұрақтарға жауап беріп жатқан кезінде күнделікті өмірде назар аудара бермейтін дүниелерге жаңа қырынан қарай бастайды екенсің. Өзіңнің істеп жүрген ісіңнің маңыздылығын айқын түсініп, бағалай бастайсың. Ал материал шыққаннан соң, кейінірек біз айтқан КВН-дегі кемшіліктер түзеле бастағанын байқадық. Расында қазылар алқасы тұрақталып, жас командалар тек Қазақстан көлемінде емес, Ресей, Сочидегі кубоктарға баруға ынталы бола бастады. Мұның бәрі, әрине, өте қуантарлық жағдай. Біздің өзіміз осы жылы Қазақстанның ашық лигасында чемпион атандық. Ал қазір сіздерге Сочидегі фестивальден сәлем айтып тұрмыз! «Екпін» журналын 1 жылдығымен құттықтап, осылай еліміздің дарынды да белсенді жастарын көрсетіп, таныстырып жүргендеріңізге алғыс айтқымыз келеді!

Зарина Даниярқызы, дизайнер:

«Екпін»-ге сұхбат бергенге дейін интернеттегі өмірге аса қызыға бермейтінмін. Кейіннен «Екпін» қыздарымен танысып, материал шыққаннан соң Yvision-ға өз блогымды тіркеп, жазба жаза бастадым. Хэндмэйд заттарымды салып, интернет аудиториясының пікірлерін біліп қалдым. Жалпы өз жолымды дұрыс таңдағаныма тағы бір рет көз жеткіздім. Осы материалды газет журналистері де байқап, сұхбатты кеңейтілген түрде, фотосессия жасап жариялаған болатын. Газет редакциясына Зарина ерлерге арналған киім үлгілерін жасай ма деген сияқты көптеген сұрақтар да келіпті. Одан кейін «Open Way-2012» сайысына қатысқан кезімде де «Екпін» қыздары маған қолдау көрсетті. Жалпы ол бір сұхбат беріп, кейін араласпай кететін емес, әрдайым жаңалықтарымызбен бөлісіп, кейінгі жетістіктеріме де назар салатын құрдастық қарым-қатынасқа айналып кетті. Сондықтан, өзіме қымбат болып кеткен «Екпін» интернет-журналын туған күнімен құттықтаймын! Оның жасаушы командасы үлкен игі жұмыс атқарып жатқандығын және де өздерін танытқысы келетін жастарды елеп жатқаны оларға көрсетілген үлкен қолдау екендігін айтқым келеді. Сіздерге тек алға даму мен қызықты кейіпкерлер, материалдар көп бола берсін деп тілеймін, рахмет!

Статистика мен жетістіктер

1 жылдың ішінде «Екпін» жобасында 269 материал жарияланды.

Соның ішінде 4 фото шолу:

Алматы кітапханалары
Алматы жатақханалары
Алматы мұражайлары
Алматы көшелері

Үнемі жаңаланатын 4 айдар:

Алаш Орда
Шетелде білім алу
Аспаздық
Видеоблог

Штаттан тыс пайда болған тамаша авторларымыз: Рысгүл Рамазанова, Мейрамбек Таубалдиев, Руслан Есмағамбетов, Айжан Рахметова, Назерке Сланбек, Салтанат Әбілғазиева, Ақмарал Есімханова.

Рысгүл Рамазанова, автор:

Қазақ журналистикасы жаңа дәуірге өтуде. Бұл қызық та керемет сәттерді біздің жаңадан қаламдары қарыштанып, жазулары ысылып келе жатқан жаңа тәуелсіз ұрпақ жүзеге асыруда. Көш бастаған елдердің қатарына қосылуға үлес қосып жатқан жастарымыздың жалынды екпіні арқасында осыдан тура бір жыл бұрын қызықты да тың тарихты оқиғаларды баяндайтын жоба дүниеге келген болатын. Бір жыл ішінде қазақ журналистикасы деңгейінің өсуіне атсалысқан, өзгеге емес, өзімізге қатардан қалмайтындығымызды дәлелдеген «екпіндіктер» оқырманды жаңа, қызықты, мәдени тақырыптармен қамтамасыз етті. Ел үшін маңызды оқиғалар, өнердің марғасқа тұлғаларымен жүрекжарды сұхбаттар ұсынып қана қоймай, қалың оқырманға егеменді елдің еркін ойлайтын жастарының жетістіктерін де баяндады. Бұл журналдың дамуына үлес қосқан барлық авторлар мен кейіпкерлерге алғысымыз шексіз. «Екпін» авторларының бірі ретінде өзімді бақытты сезінемін! Журналдың ұжымына, оқырмандарына тек табыс, жетістік, жеміс, жеңіс тілеймін.

***

2012 жылдың желтоқсан айында «Ekpin.kz» жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен қолдау тауып, демеушілік мәселесін әзірге шешті. Естеріңізге сала кетсек, жобаның алғашқы демеушісі әрі қолдаушысы Yvision.kz блог-тұғырнамасы.

Және де ең басты жетістігіміз — сүйікті аудиториямыз, посттарымызды үнемі шейрлетіп, лайктап, пікір қалдырып жүретін оқырмандарымыз.

© Екпін

Viewing all 450 articles
Browse latest View live




Latest Images