Quantcast
Channel: Кеудемде қимылдаған жаным барда...
Viewing all 450 articles
Browse latest View live

Азамат Сатыбалды: «Жалғыздықты жақсы көремін»

$
0
0

СҰХБАТТЫҢ ЖАЛҒАСЫ (БАСЫ)

— Қойылымдар жайлы сөйлессек. Мысалы, Роза Мұқанның «Мәңгілік бала бейне» қойылымы 17 жыл бойы сахнадан түспей келеді. Сол сияқты жаңа қойылымдар қазірде неге шықпайды?

— Әрине, Роза Мұқанның «Мәңгілік бала бейнесі» өз кезеңінде сұранып тұрған қойылым болды. Семей полигоны, сол кездегі қиыншылықтар, қыздың тағдыры көрерменді алаңдатты. Өте жақсы қойылым. Мен қазір сонда ойнаймын. Студент кезімізде сол спектакльді көріп өстік. Бірақ қазір бұл қойылым біраз шаршап қалды, өйткені актерлер ауыса берген сайын, режиссердің түпкі мақсаты жұқара береді. Әр актер өзінше ойнап, кейін түсініксіз болып қалуы мүмкін.

Дәл осындай қойылымдар шықпады деп айта алмаймын, өте жақсы қойылымдар көп, мысалы, Қайрат Сүгірбековтың «Махаббат дастаны». Қозы көрпеш - Баянсұлу туралы. Ол нонсенс болған қойылым. Корея, Түркия сынды көптеген елдерге барған. Қозы Көрпеш - Баянсұлу дастанының 1500 жылдығында бүкіл Қазақстан бойынша 49 театр қатысқан фестиваль өтті. Барлық театрлар сол қойылымда жасап алып барды. Сонда біздің режиссердің ұлылығына қайран қалдым. Ол алдымен бізден «Қозы көрпеш — Баянсұлуға қанша жыл болды?» деп сұрады. «1500 жыл болды» дедік. «Сонда 1500 жыл бұрын Қозы мен Баянның басында үкі болды ма? Баянның үстінде қазақ көйлек болды ма?» деп сұрады. «Жоқ, болған жоқ. Ол кезде тас дәуірі еді». Кейін дәл солай спектакльді де қойды. Қозыны мен ойнадым, онда басымда қазақи бөрік, шапан жоқ. Қозы рөлін тастан тасқа секіріп жүрген тағы қасқырдай қылып жасадық. Жалпы бар қойылымды сол бағытта шештік. Сонда, бір қызығы, бүкіл 48 театр сахнаға дәстүрлі Қозы мен Баянды алып келді. Қазақ көйлек, сәукелелермен. Ал ең соңында біз ойнағанда, елдің есі ауып қалды. Бірден бас жүлде берілді. Сыншылар да ештеңе айта алмай қалды. Өйткені 1500 жыл бұрын қазақ деген ұлт болған жоқ деп, Қайрат өз позициясын қорғады. Сонда 49 режиссердің ішінен тек Қайраттың ғана идеясы мықты болды. Бүкіл әлемді шарлап шықты сол қойылым. «Махаббат дастаны» деген қойылымды көріңіз.

Одан соң «Сұлу мен суретші» қойылымы. Ол жерде мен ойнамаймын. Өте тамаша спектакль. Н. Жақыпбай қойған, Түркияда өте жоғарғы деңгейде қойылды. Сондықтан ондай спектакльдер көп.

Бізде қалай, көрермен бір-ақ қойылымға келеді де, сол бағамен бүкіл театрды бағалайды. Ал театрға баға беремін деген көрермен бүкіл театрдың репертуарын, бір қойылымды минимум бес реттен көріп шығу керек. Менің журналистерге ренжитінім, премьераға келіп, бірінші актіні ғана көреді де, кетіп қалады. Содан барып өлтіріп мақала жазады. Тез-тез асығып, камерамен тарс-тарс түсіреді де, антрактіде сенен сұхбат алып, жоқ болып кетеді.

Содан кейін ең үлкен проблема — бізде қазір театр сыншылары жоқ. Әшірбек Сығайдай сыншы жоқ. Ол өз кезіндегі актерлерді шығарып кеткен, ал біздің буынның соры — сыншы жоқ. Актерді шығаратын сыншы. Ол эссе жазады, актерді зерттейді, рөлін талдайды. Сол арқылы көрермен материалды оқып-оқып, ойында бір тұлғаны қалыптастырады. Қазіргі сыншылар сол баяғы «Байғожаның таяғы», қаншама рет жазылып, айтылып кеткен ұлы актерлерге қайта келіп тіреледі. Меніңше, сен өз заманыңның адамдарын, құрдастарыңды жазуың керек. Неге мысалы, Дулыға Ақмолданы жазбасқа? Керемет актер. Неге оны тұлға ретінде шығармасқа? Бекжан Тұрыс, Ерлан Біләлов — бәрі де қырыққа келген, жанып тұрған шақтары. Оларды дәл осы кезеңде көрсету керек, көрерменіне жеткізу керек. Ал біздегі көрермен газетті ашып, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Құман Тастанбековтерді ғана көреді де, осылардан басқа актер жоқ екен ғой деп ойлайды. Бұл біз үшін трагедия.

Расымен де театрда неше жыл бойы ойнап жүрген актерға қарағанда, киноға бір рет түскен актерді тез танып жатады. Сондай-ақ қазірде киноға көбінесе шоу бизнес жұлдыздарын, кәсіби емес актерлерді алып жатады. Осыған қалай қарайсыз?

— Бұл уақытша мәселе деп ойлаймын. Өйткені бізге дейін бұл процестен Ресей өткен. Мысалы, бұрын оларда көшеден келген адам киноға түсіп, осыны авторлық кино деп атайтын. Бұл көбінесе көрерменге өтпейді. Қазірде Ресейде актерлік кино. Тіпті эпизодтарының өзінде кәсіби танымал актерлер ойнап жатады. Михалковтың «Противостояние», «Цитаделін» қараңыз, «Торғай сойсаң да, қасапшы сойсын» дейді ғой бізде, сол сияқты оларда массовканың өзінде кәсіби актерлер жүреді. Бізде қазіргі кинода актерлік кино жоқ. Ол енді-енді ғана белең алып келе жатыр. Биылғы жылдан, алдыңғы жылдан бастап киноларға шақырып жатыр. Бұл үрдіс бізге де келеді. Тек сол тезірек келсе екен дейсің, өйткені уақытың өтіп кетуі мүмкін.

— Қазіргі қазақ жастарына деген көзқарасыңыз қандай?

— Өте жақсы. Меніңше, патриот, алғыр, ештеңеден қорықпайтын, жасқаншақ емес жастар өсіп келе жатыр. Мысалы, мен өзімнің замандастарыма, алдымыздағы ағаларымызға қарап, бір жасқаншақтық көремін. Бір нәрсе айта алмайды, айтайын десе, қорқады. Кезінде кеңес кезеңінің таяғын жеген, әбден көнген адамдарда не айтады екен дегендей бір елеңдеу бар. Ал қазіргі жастар болса, қойылымнан кейін шығып ұнаса — ұнады, ұнамаса — ұнаған жоқ деп бетіңе айтады. Еркін жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Өйткені еркіндік бар кезде адамда алға басу болады. Еркіндігі бар адам бағындырады, жетелейді. Менің өзімде де әлі үлкендерге қарап, сыйлап, именіп тұратын қасиет бар. Ал қазіргі жастарға сенің қаншама рөл ойнағаның маңызды емес, керемет жүргізушісің бе, қарамайды, таптап кетеді. Бұл да бір жағынан дұрыс, бәсеке болмаса, сапа болмайды. Қашанғы ағаңа қарап жүресің.

— Интернет журнал болғанымыздан, интернетке байланысты сұрақ қойғым келіп отыр. Белсенді интернет пайдаланушысыз ба? Қандай әлеуметтік желілерде барсыз? Жалпы интернет өміріңізде қандай орын алады?

— Осыдан бір жыл бұрын белсенді қолданушы болғанмын. Бірақ интернет көп уақытымды алып қоятын болды. Бір қарасам, таңғы сағат 7, ал мен әлі отырмын. Не істеп отырғанымды өзім де түсінбеймін, жаңалық қарап, әркімнің айтқан сөзін оқып отырмын. Ал оның орнына таңғы сағат 7-ге дейін бір кітаптың жартысын оқып тастаушы едім. Содан пайда алатын едім. Сосын «Мой мирде» достарым 17 мыңнан асып кетті. Игеру мүмкін емес болып кеткеннен соң, жауып тастадым. Қазірде почтам ғана бар. Келген сценарийлерді оқып отырамын. Ал бөлек өзімнің профайлым ешқайда жоқ. Ол үшін уақыт керек. Егер жұмысым маркетолог, программист, бизнес саласында болса, ол қажет болар еді. Күн сайын жаңалық оқуға, жаңартып отыруға керек болар еді. Ал менің жұмысыма ол керісінше кедергі жасайды. Интернет деген бір дерт сияқты ғой, кіріп бір мақала оқисың да, одан ары қарай, ары қарай үңіле беріп, ішіне кіріп кетесің. Ал соңында қарасаң, түк бітірмеген болып шығасың. Уақытың құр кетеді. Оның орнына мен бір кітап оқысам не бір поэзия жаттасам, жақсы болар еді деп ойлаймын. Анда-санда iPad-тан жаңалықтар оқимын, кино көремін. Сонымен шектелемін.

— Оданша кітап оқыған дұрыс дейсіз, қандай кітаптар оқисыз?

— Көбінесе қазіргі заман жазушыларын оқимын. Классиканың аты классика, ал қазіргі заман жазушылары не жазады екен деп, соңғы кездері, мысалы, Мураками, ресейлік ағайынды Стругацкийлер, Дэн Браун, т.б. оқыдым. Еуропа жазушылары, меніңше, қазірде бір жерге тіреліп қалды. Баяғыдай тазалық жоқ. Адамның керісінше, анайы жағын жазады. Хайуандыққа жетелейді. Ең соңғы сол ағайынды Стругацкийлардың кітабы ұнады. Акунин, Пауло Коэльоларды бір оқып түсіне қоясың да, ары қарай қызық болмай қалады.

— Актер деген тасып жатқан энергия дейді. Сахнаға шыққанда көрерменге сезіміңізді жеткізу үшін энергияны қайдан аласыз?

— Отбасымнан, баламнан аламын. Сіздер сияқты көрермендерден аламын. Көріп, амандасып, тілек айтып жатады — соның бәрі энергия.

Үздіксіз репетициядан кейін, рөліңді бүге-шігесіне дейін жаттап алғаннан кейін, кешке қойылымға шығарда міндетті түрде бір толқу, қорқыныш сезімі болады. Күн сайын ойнап жүрсең де, ойнай алам ба, жоқ па деген қорқыныш сезімі болады. Сол қорқынышты жеңу арқылы адамда бір батырлық пайда болады. Сахнаға шыққаннан кейін бәрі кетіп қалады.

Мен романтикпін. Тауға жиі шығамын. Жалғыз жүргенді жақсы көремін. Мүмкін энергияны сол жақтан алатын шығармын. Негізі өмірде мен жалғыз адаммын. Жалғыздықты жақсы көремін. Керемет жолдастарым да көп емес. Сүйетін, бағалайтын шағын топ достарым бар. Бірақ кез келген адам менің досым бола қалмайды. Көп адамды өзіме жақындата бермеймін, өзім де көп адамға жақындай бермеймін. «Көке, әке» деп іші-бауырына кіріп, күн сайын жағдайын сұрап үйіне бару деген менде жоқ, мысалы. Көбінесе жалғыз жүргенді ұнатамын. Мысалы, Таразға кез келген уақытта, ауылға машинамен жалғыз кетіп қала аламын. Одан мен керемет ләззат аламын. Трассада машинамен келе жатып, жалғыз армандауға болады. Ешкім кедергі келтірмейді.

— Қандай музыка тыңдайсыз?

— Әр түрлі. Көбінесе классика. Бочеллидің 5-6 альбомы бар, соны көп тыңдаймын. Бірақ арасында үзіп-үзіп басқаларын да тыңдаймын. Жалпы актер болғаннан кейін, жан-жақты болуға тырысасың, әр нәрседен хабардар болу керек. Мысалы, кейбіреулер «Мумий трольдің» тыңдарманға берері жоқ дейді, ал Ресейде ең көп көрермен жинайтын солар. Неге? Яғни бір тұлғалық тартымдылығы, энергетикасы, дарыны бар. Соны тыңдап көремін. 15-35 мың адам жиналып жатса, оның да берері бар. Сол сияқты әр түрлі музыка тыңдаймын. Көңіл-күйге байланысты, кейде болмайтын бір әндерді тыңдап кетемін. Кейде «Ақ маржанды» тыңдауым мүмкін. Бірақ та жеке талғамым — классика.

— Қазірде театрға келіп жатқан жас актерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Ең бастысы, сенім керек. Болатынына, толатынына, атын шығаратынына сенім керек. Одан кейін таза болу керек. Көке, әке арқылы шықпауға тырысу керек. Өз күшіне, Аллаға сену керек. Алладан сұрау керек. Кейде біз бірінші Алладан сұрауды ұмытып кетеміз, адамнан емес. Соған сену керек.

Одан кейін шыдам керек. Бүгін келіп, ертең танымал болып кетем деген нәрсені мүлдем ойламау керек. Жалпы меніңше, танымалдық деген — бақ. Адамның дарыны болуы мүмкін, бірақ танымал болмауы мүмкін. Жалпы танымалдық адамды құртады. Оны көтере алатын, көтере алмайтын адамдар болады. Сондықтан мен неге танымал емеспін деп өз-өзіңді қажап, жеуге болмайды. Мүмкін ол маңдайыңа жазылмаған шығар. Ең бастысы, актер болу керек, өз мамандығын сүю керек. Бізде кейде актер емес, танымал болсам екен деп келеді. Театрға актер болып келу керек.

— Ал өзіңіз танымал болғанға дейін, қанша рет жанама рөлдерді ойнадыңыз?

— Мен үшінші курстан бастап осы театрда жұмыс істедім. Массовкада бала болып, жүгіріп, шапқылап жүрдім. Ол кезде танымал болу деген ойымда болған жоқ. Мақсатым — театрда қалу болды. Диплом алу үшін Қостанайға практикаға жарты жылға барып жұмыс істедім. Содан соң дипломымды ұстап, қайта театрға қайтып келдім. Мүмкін маған Алла берген шығар, мен қалай театрға келдім, бірден телевизияға жұмысқа тұрдым. Сонымен бірден екі жұмысты алып кеттім. Ол, меніңше — бақ. Егер мен өз өмірімді қайта бастасам, дәл солай жұмыс істер едім, өз өміріме ризамын. Еш көке, әкесіз, өзім келдім, жанам дедім, талпындым. Басшылар, үлкен кісілер талпынысымды көрді, берді. Орта жолдан тастап кетпей, олардың сенімін ақтадым деп ойлаймын. Телевизияда да жалындап тұрдым, сондықтан маған тоқтамай тоғыз жыл бойы бағдарламалар беріп тұрды. Бір бағдарлама біте салысымен, екіншісін бастап кетіп жаттым. Тоғыз жыл бойы бір күн дем алмай жұмыс істеппін. Ол да бір өзімнің еңбекқорлығым шығар деп ойлаймын.

Әңгімелескен: Айжан Кәрібаева

Фото: Ардақ Төлеубаев


Қысқаша ақпарат: Азамат Сатыбалдыұлы Сұраппаев 1977 жылы Жамбыл облысының Рысқұлов ауданы (кезіндегі Луговой) Құдалық ауылында көп балалы отбасында өмірге келіп, сол жерде өскен. Үйдің тоғызыншы баласы. Мектеп бітірген соң, Қарағандыдағы Суворов атындағы әскери училищеде оқиды. Алайда оны бітірмей, 1997 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының актерлер бөліміне оқуға түседі. 2001 жылы Қазақ Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа орналасады. Сахнадағы негізгі рөлдері. Кинодағы рөлдері


«Тіл сақтаушылық»

$
0
0

«Екпін» жобасы «Алаш» айдарында «Айқап» журналының беттерінде жарық көрген мәдениет, әдебиет, тіл және жастар жайында жарияланған мақалалар тізімін жасап, оқырмандарымен бөліспекші. Алғашқы материалымыз 1912 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың оқу-білім мен тәрбие тақырыбына арналған еді, бүгінгі материал Уалиолла Халелидің тіл мәселесі мен педагогика турасында.

ТІЛ САҚТАУШЫЛЫҚ

Дүниедегі һәмме халықтың рухы (жаны) өзінің ана тілі, сол себепті әр милләт (халық) алдыменен ана тілін жоғалтпаудың себептеріне мықтап жабысқан, бірақ тіл, дін, әдебиет сияқты нәрселер мал, дәулет арқасында сақтай алмайынша жұрттың іштен шыққан талапты, жау жүрек, халық үшін білімін, қаламын аямайтын ер көңілді жігіттердің қызметімен сақталады.

Ондай халық адамы екі түрлі болады, біреуі шайырлардың, яғни өлеңші ақындардың жыры, өлеңменен сақталады. Екіншісі, романстар, яғни халық жайынан халықтың жақсы, жаман жағын хикаят қылып жазып жұртқа көргізуші адамдарменен сақталады. Біздің қазақ, қырғыз аталарымыздың «Жігіт жігіттің күзгісі - айнасы» деген һәм «жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі» деген мақалдары бар. Сол сияқты халық үшін туған ерлер арқасында дін, тіл, намыс деген нәрселер сақталады. Мұндай адамдар әр жұрттың ішінен шығып, өзінің дінін, тілін сақтап өз жұртының абыройын көтеріп келе жатыр. Бізге үлгі боларлық халық толып жатыр. Біздің қазақ, қырғыз тілінің жоғалмауы үшін біздің ішімізден де осындай қаламын халық пайдасына жұмсайтын жігіттер шығып, халық пайдаланғандай, әр түрлі өлеңдер, әр түрлі халық жайынан кітаптар жазуға керек. Өзіміздің түрік тіліменен әр түрлі балаларымызға оқытуға ылайықты мектеп кітаптарын жазып, келешек күніміз үшін зор дәулет әзірлеуге керек.

Бүтін түрік, татар, башқұрт, мишір, ғұсманлы секілді халықтардың арасында бұзылмаған сап түрік тілі біздің қазақ, қырғыз тілі екендігін бізге араласқан адамдардың бәрі де біледі. Бұлайша болған соң қолымыздағы дәулеттің қадірін біліп, тіліміздің бай кезінен оқыған жастардың қызмет етіп, қимылдап қалатын уақыты келді. Россияның мемлекетінде общее образование, яғни ғұмыры тегіс оқу басталайын деп тұр. Қазақ халқы тілге, әдебиетке кедей емес, бірақ басы қосылып құралмағандықтан білімсіз самарқау жатыр. Ғұмыры оқу басталғанша өз ана тілімізде балаларымыз үшін кітаптар жазып программаға кіргізуге даярлануға тиіс қой. Біздің ел ішіне де түрлі халық араласа бастады. Сол себепті кейінгі жастарымыздың тілі кәдімгідей бұзылып бара жатыр. Қазақ жерінде қазақтан да орыс, хақол көп болу себепті қазақ жастары әр нәрсенің атын, есімін орысша айтқанына мәз болып, өз тілін... ұмытады. Күнбатыста Польша дейтін жерде, поляк ішінде бөлініп қалған аз ғана татарлар бар «поляк татар» деп айтылады. Солар осы күнде өз тілін ұмытып, бала-шағасына шейін орыс тіліменен сөйлейді. Сол сияқты қазақ жастарының көбі орысша оқығандары өз тілін ұмытып, яки ұмытпаса да қазақ тіліменен сөз айтуға намыстанушыларымыз да жоқ емес.

Біз милләтке олардан онша көп пайда үміт ете алмаймыз. Ондай адамдардың көбі өз тілінің, өз дінінің қадірін білмей, тек қана өз құрсағына қызмет етіп кетеді. Біздің милләтке қызмет етушілеріміз бір жағы мұсылманша, бір жағы орысша білімі болған жігіттерімізден болады. Бұл замандағы педагогтардың сөзіне қарағанда бала ең кемі 3 жыл яки 4 жыл ана тілімен оқуға тиісті болады. Біз қазақ балаларына сол 3 жыл ішінде өз тілімізде кітаптар оқыған сияқты татар тілінен де хабарсыз етпеске керек. Әбтейі (жаңаша) мектептен шыққан бала татар тіліне таныстығы болмаса, қалайша Шәһәрге барып жоғары сыныпқа кіреді, оның дәріс кітаптарына қалайша түсінеді, бұл да ескерілетін бір жұмыс.

Бізге бұл күнде басшы болған, халыққа үлгі көргізген жігіттеріміз жоқ емес қой. Мынау «Маса» мен «Қырық мысалды» жазушы Ахмет Байтұрсынов секілді ерлерді халық қызметшісі деуге болады. Және де... «Айқап» журналы менен «Қазақстан» газетінде халыққа жол-жөн көргізген қызметтерін біздерге ұмытуға керек пе еді?! А.Б. әпенденің «Жалғыз қаз келгенменен жаз бола ма?» - деген сияқты алты миллионнан артық қазақ халқы үшін бір газетпен бір журнал шыққанменен халықтың сусыны басылмайды ғой. Сонда да ауадағы қазға қарап қолыңдағы торғайды ұшырма! – деген сияқты көп журнал, көп газетке дейін қолымыздағы екі құсымызды ұшырмайық, шама келгенше ел-жұрт болып...дуам етуіне иждиһат қылайық. «Көп түкірсе көл болады» деген ғой.

Қандай ғана халық болса да білімі-ғылымы мемлекетіндегі шығатын газет-журналдарыменен, әдебиетіменен өлшенеді. Қай жұрт білімді болса, ол жұрт ішінен шығатын газет те көп болады, надан халықта біреуі де болмайды. Қашанға дейін киіз үйлерімізбен сары қымызға мас болып күнімізді өткіземіз. Ау, жұрт, ашайық көзімізді! Ұмтылайық, ғылым-білімге.

Уалиолла Халелидің «Айқап» журналының

1912 жылғы №9 санында жарық көрген мақаласы

Көрерменіне жол тартқан «Ғаламтордағы махаббат»

$
0
0

60-70 ж.ж. кейін тәуелсіздігіміздің алғашқы қадамдарымен бірге құлаш сермеген «жаңа толқын» режиссерлері ғарыш кемесін ортақ символ ретінде алып, жаңа өмірдің бастауында тұрғанындарын көрсетіп, биікке ұмтылыстарын байқатты. Режиссерлеріміз өмірдің нақ көріністерін бейнелеуге тырысты, құндылықтар ауысып, қымбаттың құны жоққа айналған, бетке ұстар нысана, бағдар таппаған кезеңді суреткер көзі тап баса білді, қазақ киносы кино тілін басқа қырынан аша бастаған шақ еді бұл.

«Жаңа толқын» өкілі Әмір Болатұлы Қарақұлов «Жапырақтар», «Ажыратушы», «Көгершін бағушы», «Жылама», «Соңғы демалыс» фильмдерінің авторы, үздік режиссурасы үшін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты (2002). «Ажыратушы» кинофильмі үшін Халықаралық кино байқауындағы (Мәскеу қаласы, 1991) «ФИПРЕССИ» сыйлығының, «Көгершін бағушы» картинасы үшін Халықаралық кино байқауындағы (Таормин қаласы, Италия, 1993) бас жүлденің, Токиодағы Халықаралық кино байқауы Алтын жүлдесінің, «Соңғы демалыс» кинофильмдері үшін Халықаралық кино байқауындағы (Роттердам қаласы, 1996) бас жүлденің иегері, биыл қазақ киносының алтын қорын тағы бір кинотуындысымен толықтырды. Аталмыш кинофильм VIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде тұсауын кесіп, қалың көрермен көзайымына айналып та үлгерген болатын.

«Ғаламтордағы махаббат» — авторлық кино түсіріп жүрген режиссердің коммерциялық бағыттағы алғашқы фильмі. Өз махаббатын ғаламтор бетінен іздеген сұлу ару жанындығы қызметтес қарапайым жігітті байқай бермейді. Оның сүйгені, жүрегін жаулағаны — монитордың әр жағындағы жұмбақ жігіт. Әрине, қыз үшін бұл жігіттің неге кездескісі келмейтіні беймәлім.

«Көрерменге көңіл көтерерлік, қызықты фильм керек деп есептеймін, қоғамдағы түрлі дағдарыстардан адамдар тым шаршап кеткен, оларды қазір жұбатып, көңілдерін бір жадыратқым келіп тұрады. Қоғамдағы қандай жағдайда да кино — көрерменінің жұбатушысы. Мысалы, немістер Москваға жақындағанда, біз кино түсіріп жаттық, Берлин бомба астында қалғанда да немістер кино түсіріп жатты. Кино ол мәңгілік пропаганда. Кино деген құдіретті әлем. Адамдар әр түрлі, олардың түрлі ойлары мен көзқарастары бар, оларды біріктіріп, ойын ортақ етер, достастырар кино деп білемін. Кинода шынайылық болуы керек. Американдықтар кинолары арқылы ұлы елге айналды» — дейді режиссер.

Аталмыш фильм арқылы режиссер расымен де көрерменінің тамырын баса білді. Киноматографиялық мүмкіндіктерді шебер пайдалана білген автор, фильмін қоғам өмірінің бейнелеуіш құралына айналдырды. Мелодрама мен шытырман оқиғаға толы заманауи өмір сипатын, түрлі пиғылдағы адамдар мен нәпсі құмарлық, ғашықтық машақаты, бәрі де сұлулық үшін күресте таза адамдық махаббаттың қашанда жеңіп шығатынын режиссер көрерменіне дәйекті жеткізе білді. Картинадағы актерлардың шынайы ойыны, режиссер мен актер арасындағы тығыз байланыс нәтижесінде өрбіп отырған оқиға желісіне сенесің. Актерді экран арқылы оқи аласың, үлкен пландар арқылы режиссер өз ойын шебер жеткізе білген, пландардың ауысуы, ракурстар, жарық пен монтаж, дыбыстың өзіне тән драматургиялық шешуші сәттері фильмді тұтастандырып, кадр аралық ритмді құрайды.

Фильмнің әр кадры үйлесімді, мазмұн мен оқиға желісінің бір тармағын ашып тұрады, Муссинак айтқан «фотогениялық» бар. Фильм тұтастай пластикалық концепциямен сезімдердің тууын көрсетеді. Ішкі ритм мен сыртқы ритм фильм жүрегінің соғысын қатарласа көбейтіп, көрерменнің назарын тыс қалдырмай, өзінде ұстап отырады. Кино заңдылықтары мен тілін тереңнен меңгерген режиссер киносүйер қауымды кино тіліндегі фильммен табыстырды.

Бүгіннің кейіпкерлері ойын ойнайтын, біз бен сіздің өмір сүріп жатқан қоғам жайлы сыр ұққыңыз келсе, «Ғаламтордағы махаббат» фильмін көріңіз.

Назерке Сланбек

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер

академиясының 4-курс студенті

Фото: Kazakhfilmstudios

Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі

$
0
0

Бүгін «Алматы көшелеріне саяхат» айдарында Тайыр Жароковтың есімімен аталатын көшеге саяхаттап, қазақ әдебиетінің классикалық үлгіде қалыптасуына үлкен үлесін қосқан қазақ совет ақынының өміріне шолу жасамақшымыз.


Тайыр Жароков көшесі 1966-жылға дейін «9 линия» деп аталынып келген. Төле би көшесінен басталып, әл-Фараби даңғылына дейін созылып, Абай даңғылын, Жандосов, Сәтбаев, Темирязев көшелерін қиып өтеді.

Соғыстан кейінгі жылдары Жароков көшесінің бойына заманауй көп қабатты ғимараттар салына бастаған. Бүгінгі күні бұл көшенің бойында:

Тайыр Жароков 1908 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданының Жетібай ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1920 жылы ата-анасы оны қазақ-орыс бастауыш мектебіне оқуға береді. Мектепте үш жылдай білім алып, оқуын сол кездегі Республиканың астанасы Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында жалғастырады. Студент кезінен әдеби шығармаларды құмарлана оқыған Тайырдың алғашқы «Күлімдейді алтын күн де» өлеңі Қазан төңкерісінің 10 жылдығына арнайы шығарылған «Ақындар сыйлығы» деп аталатын жинаққа енеді. Содан бастап Тайыр Жароков өмірінің дәл қырық жылын осы отандық поэзияға арнайды.

Ілім-білімге құштар болашақ ақын институтты аяқтағаннан соң 1928-1932 жылдар аралығында қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде жоғарғы білім алады. Оқуын бітіре салысымен жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар Одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы болып жұмысқа орналасады. Кейін Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы және 1938 жылға дейін «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарады.
Сол аралықта 1934 жылы Ленинград тарих философия және әдебиет институтының аспирантурасына түсіп, оны 1936 жылы бітіріп шығады. 1938 −1942 жылдар аралығында Тайыр Жароков «Қазақ халық поэзиясының алыбы» атанған Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болып жүріп, Ұлы Отан Соғысы басталғаннан кейін майданға аттанады.

Классик ақын өлеңдерінде көбіне биіктікті жырлап, ерлікті айта отырып, күнге, жұлдызға көп назар аударады. Сонысымен оқырманын рухтандырып, жасампаз еңбек пен отаншылдыққа шақырып, оны ерліктерге жетелейді.

Ақын шығармашылықпен енді айналысып жүрген кезінде өлеңдерінде лирика басым болса, уақыт өте келе өмірдің мәнін түсінуге деген талпыныс көбірек байқалады.
«Коммунизм таңында», «Нефтьстан», «Күн тіл қатты», «Мотор жыры» сынды дастандарында қазақ даласының сол замандағы өзгерістерін, индустрияландыруды, оянған өлкені жыр етсе, «Тасқын» дастанында 1921 жылы Алматыда болған су тасқынын суреттей отырып адамның табиғаттың күшіне қарсы тұруын, онымен күресуін баяндайды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында халықтың табандылығы мен шыдамдылығын көрсететін «Нарын», «Кеңес қырандары», «Зоя туралы жыр» дастандары дүниеге келсе, соғыстан кейіңгі жылдары халықтың, қарапайым адамның тың игеріп, шөлге су алып келе бастауы жайлы жырлары құйылады.

Өмірінің соңғы он жылында дүниеге алып келген ірі туындыларының бірі Қазақстанның жұмыскерлеріне арналған «Қырда туған құрыш», азаматтық соғыс кездерін халық есіне қайта түсірген «Құмдағы дауыл», Есік көлінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты «Тасқынға тосқын» дастандары.

Сондай-ақ әлем әдебиетін жетік меңгерген, орыс тілінің құнар-қасиетін барынша игерген ақын, шебер аудармашы Тайыр Жароков қазақ елін М.Ю.Лермонтовтың «Черкестер», «Қылмыскер», Маяковскидің «Владимир Ильич Ленин», «Бар дауысыммен», А.С. Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Ағайынды қарақшылар», «Граф Нулин», «Қысқы кеш», «Қоштасу», Лермонтовтың «...Жоқ мен Байрон емеспін, өзге жанмын...», Байронның «Ньюстед абаттығынан аттанарда» және тағы да басқа көптеген ақын-жазушылардың еңбектерімен таныстыруға жол ашқан.

Қазақ әдебиетінде өзінің өшпес ізін, ерекше стилі мен қайталанбас қолтаңбасын қалдырған классик ақын Тайыр Жароков 1965 жылдың 11 наурызында 56 жасында дүниеден озды.

Мәтін: Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

_________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі

Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі

Жаңа қырынан көрінген режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Тыныштық» фотоальбомының тұсаукесері

$
0
0

«Өмір» (1982), «Шілде» (1988), «Қайрат» (1991), «Профессия – контроллер» (1993), «Кардиограмма» (1995), «Киллер» (1998), «Жол» (2001), «О любви» (2006), «Шұға» (2007), «Студент» (2012) сынды фильмдердің авторы қазақ кино өнерінде «Жаңа толқын» деген атпен салмақты орын алған кезеңнің белді өкілі. Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың аталған фильмдерінің кез келгені белгілі бір тәрбиелік функцияға құрылған. «Жаңа толқындықтардың» бірі Абай Қарпықов: «Меніңше, жаңа буын келді - жас мөлшері жағынан емес, өзгеше дүниетанымы, бөлек мәдениеті барлар мағынасында», - деген сөзінен-ақ фильмдерінен өзгеше сарын байқалатынын аңғаруға болады. Тек қазақ көрермендері ғана емес, өзге де көптеген шет ел халықаралық кинофестивальдерінен жүлделі орын алып жүрген режиссер фильмдерінің кез келгенін сәтті шыққан туынды деп бағалауға болады.


Көрермен назарына тек фильмдерін ұсынып жүрген режиссер қараша айының 8 күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенттеріне «Тыныштық» деген атпен тұңғыш рет шығып отырған фотоальбомының тұсаукесерін өткізді.

Суретке түсірумен айналысқанына он шақты жылдан асқан режиссер алғашқыда қызығушылықпен отбасылық фотолар түсірсе, кейін шетелге шыққан сапарларында фотоаппаратын серігі етіп алып жүретін болған. Эстетикалық тұрғыдан түсіргенді жөн көрген автор бұл іспен бос уақытында айналысатын сүйікті ісі ретінде қабылдайды. Оқушы кезінде сурет пен математика сабақтарын ерекше қызығушылықпен оқыған. Ауылдық жердегі басты қиыншылық кадр жетіспеушілігі. Режиссер оқыған мектепте математика сабағынан өз маманы берсе, суреттен кез келген мұғалім сабақ беретін. Кейін Мұсаев есімді оқытушысының қызықтыра оқытқан сабағының арқасында суретке деген қызығушылығы арта бастаған.

«...Мектепте менің ең жақсы көретін сабақтарымның бірі сурет салу еді. Өкінішке қарай, бұл пәнді бізге ешкім оңдыртып оқытпады, кейде тіпті үйге де жібере салатын. Кім біледі, мүмкін менің мынау бүгінгі түсіріп жүрген фильмдерім, суреттерім сол баяғы өтілмей қалған сағаттардың орнын толтырмақ болғаным шығар...», - деген балалық шағындағы өкінер сәтін еске алған режиссердің кішкене кезінен-ақ өнерге деген зор қызығушылығы болғанын аңғарамыз.

Бірнеше жылдан жиналған фотоларын жинақ қып шығаруды көздеген Дәрежан Өмірбаевтың жолына кесе көлденең бола бергені Алматылық басылымдардың фотоальбом шығармайтындығы. Фототілші Жанарбек есімді азаматтың ғана жеке альбомы шыққанын көрген ол: шетелдіктерге түйе, басқа да ұлттық нақыштағы естелік заттар қазақтың барлық қырын көрсете алмайды, керісінше осындай ауқымды мәлімет алатын зат сыйлаған дұрыс болар. Режиссер альбомындағы суреттер сапалы, көркемдік мазмұны болғанымен, халықтың құндылықтарын толық көрсете алмады. Жалпы альбомға 100-тарта фото енгізілген, оның 20-пленка, қалғаны сандық фотоаппаратпен түсірілген.

«Ары қарай мұндай фотографиялар шығарылуы керек. Қазақта «өнер алды – қызыл тіл» дейтін мақал бар. Бұл өлшем әлдеқашан ескірген және қазіргі уақытта мәдениетіміздің дамуына кедергі келтіреді. Еуропада қалай болып еді? Мәселен, Францияда XIX ғасырдың соңында импрессионистер әдебиетті екінші кезекке ысырып тастады. Ол жөнінде Анна Ахматова: «Француз кескіндемесі француз поэзиясын өлтірді» деп қайғырды. Одан кейін фотография, кино пайда болды. Қазір сананы телеэкран жаулап тұр, онымен ғаламтор бәсекелесе бастады», - деген пікір айтады.

Фотоның астыңғы жағына мәтін қосып жазуды ойлаған авторға уақыттың тығыздығы кедергі болып, тек суреттер ғана жарыққа шыққан. Шетелде мұндайды фотобук деп атайтын көрінеді. Жапон халқында бұл тәсіл «Ямаки» деп аталады екен. Дизайнын жасаған Анастасия Таукенова кейбір суреттерді фотошоппен өзгерткен.

Автор альбомын қарап отырсаңыз, оның отбасылық фото мен табиғат көріністеріне (әсіресе әр елде өскен әсем ағаштардың сұлулығы) қатты қызығатыны байқалады. Суретке қойылған тақырыптар да ерекше. Мәселен, «Жанкештілер», «Қазына», «Мәжнүн», «№50-ші электр қорабы», «Анар», «Мединадағы телефонмен әңгіме», «Еуропа», «Мойынқұмда», «Жел», «Су перілері», «Ымырт», «Ананың құшағында».

Әр суреттің өзіндік шығу тарихы бар. Бірі Тараздағы туған жерінде түсірілсе, біразы шет елге шыққан сапарларында түсірілген. Мәселен, «Еуропа» фотосында Роттердам қаласындағы тамырын тереңге жайған кәрі ағаштың құлашын кең жайған бұтақтары алтын құрсақты ананың балаларын алақанына салып аялап отырғанындай сәтті елестетесің. «Есек» деген атпен қойылған суреттен құбылып тұрған ауа райымен көңіл-күйі мәз емес боп тұрған өсіп келе жатқан қодықты көреміз. Мені де аясаңдаршы, ей адамзат деп жалынышты үн қатқандай болады жануар. «Ананың құшағында» кішкене баласын құшағына алып қамсыз ұйықтап жатқан ана мен ұйқысынан оянып ап, анасының тыныштығын бұзғысы келмей жатқан кішкене мысықтың бақытты сәтін көреміз. Ал «Жексенбіден» Өнер академиясының жексенбілік  мамыражай тыныштығы көрініс тапқан. «Әкемнің мұрасы» Жер Анадан нәр алып күн көріп келе жатқан адамзат қауымының басты құрал-сайманы күрек, айыр, кетпен, тырмақ. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөзді іске асыратындығын әкесінен қалған мұра ретінде осындай заттарды қабылдауынан байқаймыз.

«Пленкамен жақсы шығады, бірақ бүгінгі таңда сапасы жоғары фотоаппараттар да шыға бастады және олар пленканың орнын басты». Ал суретке түсірерде мазмұнына мән бересіз бе, әлде сапасы қызықтырады ма деген студенттер сауалына режиссер «бірінші әдемілігі қызықтырады», - деп ағынан жарылды. Десек те, әр суреттен көрермен өзіне қажет әдемі әсер мен философиялық ой түйері сөзсіз.

АЙЖАН РАХМЕТОВА

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер

академиясының «Кинотеледраматургия»

мамандығының IV курс студенті

Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»

$
0
0

«Екпін» жобасы «Алаш» айдарында «Айқап» журналының беттерінде жарық көрген мәдениет, әдебиет, тіл және жастар жайында жарияланған мақалалар тізімін жасап, оқырмандарымен бөліспекші. Алғашқы материалымыз 1912 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың оқу-білім мен тәрбие тақырыбына арналған еді, екінші материал Уалиолла Халелидің тіл мәселесі мен педагогика турасында болса, бүгінгі материал Ғұмар Қараштың халық бірлігі мен тіл, әдебиет мәселелеріне арналады.

ТІЛ — ӘДЕБИЕТ

Бір кеуде-пенденің дүниеде жасауы, бар болып тұруы үшін жан-рух керек. Бір халық, бір елдің де дүниеде бір милләт, ел болып жасауы, тірлік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар! Тілі, әдебиеті болмаған милләттің де тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзіне айырым әдебиеті болмаған...милләттер де дүниеде жасай алмас. Жасар Ілкин жасауы ұзаққа бармас. Әдебиеті яғни жаны бар милләттерге азық болар, жем болар, сөйте, сөйте ол милләт өзі де дүниеден жоқ болар!

Тіл-әдебиет бір милләт үшін әлбетте керек. Оның керектігі турасында жазылмақ сөздердің бәрінде бұл орында жазып бітіруі мүмкін емес. Ол турада неше том кітаптар жазылса да аз. Сондықтан мен бұл орында әдебиет турасында жазылмақ сөздердің жалғыз-ақ — «Фәһәрісті» ғана жазамын:

Тіл-әдебиет бір милләттің жаны һәм рухы-дүр. Және ғалия топлы қағидалы бір әдебиетке мәлік болмаған бір милләттің жансыз кеудеден ешбір айырмасы жоқ-дүр.

Әдебиеті болмаған милләт тілі шықпаған жас бала кебі-дүр. Себебі, өзінің басындағы қайғы һәм шаттықтарын басқаларға айтып түсіндіре алмас. Сол сияқты әдебиеті болмаған милләт те өзінің басына келген қайғы-қасіретті, шаттық уа қуаныштарды бір-біріне айтып ұқтырудан ғажың болар. Басқа сүйектес уа жыныстастарын өзінің қайғы уа шаттықтарына ортақтастыруға күші жетпес. Солайша айырым бір милләт, ел болып жасау үшін ләзім һәм керекті болған беріктік, ынтымақ бір-біріне жәрдем ету кебі шайырлардың олар махұм болар.

Дүниеде бір милләтті өз басына айырым бір милләт еткен, һәммәда бір милләт пен екінші бір милләт арасын жуықтатқан, бір-біріне біріктіріп екі милләтті бір милләт қалпына келтірген себептердің ең зорысы да тіл уа әдебиет-дүр. Бәне ғалия өзіне айырым әдебиеті болмаған бір милләт балалары да өздерінің милләттерін сақтай алмас. Сақтай алмаулары үстіне өздерінен жоғары болған екінші бір милләттің тіл уа әдебиетін үйренсе, оның тіліне де әдебиетіне де жаны һәм кеудесімен ғашық болар! Өз тіл әдебиетін ұмытар, тілімен бірге өз милләтін де ұмытар. Бар-бара сол екінші милләтке сіңіп, оған бала болар. Балаларына жастан өз тілін жақсы үйретпеген, олардың көңілдеріне құры өгей ана сияқты тәрбие еткен милләт те келешекте балаларынан өзінің қылған жақсылығы, берген тәрбиесі дәрежесінде ғана хақы алар, жақсылықты көрер. Балалары да оған өгей анаға қараған көзбен қарар. Милләт пен балалары арасындағы бұл ала көздік, шафеғатсыздық милләттің...ақырында бітуіне себеп болар.

Міне, осы себептер үшін емес пе, бұл заманда бір милләт өзінен күшсіз болған екінші милләттің миләттігін тіліне, оған бір кетік жасайын десе ең алдымен ол бейшара милләттің тіліне, әдебиетіне балта шабады. Өз әдебиеті олардың ана тілі орнынан таратуға әжәйәд қылады. Өз ана тілін ана сүтімен бірге емген өз әдебиетінің бағасын біліп, дәмін сезген милләт балалар өз тіліне ата-анасынан артық құрмет етер. Тіл уа әдебиетін жоғалтпас үшін жанын да пида етер... Заманымызда күшті милләт пен күшсіздер яки хакім милләт пен мыхыкүмләр арасындағы...жанжалдардың көбісі осы тіл, әдебиет мәселесінен қозғалады.

Тіл-әдебиет дүниедегі барлық бақыт сығадаттың, ғылым-өнердің, дін уа мәдениеттің асылы-дүр. Кісіні кісілік дәрежесіне ілестіретұғын, мәдениет жолына кіретұғын бұ нәрселердің әдебиеті болмаған бір милләт арасында таралып, тамыр жаюы мүмкін емес...

Жоғарыда айтылған сөздер бір милләт адамдарының дүние тірлігі үшін жейтін тамақ, дем алатын ауа, не қадар болса, тіл уа әдебиеттің сол қадар керек екендігі біраз аңланса керек.

Енді біз өз жайымызға келелік: біз де «қазақ» атанған бір милләт елміз. Санасақ, санымыз бес-алты миллионға толады. Біздің де өзімізге айырым тіл-әдебиетіміз әлбетте бар. Жоқ болса оны болдыруға, көміліп жатқан мол қазынаны дүние жүзіне шығаруға, үлкен-кіші баршамыз да борышты һәм міндетіміз. Шонки біздің дүниеде бір милләт болып жасауымыз онсыз мүмкін емес.

Түркі рулары арасында қазақ тілінің ескі һәм сөздікке бай, ескі болғандығы үшін де бек саф, нағыз тіл екендігі жұртқа мағлұм. Нағыздығы, байлығы жағынан қарағанда тіліміз Осман һәм татар, кей басқа туғандарымыздың тілдерінен көп алда-дүр. Ілкин әдеби жағынан қарағанда тіліміздің олардың тілдерінен артта екендігінде іңкәр айтып болмайды. Біз бұл орынға қадар бір милләт үшін тіл әдебиеттің не қадар керек болғандығы, қазақ та бір милләт, ұлықтан оның да өзіне айырым бір әдебиеті боларға керек екені біраз аңлатсақ керек. Қазақ тілінің сөзінің көптігі, сөздігінің молдығы себепті — бай, ескілігі, жат сөздерден саламат болғандықтан бек саф, нағыз екендігінде біраз сөйледік. Бұл сөздерді сөйлеуін сөйлесек те оқушылар арасында бұл сөздерді ұнатпаушылар бәлки оған ашуланушылар да болар? Қазақ тілін ескі һәм бай тіл деп мақтағаны, әдеби тіл емес деп жамандағаны қалай? Мұның бастан-аяқ әдебиет деп қақсағаны не нәрсе? — деп сұраушылар да болар. Бәне ғалия мен оқушылардың ашуларына, сұрауларына орын қалмас үшін келешекте әдеби тіл һәм әдебиет не нәрсе екенін оқушыларға ұқтырамын.

Ғұмар Қарашевтың «Айқап» журналының

1912 жылғы №10 санында жарық көрген мақаласы



Ғұмар Қарашев (1876-1921) — қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Бүркеніш аттары Ғабдолла Мұштақ, Оразақай, Молда Қазақаев, Қазақ, Бөкей Шәңгерей, Ғабдолла Көпжасаров, Ғ.М., Ғұмар әл Қараш. «Айқап» журналында оқу-ағарту, жер, әдебиет, мәдениет мәселелері туралы: «Бөкейлік жайынан», «Жұт», «Ахмет Жанталинге жауап», «Тіл - әдебиет», «Бәдел қажы», «Тұмыш», «Бала тұлпар», «Қарлығаш» т.б. мақала, хабарлары жарық көрді.

Жақау: «Рэп мен үшін — өнер, бірақ еш сауабы мен қайыры жоқ екеніне толықтай көзім жетті».

$
0
0

Рэпты жиі тыңдайсыз ба? Сүйесіз бе? Мен — иә! Осыдан 7-8 жыл бұрын Эминемді сүйіп тыңдайтынмын. Иә, иә... «When I’m gone», «Mockingbird», «Lose yourself» менің хиттарым болды. Одан бертін келе орыс рэпіне әуестене бастадым. Баста, Krec, Тимати әндерін жатқа айтып жүрдім. Рэп мен үшін қазіргі заман поэзиясы. Ритм мен кестелі сөз үйлесімділігі. Рэперге сөзді өзге біреу жазып бермейді, ол өз ішінен шығады. Сондықтан оны орындаған кезде де «жүректен жүрекке жетіп жатады». Сол себепті соңғы жылдары қазақ рэпінде де ауыз толтырып айтарлық рэперлердің пайда болғаны мені қуантпай қоймады. Сүйікті биттердің қазақша сөйлегені жанға екі есе ләззат береді екен. Сондықтан қазіргі заман жастарының тыңдайтыны рэп болса, оған қазақы жан беріп жүрген қазақ рэперлерін көтермеуге болмайды. Алдыңғы жарияланымдардың бірінде біз сіздерді Ash Қазақ Pro жігіттерімен таныстырсақ, бүгінгі санда «West Side» өкілі, бүкіл Ақтау, Атырау, Жаңаөзен жақты абыройлы таныстыратын Жақау a.k.a Smerch-тен алған сұхбатты ұсынбақпыз.


Иә, мен Жақау тыңдармандарының қуанышты айқайын естіп-ақ тұрмын, өйткені Амангелді Жақаудың көп жерден сұхбатын кездестіре бермейді екенсің. Арамызда 3000 аса шақырым жатса да, интернет арқылы танысып, сұхбат жүргізіп көрдік. Алдымен Жақау жайлы өздері құрған «Жамағатпро» орталығының сайтынан алған ақпаратпен бөлісе кетсек:

«Утешов Амангелді Төлегенұлы 1986 жылы 4-ші ақпанда Маңғыстау обылысы Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Өнер жолын 2002 жылыбастаған, 2003 жылы «Скромные хулиганы» атты Рэп команданың ұйымдастыруымен болған қалалық «Хип-Хоп 2003» фестивалінде 2-ші орынды иеленді. Көп кешікпей оның рэп шеберлігі Маңғыстауды ғана емес, барлық қазақ даласын тәнті етті. 2005 жылы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Батыс аймақтық, Достық фестивалінде де өз орнын көрсете білді. 2009 жылы Орал қаласында өткен «СПИД 2009» фестивалінде қатысушы, жекпе жек жанды BATTLE-дың жеңімпазы. 2009 жылы Адай Отбасы (Rival, Maks, Griff, Torehan, Mc G) атты Жаңаөзен қаласынан жас Рэп шеберлерінің басын біріктірді. 2010 жылы «Ел есіндегі дауыл» атты ресми альбомы Қазақстан тыңдармандарына күтпеген жерден тосын сый болды. 2011 жылы Орал қаласында NIDS Орталығында жасалған «Қазағыма лайықты» атты альбомды Жақау өз тыңдармандарына Оралдық қазақи бағыттағы Beatmaker Дидимен жаңа сапалы альбомды Қазақстан тыңдармандарына ұсынды. Қазіргі таңда Жақау өнерден бөлек бизнеспен айналысып жатқаны мәлім болды. «ART EAST» продюсерлік орталығымен келісімге отыруы мүмкін деген хабарды да назарыңызға ұсынамыз».

— Сәлем, Амангелді! Алдымен сұрағым келіп отырғаны: неліктен өнердегі атыңды Жақау деп таңдадың?

— Неліктен Жақау деген сұраққа жауап бермес бұрын, ЖАҚАУ деген атамыз жайында мағлұмат бере кетуді жөн көрдім. Жақау — Кіші жүзден шыққан Адай руынан тарайтын ру. Адай шежіресіне сүйенетін болсақ, Адайдан Алдаберді, Райымберді, Текей, Жақау деген аталарымыз тараған екен. Ол кісі ел жадында өзінің қайтпас батырлығымен, туралығымен, діндарлығымен жатталып қалған екен. Осы күнде Жақау руы аз таралған рулардың санатына кіреді және жан-жақта тарыдай шашылып жатыр. Осы жағдайды себеп қылып, аз рудың басын біріктіру мақсатында өнердегі есімімді Жақау деп қойдым. Сыры осында. Жақау есімі 2006 жылдан бастап ел жадында.

Ал Смерч тобына келер болсақ, бұл топ сонау 2002 жылдан Жаңаөзен қаласынан бастау алады. Сол 2002-нің күз айларын есіме түсірсем, шаң бораған қала, аула есіме түседі. Жаңаөзен шөлді мекенде орналасқандықтан, әрдайым дауылды шаңның қала үстінен қара бұлттай өте шығатын тентек әдеті бар. Осы шаңды дауылды себеп қылып, Смерч деп қойған болатынмын. Бұл күнде сол шаңды дауыл өз әдетін жиі қайталап тұрады. «Смерч» сөзі, қазақ тіліне тікелей аударғанда, «дауыл», «құйын» деген мағынаны білдіреді.

— «Жамағат продакшнда» қазір неше адам жұмыс істейді? Жалпы орталықтың жұмыс істеу жүйесі жайлы толығырақ айтып өтсеңіз?

— «Жамағат» орталығының тыңдармандармен жұмыс жасай бастағанына да көп уақыт бола қойған жоқ. «Жамағат» орталығында негізі Жақау (Утешов Амангелді) және Диди (Рахметжанов Данияр) екеуіміз. Ал сайтты өңдеу, бақылау, жаңалықтармен толықтыру және дизайн жұмысы Нәке (Батырғалиев Нұртай) және Аза (Балахметов Азамат) деген жігіттердің үлесінде. Бұл сайт біздің өнерімізден толықтай сенімді мағлұмат беріп отыратын біздің жалғыз, жеке сайтымыз болып табылады. Алдағы уақытта қатарымыз әлі де толығады деген сенімдеміз.

— Қазірде көптеген жастар рэпке қызығады, алайда әркім бірден танымал болып кетпейді. Сіздің танымал болуыңыз неге байланысты деп ойлайсыз?

— Қазіргі таңда жастар танымал болудың небір жеңіл және қитұрқы жолдарын тапты. Ақиқатын айта кету керек, жастардың көбі қазір жеңіл ойлы. Жалпы қара нәсілді рэп шеберлері, оның бер жағындағы Ресей рэп шеберлері тез көтерілудің арзан да арсыз жолын біздің санамызға құйып үлгерді. Бұл сөзден түсінетініміз, кім ел аузында мәртебеге ие болған болса, сол өнер иесін балағаттау, ғайбаттау, абыройын ел алдында айрандай төгу. Бұл Hip-hop мәдениетіндегі ұстанымдардың бірі. Бірақ мен бұл ұстанымға толықтай қарсымын. Себебі жастар бұл ұстанымның артында қандай арсыздықтың жатқанын, ең сорақысы тілден шығатын бүліктің, ғайбаттаудың өзі үлкен күнәнің қатарына жататынын бірі білсе, бірі біле білмейді.

Ал мені танымал қылған нәрсе — оқу мәнерімнің өзгелерден ерекшелігінде, әр жазған тақырыптарымның мәнді, салмақты, жазған сөздерімнің сапалы, қайталанбастығында, тыңдарманды терең ой астында қалдыруында деп сенемін. Және дауысымдағы тартымдылық пен қырылдың бары деп тыңдармандар маған сан мәрте айтқан. Шынайы өнер, шынайы талант өз тыңдарманын табады, бұған дәлел — Диди.

— Жалпы рэпке келуіңізге кім түрткі болды?

— Рэпке келуіме ДМХ, Som Clan топтары тікелей себеп болды. Ал West Side деп жер жаһанға жар салған 2Pac-тың орны бәріміз үшін ерекше болатын. Ал сөз жазудағы шабытымның оянғанын У.Болатбек ағамның қазасынан кейін байқадым. Себебі сол 2002 жылдың наурыз айындағы мен көрген ауыр оқиға, өзім үшін бұрын бейтаныс болған Хип-хоп мәдениеті мені жаңа жолға салып та жіберді. Бұл оқиға да, өнер жолы да Аллахтың қалауымен ғана бастау алды, қателігімді Аллах кешірсін.

— Қазіргі қазақ рэпінің деңгейі қандай деп ойлайсыз? Негізінде рэперлерді шындықты жасқанбай айтатындар деп жатады, сіздің ойыңызша, біздің рэперлер осындай бағаға лайықты ма әлде тек өздеріне пиар жасап жүргендер ме?

— Қазақ рэпінің деңгейі бұрынғыға қарағанда сапалы бола түскендей, бұған дәлел Диди екеуіміздің еңбегіміз — «Қазағыма лайықты» атты альбом. Нағыз қазақша рэп деп айтуға тұрарлық біртуар, қайталанбас шығарма, қазақи дәстүрдің үлгісі. Иә, негізі рэпер болу, кезіндегі ақиқатты айтқан айтыскер ақындар, шайырлар сияқты, солардың бірі GHad тобы (Al Nasr_Masta Yella), Tarlan, De Fuck To, Didi тағысын тағы жігіттер. Маған өмірдің өзі дәлелдеп бергендей, адамдар Аллахтың кітабы Құранды және Пайғамбарымыздың салып кеткен сара жолын ұстанбайынша, діні мен тілін, отаны мен ұлтына шынайы жүректері ауырмайынша, ақиқатты өз орнына қойып жаза алмайды. Осы қасиеттер адам бойынан табылмай, ақиқатты айттым деу бос сандырақ.

— Қазақ рэпінде кімдерді тыңдайсыз? Кімді құрмет тұтасыз? Ал Ресей не шет ел рэперлерінен ше?

— Қазақ рэпінде де тыңдауға тұрарлықтары және құрметке лайықтылары сол санаулы тұлғалар: Tarlan, Rec MC, Ardo Arhon, Hazard, G Had отбасы, Didi, Erbolat, SaddaM әзірге осылар. Әлі де жарыққа шыға алмай жатқан сөз шеберлерінің бар екеніне сенемін. Әрине, шынайы талант иелері Жамағат орталығынан құрметке лайықты орын алады деп айта аламын. Шет елдегі рэпперлерге тіпті өзіміздің отандық рэп шеберлеріне де еліктеуге құмартпаймын, себебі мына хадис мені ойландырып тастады: «Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у): „Кімде-кім қандайда бір қауымға еліктесе, ол солармен бірге“ - дейді.

— Қазірде бизнес бастап жатырмын депсіз, оның рэппен байланысы бар ма? Рэпті доғару ойыңызда жоқ па?

— Бизнес мәселесі сол отбасының қамы ғой, оны тоқтату күнә емес. Сауда жасау сунна, егер ол халал сауда болса.

— Рэп сіз үшін бизнес пе, өнер ме?

— Рэп мен үшін — өнер, бірақ еш сауабы мен қайыры жоқ екеніне толықтай көзім жетті. Бұл өнер уақыт пен қаражаттың ысырап көзі, соны түсіндім.

— Алда қандай жаңалықтарыңызбен тыңдармандарыңызды қуанта аласыз?

— Алдағы хабарлар уақыттың еншісінде, менің қалауым Аллахтың қалауының астында екен. Мен ойлаған жоспарлар әркез іске аса бермейді. Барлық жаңалықтар www.zhamagatpro.kz сайтында болады.

— Рахмет, Жақау! Енді осы сұхбатқа қолқа салған тыңдармандарыңыздан түскен көптеген сұрақтардың бірнешеуіне жауап беріп өтсеңіз:

1. Рэптен басқа қандай жанрларды тыңдайсыз?

  • Ешқандай жанрға есім кетіп назарым аумайды. Білім талап қылып жүрген бауырлардың лекциялары маған өмірде ақиқат көзімен қарауға мүмкіндік береді, рухани тұрақтылықта боламын. Мен Децлды Ділмұратқа, Onyx-ты Октамға, Нананы Назратуллаға, Raekwon-ды Ринатқа, Nonamerz-ті Наильге айырбастап алғаныма 2 жылдың жүзі болды, реніштерің болмасын, достар.

2. Алғаш рет рэп айта бастағанда қандай кедергілер болды? Сын айтқандар болды ма?

  • Қандай кедергілер болсын, сол 2002 жылдың өзінде де қазіргі кездегідей -көреалмаушылық. Мен қасымдағы досымнан сұрайтын едім, «бізде көре алмай, дисс жазатындай аса қымбат не бар?»-деп. Сөйтсем бізде сапалы тоналмаған текст пен қайталанбаған рэп оқу мәнері болған екен. Сол көреалмаушылық дәстүрі қазақ рэперлерінің негізгі ұранына айналған. Қазақ сын айтпай жүре ала ма? Орындысын да, орынсызын да, отырып та, тұрып та естіп жатамыз. Сол 2002 жылдың өзінде алаңдағы үлкен сахнаға кәдімгі арзан кассетамен шыққанымыз есімде. Ішіне өз минус, плюсымызды жазып алып, қиындата, қызара жөнелетінбіз... Рэп музыкалардың артында қалатын бос семплдарды екінші кассетаға жазып, соны қайта-қайта кассетадан кассетаға жазып, бит сияқты жасап алатынбыз. Соған мәз бола, жарыса оқитынбыз... Қазір маған күлкілі сол жылдар. Инет деген қалада атымен жоқ кез. Инструменталдың не екенін C Block деген топтан білдім. Міне, қызық. Ол кезде инструментал минус тапсақ, алтын тапқаннан да қымбат көрінетін. Сағынып та қоямын сол кездерді.

3. Тағы бір қызық сұрақ: «Жақаудың бойы қанша екен?»

  • Жақаудың бойы қанша деген сұрақ мені бір күлдіріп алды. Соңғы мәліметке сүйенсем, бойдың ұзындығы 1,75 шамасы, салмағым — 75 кг. Бота көзді, аздап қыр мұрынды, ұрса, өлтірмесе де, талдыруға шамасы келетін, күрессе дес бермейтін Адай руының, Жаңаөзен қаласы Маңғыстау өлкесі, жалпы қазақ халқының мақтанышына айналған өнерде біртуар азаматпын деп есептейді мені танитын барша достарым... )))

4. Рэпке деген қызығушылығыңызды ата-анаңыз қолдай ма?

  • Ата-анам қолдайды деп айта алмаймын, себебі олар да музыкада хайыр баракаттың жоқтығын біледі, сол себепті де аулақ жүр деп насихаттайды. Ал туған інім бұл өнерімді, ісімді мүлдем құптамайды, себебі Құран мен сүнеттен дәлелі бар. Мен де сол дәлелге бой ұсынамын.

Сұхбаттасқан Айжан Кәрібаева

Алматы көшелері: Сайын көшесі

$
0
0

Сайын көшесі Райымбек батыр даңғылынан басталып, солтүстіктен оңтүстікке қарай әл-Фараби даңғылына дейін созылып жатыр. Көше Төле би, Жандосов, Розыбакиев, Абай даңғылын қиып өтеді.

Бұл көше сонау 60-жылдары қаланың оңтүстік-батыс жағына тұрғын үй құрылысы салынып кеңейуіне байланысты пайда болған. Қазір бұл көше Алматы қаласындағы маңызды автомобиль магистралі болып табылады.

Қазақ совет ақыны Жұмағали Сайын 1912 жылы Көкшетау қаласындағы Арықбалық ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Жұмағали 10 жасынан бастап Көкшетау қаласындағы балалар үйінде тәрбиленеді. Сонда жеті сыныптық білім алып, ауылда мұғалім болып жұмыс істеді. Дәл осы кезеңде оның әдеби шығармашылығы басталады. 1928 жылдары ол ауыл өмірі жайлы қысқа әңгімелер жаза бастайды.

1929-1930 жылдар аралығында Петропавл қаласындағы техникумда, қазіргі Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжінде білім алады. Білімін шыңдау мақсатында 1931 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына келіп түсіп, оны 1932 жылы аяқтайды. Содан кейін Мәскеу институтының "Түрлі-түсті металл және алтын" бөлімінде дайындық курсын аяқтайды.

1932-жылдан бастап 1941-жылға дейін Қарағанды облысында халық ағарту орындарында, «Лениншіл жас» газетінде, Қазақстан Жазушылар Одағында, қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында қызмет етеді.

Ақынның «Толғау» деп аталатын тұңғыш өлеңі 1932 жылы жарық көреді. Ал тұңғыш өлендер жинағы «Бақыт жыры» деген атаумен 1936 жылы жарық көрген.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда ақын ойланбастан ұлы шайқасқа аттанады. Ол жақта Жұмағали Украинаның оңтүстігінде партизан отрядының комиссары, саяси жетекшісі болады. Шайқастардың бірінде ауыр жараланып екі айдай партизандар оны өздерімен алып жүреді де кейін Михаил Маслов деген кәрі шахтердің үйіне қалдырып кетеді. Қарапайым орыс отбасы оған мейірімділікпен қарап, оны өлім аузынан алып қалады. Дондық шахтер мен оның отбасының бұл игі ісі ақынның жадында ерекше орын алып, артынша оларға бірнеше өлеңдерін арнайды.

1944 жылы елге оралған Жұмағали өзімен бірге майданда болған достары жайлы өлеңдер жазып, оны Қазақстан мемлекеттік баспасынан «Жорық жырлары» деген атаумен басып шығарады.

1944-1947 жылдар аралығында Жұмағали Сайын Қазақ Мемлекеттік филармониясының, Халық творчествосы үйінің директоры болып қызмет атқарса, 1950-1956 жылдар аралығында «Жаңа өмір», қазіргі «Жұлдыз» журналдарында редактордың орынбасары болып қызмет атақарады. Ал 1960-1961 жылдар аралығында Республика көлемінде танымал газет «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болады.

Ақын Ұлы Отан соғысы мен халықтар достығы тақырыбында қалам тербеп жүріп, 1948 жылы «Айғақ» атты жаңа өлеңдер жинағын шығарады. Одан кейінгі жылдары «Алтай», «Таңғы салқын» атты дастандары, өлеңдер мен жырлары жинақталған «Таңдамалы шығармалар», «Жылдар», «Самал», «Таңдамалы» жинағы, «Жолда» жыры мен «Ұмытылмас күндер» деп аталатын әңгімесі жарық көрді.

Жұмағали Сайынның шығармашылығы оның үлкен азаматтығымен ерекшеленеді. Ол М.Ю.Лермонтовтың «Біздің заманның батыры», қырғыздың «Манас» жырының бірнеше бөлімдерін қазақ тіліне аударған болса, өзінің туындылары бірнеше тілдерге аударылып Қазақстаннан тыс газет-журналдардың беттеріне басылып шаққан.

Ақын өзінің өмірбаянында : «Патриотизм дегеніміздің күре тамыры Отанды сүю сезімінде жатқан тәрізді. Өз елін, өз Отанын шын сүймеген адам өз елінін азаматы бола алмайды. Өз елінің азаматы болмаған кісіден батырлық, табандылық та шықпайды. Отан сүю — өз жанынды сол Отан мақсатына түгел арнау, керекті кезеңде өміріңді қию — міне, менімше патриотизм дегеннің толық мағынасы осы» дейді.

Отанын шексіз сүйген азамат, патриот, ақын Жұмағали Сайын 1961 жылдың 28 мамарында ақын, солдат, азаматтың өмір бойы неге ұмтылғандығы туралы жырлап жазып жатқан «Адам» атты дастанын аяқтамастан Алматы қаласында көз жұмады.

Бүгінгі күні Жұмағали Сайын атымен Алматы, Көкшетау қалаларында көше атаулары, Айыртау ауданындағы мектеп аталынады. Алматы қаласында тұрған үйіне (Фурманов көшесі, 120) мемориалды тақта қойылған.

Мәтін: Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

_________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі

Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі

Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі

 

Желтоқсан айының театр репертуары

$
0
0

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры

87 ТЕАТР МАУСЫМЫ

Премьера

1 сенбі                   ШӘКӘРІМ Ә.Рахимов

драма       реж. Ә.Рахимов

2 жексенбі      ЕСКІ ҮЙМЕН ҚОШТАСУ Т.Нұрмағанбетов

реж. Е.Обаев

2 сағ.          драма

4 сейсенбі                     АБАЙ М.Әуезов

трагедия                                         реж. Е.Обаев

2 сағ.

5 сәрсенбі                   ҚАРА КЕМПІР Ә.Әмзеұлы

музыкалы драма                            реж. Е.Обаев,

1 сағ. 30мин                                                                               Т.Аралбай

6 бейсенбі     ҚОЖАНӘСІР ТІРІ ЕКЕН... Т.Нұрмағанбетов

реж. О.Кенебаев

2 сағ.       комедия

7 жұма       МӨЛДІР МАХАББАТ С.Мұқанов

реж. Ә.Рахимов

2 сағ.                 драма

8 сенбі          СЫҒАН СЕРЕНАДАСЫ И.Сапарбаев

реж.Е.Обаев

2 сағ.                                  мюзикл                                             Т.Аралбай

Премьера

9 жексенбі            ШӘКӘРІМ Ә.Рахимов

драма                                 реж. Ә.Рахимов

11 сейсенбі   ҚИЛЫ ЗАМАН                                 М.Әуезов,

Н.Оразалин

2 сағ.                             тарихи драма                              реж. Ә.Рахимов

12 сәрсенбі         ҚАЗАҚТАР Қ.Ысқақ, Шахимарден

2 сағ. 30 мин. тарихи драма реж. Тұңғышбай әл-Тарази

13 бейсенбі                   ТОМИРИС Шахимарден

трагедия             реж. Тұңғышбай әл-Тарази

2 сағ. 30 мин.

14 жұма                        ЖАУЖҮРЕК Д.Исабеков

реж.Е.Обаев

2 сағ.      драма

18 сейсенбі           ТЕНДЕРГЕ ТҮСКЕН КЕЛІНШЕК М.Сәрсеке

реж. О.Кенебаев

1 сағ. 30 мин.                       драма

Кіші зал

19 сәрсенбі    КӨШКІН Т.Жүженоғлы

ауд. О.Қыйқымов

1 сағ. 30 мин.      әфсана          реж. А.Кәкішева

Кіші зал

20 бейсенбі     ҚЫЛМЫС М.Байджиев

реж. О.Сәрсенбек

1 сағ. 30 мин.                     драма

21 жұма                     ЫМЫРТТАҒЫ МАХАББАТ Г.Гауптман

ауд. Қ.Ысқақ

2 сағ. 30 мин.              драма                                  реж. Р.Андриаян

22 сенбі        КСРО халық артисі, КСРО және Қазақстан Республикасының

мемлекеттік сыйлықтарының иегері А.Әшімовтың шығармашылық кеші

Премьера

23 жексенбі АРДАГЕРЛЕР Т.Әбдіков

драма реж. Е.Обаев

Кіші зал

25 сейсенбі             ҮМІТ ҮЗГІМ КЕЛМЕЙДІ Н.Келімбетов

реж. Е.Обаев

2 сағ.                                   драма                                                 Т.Аралбай

Ғ. Мүсірепов  атындағы  Қазақ  Мемлекеттік  Академиялық

балалар  мен  жасөспірімдер  театры

1 желтоқсан сенбі

Тұншыққан сезім авт. М. Байджиев

ауд. Р. Сейтметов

реж. Б. Сейітмамытұлы

2 желтоқсан жексенбі

Жұбайлар-ай, жұбайлар!

лирикалық комедия авт. М. Хасенов

реж. А. Бектеміров

4 желтоқсан сейсенбі

Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет авт. Ш. Айтматов

инсц және реж. Т. Теменов

5 желтоқсан сәрсенбі

Премьера Сағым қуғандар

авт. Ж. Солтиева реж. Б. Сейітмамытұлы

6 желтоқсан бейсенбі

Карменсита («Кармен» повесіне фантазия)

авторы және реж. Т. Теменов

7 желтоқсан жұма

Ай-Қарагөз… (трагедия) авт. М. Әуезов

реж. Т. Теменов

8 желтоқсан сенбі

Балкон (романтикалық иллюзия) авт. Е. Аманшаев

реж. С. Қарабалин

9 желтоқсан жексенбі

Келіндер көтерілісі комедия авт. С. Ахмад

ауд. А. Сүлейменов реж. М. Ахманов

11 желтоқсан сейсенбі

Күшік күйеу комедия авт. Т. Ахтанов

реж. Ж. Хаджиев

12 желтоқсан сәрсенбі

Ай-Қарагөз… (трагедия)

авт. М. Әуезов реж. Т. Теменов

13 желтоқсан бейсенбі

Желтоқсан желі драма

авт. С. Асылбекұлы реж. М. Ахманов

15 желтоқсан сенбі Премьера

Сағым қуғандар

мистика

авт. Ж. Солтиева реж. Б. Сейітмамытұлы

18 желтоқсан сейсенбі

Қызыл орамалды шынарым екі бөлімді драма

авт. Ш. Айтматов инсц. және реж. Т. Теменов

Басталуы: сағат 18.30-да
Мекен-жайы: Абылайхан даңғылы, 38 (М. Мәметова көшесінің қиылысы)

Анықтама  телефондары: 271-42-37,  273-22-48

teatr-musrepov.kz

Бағасы: 250 – 500 тг

Мемлекеттік академиялық би театры

11 желтоқсан

ГАТОБ

Анна Павлова - Лебедь Русского Балета

28 желтоқсан

ҚАЗМЕМФИЛАРМОНИЯ

ЖИЗЕЛЬ

байланыс телефондары: 87014967409

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры

12/23/2012 — 17:00

П. Чайковский «Щелкунчик» (балет)

12/22/2012 — 18:30

«Самрұқ» заманауи би театры Антибалет - «Лысая певица»

12/21/2012 — 18:30

А. Адан «Жизель» (балет)

12/20/2012 — 18:30

Дж. Россини «Севильский цирюльник» (опера)

12/15/2012 — 18:30

муз. П. Чайковский «Анна Каренина» (балет)

12/14/2012 — 18:30

А. Жұбанов, Л. Хамиди «Абай» (опера)

12/13/2012 — 18:30

А. Рыбников «Юнона» мен «Авось» (ритм- рок балет)

12/09/2012 — 17:00

А. Меликов «Легенда о любви» (балет)

12/06/2012 — 18:30

Е. Брусиловский «Қыз Жібек» (опера)

12/05/2012 — 18:30

Б. Асафьев «Бақшасарай бұрқағы» (балет)

12/01/2012 — 18:30

12/02/2012 — 17:00

Премьера Ф. Легар «Веселая вдова» (оперетта)

Касса: +7 (727) 272-79-34

Қуаныш Базарғалиевтің «13» атты көрмесі ашылды

$
0
0

Осы бейсенбіде «Екпін» журналы танымал суретші, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Қуаныш Базарғалиевтің «13» атты көрмесінің ашылу салтанатына барып қайтты.

Достары, жора-жолдастарының арасында Куба аталып кеткен Қуаныш Базарғалиев 1969 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Жастайынан сурет салуға құмартқан болашақ суретші 1990 жылы Ресейдің Сафонов қаласындағы көркем-өнеркәсіп училищесін «декоратор-безендіруші» мамандығы бойынша аяқтап, одан кейін Ақтөбедегі Жұбанов атындағы педагогикалық институттың "Көркем сурет және графика" факультетіне түседі. Оқуын аяқтағаннан соң бар жан-тәнімен көркем өнердің сыйқырлы әлеміне еніп кетеді. 1999 жылы өзінің жұмыстарын арқалап әсем қала Алматыға келген суретші осы қалада қалғысы келетіндігін түсінеді.

Алматы Қуанышқа тек шығармашылық жаңа шабыт сыйлап қана қоймай, әрбір ер азаматтың арманы ақылы, көркіне сай, он саусағынан өнердің балы тамған Сәуле есімді арумен табыстырады.

Бұл көрме Қуаныштың алманың Отаны Алматыға келгендігіне 13 жыл толғанына орай ұйымдастырылып отыр десек те болады. Өйткені көрмедегі суреттер оның осы қалада тұрақтаған 13 жылдың ішінде жасаған еңбегі.

- Бұл көрмеде менің 13 жыл бойы жасаған әр түрлі стильдегі жұмыстарым қойылған. Тек 2009 бен 2010 жылдар аралығындағы жұмыстарым ғана жоқ деуге болады. Өйткені бұл жылдар менің шығармашылық күйзелісті өткеріп жүрген уақытым болатын. Ол кездің туындыларының барлығын сол жылдары-ақ жоқ қылғанмын. Алматыны маған асыл жар, жақсы достар сыйлағаны үшін жақсы көремін. Бұл көрме менің сүйікті қызым Медина мен жарым Сәулеге арналады.

Медина, Қуаныштың қызы:

- Әкешімнің суретші болғандығы ұнайды. Мен оның барлық туындыларын жақсы көремін. Бүгінгі көрмедегі туындылар әкемнің 13 жыл бойы жасаған еңбегі болғандықтан, оның аты да «13» деп аталады.

"Францияның байрағы", 2009 ж.

"Мен қаламаймын...", 2012 ж.

Қуаныштың Сәулесі:

- Қуаныш Базарғалиев ғажайып суретші. Оның әрбір туындысынан қазіргі жалған әлемде шынайы болып қалғысы келетіндігін байқайсыз. Мысалы, оның «Мен қаламаймын...» деген туындысынан өтірікті жек көретіндігін көресіз. Ана сәбиін 9 ай құрсағында алып жүргендей, Қуаныш та өзінің жұмыстарын ішінде ұзақ уақыт алып жүріп, әбден ойластырып, еш кемшілігі жоқ бүтін туындыны өмірге алып келеді. Сонысымен де оның әрбір жұмысы ерекше. Ол өте мықты суретші. Қуаныш менің күйеуім болғандықтан солай айтып тұрған жоқпын. Өйткені біз екеуміз екі түрлі адамбыз. Мен тез ойланып, жылдам жұмыс істеймін. Ал ол болса, өте ұзақ ойланып, өзінің толық дайын болған уақыты келгенше ойлағанын іштей пісіріп, жетілдіріп, асықпай қылқаламын қолына алады. Біз осылай 13 жыл бірге өмір сүріп келеміз.

Натюрморт, 2012 ж.

"Қашу", 2011 ж.

"Вавилон", 2003 ж.

"Терезе", 2004 ж.

Айсұлу Әзімбаева, актриса

- Мен осы көрме ұйымдастырылғалы жатқан уақыттан бері басы-қасында жүрген адамдардың бірімін. Сол уақытта Қуаныштың 13 жылдың ішінде жасаған еңбектерін көру, жұмыстарының тарихымен танысу маған үлкен қуаныш сыйлады. Оның «Үстелдер мен орындықтар» топтамасындағы «Отбасы» туындысы өте тамсандырды.

"Отбасы", 2012 ж.

Валерия Ибраева, өнертанушы:

- Қуаныш суретшілер арасында көп кездесе бермейтін талдампаз суретші. Ол бірінші әлеммен танысып, өз туындыларында оны рет-ретімен салыстырып қояды. Сол кезде бәріне түсінікті болмаса да, өз көзіне түсінікті бейнелер пайда болады. Мысалы, көрмедегі «Үстелдер мен орындықтар» топтамасындағы «Отбасы» деген туындысын алатын болсақ, сыңған орындықтар мен үстінде түк жоқ үстел арқылы отбасында болатын қиын уақыттардың бірін көрсетеді. Отбасының жағдайын суретке салу оңай іс емес. Бірақ Қуаныш отбасын бірінші орынға қоятын ерекше суретшілердің бірі.

"Сатылатын өнер" топтамасының суреті, 2011 ж.

"Сатылатын өнер" топтамасының суреті, 2011 ж.

Көрмедегі туындыларды желтоқсан айының соңына дейін, жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін, сенбі 10:00-ден 18:00-ге дейін тамашалауға болады.

Мекен-жайы: Фурманов көшесі, 193 (Сәтпаев көшесінің қиылысында), «Пространство L.E.S» (бұрынғы Social Club Battler)
Көрмеге кіру — тегін.

Қуаныш Базарғалиевтің туындылары бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Мәдениет министірлігінің көркем сурет және аукцион дирекциясында, Атырау облысының Ш.Сәриев атындағы өнер мұражайында, Түркияның Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының мемлекеттік суреттер қорында, Ричард Спунер (АҚШ, Қазақстан), Алексис де Тизенгаузен (Кристис, Ұлыбритания) сынды шетел мен Қазақстан коллекционерлерінің жеке топтамаларында сақталған.

Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева

Фото автордікі

Ринат МАЛЦАГОВ: «Құжат бойынша ғана емес, өмірімде де шынайы қазақпын»

$
0
0

Сүйікті әншілері: Андреа Бочелли, Эрос Рамазотти;

Жетістіктері: Павлодар облыстық «Хрустальный звон» байқауында ІІІ орын (2011 жыл);

Италиядағы халықаралық байқауда бірінші орын (2004 жыл);

«Superstar.KZ» ән жобасының финалисі (2006 жыл)

«Перцы» тобының солисі (2006-2010 жылдар);

«Әсел және оның достары» сериалына түсті (2010-2011 жылдар);

«Жаным-2» сериалына түсті (2011-2012 жылдар);

— Сәлеметсіз бе, Ринат! «Хрустальный звон» байқауында топ жарып, «Superstar.KZ» жобасында ақтық мәреге шығып, Павлодар өңірінің тұрғындарын қуантқан әншіні сағынып қалған сияқты... Сізбен сұхбаттаспақ ниетіндеміз. Қалай қарайсыз?

— Жақсы, әрине!

— Ринат, бірде «Қазақ тілінде ән айту — мен үшін қарапайым құбылыс» депсіз. Айтыңызшы, қазақша ән айту шығармашылығыңыз үшін қаншалықты маңызды?

— Туып-өскен жерім — арқыраған ән мен күй, айт пен той, нағыз өнер ортасы тәрізді еді. Кіндік қаным тамған жер — Ақтоғай ауданының (бұрынғы Новотроицк) Жалаулы ауылы. «Ел іші — өнер кеніші» демекші, мен осындай ортадан суырылып шықтым. Балалық кезімдегі әнге деген құштарлық мені үлкен өнерге жетеледі. Мен де, қарапайым қазақ баласы сияқты апамның құрт-малтасын жеп, атамның өнегелі әңгімелерін бойыма сіңіріп өскен баламын! Сондықтан, қазақша ән айтып, халықтың көңілінен шығу — өнердегі басты мақсаттарымның бірі. Өкінішке қарай, ән-қоржынымда қазақша туындылар аздау. Жуырда «Ханшайым» атты әнге бейнебаян түсіріп, оны үстіміздегі жылғы қазанында теледидар арқылы таралымға жібермек ойымыз болды. Шығармашылығымдағы мен үшін айрықша қымбат әндердің бірі — «Өткен күндер». Оны кезінде еліміздің халық әртісі Роза Рымбаева шырқаған. Дегенмен, болашақта репертуарымдағы қазақ әндерінің санын көбейтпекпін.

— Бірде «Менің өмірім — теңіздегі кеме сияқты. Өмірімдегі дұрыс бағытымды, мақсат-міндеттерімді айқындауым қажет» деп айтқаныңыз есіңізде ме? Келесі сауалым осыған орай: теңіздегі кеме дұрыс бағытта жүзіп келе жатыр ма?

— Иә-иә, есімде! Бұл сөздерді бір жыл бұрын айтқан болатынмын. Құдайға шүкір, шығармашылық жолда алға қойған мақсат-міндеттерімді орындау үшін тер төгіп еңбектенудемін. Оған халқым куә. Ән айтумен шектелмей, әртістік қырымнан көрініп жүргеніме қуаныштымын. Дегенмен, өміріме рухани тепе-теңдік жетіспейді. Құпиямды ашайын, отбасылы болғым келеді! Бұл жөнінде бұрындары айтып көрмеппін...

— Төлқұжатыңызда ұлтыңыз қазақ деп жазылып тұр екен...

— Дұрыс айтасыз. Дегенмен, мен құжат бойынша ғана емес, өмірімде өзімді шынайы қазақпын деп есептеймін. Бұны біреу білсе, біреу білмес. Дүние есігін ашқан сәттен салт-дәстүрлерді құрметтейтін нағыз қазақ жанұясынан түледім. Анам Райхан мені және екі бауырыма тәрбие беріп, адамдық қасиеттерге баулыды. Бүгінгі күні үлкен белестерді бағындырып, өмірден өз орнымызды тапқанымыз — анамыздың арқасы. Өнер жолына түскен сәтте анам бұл қалауымды барынша қолдауға тырысты. Белгілі бір байқауларға қатысу үшін анам тыным таппай қаражат іздестіргені әлі есімде. Сол себепті, анамды алғашқы продюсерім деп есептеймін.

— Отандық шоу-бизнес саласында республикалық, тіпті облыстық деңгейдегі мерекелік шараларға шетелдік жұлдыздарды шақыру үрдісі қалыптасқан. Алысқа бармай-ақ қояйық. Мәселен, биылғы жазда түлектер кешіне ресейлік «Челси» тобы, ал Екібастұз қаласының 55 жылдық мерейтойына Игорь Николаев келіп, концерт қойды. Осыған байланысты пікіріңізмен бөліссеңіз...

— Бұл үрдіске байланысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Еліміздің танымал продюсері Баян Есентаева да бір сұхбатында: «Мен Оксана Пушкинадан кем емеспін! Талантты өнерпаздар бізде де бар» деп айтқан болатын. Алайда, менің пікірім өзгеше. Шетелдік әншілерді шақыру — отандық шоу-бизнесті ілгерілеуге апаратын тетіктердің бірі деп білемін. Оларға қарап, бой түзеп, тәжірибе алмасуға жол ашылады емес пе?

— Ринат, «Superstar.KZ» жобасынан кейін сахналас әріптестеріңмен «Перцы» тобын құрып, халыққа танылдыңдар. Бірақ, төрт жылдаң соң аталмыш топ тарап кетті. Бұл сәт сен үшін қиынға түскен жоқ па?

— Шығармашылық адамдары нәзік болатыны рас. Бұл мен үшін қиын сәттердің бірі болды, қатты күйзелдім. Бақытыма орай, жақын досым Алмас Кішкенбаев әрдайым жанымнан табылып, рухани қолдау көрсетті. Ертістің Павлодар өңіріндегі ұстаздарым Елена Валько мен Елена Барковаға да айтар алғысым шексіз. Олардың кеңестеріне құлақ асып, жеке әншілік бағытқа бой алдым.

— Ұзынқұлақтан сіз әншілікті экономиканың менеджмент саласымен ұштастырмақ болғаныңызды естігенбіз. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады?

— Ой сұрамаңыз, ұят-тағы! «Гу-гуден» естігеніңіз шындық. Мен Алматыдағы халықаралық бизнес университетінің (UIB) менеджмент бөліміне түсіп, бір семестр бойы студенттік өмірдің кереметін сезіндім. Бірақ, «Әсел және оның достары» сериалының түсірілімі салдарынан екінші семестрге бара алмадым. Сөйтіп, сабақтан қуылып, оқудан шығарылдым. Дегенмен, мойымаймын, алдағы уақытта қайта студент атануға барымды саламын.

— Бүгінгі күні сіз «Superstar.KZ» жобасынан түлеп ұшқан талантты әнші ғана емес, әртіс ретінде де танымалсыз. Еліміздің халық әртісі Асанәлі Әшімов сериалдарды кино деп есептемейді екен. Сіз ше? Шығармашылығыңыздағы сериалдардың рөлі қандай?

— «Жаным-2» және «Әсел және оның достары» сериалдары — отандық телеиндустрияның жемісі мен жеңісі деп есептеймін. Себебі, осы дүниелер арқылы шығармашылықтың кино атты жаңа баспалдағына көтеріліп, әртіс ретінде қалыптасудамын. Негізі, бұл өнер саласы әрдайым қызығушылығыма ие болған. Мәселен, «Әсел және оның достары» атты жастар сериалы — өмірімдегі қызыққа толы, ұмытылмас сәттерімнің бірі. Тіпті, кей кездері түсірілім алаңында тәртіпке бағынбағандықтан, режиссерден ұрыс та естідік.

— Балалық шағыңызда бокспен айналысқаныңыздан хабардармыз. Сол себепті, «Чемпион» атты шоу-бағдарламаға қатысқанда, сізді жеңіске жетеді деп сенгенбіз. Сеніміміз неге ақталмады?

— Шыны керек, өзім де жеңемін деп топшылағанмын. Дегенмен, былғары қолғапты «шегеге іліп» қойғаныма біршама уақыт өткендіктен, жолым болмады. «Чемпион» жобасы мен үшін үлкен сабақ болды. Міне, бағдарлама аяқталған сәттен жеті ай өтті. Осы уақыт аралығында үздіксіз жаттығудамын. Бокс сүйікті ісіме айналды.

— Өнер уақыт өткен сайын өрлеп, жаңашылдық әкеле беру керек. Алдағы уақытта тыңдармандарыңды қандай жаңашылдықтармен қуантпақсыз?

— Шығармашылық ізденіс кезінде түрлі ойлар туындайды. Адамды әруақ қысқан сияқты, жаңа идеялар келіп, бұрынғы жоспарың жүз сексен градусқа өзгеруі ықтимал. Бір журналистке берген сұхбатым есіме түсіп тұрғаны! Ол «Сіз домбырада ойнайды екенсіз ғой?» деп сұрағанда, таң қалғаным бар. Мен бұл ұлттық аспапты қолыма алып көрмеппін. Алайда, қызығушылық бар. Болашақта, домбырада ән шырқауым ғажап емес! Жаңашылдығым осы болар.

— Бүгінде аспандағы жұлдыздарға қарағанда, жердегі жұлдыздар көп сияқты. Сіздің ойыңызша, сахналас әріптестеріңіздің бойында қандай қасиет жетіспейді?

— Жұлдыз деген сұлулық қой. Өнер сұлулығы. Бір-екі әнге бейнебаян түсіріп, мұрнын шүйіріп кететіндер бар, әрине. Десе де, жұлдыздар бізге көптік етпейді. Оларда қарапайым адами қасиет аздау деп ойлаймын. Бірақ, көрермендер де неғұрлым қарапайым болса деген тілек те бар.

— Әңгімеміздің соңында жерлестеріңізге қандай тілек білдіресіз?

— Өнерімді бағалап, құрмет тұтатын жерлестеріме бас иемін. Айтар алғысым шексіз. Біз сияқты талантты жастарды халыққа танытып, табыстырып отырған журналистерге де ризамын. Рахмет!

Сұхбаттасқан Ақмарал ЕСІМХАНОВА

Дәстүрлі өнерді насихаттаған «Інжу» көрмесі

$
0
0

«Екпін» бүгін қолөнерші Мейраш Битанованың «Інжу» атты алғашқы көрмесінде болып келді.

Корейлер «поджаги», ағылшындар «квилт», аустралиялықтар «пэчворк» дейтін құрақ құрау өнері ықылым заманнан келе жатқан ата-бабамыз мұра еткен дәстүрлі өнер. Сол дәстүрді жалғап келе жатқан апаларымыздың бірі Мейраш Битанова өнерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатындаосындай көрме ұйымдастырған екен.

Мейраш апай: - Қолөнермен кішкентай кезімнен айналысамын, анамнан қарап үйрендім. Бұл енді біздің дәстүр болғаннан кейін, үйде әрдайым қыздарыма, немерелеріме үйретіп отырамын. Соның бәрінен осындай көрме пайда болды. 63 жасымда осындай жаңа бір іс істеймін деп ойламаппын (күліп).

Мына машинка менің анамның анасынан қалған.

Көп құрақтарды осымен жасағанмын.

Ал қазірде балаларым алып берген мынадай құрылғыны қолданамын.

Көрмеге көп адам келеді деп ойламаппын. Келіп, қызығып, сұхбат алып жатқандарына қуанып қаламын. Қазіргі заманда қандай да болса идеяңды жүзеге асыра аласың. Ең бастысы, істей алатын нәрсеңді сыртқа шығара білу керек.

Қазақтың ою-өрнектері, жайқалып шығатын "мүйізі", мысалы, адамға жақсы әсер етеді. Әр өрнек бақыт, байлық сыйлайды.

Кейбір өрнектерді бір жерлерден көріп қалам, кейбіреулері жұмысқа кіріскенде өзімен-өзі пайда болып жатады. Өнер деген еңбектенген адамда шыға береді ғой.

Бұл дәстүр ары қарай да жалғасса екен деймін. Сондықтан оны ұмытпасын деп, еске салу біз сияқты үлкен буынның міндеті деп білем.

Егер осы өнерге шын пейілмен қызыққан қыз-келіншектер болса, үйретуге, көрсетуге әрдайым дайынмын. Өйткені адамның өзі ниеттеніп, шын көңілмен тіккен көрпелері, құрақтары, жасауы болсын берекелі болады.

________________________________________________________________________

Көрме Әуезов көшесі, 3 "а" (Төле би қиылысы) "Artfoglio" галереясында 20-желтоқсанға дейін болады.

Қосымша ақпарат алу үшін: 379 66 13, 8777 243 11 30

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева

«Қазақ жастарына»

$
0
0

«Екпін» жобасы «Алаш» айдарында «Айқап», «Қазақ» басылымдары беттерінде жарық көрген мәдениет, әдебиет, тіл және жастар жайында жарияланған мақалалар тізімін жасап, оқырмандарымен бөліспекші. Алғашқы материалымыз 1912 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың оқу-білім мен тәрбие тақырыбына арналған, келесі материал Уалиолла Халелидің тіл мәселесі мен педагогика турасында, Ғұмар Қараштың халық бірлігі мен тіл, әдебиет мәселелеріне арналады. Бүгінгі Есенғали Қасаболатовтың мақаласы жастарды халық игілігі үшін еңбек етуге, өнер-білімге шақырады.


ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНА

Басқа жұрттардың жастарына қарасақ, бәрі де өнерпаз болып, түрлі-түрлі пайдалы істер істеп, заманның төріне қарай бірінен-бірі қалмай, білімін асыруға тырысып жатыр. Жұртта білім болса, байлық, құрмет, барша рахат та табылмақшы. Егерде білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші. «Баста ақыл жоқ болса, аяққа күш түседі» дегеннің мағынасы осы. Ақсақ қойдай артқа қалған халықты қатарға кіргізетін, заманның амалына түсініп, жол көргізетін жаңа талап, талпынған әр жігіт, жастар болса керек еді. Бірақ қазақтың оқып шыққан мырзалары ондай амалды талап етіп ілгері ұмтылғандары бек аз көрінеді.

Қазақтың қазақ болып, жоғары орындарға бара беріп, доктор, адвокат һәм ғаири кәкім болып жүргендері жоқ емес. Бірақ бүгінге шейін қазақтан пәленше ғалым (образованный) адам шығып, қара қазаққа пайда келтіріп жүр дегенді ешкімнен естігеніміз жоқ.

Гимназия, реальный мектептерінде һәм университетте оқып жүргенде баршамыз да құр тілмен жұртқа пайда келтірмекшіміз. Қараңғыда қармалып жүрген жұртты қолынан ұстап жарыққа шығарып, әлдеқандай іс істемекшіміз. Бірақ оқып бітіріп шыққан соң оның бәрі де ұмыт болады. Бір жерге хакім болу қамына түсіп, еліміздің қай жақта жүргенін де білмейтін боламыз. Ауыз бірлігіміздің жоқтығынан біріміз анда, біріміз мұнда азып-тозып жүрміз. Біріміздің айтқанымызды басқамыз тыңдап, дұрыс болса жөн деп, бұрыс болса мұның былай емес деп жөндеп, кеңесіп тұрмағандығымыздан, жұртқа пайдамыз тиіп басшы бола алмаймыз. Қанша оқу оқып ел аралап, жер кезіп, басқа жұрттың әдебиетін үйреніп, әдетін істеп жүрсек те, бірқатарымыздың надандығымыз қалмайды.

Біздің қазақтың ілгері орындарда оқып шыққан жігіттерінің және бір келіспеген ісі — қазақ ішінде тұрып қызмет етпей, басқа жұрттар арасында тұрғанды тәуір көреді. Мұның не себептен екенін білмеймін. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген, ел ішінде хакім болып, не болмаса өзге жұмыспен тұрса да кімде-кім күнін көрер еді. Жалпы халық арасында рет білген кісілердің жоқтығынан ел жүдеп-жадап, кім болса соның аузына қарап, жөнін біле алмай аңырайып тұрғаны.

Ел ішінде ауру-сырқауымыз болса, доктор жоқ, күтуші жоқ. Ауру бірінен-біріне жұғып, күшейіп елімізді қырып бара жатыр. Ел арасында заң жоқ, шариғат жоқ, теңдік бітіп, әділшілік кетіп болған. Бай кісі жарлыны жылатып, қарғап, барды-жоқтан бәле салып, екі бұзаулы сиырының бірін алып бала-шағасын аш тастайды. Жөн айтқан бір адам жоқ. Бозбаланың ұрлық-өтірігі аралас, жолдан тозып болды. Ақыл берген бір кісі жоқ. Осындай неше түрлі пәлекетті көрмей жүруіміз, жол білген жігіттеріміздің өз халқын бұ секілді бәледен құтқаруға еңбек етпеушіліктері зор айып деп білеміз. Осыны білу оқыған (образованный) дарымызға міндет деп түсінеміз!

Кел, мырзалар, жаңа талап жастар! Елімізге қызмет етелік, жұрт істегенді біз де істелік, көрінгенге күлкі болмайық.

Студент Есенғали Қасаболатов

«Қазақ» газетінің 1913 жылы 1-наурызда

№4 санында жарық көрген



Есенғали Қасаболатов — Алаш қайраткері, дәрігер. Орал облысы, Калмыков уезінің Антоновка (қазірде Ақжайық ауданы) деген жерінде туған. 1901 жылы Калмыковтағы орыс-қазақ мектебін бітіріп, сол кезден бастап орыс тілін игеруге ден қояды және оны өте жетік меңгереді. 1909 жылы Орал Реалдық әскери мектебін бітіріп, білімін жалғастыру мақсатымен ғылым жолын қуып, Саратов университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. 1915 жылы университетті өте жақсы нәтижемен бітіріп шығады. Елге келген соң Калмыков уезінің Жылықоныс деген ауылында дәрігер болып жұмыс істейді. Дәрігерлік қызметін атқара жүріп қоғамдық жұмыстарға араласады. Көптеген лауазымды жұмыстар атқарған оның халыққа қамқор, ұлтына жанашыр пиғылы кеңес үкіметіне жақпай, 1937 жылдың 29 тамызында Алматы қаласында тұтқынға алынып, 1938 жылы 26 ақпанда ату жазасына кесілді.

Алматы көшелері: Досмұхамедов көшесі

$
0
0

Досмұхамедов көшесі Байтұрсынов пен Шәріпов көшелерінің арасында орналасқан. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай Мақатаев көшесінен Абай даңғылына дейін созылып жатыр. Көше Гоголь, Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би, Қабанбай батыр, Жамбыл көшелерін қиып өтеді.

Бұрын Степная деп аталған Досмұхамедов көшесі 1995 жылға дейін Мичурин көшесі деп аталып келген. Көп бөлігі дұнған ауылдарынан өткен бұл көше ХІХ ғасырдың соңында пайда болған. Бұл көшеде кезінде саз балшықтан және саманнан тұрғызылған үйлер, дүңгіршектер, шеберханалар және қонақ үйлер болған. Көшенің бойында көбіне көлік-арба тасымалымен, кішігірім сауда-саттықпен, ауыл шаруашылық өнімдерді өңдеумен, кірпіш жасаумен айналысатын дұнғандар тұрған. Кейіннен қазіргі Досмұхамедов көшесі қайта құрылып, заманауи көп қабатты ғимараттар салына бастаған. Бүгінгі күні бұл көшенің бойында бірнеше спорттық обьектілер, дүкендер, қонақүйлер, бизнес орталықтары, т.б. орналасқан.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократиялық бағыттағы зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі, дәрігер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы-педагог Хәлел Досмұхамедұлы 1883 жылдың 24 сәуірінде Атырау облысының Тайсойған ауданының Тайсойған құмында қарапайым көшпендінің көп балалы отбасында дүниеге келген.

Өз заманының парасатты, көзі ашық адамдары әкесі Машақ пен анасы Үйкен ұлдарының болашақта білімді тұлға болып қалыптасуын тілеп алғашында оны ауыл молдасына сауатын ашуға береді. Ауыл молдасынан біраз білім жинаған Хәлелді ата-анасы Көкжар қаласындағы бір кластық орыс-қырғыз училищесіне білім алуға беріп, одан кейін оны Орал қаласында орналасқан әскери-реалды училищеге түсіреді. 1903 жылы училищені үздік бітіріп шыққан ол сол заманның тек таңдаулы өкілдері ғана оқитын жоғарғы оқу орны – Санкт Петербургтегі Императорлық әскери-медициналық академиясына түсіп, оны 1909 жылы алтын медальмен дәрігер дәрежесінде бітіріп шығады. Оқуын үздік бітірген Халелді 1909 жылы кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге әскерге жібереді. Ол Түркістан, Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери-дәрігер болып қызмет атқарады.

Хәлел Досмұхамедов қазақтың ұлтжанды зиялылары қатарында жалпы ұлттық саяси «Алаш» партиясын құрушылардың бірі және 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметінің мүшесі болған. 1918 жылы  өзге де алашордалықтармен бірге партия өкілі ретінде Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен бетпе-бет кездесіп қазақ автономиясы жөнінде келіссөздер жүргізген. Бұл кездесуде олар Алашордаға ішінара билік беру (заң шығару, атқарушы билік, сот жүргізу, өз әскері болу), қазақтар шоғыр­ланған жерлерді түгел қазақтарға қайтару, әр жерде кеңес органдары тұтқындаған алаш қайраткерлерін түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек беру сияқты маңызды мәселелерді көтереді.

1920 жылы «Алаш» партиясы таратылып, оның Батыс бөлімінің жетекшілерінің бірі Хәлел Досмұхамедұлына Кеңес үкіметі тарапынан кешірім жасалды. Содан сол жылы ол Ташкент қаласына келіп, Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау және Халық ағарту комиссариаттарында жауапты жұмыстармен қатар, жоғары оқу орындарында ұстаздық және ғылыми-педагогикалық, шығармашылық жұмыстармен айналыса бастайды.Ол өзінің ғылыми-педагогикалық қызметімен өлкеде маман кадрларды даярлауға, халықтың денсаулығын сақтауды ұйымдастыруға, халық ағарту ісі мен жоғары білімді дамытуда ерекше үлес қосқан.

ХХ ғасырдың басында Хәлел Досмұхамедов Халық ағарту Комиссариатының Білім комиссиясын басқарып тұрған кезінде қазақ зиялыларына қазақ тілінде жоғары оқу орындары мен ұлт мектептеріне арналған әртүрлі ғылым саласында оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға ұсыныс жасайды. Бүгінгі күнге дейін өзінің мәнін жоғалтпаған Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймаутовтың «Психология» оқулықтары осы кезеңде жазылған.

Сондай-ақ Хәлел Досмұхамедұлы І және ІІ сатыдағы қазақ мектептеріне арналған «Өлі табиғат» оқулығы, «Жануартану», «Табиғаттану» , «Оқушылар гигиенасы», «Адамның тән тіршілігі», «Денсаулығыңды сақта» және тағыда басқа жаратылыс тану цикліндегі пәндер бойынша алғаш қазақ мектептеріне арнап оқулық жазған автор болып табылады.

Досмұхамедұлының ғылыми мұрасының негізгі бағыты  - тіл білімі, әдебиет, тарих, этнография мәселелері де болған. Хәлелдің «Қазақ әдебиеті», «Аламан», «Мұрат ақынның сөздері», «Шернияз шешен», «Исатай-Махамбет», «Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат түрік», «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» атты ғылыми еңбектері оның жан-жақты терең, энциклопедиялық білімі болғандығын көрсетеді.

Ол әр жылдары Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушысы, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емхана­сының ординаторы, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1925 жылдың 15 тамызында Ташкент қаласында ашылған Қазақ жоғары педагогикалық институтының проректоры болса, 1928 жылы осы Қазақтың жоғары педагогикалық институтының негізінде ұйымдасқан Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің негізін қалаушылардың бірі, бірінші проректоры болып тағайындалады. 1930 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып 19 ай абақтыда отырып, 1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударды. Онда жүрген 1932-1934 жылдар аралығында ол  Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды ем­деу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары, 1934-1938 жылдары Воронеж аудандық денсаулық сақтау бөлімінің пионерлер лагерінде балалар дәрігері секілді қызметтерде істеген. Содан 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесіне жабылады. Сөйтіп 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесіледі. Бірақ сот кесімін қайта қарау туралы шағым арыз жазады. Сөйтіп жүрген аралықта қазақ халқына қалтқысыз қызмет еткен ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы «алыптар тобының» көрнекті өкілі, «Алаш» қозғалысының көшбасарларының бірі, дәрігер, жан-жақты ғұлама ғалым, ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері Хәлел Досмұхамедов 1939 жылдың 19 тамызында түрме емханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болады.

Оның ісі 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып, Хәлел Досмұхамедұлының есімі ақталды.

Бүгінгі күні Хәлел Досмұхамедұлының атымен Алматы қаласында, туған жері Атырау қаласында көше, Миялы ауылында мектептің аты аталынады. Сондай-ақ Алматы қаласында ғалым тұрған үйге (Төле би, 29) мемориалды тақта қойылған.

Фото: Айжан Кәрібаева

Мәтін: Айнұр Ракишева

_________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі

Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі

Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі

Алматы көшелері: Жұмағали Сайын көшесі


Кезекті видео-блог: қазақ жастары мен тәуелсіздік

$
0
0

Достар, сіздердің назарларыңызға біздің кезекті видео-блогымызды ұсынып отырмыз. Осы жолы тек өзіміз сөйлемей, басқа адамдардың пікірлерін білуге тырыстық. Сонымен қазақ жастары өз замандастары жайлы не ойлайтынын білу үшін видеоны бірге тамашалайық.

Видеодан білетіндеріңіз:

- жастар мен әлеуметтік желілер

- жастардың спортқа қызығушылығы

- Нұрлан Сыдықов, Руслан Желдібай үшін тәуелсіздік дегеніміз не

- Бақытжан Бұхарбаевтың ойынша жастарға не жетіспейді және т.б.

оператор, монтаж: Ерлан Аменов

© Екпін

 

«Жылы өлке»

$
0
0

6 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі аясында Мемлекеттік орталық мұражайда Қазақстан мен Орта Азияның белгілі суретшілерінің туындылары жинақталған «Жылы өлке» атты көрме ашылды.

Көрменің басты мақсаты Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты бұрынғы біртұтас социалистік мемлекеттердің ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы реалист-суретшілерінің біртума туындыларымен таныстыру.

Көрмеден қазіргі отандық бейнелеу өнерінің берік іргетасын қалап, қазақ тарихын, мәдениетін және дәстүрін бейнелеуде өнегелі жол көрсеткен Ж.Шарденов, К.Шаяхметов, А.Черкасский, Н.Нұрмұхамедов, М.Кенебаев, А.Исмаилов, Б.Табиев сынды тұлғалардан бастап, Өзбекстан мен Қырғызстанның халық суретшілері А.Перов, К.Керімбеков, А.Осмонов сынды суретшілердің 70-ке жуық тамаша туындыларын тамашалай аласыздар.

Ал енді назарларыңызға Екпіннің "Жылы өлке" көрмесіне шолуын ұсынамыз.

"Шығарып салу", 1977 ж. А.Перов, Өзбекстанның халық суретшісі.
"Шығарып салу", 1977 ж. А.Перов, Өзбекстанның халық суретшісі.
"Дастарқан", Е.Бисембинова.
"Таң. Балықшылар", 1990 ж. К.Керімбеков, Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
"Тоқтағұлдың әні", 1985 ж. Т.Назаренко.
"Тау өзені", 1978 ж. К.Керімбеков
"Қалыңдық", Т.Тоғысбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
"Салнақтың шуақты күндері", 1987 ж. Т.Тоғысбаев.
"Жанұя", Б.Табиев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
"Арсланбоб", 80-жылдар, В.Корбан.
"Жайлау", 1972 ж. А.Шурыгин.
"Жайлаудағы таң", 1974 ж. В.Светлицский.
"Ана", 1995 ж. А.Осмонов, Қырғызстанның халық суретшісі.
"Үзіліс", В.Мартиросов.
"Жылы өлке" көрмесі 6 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында өтеді. Бейнелеу өнері шеберлерінің  туындыларын сағат 10:00-ден 17:00-ге дейінгі аралықта тамашалай аласыздар.
Демалыс күні: сейсенбі
Мекен-жайы: Самал-1, 44 (Фурманов пен Жолдасбеков көшелерінің қиылысында)
Байланыс телефондары: 264 - 46 - 50, 264 - 55 - 66
Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева

«WiFi-25»: Біз жасандылықтан қашамыз

$
0
0

Соңғы айларда қазақ интернетін шулатқан бір видеожоба пайда болды. Бірі оларға тамсанып, көкке көтерсе, екіншілері сынап, жерге түсірді. Көңілді төрт жігіттен құралған тек қазақстандық интернет роликтерге шолу жасайтын «WiFi-25» интернет шоуы туралы құрушылардың өздерінен білуге тырыстық. Екпіннің бүгінгі қонақтары: Нұрмахан Мұханұлы, Нұржан Еркінұлы, Әбіл Есентай және Махамбет Бейбітшілікпен болған әңгімені алдарыңызға ұсынамыз.

— Сәлем, жігіттер! Алдымен қояр сұрағым: неліктен «WiFi-25»?

Нұржан: — Біріншіден, интернет жоба болғандықтан, уай-фай сөзін алдық.
Нұрмахан: — 25 жастамыз
Нұржан: — Иә, бәріміздің жасымыз сол 25-тің о жақ, бұ жағында.
Әбіл: — Олардыкі о жағында, біздікі бұ жағында.
Нұржан: — Ай-хай 25 бар ғой Тоқтар Серіковтердің, солай болайық деп, бірақ домбыра тарта алмағаннан кейін интернетте қалдық.
Махамбет: — Негізі одан басқа да 25-терге келтіретін мысалдар көп.

— «WiFi-25»-ті құру идеясы қалай пайда болды?

Махамбет: — Жай ғана отырып, «не істейміз?» дегеннен пайда болған.
Нұрмахан: Нақты оған бір оқиға түрткі болған жоқ. Біз мына үш жігіт (Нұрмахан, Әбіл, Махамбет) 5-6 жылдан бері Шымкент қаласының «Сөз тимесін» деген Квн командасында ойнағанбыз. Кейін Алматыға келген соң, Нұржанмен таныстық. Кез келген квн командасы болсын, шығармашылық адамдардың ойында телевизиялық жоба жасасақ деген ниет жүреді, сол ой бізді де мазалап жүрді. Бәрімізде телевизия саласында жұмыс істесек те, бірігіп бір дүние әкелгіміз келді.

Нұржан: Болашақтың бәрі интернетте болғандықтан, оның үстіне Қазнет дамып жатқаннан соң, біз де бір үлес қосқымыз келді. Сосын қазақ тілді видеолардың аз екенін байқадық, ал оларға шолу жасау деген жоқ десе болады. Неге жасамасқа деген ой келді.

Нұрмахан: Негізгі идеясы осыдан 1 жыл бұрын келген. Телевизиялық жоба ретінде ұсынып көргенбіз. Алайда телевизия басшылары оған дайын болған жоқ.
Нұржан: әлі де дайын емес.
Нұрмахан: Оларға «медийное лицо» керек. Біз әлі ондай емеспіз, бірақ интернет жобаның арқасында сондай боламыз деген үміттеміз.

— Ал бұған дейін белсенді интернет қолданушылары болдыңыздар ма? Блог жүргізбедіңіздер ме?

Әбіл: Иә, агентте көп отыратынбыз (күліп).
Махамбет: Арамызда негізі жаңа әлемге енген бірінші Нұрмахан болатын. Қолынан айпад түспей, ар жақ бер жағын бақылап жүретін.

Нұрмахан: Блог емес, ютубтағы каналымызға квн-нің, өзіміз жүргізген хабарлардың видеоларын қосып жүрдік. Негізінен, интернет жоба жасау туралы Нұржан ұсыныс тастады. Ал бізде біраз сенімсіздік болды. Оны кім көреді дегендей.

Нұржан: Интернетте өйткені бостандық көбірек. Мысалы, бізде телевизияда әлі де консерваторлар, ескі көзқараспен қарайтындар. Алып тастау, кесіп тастау, болмайды деген сияқты жағдайлар көптеп кездеседі. Мысал келтірсек, «Қазақстан» арнасында шашыңды көтеріп шығуың үшін де 2-3 кабинетке кіріп, рұқсат алуың керексің. Ал біз өзіміз би, өзіміз қожамыз.

— Бір жыл бұрын идея пайда болды, сонда бір жыл бойы дайындық болды ма?

Нұрмахан: Сол бір жылдың жарты жылы осы «WiFi-25» жобасын арналарға ұсынумен өтті. Продюсерлермен сөйлесіп, көрсеттік. Бәрі «иә, жақсы екен» дейді де, соңғы қорытындыға келгенде «сәл мынаны қоя тұрайық» деп кейінге ысыру көбейіп кетті. Ал идеямыз бойымызда тасып тұрғаннан кейін бірден болса екен деп, көп ойланып қайтеміз, камерамыз бар, интернетке қояйық деп шештік. Ең бірінші шыққан видеоны 3 ай бойы жасадық. Сценарий, материал бәрі бар, бірақ төртеуіміз төрт жақта жұмыс істейтіндіктен, бір жинала алмай, жүре бердік. Нұржан — «Еуропа+ Қазақстан»-да диджей, «Жарайсың» бағдарламасында диктор, «КТК» арнасында футбол комментаторы, Махамбет «Апорт» деген медиа компанияда (оутсорсинг) жүргізуші, редактор. Ал мен «Адам медиа групп» деген «Екі жұлдыз», «Қазақтың 100 әні», «Саған сенемін» деген жобаларды түсіретін компанияда редактор, сценарист, анда-санда режиссермін.

Әбіл: Ал мен вахталық жұмыстамын (күліп).
Нұрмахан: Әбіл бізде кәсіби фотограф.

— Сонымен алғашқы видеоларыңыз қашан пайда болды?

Нұрмахан: Жазда, шілденің 16-сы ютубта шықты

— Ал неліктен видеоларыңыз аз түсіріледі?

Нұрмахан: Оның бәрі уақытқа келіп тіреледі. Бас қосуымыз қиындау.

Нұржан: Сосын техникалық мүмкіндіктерге келіп тіріледі. Біз тек жақында ғана толықтай жабдықтарымызды алдық. Оның бәрі үлкен ақша екен. Қымбат болады деп ойламаппыз.

Нұрмахан: Өз қалтаңнан шыққаннан кейін де қиналып шығады екен (күліп). Жай ғана шығара салмай, сапалы шықса екен дегеніміз ғой.

— Түсірілім қай жерде болады?

Нұржан: «Купикупон» деген сервиспен де серіктеспіз, солардың офисында түсіреміз.

— Басқа да қанша серіктестеріңіз бар?

Нұрмахан: Негізі ағалық көмектерін көрсетіп жатқан кісілер көп. Квн ойнаған кезде көмектескен ағалар, мысалы. Ол кісілер көбінесе жарнама жағынан, әлеуметтік желілерде көмектеседі. Ағалық-інілік қолдау.

— Жақсы, мұның бәрі техникалық жағы, енді «WiFi-25»-тің ішкі мазмұнына тоқталсақ. Видеоларды қалай таңдайсыздар?

Нұржан: Төртеуіміз де үнемі видеолар қарап, әрдайым іздеп жүреміз. Олардың ішінен қызықты дегендерін көшіріп алып, бас қосып осылай шай ішіп отырған кезде таңдау жасаймыз. Ыңғайы келсе, бір тақырыптың аясында жасауға, топтастыруға тырысамыз.

Нұрмахан: дәл осы сіздердегідей диктафонымызды талқылау кезінде қосып қоямыз. Бірақ оны тыңдамаймыз (күліп).

— Цензура жайында сөйлессек. Сіздерді мүмкін тек студенттер не үлкен адамдар емес, мектеп оқушылары не ол жасқа толмаған да азаматтар көретін шығар. Көрермен алдында жауапкершілік сезінесіздер ме?

Нұржан: ең басында дисплейде 5 секундтық ескерту бар ол жайында.
Нұрмахан: Маған жеке өзіме хабарласқан адамдар болды, мысалы. Дәл сол ескертуді оқып, ары қарай көрмедім деген. Дұрыс дедім. Және де жақсылап байқаған адам, бізде тек бірінші видеомызда боқтық сөз бар екендігін байқайды.

Махамбет: Көбінесе жанамалап, басқа сөзбен ауыстырып жеткіземіз.
Әбіл: Шопақ.
Нұржан: Біз жасандылықтан қашамыз.
Нұрмахан: Кей адамдар өзінің болмысынан тыс әдемі сөйлегісі келіп, жақсы болып көрінгісі келеді. Біз сондай жасандылықтан қашу мақсатында, сол жасандылықты келеке ету мақсатында тікесінен жеткіземіз.

— Ал сыни пікірлерге қалай қарайсыздар?

Нұрмахан: Сынның да сыны бар. Қайрат Нұртасты тыңдамайтындар бар сияқты, бізді де ұнатпайтындар бар. Ол сынның бәрін тыңдап, көңіліңе ала беретін болсаң, одан еш нәрсе өзгермейді.

Нұржан: Нұрмаханның айтқысы келіп отырғаны: сын конструктивті болу керек. Шашың әдемі емес дегеннен гөрі, неліктен әдемі емес және де оның түзету жолдарын да айта кету керек.

— Ал видеоға түсіп қалған адамдар кейін реніштерін білдірген жоқ па?

Нұрмахан: Керісінше, хабарласып алғыстарын білдіріп жатыр. Динара Сатжан, Әнуар Нұрпейісов, Сон Паскаль, соңғы шыққан ДиАнар.

Нұржан: Тағы бірі, атын айтпай-ақ қояйық, біз көрсеткен бір бейнебаянның режиссері хабарласып, менің тағы да бір клипімді көрсетіңдерші деп ұсынған сәт болды.

Нұрмахан: Әзіл арқылы өз көзқарасымызды жеткіземіз ғой. Көбісі бізге: сендер Динара Сатжанды кәдімгідей сынап тастапсыңдар ғой дейді. Динара Сатжанның өзі кездескен сайын бізге алғыс айтады. Сондай-ақ твиттерде Сон Паскальмен ұзақ әңгіме болды.

Әбіл: жартысын түсінбедік, бірақ (күліп).

Нұржан: Сон Паскаль «мен әніммен қазақтар қазақша сөйлей алмайды деген жоқпын, барынша өз тарапымнан насихаттағым келді» деп ақталған кезі болды.
Нұрмахан: Ол кісіге «сені мына жерде мазақтап жатыр» деп дұрыс жеткізбеген болу керек. Ол мәселені анық-қанығына жеткеннен соң, өзі «рахмет жігіттер, мен өзім музыкант болғаннан соң, революция жасайын деп емес, жай өзімнің көзқарасымды білдіру мақсатында шығардым» деді, бізде де жай ғана сондай көзқарас білдіру.

— Жобаның мақсаты қандай сіздердің ойларыңызша?

Нұрмахан: Біздің төрт эпизодымызды жібермей көріп келе жатқан көрермен оны байқады деп ойлаймын. Біз агрессиялы сыннан гөрі, әзілмен шымшып қана өтуді жөн көреміз.

Нұржан: Мысалы, Құдайберген Бекіш бейнебаян түсірді: баяғы заманда біреулер қылыштасып жатыр, соның біреуі джинсымен жүгіріп жүр, мысалы, сондай келеңсіздіктерді ешкім айтып жатпаған соң, айтатын біреу болсыншы дедік.

Махамбет: Әзілдің де өз мақсаты бар. Адам бойындағы келеңсіздіктерді не болмаса біреудің төмен кәсіби деңгейін сынауды ирония, сарказммен емес, таза юмормен жеңіл ғана жеткізу.

Нұрмахан: Жеке басқа өтпейміз. Қоғамда өзінің жұмысын көрсетіп жүрген адамдар болғандықтан, олар оны қабылдай білу керек. Түсіну керек. Олар, мысалы, көрсін деп жасайды. Біз көреміз, күлеміз, сосын оны көрсетеміз.

Нұржан: «ДиАнар»-дың қыздары жақында жазып жатыр: «кәсіби адамдармен жұмыс істеп жатырмыз, жақында жаңа жұмыстар ұсынамыз» деп.

Нұрмахан: Ең бірінші эпизодқа шыққан Шәмші Дүкенбаев деген Асан Пердешовтың клипінде судың ортасында жүрген жігітті көрсеттік қой. Сол Шәмші содан соң сапалы бейнебаян түсіріпті. Режиссердің өзі хабарласып, «көріңдер, біз тағы түсірдік» деп жатыр. Біз олардың өзгергеніне қуандық.

Қазірде әншілер мен өздерін көрсеткісі келетін адамдар үшін телевизия мен интернеттің қатты айырмашылығы болмай тұр, өйткені олар тек көрінсем, шықсам деп тұрады. Бірінші мақсат — қазақ тілді видеолар аясын кеңейту. Өйткені бізден кейін «біз де осындай шоу жасасақ қарсы болмайсыңдар ма» деген хаттар келді. Басқалардың да қызығушылығы туғанына біз қуандық.

— Егер болашақта сіздерге сол тележоба жасауға шақырса, интернеттен кетесіздер ме?

Нұрмахан: Дәл «WiFi-25» интернет жоба болып қала береді. Егер телекомпаниялардан ұсыныс түссе, олардың форматына лайықты басқа жоба дайындаймыз.

Махамбет: Алғашқы туындымыз болғандықтан, оны толығымен тоқтатпаймыз деп ойлаймыз.

— Алдағы видеолар туралы айта аласыздар ма?

Нұржан: Бүгін таңғы алтыға дейін бір эпизодты түсіріп болдық. Уақыт тығыздығынан түнде жиналып түсірдік.

Әбіл: Тақырыбын айтсақ бола ма (күліп)?

Нұрмахан: Бұл сұхбат қашан шығатынына байланысты.

— Сұхбат мүмкін 1-2 аптадан кейін...

Әбіл: Та-дам, онда тыңдаңыздар: соңғы эпизод «Агент» деп аталса, келесі эпизод — «Баян апай». «Қазақ қыздарыыы» (күліп).

— Уайфайды енді біраз ысырып, жалпы Қазнет жайлы сөйлессек, сіздердің ойларыңызша, ол қандай деңгейде?

Нұржан: Прогресс өте жақсы. Блогерлер құрылтай өткізіп, бас қосып жатқаны қуантады. Оған өз үлесімізді де қосуға әрқашан дайынбыз. Бір жақсы жері, Моймирдан басқа сайттарға көшіп жатыр. Твиттер, фэйсбукты пайдаланып жатыр қазақтар. Тағы бір айта кететін нәрсе, біздің негізгі аудиториямыз твиттер, фэйсбуктың белсенді қолданушылары. Біздің көрсетілімдер сондықтан аз болып жатыр.

Махамбет: Өйткені онымен орнықты отырып, біраз айналысатын адам болса, кәдімгідей көрсетілім жинауға болады. Онымен айналысатын адам жоқ.

Нұрмахан: Таза энтузиастпыз ғой. Идеялар тасып жатыр, бұл соның бір көрінісі.
Әбіл: Бұл біздің үлкен идеямыздың кішігірім ғана бөлігі ғой (күліп).
Нұржан: Иә, айтпақшы, алдағы уақытта тағы бір жоба шығады. Ол да интернет жоба, бірақ «WiFi-25»-тен басқаша. Онда да әзіл болады. Осы төртеуміз және тағы бір адам қосылады. Жоспарлар осындай. Қызықты қазақ видеолары көп болса екен дейміз. Өйткені қазақша видеоларды қарасаң, көбінесе теледидардан көрсетіп кеткен бағдарламаларды жүктеп қояды және бейнебаяндар. Таза интернетке арналған жобалар жоқтың қасы.

— Интернет жобаның пайдасы бар ма?

Нұрмахан: Негізі жақсы табыс алып келеді. Қаржы бөлетін адамдардың қазақ тілді жобаларға қызығушылығы мен көзқарасы жақсы болса.
Нұржан: Қысқаша айтқанда, интернетте ақша көп. Бірақ дәл қазір біздің мақсатымыз ақша емес. Егер ақша дей берсек, біз шығармашылықтан, айтатын ойымыздан айырылып қалуымыз мүмкін.

— Сонда қазір де уайфайдан ақша тауып жатқан жоқсыздар ма?

Нұрмахан: Жоқ, тек қана резонанс тудырдық. Мақтаған сайын, түсіріп жатырмыз (күліп).

— Түсіруші, монтаждаушы өздеріңіз бе?

Нұржан: Иә, үшеуміз кадрда тұрсақ, төртіншісі камераның алдында тұрады. Не болмаса, rec-ты басып қоямыз. Сосын шетке шығып кетпедік пе деп тексереміз.
Бізді көбісі идеяны ресейлік +100500-тан алды деп жатады, ал негізі жобаны жасар алдында біз осы жанрдың негізін қалаушы Ray William Johnson-ның (Нью-Йорктың комедиялық видеоблогері) «Equals three»-ін көргеннен кейін, соған хат жазып рұқсат сұрағанбыз.

Нұрмахан: Қазір ешкім де велосипед ойлап тауып жатқан жоқ. Ойлап таппайды да. Өйткені бәрі де Батыста шығып қойған форматтар. Еуропаның барлық елінде таралған осындай жобалар. Ресейдің өзінде 100-ге жуық. Қырғызстанның өзінде де бар екен. Жалпы бастар алдында, біз мүмкін Қазақстанда бар шығар деп іздеп көрдік. Бір жігітті тауып алдық, бірақ ол жігіттікін көргеннен кейін, істесек болмайды дедік (күліп).

Нұржан: Біз таңдап алатын видеолар тек қазақстандық. Басқа шолушылар көбінесе әлемдік видеоларды алады, ол әрине оңай. Ютубтағы ең көп көрілген видеоларды ала салады көбінесе.

— Айтпақшы, видеоның қаралым саны қандай?

Нұрмахан: 6000 үстінде. Бірақ қазірде жаңа канал ашайын деп жатырмыз, өйткені видеолар жан-жаққа шашырап кетті. Басында жай ғана аша салғаннан кейін, мен өзімнің каналыма салған болатынмын. Ал енді оның бәрін өшіріп, «WiFi-25» деген жеке канал ашамыз. Өйткені сол көрсеткіштерді көру өзімізге де қызық. Бірақ басында үлкен көрсеткіштерді күтпедік те, қазақтар интернеттен видео көргенде ешқашан жалғыз болмайды, «ей, келсеңдерші» деп 5-6 адамды шақырып, топтасып отырып көреді деп өз-өзімізді жұбатып қоямыз. Әскерден хабарласқан жігіттер болды: ноутбукты ашып қойып 20-30 адамдай көріпті. Демек 1 көрушіні 20-30-ға көбейтсек, 30 мыңның үстінде жүрміз қазір (күліп).

Әбіл: Қара, қара, мына жерде боқтапты деген шығар (күліп).

— Ол да көрермен тартудың бір тәсілі шығар...

Нұрмахан: Иә... біздің мақсатта сол болды ғой. Алдымен тартып алып, ақырындап өзімізбен жетектеп әкету.

Нұржан: Тәрбие жағын айтатын болсақ, біз біреуді тәрбиелейміз деп ешқашан міндеттеме алған емеспіз. Мүмкін кейбіреулер бізді тәрбие беретін үлкен шоу деп қабылдаған шығар. Алайда қазірде әрбір эпизодта кішкене болса да бір ой тастауға тырысамыз.

Нұрмахан: Мысалы, Сон Паскальда қазақ тілін айтсақ, тағы біреуінде қазақ қыздары қандай болуы керек жайлы. Тағы біреуінде танымалдылыққа құмарлық жайлы қозғап кеттік.

— Сынап жатқандар көбінесе үлкен буын шығар?

Нұржан: Жоқ. Қазіргі кезде интернетте публикаға ойнау деген кең тарап кетті. Комментаторлар бұрыннан тәрбиелі, ондай сөздерді бұрын-соңды естімеген, мешітте өскен адам сияқты жазады. Жақсы көрініп қалу деген жасандылық індеті бар.
Нұрмахан: Үлкен кісілер тарапынан керісінше нақты ұсыныстар түседі.
Нұржан: Коммент жазушылар негізі екі типке бөлінеді: біреу үшін жазатындар және өзі үшін жазатындар. Қазірде бірақ бізді қорғайтын кәдімгідей армия пайда болып жатыр. Біз туралы жаман айтса, жұлып жеуге дайын адамдар бар. Бұған біз қуанамыз.

Нұрмахан: Біз видеода қандаймыз, өмірде де сондаймыз. Өтірік образ жасап алған жоқпыз.

Нұржан: Бәрі көбінесе импровизациямен кетеді. Махамбет алдын ала тезистерін жазып қояды. Бірақ сонда да сценариймен емес, камераны қосқан кезде жақсы әзілдер шыға береді.

Сұхбаттасқан Айжан Кәрібаева

Mediablogkz атты конференция қалай өтті?

$
0
0

Өткен демалыста Қазақстанның барлық аймақтарынан жиналған блогшы, журналист қауым блогосфераның проблемаларын талқылап, тәжірибесімен бөлісті. Ресейден келген мамандар болса, өз білгендерін ортаға салып, блогшылардың сұрақтарына жауап берді. Конференцияда азаматтық журналистика мен оның еліміздегі мысалдары, мультимедиалық контент, мемлекет және блогосфера мен онлайн-журналистика, қазақстандық контент тақырыптары талқыланды.

Айдос @aidoseg

- Алғашқы Орталық Азия блог-конференциясына еліміздің түкпір-түкпірінен келген достарыммен кездесіп, жаңа блогшылармен танысу үшін келдім. Түрлі тақырыптардағы талқылаулар, Ресейден келген арнайы қонақтарды тыңдау өте қызықты болды. Бір сөзбен айтқанда, бұл конференцияға келгеніме өте қуаныштымын.

Рысгүл @Zevsko

- Конференцияда өте актуальды проблемалар қозғалды. Бірақ бұл жерде қозғалған мәселелер біздің қазақ тілді сайттардың деңгейінде емес. Себебі біздің қазақ тілді сайттар енді дамып келе жатыр. Мысалы, корпоративті блогтар жайында айтылып жатыр. Ал корпоративті блогтар мен сайттар қазақ тілінде жоқ десе де болады. Бұл конференцияда маған ерекше ұнап, ләззат алып тыңдаған дәрісім - суретті дұрыс түсіруді түсіндірген «VoxPopuli» редакторының бөлімі.

Олжас @Augustus_01

- Бұл екі күндік кездесу қатысушыларға да, ұйымдастырушыларға да көп нәрсе берді. Өйткені осындай кездесулер адамдарды жақындастырады, сөйтіп жаңа жобалар дүниеге келеді. Сайтты алға жылжытудың жаңа түрлерін, қандай тақырыптарда жазу-жазбау туралы, копирайтинг туралы кәсіби мамандардан білдік. Ұйымдастырушыларға қазақстандық мамандармен қатар бұл салада үлкен тәжірибесі бар ресейлік мамандарды да шақырғандарына алғысымды айтамын.

Индира @angelok_v_kedax

- Жаңа блогерлермен таныстым, өзге қалалардан келген достарыммен кездестім, қызықты дәрістер тыңдадым, түртіп аларлық көптеген дүниелерді білдім.  Блог-конференция өте қызықты өтті.

Бекмырза @iBekmurza

- Видео блогингтің мамандары Самсон мен Нерушты көруге келдім. Конференция өте тамаша өтті. Көптеген блогерлермен танысып, жаңа достар таптым.

Александр Данилов @alexandrdanilov

- Блог-конференция өте жақсы ұйымдастырылған, қызықты спикерлер шақырылған. Келесі жолы кейбір жетпей қалған тұстар ескеріледі деп ойлаймын. Бірақ бірінші жолға бәрі күшті болды. Ерекше тың дүниелер болды деп айта алмаймын, алайда мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, өзімізді мазалап жүрген мәселелер туралы сөйлесу қызықты болды. Негізі конференцияның осындай форматта өткендігі дұрыс деп ойлаймын. Алдағы уақытта талқылау алаңына қазнеттегі өз орындарын тапқан беделді тұлғалардан да өзге, өздерінің сапалы контенті бар жаңа тұлғалар шақырылады деп сенемін.

Азаматтық журналистика тақырыбындағы пікірталас

Қырғызстаннан келген қонақ блогты достарыңыз жиналатын "тусовка" ретінде қабылдауды қою керек деп отыр.


Қыздар твиттерде #mediablogkz хештегімен твит оқып, жауап қайтаруда.

DressMe жобасы ең әдемі look-тың конкурсын ұйымдастырып жатыр. Фотода жеңімпаз Әйгерім.

Ернар Бекенов (kinostan.kz) Жалғас Ертайдың қазақтілді сайттарды монетизациялаудың алғышарттарына арналған презентацияны тыңдап отыр.

Анар Мұстафина (Massaget.kz)

Жалғас Ертай қазақтілді сайттардың ақша табу жолдары мен алғаш тәжірибесі туралы айтуда.

Айгүл Жамалова, тележурналист

Бақытжан Бұхарбаев блогтар мен әлеуметтік желілердің арқасында үкіметтің халықпен орнатқан байланысы туралы айтуда.

Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева

Әлия Сембай

Астанада IT саласында жүрген қазақ жастарының республикалық форумы өтеді

$
0
0

Желтоқсан айының 22-23 күндері Астана қаласында қазақстандық аудиторияға, ақпараттық технологиялар саласын дамытып жүргендерге арналған форум өтеді. Шараның мақсаты - қазақ тілінде контент жасаушылармен, портал мен сайт иелерінің, жаңа өнімдерді ұсынушылармен өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобалардың пайда болуына ықпал ету.

Форум аясында «Ақпараттық қауіпсіздік», «Білім саласындағы интернет», «Бұлтты технологиялар», «Seo жетілдіру», «Ғаламтордағы аудармашы сайттар» сияқты тақырыптар көтеріліп, қазақ тілді интернет пайдаланушыларға арналған жаңа жобалар таныстырылады. Astana Internet Forum-ы туралы толығырақ шараның ұйымдастырушыларынан естісек...

Садық Шерімбек

«Мінбер» қоғамдық қоры, "Нұр Отан" ХДП-сы, «KazakhTimes» жаңа технологиялар орталығы, Астанадағы «ГеоГебра» институты ұйымдастырып отырған бұл шараға қазақ тілінде контент жасаушылар, портал мен сайт иелері, жаңа өнімдерді ұсынушылар келеді деп жоспарланып отыр. Олар өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобалардың пайда болуына ықпал ету арқылы осы саланың дамуына белгілі бір үлес қоса алады деген сенімдеміз. Алғаш ұйымдастырылып отырған бұл шараға «WikiBilim» ҚҚ, «Нұр-медиа» холдингі, «Болашақ» қауымдастығы ат салысып отыр. Одан бөлек, «Қазақстан кәсіпкерлер одағы» да қызығушылық танытуда.

8XLb2c6mF6Gb55te0xD8urd67QOG53.jpg

Талғат Байназаров

Қазақ тілді жобалармен айналысып жүрген адамдармен танысып, ақпараттық технология саласында білім көтеру үшін көпшілікке жағдай жасағымыз келіп отыр. Соны мақсатқа қойып форумға қазақ тілді ірі жобалармен айналысып жүрген білікті кісілерді спикер ретінде арнайы шақырып отырмыз. Олар: Рауан Кенжеханұлы (WikiBilim), Бауыржан Жакашев (Мегахостинг), Жанат Абылқасым (Яндекс) және т.б.

Екі күн ішінде қазақ тілді сайттардың мәселелері, функционалдығы, контент тақырыбындағы сұрақтарға жауап іздейміз, нақты шешім жолдарын қарастырып, қызықты жаңа жобаларға техникалық қолдау көрсетеміз.

Форумда танысқан энтузиасттар таныстықтарын ары қарай жалғастырып, бастаған жобаларын онлайнда да дамытады деген үміттеміз.

Жазира Маратқызы

Форумға қатысам деушілер үшін жалғыз шарт - сайтқа тіркеліп, 22-23 желтоқсан күндерін бізбен өткізу. Жиынға барлық адамдар қатыса алады. Қазақ интернетін дамытуға үлес қосам деушілерді күтеміз. Алдымен ол қызығушылық танытқан, өздерінің жаңа жобаларын таныстырамын деушілер, сайтты дамытудың ерекшелігін білгісі келетіндер. Назарбаев зияткерлік метебінде кездескенше!

Данияр Алан

Жобаны ұйымдастыру барысында көз жеткізгеніміз – Қазақстанда қазақтілді IT саласы әлі бастауыш сынып оқушысының білімі дәрежесінде екен. Әлі жекелеген адамдардың энтузиазмы болмаса, жаппай қызығушылықтың жоқ екендігіне көз жеткіздік. Білім жеткіліксіз.

Форумды ұйымдастырудағы басты мақсат – осы салаға адамдардың, жалпы қоғамның қызығушылығын тудыру. Қызығушылығы бар, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарды, IT салаға енді кіріп жатқан жастарды бір-бірімен таныстырып, білім алмасуға шақырамыз.

_________________________________________________________________________

Форумға тіркелу

Форум өтетін жердің адресі:

Назарбаев Зияткерлік Мектебі | Nazarbayev Intellectual School
Түркістан көшесі 2/1, Астана қаласы, Қазақстан
E-mail: bizge@aif2012.kz

Айжанның видеоблогы: Тәуелсіздік күні құтты болсын!

$
0
0

Сәлем! Бүгінгі видеоблогымызды еліміздің ең маңызды күндерінің бірі - Тәуелсіздік күніне арнадық.

Бұл посттан сіздер:

- Тәуелсіздік күніне қатысты тарихи аудиторияны

- Еліміздің халық жазушысын

- Патриот әншілерінің құттықтауларын

- және де барбыт аспабының шебер орындалуын

көре аласыздар!)

Пікірлеріңізді жазуды ұмытпаңыздар)

kerbez_

оператор, монтаж: Ерлан Аменов

© Екпін

Viewing all 450 articles
Browse latest View live




Latest Images