Quantcast
Channel: Кеудемде қимылдаған жаным барда...
Viewing all 450 articles
Browse latest View live

«Талпын» тобы: «Біз үшін театрдың орны ерекше»

$
0
0

Қазіргі қазақ сахнасындағы эстрада бағытында бағын сынап, халық жүрегінен жылы орын алып жатқан жеке әншілер мен көптеген топтардың жыл сайын қарыштап дамып, көбейіп келе жатқаны қуантады. Десе де «әннің де есері бар, естісі бар» демекші, тыңдарман жүрегіне жол тауып жатқандары қуанта қоярлықтай көп емес. Жас та болса қазақ өнеріне өзіндік үн қатып, даңғыл жол салуды көздеген «Талпын» тобының жігіттері халыққа өз ойларын ортаға салып пікірлеспек.

- Сөзімнің бісмілләсі ретінде қояр сұрағым топтың атын «Талпын» деп қоюдағы басты себептерің неде?

Мәулен: - 2006 жылы Талдықорған музыкалық колледжінде 2 курста оқып жүргенімізде мен, Еркебұлан, Мерей үшеуміз акапеллалық әндер орындап жүрдік. Кейіннен дауыс үйлестігімізді байқаған адамдар «неге топ құрмайсыңдар?» - деп ұсыныстар айта бастады. Алғаш бірігіп халық әні «Ағажан Ләтипаны» қазіргі танымал әншілердің бірі Ерболат Құдайбергеновтың студиясында жазып орындадық. Топ болып нақты құрылғасын, ат қою мәселесінде ойлана келе қазақ өнеріне шамамыз келгенше үлес қосып, өсіп-өркендеуіне атсалысайық деген мақсатпен «Талпын» деп қойдық. Жақсылыққа, игі іске, соны бір жаңашылдыққа жетейік деген ниетті оймен солай атадық.

Еркебұлан: - Кейіннен топтың атын өзгертсек қалай болады деген де ойлар болды. Уыздың дәмі сүттен де дәмдірек демекші басқа да аттарды таңдағанымызбен алғаш қойып, сол ат ыстық болып кеткесін ба, өзгертпеуге бел шештік.

- Қазіргі қазақ эстрадасына қосар қандай жаңалықтарың бар?

Мерей: - Жалпы қазақ әншілік өнеріндегі әр кезеңнің өз хас шеберлері бар. Әр заманда дарындылар шоғырланатын бір кезеңдер болады ғой. Сондай сәтті кезеңде Шәмші, Нұрғиса аталарымыз тағы да басқа көптеген композиторлармен бірге мықты-мықты ақындар шығармашылық үндестікпен қаншама туындылар дүниеге әкелді. Міне, сондай дүниелер ғұмырлық шығармалар болып қалады. Ал қазіргі кезде эстрадада әннің музыкасына басымырақ көңіл бөліп, сөзіне аса мән бермейтін жұлдыз ауруына шалдыққан әншілер шоғыры көбейіп кетті. Біздің өнерге келудегі, осы саланы таңдап топ құрғандағы басты мақсатымыз - әннің ырғағы мен сөзінің үндестік тауып, ойлы, даңғаза шуға еліктемейтін, көрерменнің жас талғамай тыңдай алатын әндерді орындау. Әр өнер түрінің адам баласына берер тәрбиесі болады ғой. Суретші суретімен, жазушы қаламымен, режиссер камерасымен, әнші қоңыр даусымен деген сияқты. Біз де тыңдарманға шамамыз жеткенше жақсы әсерге бөлейтін туындылар шығаруға тырысамыз.

- Бүгінгі таңда Т.Жүргенов атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР академиясында музыкалық драма актері мамандығында Есмұхан Обаев ағаның шеберханасында оқып жатырсыңдар. Оқуды тәмамдағасын мамандықтарыңмен жұмыс істеу ойларыңда бар ма?

Еркебұлан: - Есмұхан аға, Ерлан Біләл аға, Баян Қажынәбиева, Алма Кәкішева апайлар сынды театрдың белді тұлғаларынан тәлім алып жатырмыз. Бұл кісілердің берген тағылымы көп. Әнші болу үшін де актерлік шеберлік, табиғи талант болуы керек. Мәселен сахнада қозғалыссыз, әсерсіз орындалған әнді кім елтіп тыңдайды? Жүрекпен ұғып, соны сезініп айтқан шынайы дүниені халық та қабылдай алады. Әнге жан беріп түрлендіру үшін де актерлік ойын көрсету керексің. Сахна талабы да сол емес пе. Адамның өзін-өзі ұстауы, таза сөйлеуі, биі, жан-жақтылықты үйрететін мамандық қой бұл. Нақты актер боп кетпесек те әншілік жолда көрген, түйгендерімізді кәдеге асырамыз.

Мерей: - «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген қазақта сөз бар ғой. Біз болашақта екі жолды қатар алып жүрсек те, мен бұл ойды қолдамас едім. Себебі өнер үлкен корабль. Ал актерлік өнер мен әншілік өнер бір-бірін толықтыратын теңіздің қос тамшысы секілді. Екеуі тоғысқанда көбейіп молаяды ғой, сол сияқты. Алланың қалауымен болады ғой бәрі. Қазіргі таңда қазақ театры күннен-күнге дамып, жаңарып келе жатқан сала ғой. Актерлік жолмен де кетуіміз мүмкін.

- Бір бүйрегіміз театрға да тартып тұрады дейсіңдер ғой? Театрға қаншалықты жиі барып тұрасыңдар? Әрине, теориялық білімдеріңе практика жүзінде іске асып жатқан жанды процесс те кері әсер етпейтін болар?

Мерей: - Сөзіңе толықтай келісемін. Үлкен аға-әпкелеріміздің рольдерін, сомдаған кейіпкерлерін көріп аудиториядағы сабаққа қосымша көп мағлұмат жинаймыз. Біз үшін театрдың орны ерекше.

Мәулен: - Кезінде талай майталман нарқасқалардың табаны тиген киелі қара шаңырағымызды ерекше құрметтейміз. Қаншама талантты шоқтығы биік өнер адамдарының маңдай тері сіңген М.Әуезов театрында сахнаға шығып актер болу біз үшін үлкен армандардың бірі. Театрға жиі барып тұруға тырысамыз. Есағаның, Оразхан аға Кенебаевтың, Әубәкір аға Рахимовтың, Мұрат аға Атабаевтың, Жанат аға Хаджиевтің сахналауындағы спектакльдерін үзбей тамашалаймыз. «Абай», «Қарагөз», «Мөлдір махаббат», «Махаббат дастаны», «Жаужүрек», «Сыған серенадасы» т.б. көптеген қойылымдарды тамашалағандағы алған әсеріміз ерекше. Құдайға шүкір, бүгінде қазақ театры күннен-күнге жаңаша қырынан ашылып, көркейіп келе жатыр ғой.

Еркебұлан: - Өнер әлеміне енді енгеніне қарамастан көрермен назарын жаулап алған кино саласы қанша жылдамдықпен дамыса да, сонау б.з.д. VI ғасырда пайда болып, содан бері жан-жақты қырынан өзгеріп келе жатқан театр өнері мәңгілік деп ойлаймын. Ғасырдан аса тарихымыз бар біздің театрдың бүгінгі хал-ахуалы қуантарлықтай. Күнде болмаса да жиі-жиі барып, жан сарайымызды сусындатып қайтуға театрға барып тұрамыз. Біз үшін театрдың орны ерекше. Жастар театрының да, басқа да театрлардың қойылымдарын көріп тұрамыз. Қарапайым көрермен ретінде де, болашақ маман ретінде де театрдан алатын тәлім-тәрбие көп. Кей қойылымнан жылап шықсақ, кейбірінен қуанып, спектакльдегі кейіпкермен бірге шаттанып шығасың. Жалпы театрға барған көрермен күнделікті күйбең тіршіліктен босап, жан-дүниесін демалтуға барады ғой. Қазіргі таңда қай театр болмасын, көрермен талабына сай заманауи да, классикалық та қойылымдарды қойып жатыр.

— Жаңа бір сөздеріңде айтып қалдыңдар, қазір бейсаубат әншілер, сапасыз әндер көбейіп кетті деп. Сондай келеңсіздікті қалай тиюға болады деп ойлайсыңдар?

Мәулен: - Кезінде Көркемдік кеңес деген болған. Егер сол кеңесті қайта құрып жұмыс жасаса бұл мәселе өзінен-өзі шешілер еді.

Еркебұлан: - Ауруды басыңа түскен кезде сезесің. Мысалы, жазушылардың өз одақтары бар. Әншілерге жазушылар, не болмаса журналистер келіп жаны ашып кеңес құрып бермейді. Ол ақиқат нәрсе. Өзіңе өзің жаның ашымаса, кімнің жаны ашиды? Әншілер өздері жоғары жаққа ұсыныс білдіріп қолға алса ғана бұл қиындық кетер еді. Қазір әркім өз қамын күйттеп кеткен заман болды ғой. Егер осы өнердің терісін илеп жүрген азаматтар мен азаматшалар шын таланттар ғана қалсын деп үндеу тастап жатса, біз де қолдар едік.

— Репертуарларыңда «Жан әкемнен» басқа қандай әндерің бар?

Мәулен: - Халықтың «Ағажан Ләтипа», «Хәләуләйлім» деген әндер бар және де «Жан әкем», «Ақбұлақ», «Отаным менің Қазақстаным», «Аяулым», «Сені іздедім» сынды әндеріміз бар.

Еркебұлан: - Мәулен «Сені іздедім», «Аяулым» секілді әндердің әнін жазған.

Мерей: - Жақында «Жан әкем» әніне бейнебаян түсірдік. Бұрын бұл әнге 2008 жылы басқа бейнебаян түсіргенбіз. Кейіннен сюжеті жақсы болғанымен, форматқа сәйкес келмегесін жаңаша түрде түсіруге тырыстық. Режиссері академияның студенті Самат деген жігіт. Бейнебаянның жартысы трекке, жартысы сюжетке құрылған.

- Жалпы әншінің халыққа кеңінен танылып, сұранысқа ие болуына продюсердің де септігі тиіп жатады. Басым көпшілік жұмыс сонікі десе де болады. Топтарыңмен жұмыс жасап жатқан продюсер бар ма?

Мерей: - Бізде нақты жұмыс жасап жатқан продюсер жоқ. Бірақ қолдау көрсетіп, көмектесіп жатқан азаматтар бар. Мәселен, Қанатбек Байтеков сынды жомарт ағаларымыздың қолдауын көріп жатырмыз. Ол кісілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

- «Жігітке жеті өнер де аз» деген тіркес бар, әншіліктен өзге қандай өнерлерің бар?

Мәулен: - Үшеуміз де фортепианода ойнай аламыз, домбыра, гитара аспаптарын тартатын қабілетіміз бар. Бос уақытымызда спортпен айналысып тұрамыз. Басқа да алдағы күндері көрсететін құпия өнерлеріміз бар. Уақыты келгенде көрермендерге көрсете жатармыз.

- ХХI ғасырдың жастары кітап оқымайды деп жоғарғы буын өкілдері наразылық білдіріп жатады, бұған не дейсіңдер?

Еркебұлан: - Бұлай деп көпке топырақ шашпаған дұрыс сияқты. Себебі «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей күннен-күнге техниканың қарыштап, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманында жастардың басым бөлігі компьтерге, интернет секілді заманауи дүниелерге қызығып, кітапқа көп қызықпай кеткендері рас. Дегенмен рухани дүниені байытып, сусындататын кітап екенін түсінетін, білетін жастар өзіне қажет кітабын оқиды. Маған қазақ әдебиетінде Ұлы Абайдан бастап, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Шаханов т.б. көптеген ақын, жазушылардың шығармашылығы ұнайды.

Мерей: - Шыңғыс Айтматов, Хемингуэй, Рабинранат Тагор, Чехов, Тургенев сынды шетел жазушыларының туындылары қызықтырады. Мәселен Айтматовтың «Ақ кемесі» ерекше ұнайды. Адам жанының нәзік қылдарын шертетін шығармада ата мен немере арасындағы аяулы сезімнің тұнықтығы, кішкене сәби жүрегінің пәктігі мен өмірдің ащы шындығы жаныңды тебірентпей қоймайды.

Мәулен: - Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Танакөз Толқынқызы, Назира Бердалы сынды ақын қыздардың поэзиялары, Мерей мен Еркебұлан айтпақшы, қазақ және шетел әдебиетінен көптеген жазушыларды оқимын. «Абай жолын» оқымаған қазақты қазақ деп есептемеймін. «Ұлпан» романындағы Есенейдей ерге жастық ғұмырын қиып, дүйім елді басқарып, бір рудың ұйытқысы болған Ұлпандай аруды өмірде де аңсаймын. Кейіпкеріне жан бітіріп, оқырман жүрегінен жылы орын алатын осындай туындыларды қазіргі жастар оқымайды деу қисынсыз секілді.

- Болашаққа қандай жоспарларың бар?

Мәулен: - Қазір «Сені іздедім» әніне бейнебаян түсіру жоспарымызда бар. Басқа да бес, алты ән жазып жатырмыз.

- Сұхбаттасқандарыңа көп-көп рахмет. Сендерге шығармашылық табыс тілеймін. Өнерлерің өрге жүзсін. Тыңдарман құлағының құрышын қандыратын әндерің көбейе берсін!

Сұхбаттасқан: АЙЖАН РАХМЕТОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР

академиясының «Кинотеледраматургия»

мамандығының IV курс студенті


Стрит фитнес Алматыда

$
0
0

Стрит фитнес немесе стрит-воркаут көптеген қалаларда орын алған құбылыс. Көптеген парк, аллея, алаңдарда орналасқан, ашық аспан аясында жаттығуға мүмкіндік беретін құрылғыларда кез келген адам келіп дене шынықтыра алады. Гоголь көшесінің бойындағы (Мұратбаев көшесінің қиылысы) осындай алаңға спорт сүйер жігіт Ерқанат Атабаев келген еді.

Тегін жаттығу құрылғыларында пресс, қол-аяқ бұлшық еттерін шынықтыруға, жалпы ағзаның тонусын күшейтуге болады. Кейбір жаттығу түрлеріне назар аударайық:

Веложаттығу

Әр жастағы, кез келген дайындықтағы адамдарға келе беретін кардиожаттығудың ең танымал түрі. Бұл жаттығуда аяқ бұлшық еттері жұмыс істейді. Сондай-ақ жүрек-тамыр жүйесін жақсарады. Фитнестің алғашқы жаттығуы ретінде жақсы.

"Шабандоз"

Жалпы дене күшіне бағытталған жаттығу түрі. Аяғын баса отырып, жаттығушы денесін көтереді. Қол бұлшық еттерін де жұмыс істетеді.

"Шаңғышы"


Аяқ, жамбас буыны, бел, қол, білек бұлшық еттерінің комплекстық жұмыс істеуі. Жаттығушы педальға тұрып, шаңғыда сырғанап бара жатқандай болады.

Белді тербету

Бел буынын қатайтуға арналған жаттығу түрі. Сондай-ақ, бұл фитнес жаттығу іш бұлшық еттерін қимылдатады.

Жүрісті келтіретін жаттығу


Бұл жаттығу белден төмен барлық бұлшық еттерін қозғалысқа келтіреді. Жаттығу барысында арқаны тік ұстау керек. Бір жаққа ауып кетпей, балансты дұрыс ұстау қажет.

Ерқанат:

- Жалпы өзім 2,5 жылдай кикбоксингпен айналысқанмын. Қазірде белсенді спортпен шұғылданбасам да, күн сайын жаттығулар жасауды, осылай аптасына 2-3 рет фитнеспен айналысқанды құп көремін. Стрит фитнес тек қолжетімді емес, кең кеңістікте жаттығуға мүмкіндік береді. Даладағы дене шынықтырудың пайдасы зор деп білем. "Бой тынықпай, ой тынықпайды" дегендей, ашық ауада бойың да, ойың да тынығып қалады. Осындай жаттығу алаңдары қаламызда көбейе берсе екен деймін.

Спортты сүйіңіздер!

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева

Фото: Әлия Сембай

Адам көркі — шүберек #2: Әсел Cherie

$
0
0

Әсел Қадірбаева блог әлемінде Cherie/Asselcherie нигімен белгілі. ҚБТУ-дің 4-курс студенті Қаржы-Экономика факультетінде білім алуда. Бьюти-блогингте бағын сынап, Yvision.kz сайтында «Chérie жазбалары» атты блогын жүргізеді. Проза, аспаздық, сурет салу, дизайн, қолөнер мен тігумен айналысатын Әселдің арманы — өзгелерге ұқсамайтын жоба жасау.


Жыл маусымдары ауысқан сайын ауа райымен қоса, киім үлгілері де өзгереді. Киім-кешекті бірінің үстіне бірін киіп, түрлі образдар жасауға болатыны үшін күзді ұнатамын. Мысалы, жазда жейде мен шорты немесе көйлек киіп, жүре береміз, оларға тек моншақ не білезіктерді қосуға болады, бірақ аптап ыстықта басқа аксессуарларды тағу қиын.

Ал бұл күзгі образға келетін болсам, университетке, жұмысқа, құрбыларыммен сыртқа шығуға немесе сүйіктіммен бір жерге баруға болатын киім үлгісі. Бойдағы нәзіктікті көрсете білетін осындай стильдегі киімді жақсы көремін. Себебі бұл стиль айналадағы адамдарға жағымды әсер етеді, әрі сені мезі қылмайды.

Әселдің үстінде:


Күзгі образымды тоқыма сарғыш Batik пальтосы құрайды. Бұл пальто күләпараға айнала алатын жағасымен ерекшеленеді, түсі де ұнайды. Мен үшін бұл өте сәтті модель, себебі орташа ұзындығы бар пальтоны тауып алу мен үшін қиын.

Жасыл түсті Zara блузкасын сатып алған себебім – оның түсі. Күзгі бейтараптықты осы жасыл түсті киім ерекше қылады. Белдемшеге (Shendel) назар аударсаңыз, байсалды стильді жақсы көремін, бірақ ерекше түстес киімді де үйлестіре білген дұрыс.

Nila&nila етігін мен сонау 2009 жылы Оралда сатып алған едім. Ерекше өкшесі бар етік анам екеумізді бей-жай қалдырмады. Осы етікті кисем, айналадағылар міндетті түрде оларға назар аударады. Етік өте ыңғайлы, алайда, қатты жел соқса, жүруге қиындық туғызады.

Сөмкем (Gilda Tonelli) көлемді болғанымен, әдемілігін жоғалтпайды. Мектепте оқып жүргенімде бұл сөмкені анам сыйға тартқан болатын. Итальян сөмкелерін жақсы көремін, себебі олар пішінін ұзақ сақтап, он жылдай қасыңызда жүруі мүмкін. Сыйымдылығы, әрі көп нәрселерді салып қойсаң да шар ұқсап үрленбейтіні ұнайды.

Орамал-шарфтарды қатты жақсы көремін, суық болса, басыма тағып аламын, себебі бұл образыма нәзіктік береді. Күзде оларды киімге қосып киюді ұнатамын. Бұл орамалым байсалды реңкте - қара мен қызғылт түстес. Әдемі ою кез келген look үшін жарасымды.

Аксессуарларға келетін болсам: ақ алтыннан жасалған алқа мен шексіздік формасындағы кулон және Romanson сағаты. Сағатты Жаңа жылға ата-анам сыйлаған болатын. Үнемі тағып жүретін сағатым кешке арналған көйлек болсын, күнделікті киімім болсын, бәрімен де үйлесіп тұрады.

Макияж күзге сәйкес жылы реңкте, қоңыр күздің түсін қайталап тұрғандай. Көзге акцент жасай отырып, ерінге тек қана бальзам жаққан болатынмын.

Киімді қай жерден сатып аламын

Киімді көп ретте жоспарламай сатып алатыным бар: ұнаса – ала беремін. Анаммен бірге дүкен аралаған көңілдірек, сол себепті Оралдан жиі киім сатып аламын, ал мына жақта құрбыларыммен немесе сіңліммен Mega Center, Promenade, Silkway city, Пассаж, ЦУМ секілді дүкендерді аралаймыз; жеке дүкендерге кіргенді жақсы көремін, ондай жерде басқа дүкендерде жоқ нәрселерді тауып алуға болады.

Материалды дайындаған: Әлия Сембай

_________________________________________________________________________

Адам көркі — шүберек #1: Гаухар Very Berry

«Зачем орысша, когда есть қазақша?!»

$
0
0

IT индустрия елімізде жылдан жылға дамып жатқаны баршамызға мәлім, соның дәлелі ретінде қазнеттегі электронды коммерцияның өсуі, түрлі веб-дизайн студиялар мен диджитал агенттіктердің ашылуын айтуға болады. Бұрын отандық IT индустрияны Алматымен байланыстыратын болсақ, қазіргі кезде аймақтарда да бұл саланың мамандары жетерлік. Бүгінгі сұхбаттың қонағы Тимур Бектұр бұл жайында сөз қозғап, интернеттегі қазақ тілді жобалардың болашағы мен идеялары турасында әңгімелейді.


— Алдымен өзіңіз жайында айтып берсеңіз. Бүгінгі мамандығыңыз IT саласына деген қызығушылығыңыз қанша жасыңызда оянды?

— Мен Маңғыстаулықпын. Жетібайдың тумасымын. Мамандығым ақпараттық технология саласына тікелей қатысты. Қазақшалау не оны түсіндіру ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Жалпы халықтың тілімен айтқанда «компьютерщик» қой.

Мектеп бітіргеннен кейін мемлекеттік грант ала алмай, жоғары оқу орнына түспедім. Қаладан ауылға қайтып келіп, өзім 9 жыл білім алған мектепте «ЭЕМ операторы» болып жарты жылдай жұмыс жасадым. Осы кезден бастап бұл салаға деген қызығушылығым оянды деуге болады. Елдің барлығы «компьютер» дейтіні қазір ғой, ол уақытта кеңестік дәстүрмен «электронды есептеуіш машина» деп атайтын. Оған дейін тек кинодан ғана көретін компьютерді алғаш рет 10-сыныпта, Ақтаудағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа келген кезімде көрдім.

Ал қыр-сырын ұғып, тереңдей түсуім алғаш жұмыс жасаған кезім еді. Ол кезде, әрине, үйде компьютер жоқ. Сонда да ЕШКО деп аталатын пошталық оқыту қызметінің көмегімен «Компьютерлік әліппе» деген 9 айлық курсты бітіріп алдым. MSDOS жүйесімен осылайша кітап арқылы танысып, компьютерде атқаруға тиісті жаттығуларды қағаз бетінде жасадым. Осының және мектептегі компьютерлерде құмарым қанғанша отырғанымның арқасында келесі жылы қай мамандыққа түсетінім туралы ешқандай сұрақ туындамады, бірден барып Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің Инженерлік-техникалық факультетіндегі «Есептеуіш техникалар мен желілерді аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының ақылы бөліміне түстім. Демек, менің бұл салаға қызығушылығым 18 жасымда ояныпты.

— Ең алғашқы жасаған сайтыңыз қалай аталды?

— Ең алғаш жасаған сайтымды айтудың өзі ұят. Балдыр-батпақ, шылдыр-шатпақ бірдеңе жасаған болдым. Тіпті соны сайт деуге де келмейтін болар. Ал кәсіби маман, яғни бизнес көзі ретінде ең алғашқы сайтты Ақтаудағы шыны-талшықты құбыр шығаратын зауытқа жасағам. Кейін белгілі себептермен жұмыс ақырына жетпей қалды.

— Өз мамандығыңыз бойынша ең алғашқы алған жалақыңыз қанша болды?

— Өз мамандығым бойынша ең алғашқы алған жалақым... Жауап беру қиындау. Мүмкін мың теңге, мүмкін екі мың теңге... Студент кезімізден кәсіп жасауды бастап кеткен соң, алғашқылары есіме түспей тұр. Есесіне, өз мамандығым бойынша ең алғашқы алған айлығымды анық білемін. 2007 жылдары 120 мың теңгедей айлық алғанмын.

— Қазақстанда IT маманының болашағы туралы айтып берсеңіз?

— Тек ІТ емес, қай-қай мамандықтың да болашағы бар. Сауатты, мықты мамандар қашан болса да керек. Сенбесеңіз, өзіңіз бір жеке кәсіп бастап көріңіз. Сауатты есепші, тісқаққан заңгер, әккі аудармашы, кәнігі хатшы, шебер жүргізуші, мықты дизайнер — барлығы-барлығы керек болады. Сол кезде тек ІТ саласында емес, басқа барлық салада маман тапшылығы бар екенін анық сезінесіз. Өз ісінің білгіріне сұраныс әрдайым болады.

— Еліміздегі IT мамандарын дайындайтын жоғарғы оқу орындарына көңіліңіз толады ма? Қазір көптеген жастар IT мамандығы бойынша білім алу үшін шетелге кетіп жатыр дегендей...

— IT мамандарын дайындайтын оқу орындары туралы айтар болсам, «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендей, бірыңғай жақсы не бірыңғай жаман деп айта алмаймын. Оның үстіне, дәл қазіргі уақытта оқу орындарындағы бағдарламалармен таныс емеспін. Дегенмен С. Демирел атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, Алматыдағы Халықаралық ІТ университетін ерекше айтып өту керек болар. Менің жақсы танитын, білетін жігіттерім осы екі оқу орнынан. Бірақ әр аймақта, әр жерде ІТ мамандары даярланып жатыр, олардың ішінде де көрінбей жүргендері болуы мүмкін. Олардың барлығына төмен баға беріп, топырақ шашуға болмас.

Алайда осы саланың бастау алған жері, әлемдік ІТ үрдістердің отаны, жалпы қалыптасқан мектептің нақ ортасы АҚШ-қа барып, осы саланың бір шетін меңгеріп келгенге не жетсін?! Стив Джобс пен Билл Гейтс кремний аймағында емес Қазақстанда туылса, бүгінгі биігіне жете алмас па еді... Бұл жерде мен елімізді артта қалған дегім келіп отырған жоқ, бізде бұл саладағы мектептің әлі дұрыс қалыптаспағандығын айтып отырмын. Ес білгенінен бастап микросхемалар құрастырумен айналысқан адам, әрине, ержеткен соң электронды құрылғыға ет жақын болады. Осы жерде айтқым келетіні, мен негізі мықты ІТ-маманы емеспін. Тіпті ештеңе білмеймін десем де артық емес. Әр сөзіме кесек-кесек жауап бере алатын, тындырары көп, менен 5-10 жас кіші іні-қарындастарым жетерлік. Алайда бұл саладағы менің негізгі ұстанған мақсатым — жалпы ІТ саласын халыққа етене таныстыру, ұғынықты жеткізу, мектеп не үрдіс қалыптастыру.

Мысалы, Асхат Еркімбай деген жігітке дейін блог жазғандар болған шығар, бірақ еліміздегі блогосфераның дамуына бір кісідей ат салысып, блог жазу үрдісінің дамуына тікелей ықпал еткен жан ретінде мен оны еш қысылмастан үлгі ете аламын. Ендеше, менің де бағытым осындай. Қалғаны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай боп кетер деген үміт қана. Сосын барып сапа туралы әңгімеге кезек келеді.

— Өзіңіздің бүгінгі күні алып жүрген жобаларыңыз жайында айтып берсеңіз?

— Мультитаскинг деген бар. Өзіміздің тілмен айтқанда, бірнеше істі қатар атқару. Тайм менеджмент тұрғысынан алғанда, бұл түбегейлі дұрыс емес нәрсе. Дегенмен осы бір әдетке бой алдырып жүрмін. Бірақ соның өзінде дәл қазір, ұсақ-түйекті, оффлайндағы тірліктерімді санамағанда, негізгі үш-төрт жобамен айналысудамын. Олар: «ІТ-тірлік» онлайн-журналы, онлайн epub-кітапхана және қазақ тілін жетік меңгергісі келетін, білсе де сөйлеуге именетін қазақтарға арналған «Зачем орысша, когда есть қазақша?!» атты email-хабарлама. Алайда, жаңа айтқанымдай, әу баста өзімнің физикалық, материалдық мүмкіндіктерімді ескермегендіктен, соңғы екі жоба ақсаңқырап тұр. Дегенмен жолда қалмайды. Өйткені әрқайсысының да сұраныстағы жобалар екенін байқап көрдім.

Әйгерім Кеулімжай фотомұрағатынан

— «Зачем орысша, когда есть қазақша?!» атты жобаңыздың аты қызық екен. Сол жобаңыздың дүниеге келуімен бөлісе кетсеңіз. Ол қалай жұмыс істейді?

— Ауылда Бердіхан деген досым бар. Соның көп айтатын сөзі еді. Жалпы біздің жақ таза қазақи орта ғой. Соның салдарынан ресми тілге көпшілігіміз шорқақпыз. Мысалы, мен әлі күнге дейін орысша жөнді сөйлей алмаймын. Сондай бір орысшадан сүрініп тұрған кезде әзіл-шыны аралас айтқаны болуы керек, нақты қалай екенін білмедім, әйтеуір осы сөз есімде жақсы сақталып қалыпты. Айналамдағылардың, аннан-мыннан таныс боп жүргендердің көпшілігі ылғи орысша не шала-шарпы қазақша сөйлеп жүргенін көріп, осы мәселені шешудің жолын қарастырдық.

Астанада бастау алып, қазір Атырауда жақсы-жақсы әлеуметтік жобалармен айналысып жүрген «ААА» атты еріктілер тобы бар. Соның атыраулық жетекшісі Әсел Досаманова: «Сен адамдарға үнемі „қазақша сөйлеңдер, қазақша сөйлеңдер“ деп ұрса бергенше, солардың қазақша сөйлеуіне ықпал етіп, мүмкіндік берсейші? Олар қазақша біледі, бірақ сөйлеуге ұялады. Кейбірінің қазақша сөйлейтін ортасы да жоқ. Мүмкін болса, қазақшаны жетілдіруге арналған бір жоба жасарсың?» — деп жақсы бір ой тастады. «Бұл да бір жөн сөз екен» деп, нәтижесінде биылғы жылдың басында осы проект дүниеге келді.

Оның жұмыс жасау тәсілі қарапайым. Блогымдағы арнайы форма арқылы кез келген адам тіркеледі де, өздерінің электронды поштасына осы сабақтарды хат ретінде алады. Хабарламада Илья Франктың әдістемесі бойынша қазақша-орысша қызықты мәтін мен тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдердің орысша түсінігі, сондай-ақ компьютерде, басқа да құрылғыларда қазақ әрпін қалай қосатыны жөнінде, тағы сол сияқты технологиялық нұсқаулықтар болады. Мұның жақсы жері, поштаңызға келген хаттан ешқайда шықпастан, барлық мәліметті хабарлама ішінен оқисыз. Өйткені, көпшілік адам сілтемеден сілтемеге өтіп, браузер ақтарып отырғысы келмейді.

— Жақында Атамекен StartupWeekend-тен 1-орынды иелендіңіз. Жеңісіңіз құтты болсын. StartupWeekend-ке қай жобаңызбен қатыстыңыз?

— Рахмет, Айнұр! Әмин! Ол шараға өздеріңіз білетін «ІТ-тірлік» ақпараттық-танымдық журналын алып бардым.

— «ІТ-тірлікті» жасау туралы идея қашан келді?

— Әрбір ІТ маманының басында бар жағдай — жақын-жуық, ағайын-тумадан компьютерге қатысты таусылмайтын сұрақтар. Оның үстіне, жазып-сызуға әуестігім бар. Нәтижесінде «Осы неге ІТ саласына қатысты қазақша журнал жасамасқа?» деген ой келді. Соңғы шешімді былтыр, 2011 жылы қабылдадым. Айналамдағы және өзім білетін, танитын, блогшы, компьютерші, сайт жасаушы жігіттердің әр қайсысына жеке-жеке хабарласып, өз ойымды айттым. Бірігуді ұсындым. Ұсынысымды бірі қуана қабылдады, біреулері құп көрсе де қолдары тимейтінін айтты. Сөйтіп, кейде өзгелердің жәрдемімен, кейде өзімнің күшіммен бұл жобаны қазіргі деңгейіне дейін сүйрелеп жеткіздім. Өзіңіз білетіндей, бұл әлі шикі дүние. Жасалатын жұмыс жетерлік.

— Журналды жасауда қандай қиындықтар кездесті?

— Кездескен қиындық болғанда... Көп қой. Жетіспеушілік. Жоқтық. Ақшадан бастап адамға дейін...

—  «ІТ-тірлікке» материалдарды кім жазады?

— Әрине, ең бірінші өзім, сосын өзің секілді жастар жазады. Негізінен — қазақ блогшылары. Сондай-ақ интернет арқылы немесе блогқұрылтайда алғаш көріп, таныс-біліс болған кісілер көмектесуге ниеттерін білдірді, сөйтіп бірі аудармаға қол ұшын созса, бірі сұхбат алып, әйтеуір, көптің көмегімен біраз шаруа атқарылып жатыр. Осы орайда айтқым келетіні, бұл жобаның өзі әлі де хобби деңгейінде тұр. Шығын шыққаны болмаса, әзірге кіріс әкеліп жатқан жоқ. Сондықтан мақала авторлары мен аудармашылар ақысыз, ерікті түрде көмек қолдарын созуда. Оларға Аллаһ разы болсын. Алғысым шексіз!

— Бұл журналдың болашағын қандай етіп көресіз?

— Болашағы... Болашағы жарқын болатынына сенімім кәміл. Алайда тап басып болжау қиындау боп тұр. Себебі бизнес-модель деген болатынын кешегі стартап жарысқа қатысқаннан кейін біліп жатырмын. Соған салып кеп қалғанда, жобамның қандай да бір құнға ие болып, өзін-өзі немесе салынған қаржыны ақтауы үшін біраз өзгерістер болуы мүмкін екендігін байқадым. Десек те, онлайн-журналдың оффлайн-журнал түрінде, яғни қағаз басылымға шығып қалуы әбден мүмкін.

— Атамекен StartupWeekend-те барлығы қанша жоба қатысты, әділ-қазылардың таңдауы сіздің жобаңызға түсуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

— Қателеспесем, барлығы 20-ның үстінде жоба тіркелген. Кейін сол 15 шақты қатысты-ау деймін, шамасы. Әділ-қазылардың таңдауы маған неге түскенін өздерінен сұрамасаңыз ...(күліп). Мысалы, мен өзімнің орын алатынымды сездім, бәлкім ынталандыру, бәлкім үшінші орын болар деп ойладым. Сондай-ақ ешқандай жүлдесіз қалуға да дайын болдым. Маған ол шараға қатысқанның өзі біраз пайда әкеліп, көп тәжірибе берді. Алайда «Бірінші орын!» дегенде, әрине, қуанышымда шек болмады. Себеп? Мүмкін жобамның біраз шаруасы бітіп тұрғаннан болар. Журналдың сайты жұмыс жасап тұр, алғашқы нөмірі бар, оқырмандар статистикасы бар, бұл жобаға сұраныс қандай екендігі туралы сауалнама нәтижесі бар, т.с.с. әділқазылар басты назар аударатын факторларға жауап болды. Сосын көпшілігі «презентацияны жақсы жасадың» деуде.

Ал ең басты себеп, меніңше, бұл жобаның ақпараттық технология саласындағы мәліметтерді тек қана қазақша жеткізетіндігінде болуы керек. Осы шара туралы нақтырақ жазған атыраулық «Ақ Жайық» газеті менің жобам туралы: «IT-тірлік» впечатлил качественно созданным буквально за эти два дня презентационным роликом. Идея автора заключается в создании интернет-издания на тему информационных технологий на казахском языке" деген екен. Осы сөз сіздің сұрағыңызға нақты жауап беретін сияқты. Тек сәл ғана түзету, ол ролик екі күнде емес 4-5 сағатта, сол презентация болар күні таңертең жасалды.

— Бірінші мен екінші орынды қандай жобалар алды?

— Екінші орынды «Экономь» деген принтерлік қызметті аутсорс жасау туралы жоба алса, үшінші орынды «Отбасы құру орталығы» алды. Олардың негізгі мақсаты, мен дұрыс түсінсем, таңның атысы, күннің батысы жұмыстан қолы тимейтін, жеке өмірге уақыты тар болып жүргендерге жар табу мәселесінде қол ұшын бермекші.

— Орын алмаған, бірақ маңызды жобалар болған шығар...

— Әрине, өте қызықты жобалар болды. Мысалы, мектеп жасына дейінгі және алғашқы сынып оқушыларына қазақ тілін үйрету үшін Анна Захарова өз жобасын ұсынса, тағы бір өнертапқыш жігіттер мұнайды өңдеудің жаңа технологиясын тапқанын сахнаға өздері жасаған құрылғыны әкеліп көрсету арқылы дәлелдеуге тырысты. «Алтын бесік» атты жобаны ұсынған топ бала бағушылар қызметін ұсынса, енді бір топ «Red Fish» атты ресторанда онлайн-брон жасау жобасын әкелді. «Nomad» атты топтағы жігіттер қазақы стильдегі киімдер мен жейделер шығарғысы келетіндіктерін айтса, Ержан деген жігіт «Айқап» атты қазақтың тұңғыш газетін онлайнда жандандырмақ ойы барын жеткізді.

— Жалпы бүгінгі Қазақстан IT индустриясында қандай жобалар трендте?

— Қателесуім мүмкін, алайда интернет-дүкендер мен электронды қызметтер тренд боп жатқан секілді. Интернет-дүкенді өзіңіз білесіз, уебсайт арқылы кез келген бір тауарды сатып аласыз. Ал электронды қызмет дегеніміз интернет арқылы сізге ұсынылатын қызмет. Мысалы, сіздің инстаграмыңыздағы суреттеріңізді қағазға шығарып беретіні секілді.

— Алдында айтып өткендей «ІТ-тірліктен» басқа айналысып жүрген жобаларыңыздың бірі EPUB. Сол жайында толығырақ айтып өтесеңіз.

— Иә, EPUB — бұл портативті құрылғыларда кітап оқуға арналған тамаша формат. Өздеріңіз білетін PDF-тан айырмашылығы — салмағы жеңіл, навигациясы мен басқаруында және оқылуында біраз жеңілдіктер мен артықшылықтар бар. Бұл жобаны не үшін қолға алдыңыз болғанда, барлығы да сол өз басыңа түскен проблеманың шешімін іздеуден бастау алады деп білемін. Планшет алдым, сапалы, қымбат смартфон алдым, енді оқиын десең, электронды қазақша кітап жоқ. Қайтпек керек? Әрине, гуглден іздемек керек! Гугл не дейді? Гугл «ондай қазақша кітап жоқ» дейді. Сосын? Сосын «Осындай е-кітапты қалай жасайды екен өзі?» деп іздесем, түк қиындығы жоқ екен. Барлығы содан басталды. Мәтінді кей жағдайда adebiet.kz сайтынан аламын, кейде интернеттегі ашық көздерден аламын. Кейбір кітаптарды маған үнемі қол ұшын беруге даяр тұратын жігіттер мен қыздар дайындайды. Солардың және интернетте отыратын басқа да ынталы жандардың басын қосып, осындай кітаптарды қалай жасау керектігі туралы екі рет онлайн-сабақ өткіздім. Осылай-осылай жанданады ғой тірлігіміз, бұйыртса.

Әлгінде айтқанымдай, мұндай кітапты бес минутта жасай аласыз. Мысалы, интернетте оқылмай қалған жазбалар, бұрыннан оқуға уақыт таппай жүрген әдеби кітаптарыңыз немесе жай ғана университеттегі лекцияны жақсылап оқып алғыңыз келсе, қолыңыздағы мәтінді осы форматқа дереу айналдырып аласыз да, жүрген-тұрған жеріңізде оқи бересіз. Айталық, Алматыда көлік кептелісі көп. Біздің шағын қалаларымыз Ақтау, Атыраудың өзінде қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін кемінде 30 минут кетеді. Автобус күту де біраз уақыт алады. Сондай кездерде құр отырғанша, қалтафоныңыз арқылы үй тапсырмасын не сүйікті кітабыңызды оқып тастай аласыз. Керемет емес пе? Айзексонның Стив Джобс атты 700 беттей қалың кітабын ұялы телефоным, планшетім арқылы тез-тез оқып тастап, кейін оның көлемін көргенде «Осының барлығын оқығаным ба?» деп қатты таң қалғанмын.

— Дайын EPUB-ты қайда саласыз?

— Кейбір жасаған кітаптарымды блогымнан таба аласыз. Бірақ жуық арада Қазнетке қосқан бір үлесім ретінде epub.kz атты электронды кітапхана жасамақ ниетте жүрмін. Сайт жасалды, 20-30 шақты кітаптар да жиналды. Енді біраз ұсақ-түйек жұмыстары біткен соң, ашылуын жариялайтын болармын, амандық болса.

— Алдағы уақытта тағы да басқа жобаларды қолға алу ойыңызда бар ма?

— Жоба көп. Өте көп. Кейде тіпті идеялар генераторы секілді боп кетемін. Бірақ ойға келгеннің барлығын жасай беруге физикалық түрде шамам келмейді және 24 сағат тым аздық етеді.

— «Қазақ тілді IT саласында жемісті қызмет етіп жүр» деп кімдерді айта аласыз?

— ІТ, яғни ақпараттық технология саласы тек интернет сайт не блогпен шектеліп қалмайды, сондықтан тізіп шығу қиын болар. Қызмет етіп жүрсе де, ешкім білмейтін, бәрі білсе де, мен білмейтін мықтылар баршылық. Біздер сияқты популизммен айналыспайтын, тек қана өз жұмысын білетін, көпке ашыла бермейтін ІТ мамандары көп қой. Мысалы, жақында бір жігіттер Андройд құрылғылары үшін «Қазақ әліппесін» жасады. Енді бір бауырларымыз қазақ клавиатурасы жоқ Эппл өнімдері үшін қазақша жазуға мүмкіндік беретін АйФон/АйПадтарға арналған бағдарламалар жасады. Меніңше, осындай жігіттер мақтауға тұрарлық.

— Өзіңіздің жолыңызды қуып келе жатқан жастарға қандай кеңес бересіз?

— Жастарға кеңес беретіндей қалтырап, қартайып қалған жерім жоқ. Өзім де жаспын. Дегенмен өзімнен 5-10 жастай кіші іні-қарындастарымның жетістіктері мен жасап жатқан істерін көргенде, қатты қуанамын. Мен олардың жасында ұйқы мен тамақты ғана білген сияқтымын. Кеңесім... Арымасын, жігерлері мұқалмасын, ізгілікке алған беттерінен ешқашан қайтпасын!

— Әңгімеңізге рахмет! Қолға алған барлық жобаларыңыздың жемісін көріңіз!

Cұхбаттасқан: Айнұр Ракишева

«Бастау» жас кинематографистер додасы қалай өтті?

$
0
0

Өнер мейрамына айналған II «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептердің халықаралық кинофестивалі 23-27 қазан аралығында әсем Алматыда Америка, Орта Азия іспетті 15 елден келген жас кинематографисттердің басын біріктірді. Фестиваль студент -режиссерлардың өзара тәжірибе алмасуына мұрындық болып, отандық киноөндірістің даму бағытындағы жастардың рөлін анықтай келе, киносүйер қауымға 180 фильмнің ішінен іріктелген 44 фильмді назарға ұсынды.

««Бастау» кинофестивалінің аясында көрсетілген фильмдер құрылымы, техникалық шеберлігі, айтар ойы жағынан кәсіби шеберлерден еш кем емес. Фестивальде дарынды жастардың шеруін көргендей болдық. Әр фильмнің өзіндік шеберлігіне қарап, әлі қалыптасу үстіндегі студенттердің жұмысы дегенге сенбейсің, фестивальге ұсынылған фильмдердің барлығы дерлік өзінің кәсіби деңгейінде көрерменіне жол тартты» — дейді әділқазылар алқасының төрағасы Ақтан Арым Кубат. Қырғыздың танымал режиссері бастаған қазылық алқаның мүшелігінде Боливудттық продюссер Пракаш Шарма, Ресейлік драматург Сергей Тримбач, Мохаммед Аль Ансари (Біріккен Араб әмірлігінен), Евгений Пашкевич (Украина), Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің қатарынан құрылған студенттік қазылар алқасының мүшелігінде Назерке Нұржанқызы, Әлімақын Жанболат, Бесбаев Мейірбек, Литовченко Сергей қазылық етті.

Жастар үні естілген бұл фестивальде жастардың қоғам өміріне бейжай қарамайтындары, әлеуметтік мәселелер мен адам тағдыры, болмысы туралы қалыптасқан философиялық ойларын толықтырар тереңнен меңгерген драматургиялық тәсілдің режиссерлік шешіммен орайын табуы, актерлік ойынмен толықтырылуы — топтық жұмыста әр маманның өз ісінде белсенді екенін дәлелдеді. Киногерлер көрерменіне фильмдері арқылы бірінен соң бірі кезектесіп ақтарыла берді.

Бұл фестивальдің жастарды жан-жақты жігерлендірудегі маңызы зор екенін атап өтсек, әлемнің әр түпкірінен келген кино- мэтрларының шеберлік-сабақтары да жас мамандардың қалыптасуына, кино өнерінің тарихы мен техникасына әлдеқайда терең бойлауға түрткі болды.

Фестивальдің бас жүлдесін иеленген қазақстандық Айнұр Исмайлованың «Көкесі» және ресейлік Григорий Кишко «Ландшафт с песком и ящиком» фильмдері дараланды. Әлі өлімнің не екенін түсіне бермейтін 6 жасар баланың әкесінен айырылған шақтағы бала түсінігі, өмірдің ауыртпалығын ерте сезуі, жас баланың ішкі жандүниесін суреттейтін «Көке» атты туынды операторлық, көркемдік шешімі жағынан тереңдей білсе, Григорий Кишко өз фильміндегі тақырыптық ерекшелігімен, мифологиялық түсінікті өмір ағымына сала білген. Құм, жәшік сияқты детальдарды пайдалану арқылы көрерменін саспенсқа жетелеп, ойының шарықтау шегінде катарсисқа ұшыратады.

Сондай-ақ, жүлдегерлер қатарындағы қырғызстандық режиссер Әділет Қаржоев «Сары-ой» деректі фильмі арқылы бүркітші тағдырын баяндаса, қазақстандық студент Алмат Жақсылық өз деректі фильмінде қоғамда беті көрінген індеттің бірі — еркектің әйел болуды армандайтыны туралы шынайы синхрондар жинақтайды. «Война рождает ужас» — Рустам Сахибов (Тәжікістан), «Эскимо» — Мария Пономарева (Украина), «Слепой дождь» — Анастасия Максимчук (Украина) сынды жас режиссерлар кино тілінде біраз ойларын ортаға салды.

Халықаралық киномектеп арасында қазақстандық студенттердің жұмысы дараланып, әлемдік киноөндірісте қазақ киносы бағытын белгілеген, шеберлігін дамытқан, бәсекеге қабілетті қалыпта екенін «Бастау» кинофестивалінен ерекше байқай білдік. Ой мен пікір алмасып, тәжірибе арттырар, студенттердің біліктілігін көтеру мақсатын алдыға қойған «Бастау» өз миссиясын орындады. «Бастау» — бастысы, студенттердің кино әлеміне басқан қадамдарына бастау болды.

Назерке Сланбек

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер академиясының 4- курс студенті

Алматы көшелері: Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлы көшесі

$
0
0


«Алматы көшелеріне саяхат» айдарының кезекті саны белгілі қоғам қайраткері, ғалым-механик, техника ғылымдарының докторы Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлының атына берілген көшеге арналмақ.


Ө.Жолдасбеков көшесі Медеу ауданындағы Самал-1 және Самал-2 ықшамаудандарының арасында орналасқан. 1990-шы жылдары салынған бұл көше Достық даңғылынан бастап Фурманов көшесіне дейін жалғасып жатыр. Оның ұзындығы 700 метр.

Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлы 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қызылсу ауылында дүниеге келген. Бала кезінен техникаға жақын Өмірбек мектепті тәмәмдағаннан кейін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1954 жылы бітіріп шығады. Содан кейін Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтына оқытушы болып келеді. Оқытушыдан аға оқытушы болып, одан механика факультетінің деканы болып, 1958 жылға дейін аталған мекемеде қызмет етеді.

Араға біраз жылдар салып 1964 жылы қазіргі Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне проректор болып тағайындалады. Сол қызметте жүріп 1970 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ректор болып қызметінен жоғарылайды. 1986 жылға дейін ҚазҰУ студенттер қалашығының салынуына ұйытқы болып, университетте жаңа кафедралардың негізін қалайды. Сөйтіп ҚазҰУ-дың Кеңес Одағындағы жетекші жоғарғы оқу орындарының біріне айналуына үлкен септігін тигізеді.

1986-1988 жылдар аралығында ҚазҰУ-дың «Қолданбалы механика» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет еткен.

1991 жылы қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының негізін қалаушылардың бірі Өмірбек Жолдасбеков сол жылы дүние жүзі мойындаған ғалым ретінде Мәскеу қаласындағы Халықаралық Инженерлік академияның академигі мен вице-президенті болып сайланады. Ал 1992-1994 жылдар аралығында ҚР Инженерлік академиясының академигі мен президенті болды. Осы аралықта Пәкістанның Инженерлік академиясының құрметті академигі, Ислам елдерінің инженерлік академиялары Федерациясының вице-президенті және АҚШ-ның инженер-механиктер Қауымдастығының толық мүшесі болған.

Өмірбек Жолдасбеков жазық және кеңістіктік жоғары класты механизмдер мен манипуляциялауыш құрылғылардың графиктік-аналитикалық және аналитикалық теориясын негіздеп, соның нәтижесінде әлемдік практикадағы теңдесі жоқ жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейферлік, жүк қармауыш және манипуляциялауыш құрылғыларды ойлап тауып, өндіріске енгізіп, ғылымға үлкен еңбегін сіңірді.
1995 жылы ғалым Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатында 1 жылдай еңбек етіп, 1996 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, әрі Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрағасы болып жұмыс істейді.
Сонымен қатар Өмірбек Жолдасбеков ең алғашқы болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасап, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазған. Осы салада жазған 380 ғылыми жұмысының 14-і монография, 24-і оқу-әдістемелік құралдар. Ол 102-і КСРО және 10 шетелдік патенттің авторы.

Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған тұлға Өмірбек Жолдасбековтың атына көзі тірісінде Д.Қонаев 162-ші үйде және ҚазҰУ-дың ғимаратында мемориалды тақта қойылған. Ғалымның атымен аталатын Студенттер сарайы маңында 2011 жылдың наурыз айында ескерткіш орнатылды. Оның атында сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министірлігінің «Механика және машинатану институты», ҚР Инжинерлік академиясында премия мен 2003 жылдан бастап жас ғалымдарға (студенттерге) тағайындалатын жылдық шәкіртақы, Шымкент, Тараз қалаларындағы орта мектептер мен Шымкент, Алматы қалаларында көшелер аталынады.












Мәтін: Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

«ҚБТУ — Торнадо». Спорттық программалау мен мақсат қоя білу.

$
0
0

Бүгінгі материалда «Екпін» жобасы оқырмандарын тағы бір талантты топпен таныстырмақшы. Бұл топ ән айтпайды, би билемейді, тіпті олардың театрға да қатысы жоқ. Биылғы жылдың көктемінде талантты жігіттерден құралған аталмыш топ Варшава қаласында Қазақстанның атын 5 сағаттың ішінде әлемге танытты десек, артық айтпаспыз. Бұлар кім десеңіз — Әлемдік Студенттерге арналған ең ірі халықаралық бағдарламалау (ағылшын тілінде қысқаша ACM/ICPC) олимпиадасына қатысып, 16-орын иеленген «ҚБТУ — Торнадо» командасы. Команда Қазақ-Британ университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде білім алып жатқан Әзизхан Әлмаханов, Қанат Сатылханов және Мадияр Айтбаев деген жігіттерден құралған. Бүгін осы жігіттермен сұхбаттасудың сәті түсіп, оларды әңгімеге тартқан едік.

Солдан оңға: Қанат, Мәдияр, Әзизхан, Дамир

— Ең бірінші команданың қалай құралғандығы туралы айтып берсеңдер...

Әзизхан:

— Негізі барлығымыз да бұл олимпиадаға қатысуды мектеп кезінен армандаған едік. Сол арманның жетегінде жүріп бір-бірімізбен таныстық. Шамамен 9-10 сынып оқып жүрген кезімде информатика пәнінен мектеп аралық олимпиададан Республикалық жарысқа келген болатынмын. Сол кезде информатика пәнінен келген Мадияр мен математика пәнінен келген Қанатпен таныстым. Танысып, сөйлесе келе үшеуіміздің де арманымыз ACM чемпионатына қатысу екендігін түсінгеннен кейін болашақта оған бірге қатысамыз деп жоспарладық. Кейін университетке түскеннен соң алға қойған нақты мақсат пайда болып, тараздық мені және талдықорғандық Қанат пен Мадиярдың басын бір арман, бір университет, бір команда қосты.

— Сонда университетке де келісіп түстіңдер ме?

Мадияр:

— Жоқ, бірақ бұл оқу орны Қазақтан бойынша осы салада өте мықты дайындайтын болғандықтан, біз үшін Қазақстанда ҚБТУ-дан басқа таңдау болған жоқ.

— Сендер қатысып келген чемпионаттың ерекшелігі, оның ережелері мен шарттары туралы айтып өтсеңдер.

Қанат:

— Дүниежүзі бойынша университеттер арасында өтетін олимпиада бірнеше этаптан тұрады. Бірінші этап әр университеттің өз ішінде іріктеу болады. Одан кейін Республикалық олимпиадаға қатысады. Республикалықтан өткен команда жартылай финалға өтеді. Оған бір университеттен бірнеше команда өткенімен, финалға бір университет атынан бір ғана команда қатыса алады. Біздің регион, яғни Қазақтан, Ресей, Белорусь, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдер бір регион болып саналады. Солардың арасынан финалға 12 түрлі университет өту керек. Мысалы осы жылы 16 университет өтті. Сол он алтылыққа енген университеттер финалға жолдама алады. Финалдық жарыста осы сияқты аймақтан барлығы 100-ден астам командалар жиналады. Финалда 12 орын бар. Бағдарламаның тапсырмаларын бірінші болып орындаған алғашқы 4 команда алтын алады. Қалғандары 4 күміс пен 4 қола медальді иеленеді.

— Қазақстанда өткен іріктеуге қай ЖОО командаларын қатыстырды?

Мадияр:

— Оған Қазақ-Британ университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Сүлейман Демирель атындағы университет, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Халықаралық IT университеті сынды тағы да бірнеше университет қатысты. Бір университет 10 командаға дейін ұсынуға құқылы. Бұлардың ішінен әр университеттен 4 команда жартылай финалға өтті. Сөйтіп бәріміз жартылай финалға Ташкент қаласына бардық. Ол уақытта Санкт-Петербор, Барнауыл сынды бірнеше қалада жартылай финалдың іріктеу сынақтары өтіп жатты. Біздің регионға 16 орын бөлінген болатын. Осы жылы он алтылыққа Қазақстаннан тек біздің команда ғана ілікті. Біз Ташкентте Орталық Азия бойынша бірінші, ал жалпы рейтинг бойынша 14-орынды иеленіп, финалға жолдама алдық.

— Чемпионатқа қалай дайындалдыңдар?

Әзизхан:

— Біздің жаттықтырушымыз Дамир Елеусізов деген кісі. Ол өзі де кезінде осы олимпиадаға қатысып, Орта Азия және Қазақстан бойынша жүлделі орындарды иеленген. Өткен жылы жартылай финалға дейін әр сенбі сайын бізге олимпиадаға дайындық жүргізетін. Сонымен қатар өзіміз де күніге АСМ чемпионатының 5 сағаттық форматында шынымен олимпиадада отырғандай өткен олимпиадалардың есептерін шығарып, күрделі дайындықтар жасап жүрдік. Сосын жартылай финалдан кейін де Қазақтаннан біз ғана өткендіктен өз бетімізбен финалға дайындық жасадық. Қыста Ресейде біздің регионнан финалға өткен командалар арасында жиын болды. Соған бардық. Сонда тағы дайындалдық. Кейін Ресейден тренер шақыртып, ол бізді 1 апта дайындады.

— Варшавада өткен чемпионатқа дейін үлкен деңгейдегі олимпиадаларға қатысып көріп пе едіңдер?

Қанат:

— Осыншалықты үлкен олимпиадаға қатысып көрген емеспіз. Бұл бірінші рет. Әр жыл сайын Қазақстан атынан көптеген университеттік командалар қатысқанымен ешқайсысы жартылай финалдан өте алмайтын. АСМ тарихында Қазақстаннан финалға тек 4 команда ғана өткен. ҚазҰУ-дан бір команда, ҚБТУ-дан 2 команда, биыл біз төртінші команда болдық.

— Биыл сендер 16-орынды иелендіңдер, ал сендерден бұрын қатысқан үш команда қандай нәтиже көрсетті?

Әзизхан:

— Ең соңғы қатысқан команда 30-орынның айналасында болды. Ал оған дейінгі екі команда одан да нашар көрсеткіш көрсеткен.

— Бұл чемпионатта қандай қиындықтар кездесті?

Әзизхан:

— Дүние жүзі бойынша ең мықтылар жиналған бұл чемпионатқа бірінші рет қатысқаннан кейін аздап қиындықтар болды. Бұл олимпиаданың ерекшелігі — 5 сағаттың 4 сағаты кім қай орында тұрғандығын көріп отырамыз. Тапсырманы орындап бола салысымен оның қорытындысы автоматты түрде қайтып келіп тұрады. Біз басында алаңдап, біраз кірісіп кете алмай отырдық. Шыны керек, жарыстың алғашында көп уақытымызды құр өткізіп алдық. Содан кейін ортасынан бастап бар күш-жігерімізді жинап кірісіп, барымызша тырысып бақтық. Қиындық сол6 бірінші қатысқандықтан болды деп ойлаймын.

— Бір топта қанша адам болуы міндетті, қанша жастан бастап қатысады?

Қанат:

— ACM-ге қатысушылар міндетті түрде университетте оқу қажет. Жас жағын білмедім, студент болса жеткілікті шығар. Ал командада негізінен үш адамнан болады. Содан кейін Қазақстанда өтетін бірінші этапқа бір адам әр жылдары максимум 5 рет қана қатыса алады. Мысалы мен бакалаврда қатыстым, енді магистратурада қатыссам, одан кейін қатыса алмаймын деген сияқты ғой. Сондай-ақ финалға екі рет өткен адам келесі жолы қатысуға мүмкіндігі болмайды.

— Тапсырмаларды қай тілде орындадыңдар?

Мадияр:

— Тапсырмаларды С++ тілінде орындадық.

— Спорттық программалауға қатысу үшін адамның бойында білімнен басқа қандай қасиет болуы керек?

Қанат:

— Жетістікке жету үшін көп еңбек ету керек. Сол үшін адамға бірінші — еңбекқорлық қажет деп білемін. Сонымен қатар командада жұмыс істеу үшін адамдармен жақсы тіл табысатын және спорттық олимпиадаға қатысатын болғандықтан, сарбырлық қажет деп ойлаймын.

— Әлем университеттері арасында білімдеріңді сынап қайттыңдар, осыдан кейін қазақстандық университеттерді шетелдіктермен салыстырған шығарсыңдар. Біздің деңгейіміз қандай екен?

Әзизхан:

— Қазақстан осы бағытта енді ғана дамып келе жатқан мемлекет. Осы уақытқа дейін жартылай финалға дейінгі болатын олимпиадаларда тек ҚБТУ алғашқы орындардан көрінетін. Ал қазір бұрынғымен салыстырсақ, өзге университеттердің де командалары шығып жатыр. Ол деген Қазақстан ішінде бәсекелестік пайда болып келе жатыр дегенді білдіреді. Бәсекелестік болған жерде прогресс те болады ғой. Болашақта жақсы нәтижелер көрсетеміз деп ойлаймын. Қазіргі кезде Ресей, Украина, Белорусиядан қалып қоямыз. Бірақ өзіміздің Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан сәл ілгері деп айта аламын.

— Болашаққа қандай жоспарларың бар?

Қанат:

— Google, Facebook сынды бір шетелдік компанияда қызмет еткім келеді.

Мадияр:

— Өзім жеке стартап компаниясын ашуды армандаймын.

Әзизхан:

— Ол жағын әлі жоспарлаған жоқпын. Бірақ университет бітірген соң мүмкін басында шетелге барып біраз жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап келетін шығармын.

— Әңгімелеріңе рахмет! Сендерді биік шыңдардан көре берейік!

Әңгімелескен: Айнұр Ракишева

Аптаның қызықты материалдары #20

$
0
0

Дос Көшім. Ұлт пен Мемлекеттің намыс туралы түсінігі бірдей емес екен...

Қытай Халық Республикасының интернет ақпарат құралдарының ішіндегі ықпалды, таралымы кең электронды ақпарат құралдарының бірі болып саналатын Шинлаң (sina.com.cn) сайтында Қазақ халқының салт-дәстүрін бұрмалау, қорлау, және мазақ ету мақсатымен жазылған мақала жарық көрген болатын. «Естелік» ретінде жазылған мақаланың авторы Хұң Бау: деп, Қазақтың салт-дәстүрінде жоқ, Қазақ халқының ұлттық ар-намысына тиетін жалған оқиғаны өз басынан өткен шындық ретінде жариялады (жалғасы).

Суретші мүгедек жанның өмірін комикс арқылы көрсетті

Көрме-репортажда балалардың церебральды сал (ДЦП) сырқатымен ауыратын Бақытжан Жұмановтың күнделікті тіршілігі комикстер арқылы көрсетілген. Көрмеге 50 жұмыс қойылған.

Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың да кәдімгі адам екенін, олардың талғамы мен әдеттері дені сау адамдардың әдет-дағдысынан айырмасы аз екенін көрсету, мүгедек жандардың проблемаларына қоғам назарын аудару (жалғасы).

«Ешқандай кінә таға алмаймын»

- Бүгінгі бұлтарысы мен бұрылысы көп қоғамдағы қазақ жастарына көңіліңіз тола ма?

- Алдыңғы буынның кейінгі жастарға көңілі толмайтыны әркезде, әр ғасырда да болған. «Қазіргі жастар бұзылған... Өзіміз кезінде...»  деген сөзді біз де естігенбіз, біздің ата-аналарымыз да өз әке-шешелерінен, ал олар өздерінен бұрынғылардан естіген. Тіпті, жастарға көңілі толмаушылық ғұлама ғалым әл-Фарабидің ескі жазбаларында, трактаттарында да кездеседі екен. Алайда, әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері мен талабы болады. «Жастарымыз жаман» дегенде кім бізге жақсысын бере салады? «Не ексең соны орасың». Өзіміз қандай болсақ, жастар да сондай (толығымен).

ОЛПЫ-СОЛПЫ ОНОМАСТИКА

«Время», «20-линия», «Ачинская», «Нарвская» һәм тағы басқалар

Ұлттық ойынымыздың бірі – асық ату. Қазақтың әр баласы кішкентайынан «шік түсті, бүк түсті» деп асық ойнап ержетеді. Үлкендер жағы: «Асығың алшысынан түссін!» – деп ақ батасын беріп жатады. Аз сөзбен айтқанда, асық бізге жат емес. «Время» газеті Павлодардағы асыққа қойылған ескерткішті «күлкіге» айналдыруға тырысады. «Бұрынғы «тырналар» бейнеленген ескерткіші жақсы болыпты-мыс. «Мұндай жаңа құрылыстар жергілікті биліктің тамағына «сүйек» болып тұрып қалған-ау», – деп павлодарлықтар әзілдейтін көрінеді». Бұл орысша газеттің әдеттегі қазаққа, оның діні мен тіліне, салт-дәстүріне келгенде үстінен құс ұшырып, астынан ит жүгіртетін пиғылы. Әйтпесе, атамыз ойнамаған асық па бұл?! (жалғасы)

"Орда" тобының концерті өтті

Кеше, Алматының бас сахнасы Республика Сарайында танымал қазақ бойз-бенд "Орда" тобының жеке концерті өтті. Жанды дауыс, заманауи билер, жарықтандыру мен дауыс сапасы көрермендердің көңілінен шықпай қоймады.

Басталуы жарты сағатқа кешіккен концертті Орда тобының фанаттары сабырлықпен күтіп отырды. Бұл 12 жыл өнер көрсетіп жүрген жігіттердің тек екінші жеке концерті екенін есепке алсақ, концертке топтың өнерін сүйіп тыңдайтын нағыз жанкүйерлер жиналғаны көрінді (жалғасы).

Қазақ қарызға өмір сүруге неге құштар?

Бүгінде Қазақстанда банкке қарызы жоқ адам кемде-кем. Ақшаны тегін беріп жатқандай алады, ал артынан еселеп қайтаруға қауқары жетпей, өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп барады. Батыстан енген осы бір несиеге өмір сүру үлгісі біздің қоғамда сәнге айналғандай, пайыздық үстемеақысының шарықтап тұрғанына қарамастан, жыл өткен сайын несие алушылар да, қарыздың көлемі де артып келеді. Психологтер «несиеге құштарлық – ауру» десе, экономистер «банк қарапайым халықтың қаржылық сауатының төмендігін пайдаланып, алдап отыр» деген пікірде.

Несие алу – ауру

Павлодарда жас жігіт ипотекалық не­с­ие­сін төлей алмай, оныншы қабаттан секіріп кеткен. Алматыда қарызға белше­сінен батқан әйелдің жүйкесі сыр беріп, жындыханадан бір-ақ шыққан. Шымкентте де борышкер асылып өлген. Бұл – соңғы жылдары орын алған фактілердің елге жария болған бірнешеуі ғана. Өкінішке қарай, банктегі қарыздарын өтей алмай, өз-өзіне қол салу қазақ қоғамында жиілеп кетті. Сонда банктердің мақсаты табысы аз тұрғындарға қол үшін беру ме, әлде оларды ажал апанына итермелеу ме (жалғасы)?


Ерболат Тоғызақов: Мен Жастарға сенемін

$
0
0

Толомұш Өкеевтің «Көксерек», Рүстем Әбдірашевтың «Сталинге сыйлық», «Балалық шағымның аспаны», Фархат Шариповтың «Қызғылт қоян», Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмінде эпизоттық рөлдерді сомдаған Ерболат Тоғызықов «кішкентай» рөлдер болмайтынын, тек «кішкентай» актерлар барын біледі, сондықтан да өзі сомдайтын кез келген кейіпкерін тереңнен зерттеп, режиссердің қояр талабын зерделеп алады. Ерболат ағаның киноға қиянаты жоқ, өмірінің 35 жылын «Қазақфильмде» қызмет етіп жүріп өткерді. Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі арқылы елеулі актерлық табысқа жеткен Ерболат ағамен әңгімелесудің реті келген болатын.

Н.Сланбек: Аға, халыққа кеңінен өнеріңізді насихаттаған «Шал» фильміндегі рөліңіз болды. Трагедиялық атмосфераны комедиялық элементтермен түрлендіре алар, образдық жан-жақтылығыңыз бен типаждық ерекшелігіңіз, камераны сезінуіңіз, кейіпкердің ішкі әлеміне енудегі кәсіби шеберлігіңізбен қайталанбас рөлді сомдадыңыз. Бұл сізге біткен тума талант па, әлде үздіксіз еңбектің арқасы ма?

Е. Тоғызақов: Менің қолымда «актер» деген диплом жоқ. Бірақ, бала кезімнен өнерді таныдым. Әкем — Қасым Тоғызақов ҚазКСР жазушысы, ақын, аудармашы болған кісі. Анам Абай атындағы Опера және Балет театрында актриса болып қызмет етті. Тегімде бар дән ғой, әрі достарымның бәрі актерлер, мен оларға қарап отырып көп дүниені жаныма түйіп алатынмын, «Қазақстан» кинотеатрының жанында тұратынбыз, мен күнде кинотеатрдан шықпайтынмын, актерлардың ойынын қайталап, көз алдымдағы актердің ойыны менің жанымда басқаша ойналып жататын. Мен киноны жаныммен сүйдім. Іздеп жүріп көрдім. Бірақ, актер боламын деп дайындалып та, оқып та көрмеппін, біреулер актер деп жатса ұяламын, құлағым әлі үйрене алмай жүр (күліп), менде бәрі де іштей қалыптасты.

Рас айтасыз, «Шал» фильмінен соң мені көшедегілер тани бастады, танымайтын бір адам келіп, фильмнен кейінгі әсерін айтып, шынайы тілектерін білдіріп жатқанда маған сол адам туғанымдай көрініп, ниеттеріне риза боламын. Алғашқыда іріктеуден өткенімді естігенде, өзіме-өзім сенбедім. «Бұл рөлді ойнап шыға аламын ба?» деген сұрақты режиссер Ермекке де көп қойдым. Түсірілімдік топ маған сенді. Түсірілім кезінде топта жұмыс жасайтын 75 адам маған үлкен сеніммен, үмітпен қарап тұрады, мен өзімді «бірінші», «тіреуші» адам сезініп шабытқа беріліп жұмысымды жалғастырамын (күліп). Екінші, үшінші дубльдан соң кадр дайын болып жатты. Мен ешкімді ойнаған жоқпын, мен түсірілім алаңында өзіммен-өзім болдым, өмірде қандаймын, рөлді де сол қалпымда сомдадым. Мен де қартайдым, жасым 63те, мен де Шалмын, сондықтан «Шал» менен тыс дүние емес.

Н.Сланбек: Фильмнің дайын нұсқасын көргенде қандай әсерде болдыңыз? Фильм сізге не берді?

Е. Тоғызақов: «Шалды» мен жүзінші мәрте көрген шығармын. Сан мәрте көрсем де, әсерден арылмадым, жүрегім ерекше толғанады. Өзіме қуанып, жүрегімді бір мақтаныш кернейтіні бар. Алдымен, Ермекке сенімі үшін рахмет айтамын, сол сенім мені актерлық ойынымда жетелеп, небір қиындықтарда шыдам берді. Мысалы, қыста түсіргендіктен аяздың астында жұмыс жасадық, суға секіресің, қасқырлармен алысасың, каскадерлардан небір трюктарады үйренесің, мен ең қымбат көңіл сенімді ақтау үшін еңбек еттім. Фильмді тосып жүрген мыңдаған көрермендерді ойладым.

Ал фильм маған не берді десеңіз, өте көп достарды берді, еліміздің әр облысындағы көрерменнің аяулы ықыласы мен тілектес ниеттерін берді. Мен үшін осыдан асқан бақыт жоқ.

Н.Сланбек: Сіздің типажыңыз ақкөңіл, адамгершілік жолында құрбан болар, жаны жайсаң, болмысына қарапайымдылық тән қарияның дәл өзі. Бүгінде маған адамдар рухани жағынан жұтаңданып кеткен сияқты, сіз қалай ойлайсыз?

Е. Тоғызақов: Адамдар туралы мен тек жақсы нәрсе айтқым келеді. Ренжіген күннің өзінде оны өз ішімде жеңіп, сыртқа сыр білдірмеймін. Бірақ рет берілер өмірді әркім өзінше саралар, өзінше жол табар. Адасу мен түзелу бәрі де өмір ағымымен өтіп жатыр. Ең бастысы, «Шал» фильмінде мен өмір үшін күрестім, қандай жағдайда да өмір үшін күресу керек.

Н.Сланбек: «Екпін» мәдени-танымдық журналының оқырмандары мен артыңыздан ерген ізбасар жас толқынға нендей өмірлік кеңес берер едіңіз.

Е. Тоғызақов: Мен Жастарға сенемін. Фильмде қасқырлармен айқасып жатқанда менің: Шайтанбектің жоғын қарашы, ол қазір қасымда болса сендерге көрсететін еді, деген сөзім бар. Бұл менің жалпы жастарға деген сенімім. Өмірде бәрінің қолжетімді екеніне сену керек. Бір орында тұрып қалмай, өмір үшін болатын күресте жеңу керек. Жеңіс тілеймін!

Н.Сланбек: Рахмет, аға! Сіздің шығармашылық шыңыңыз әлі алда деп білімін. Амандықта жүріңіз.

Сұхбаттасқан: Назерке Сланбек

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер академиясының «кинотеледраматургия»

мамандығының 4-курс студенті

60 cекундтық экономика: нарықтың көрінбейтін қолы, үнемдеушілік парадоксы мен рационалды таңдау туралы мультфильмдер

$
0
0

Британдық The Open University компаниясының ұжымы 2011 жылы 60 Second Adventures in Thought деп аталатын шағын анимациялық роликтер арқылы идеялар әлемінен қысқаша шолу көрсететін топтама жасап шығарады. Ахиллестің бастан кешкендері мен тасбақа немесе Шредингер мысығының дауыстарын салған британдық комик Дэвид Митчеллдің тобы бұл мультипликациялық топтама арқылы экономиканың негізгі алты теориясын халыққа жеткізуді ойластырады. Сөйтіп, дүниеге 60 Second Adventures in Economics сиквел-жобасы келеді. Қарқынды дами түсетін роликтерде Адам Смит, әмбебап тауардың метафорасы ретінде тоқаш және жынданған шаңсорғыш көрініс табады.

Нарықтың көрінбейтін қолы

Экономика — бақылауға көне қоймайтын нәрсе. Мысалы, сен 1 фунттық бөлке сатып алайын деп жатқанда, оған қарама-қарсы наубайханада дәл сол бөлкені 50 центке сататындығын көрдің дейік. Сонда не істейсің? Әрине, екінші наубайханаға барасың. Бұл тұрақсыздықты тұтынушыларды нарықтың көрінбейтін қолы тартып тұр дегенмен түсіндіруге болады. Бірақ бәрі сіз ойлағандай оңай емес: бәсекелестіктің рухы бірінші наубайханаға да өзінің бағасын түсіруге итермелейді. Сол кезде таңдау жасау одан да қиынға түседі. Бірақ, бақытымызға орай, наубайханалардың бірі бөлкеге қосымша тағы нан беретіндігін жариялағанда шешілместей көрінген проблеманың түйіні шешіледі. 1776 жылы экономика теориясы аталарының бірі Адам Смиттің ойлап тауып «Нарықтың көрінбейтін қолы» деп атаған бәскелесетіктің мінсіз схемасы дәл осылай жұмыс жасайды.

Үнемдеушілік парадоксы

«Біз қаралы күнге деп ақша жинаған сайын, ол күн жақындай түседі», — деп роликтердің авторлары бөлке тақырыбын дамыта түседі. Келесі бір жағдай: наубайхананың бастығы өзінің өндірісін модернизациялау мақсатында бөлке дайындайтын робот сатып алып, қарамағындағы барлық қызметкерлерді жұмыстан шығарып жібереді. Жұмыстан шығып қалған наубайшылар басқа фабрикаға барайын десе оның қашан ашалатындығын әлі белгісіз екен. Сол кезде дөрекі байкер кейіпінде Джон Мейнард Кейнс келіп: «Соңында барлық адамдар бәрібір өледі, сондықтан өкімет сарандық танытып, ақшаны жинағанша, елді жұмыспен қамтамасыз ету үшін жұмыс орындарын жасап, қаржысын жаратсын — өйтпесе, қаралы күннен қашып құтыла алмайды!» — деп ескерту жасайды.

Филлипс қисығы

Бұл серияның кейіпкері — Жаңа Зеландиялық экономист Олбан Уильям Филлипс. Ол біраз тәжірибесі бар адам, тіпті кезінде қолтырауындарды да ұстаумен айналысқан. Филлипстың бақылауынша, егер де жұмыспен қамтамасыз ету төмен болса, жалақы жоғарылайды, сонымен қатар, өзіңізді артық балмұздақпен қуантып қоюыңызға да болады екен. Өйткені сұраныс көбейген сайын балмұздақ қымбаттайды және инфляция жоғарылайды. Ал егер барлық қызметкерлерді жұмыстан шығарып жіберсе, балмұздақты сатып алатын адам болмайды, сәйкесінше инфляция да жоғарыламайды. 70-ші жылдары инфляция жоғарылап, жұмыссыздық та көбейген сәтте Филлипстің теориясы дұрыс емес деп, өкімет наразылығын танытады. Сөйтіп бейшара оқымысты да, оның қисығы да, қолтырауыны да жұмыссыз қалады. Бірақ соңында жаңа зеландиялықтың гепотизасы дұрыс болып шығады.

Салыстырмалы артықшылықтар теориясы

Абсурд мультипликациясы — үстіне редингот пен ала панталон киіп алған ХІХ ғасырдың экономисі Давид Рикардо, ұзын аяғы бар экономикалық топ-модель және аңқау қызметкер әр түрлі елдердің экономикасы қалайша бір-бірінің рахаты үшін өмір сүреді дегенді анықтағылары келеді.

Мүмкін емес үштік

Елдер өзара сауда-саттықпен айналысқанды ұнатқанымен, бір уақытта тіркелген ақша бағамы, капиталдардың еркін қозғалысы мен тәуелсіз ақша саясатын орната алмайды. Мультфильмдер топтамасындағы ең алаңдауға тұрарлық бұл сюжетте капиталдың бақылаусыз шығынға ұшырауы сипатталады: жынданған шаңсорғыш барлық ақшаны тоқтаусыз жалмап жатыр және оны тоқтату мүмкін емес.

Тиімді таңдау социологиясы

Экономиканың ең үлкен проблемасы — адамдар. Олар қашанда сен күткен нәрсені істемейді. Тез байбалам туғызғыш және көбіне факттерге мән бере бермейді. Бұл роликте банк алдындағы плакатта «Несие пайызы төмендемейді» деген жазуды дұрыс оқымай қалған адамның іс-әрекеті көрсетіледі. Оның айтқанын естіп, топтық сезімге беріліп кеткен адамдар қуанып, сол қаржы мекемесіне ипотека алуға жүгіреді. Сөйтіп сол топпен бір үйге қоныстанады. Бірақ дағдарыс келгенде адамдар қоныстанған үй кішірее-кішірее лашыққа айналып, соныңда күл-талқаны шығып, адамдар түксіз қалады.

Theoryandpractice.ru материалы бойынша

аударған Айнұр Ракишева

Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі

$
0
0

Екпіннің «Алматы көшелеріне саяхат» атты айдары апта сайын қала көшелері иеленген есімдердің сырын шертуді жалғастырады. Бүгін Қазақстанның партия, совет қайраткері, Қазақстан мен Түркістанда Совет өкіметін орнату жолындағы күреске белсене қатысушы және жалынды публицист Абдолла Ахметұлы Розыбакиев құрметіне берілген көшеге саяхаттаймыз.

Абдолла Ахметұлы Розыбакиев 1897 жылы Алматы облысындағы қазіргі Еңбекші қазақ ауданындағы Киікбай ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан Елікақпар ағасының әңгімелерін тыңдап, Шығыс пен Ресей ақындарының өлеңдерімен сусындаған Абдолла ақылды, әрі зерек болып өседі. Жасы жеткенде әкесі Ахмет оны медресеге оқуға береді. Алайда Абдоллаға медреседе қызық болмайды. Сөйтіп ол ағасы Елікақпармен кетіп қалып, орыс мектебіне оқуға түсуді өтінеді. Алматы қаласына келіп, приход училищесіне оқуға түседі. Одан кейін Верный мұғалімдер семинар сыныбында, бухгалтер курсында оқып, Верный банк бөлімшесінде қызмет істейді.

Павел Виноградов және оның достарымен болған кездесу Абдолланың өмірін күрт өзгертеді. Содан бастап ол түрлі шерулерге, революциялық қозғалыстарға қатыса бастайды. Кейін 1917 жылдың сәуір айында «Верный мұсылмандарының біріккен еңбек одағын», ал сол жылдың қазан айында ұйғырлардың «Алға» атты тұтыну қоғамын құрып, О. Жан­до­сов, П. Ви­ног­ра­дов, Т. Бо­кин, т. б. қоғам қай­рат­керлерімен бірге Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін ор­на­туға қатыс­ады.

Абдолла Розыбакиев қоғам мүшелерін топтастыру және оларға большевиктік рухта идеялық тәрбие беру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізген. Верныйда Совет өкіметін орнату кезеңінде революциялық-әскери комитет құрамына кіріп, Совет өкіметін нығайту, советтік құрылысқа жергілікті ұлт кедейлерін тарту жөнінде белсенді жұмыс атқарды. «Апрель» бүлігі кезінде де ақ казактардың қоршауында қалған Верныйға көмек көрсету үшін қазақ, ұйғыр және орыс кедейлерінен Жаркент уезінде Қызыл гвардия отрядын құрған.

1918 жылы ол Верный қалалық партия ұйымы жанындағы мұсылмандар секциясын басқарып, әрі Жетісу облаткомының ұлт мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.

Уақыт өте келе көзқарастар да өзгере бастау заңды құбылыс. Ендігі жолы басшылардан тек ұйымдастырушылық қабілет қана емес, терең білім де қажет болды. Осыны жақсы түсінген Абдолла Мәскеудегі Я.М.Свердлов атындағы Коммунистік университетке түсіп, 1925-1927 жылдар аралығында білім алып шығады.
30-шы жылдары Қазақстанды жайлаған голощекиндік ашаршылық кезінде мыңдаған адамдар қырылып жатты, тамақ өнімдеріне қатаң қадағалау қажет болды. Сол уақытта өкімет бұл қиын жұмысты Абдолла Розыбакиевке тапсырып, ол халықтық комиссар қызметін атқарады.

Сондай-ақ жап-жас Абдолла болыстық басқарушыны сайлау туралы «Мансапрасас» («Мансапқор») атты пьеса жазады. Бұл туындысы арқылы көпшілік оның жазушылық қасиетін көреді. Розыбакиевтің шығармашылық қабілеті жайында сол кездегі көптеген мақалалар, тіл, әдебиет, өнер жайындағы сөздер дәлел. Сондай-ақ орыс, қазақ, өзбек және татар тілдерін өте жетік, әрі таза меңгерген ол аударма істеріне де аса көңіл бөлген.

Кейін Розыбакиев толығымен ғылыми жұмыстармен айналысуды ойлайды. Сөйтіп Мәскеудегі Халықаралық лениндік мектепке аспирантураға түсіп, КСРО халықтары марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін аударатын редактор-аудармашылар орталық курсының меңгерушісі болып қызмет атқарады.

1937 жылы Алматыға қайта оралған сәтінде ол Қазақстан КП ОК-нің баспасөз және баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Абдолла Розыбакиевтің мерзімді баспасөз, баспа ісі жөнінде үлкен армандары болады. Алайда 1937 жылы өзінің туған халқы ұйғырды жан-тәнімен сүйген ұлы, туған жері Қазақстанды құрметтеген азамат Абдолла Розыбакиев саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, 1938 жылы жазықсыз атылып кете барды.

Абдолла Розыбакиев 1921 жылдың 1 маусымында дүниеге келген ұйғыр халқының тұңғыш баспасөз органы «Камбагаллар авазидің» («Кедей үні»), алғашқы көркем әдеби «Биринчи чамдам» («Алғашқы қадамдар») альманахының негізін қалаған. 1918-1925 жылдар аралығында Жетісуда шығып тұрған «Жедису эшчи-халык мухбири» , «Көмек», «Бұқара», «Кедей еркі» газеттерінің редколлегия мүшесі және редакторы болған. Ал 1931 жылдан бастап «Кзыл танг» журналының редакторы болып қызмет атқарған. Розыбакиев ұйғыр әдебиетінде өзінің өшпес ізін қалдырып кеткен ұлы тұлға болған десек артық айтпағанымыз болар еді.

Розыбакиев көшесі 1962 жылға дейін 17-линия деп аталып келген. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай Райымбек даңғылынан басталып, әл-Фараби даңғылына дейін созылып жатыр. Абай даңғылы, Сәтбаев, Жандосов, Тимирязев, Төле би т.б. көшелерін қиып өтеді.

Көше сонау 40-шы жылдары Есентай және Қарасу өзендері аралығындағы территория қала аймағына енген кезде қалыптаса бастаған. Бұл аудан бірнеше ықшам аудандарға бөлінді де, арасындағы түзу көшелері «линиялар» деп аталынды. Көшенің бұрынғы атауы осыған байланысты. Сол кезден бастап қазіргі Розыбакиев көшесі қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі маңызды транспорт магистралі болып есептеліне бастады. Қазірде мұнда көптеген банктер, дүкендер, кафе, дәмханалар, Мега сауда орталығы, Қарасу базары, Спорт орталығы, т.б. ғимараттар орналасқан.


















Мәтін: Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі

Азамат Сатыбалды: «Ұзаққа баратын өнер — театр өнері»

$
0
0

Бірде достарыммен қазақтың Брэд Питі кім болар деп талқылағанда, менің Азамат Сатыбалды дегенім бар. Оған Азаматтың азаматтық ажары, келісті сымбаты бір келсе, екінші жағынан Гамлет, Кебек, Қозы, Тибальт сияқты театр сахнасынан жүрекке дәл тиетін рөлдерінің баурайтыны тағы бар. Оның өз-өзіне деген сенімділігі, жарқын жүзі, әрқашан күлімдеп тұратын көздері актер болуға жаралған адам ретінде көрсетеді. Солай көптен бергі арманым Азамат Сатыбалдыдан сұхбат алуға ұйғарып, біраз «келіссөз» жүргізіп, М.Әуезов театрына келдім. «Қыз Мұңы» қойылымына бір сағат қалғанда актердің гримеркасында әңгіме-дүкен құрдық. Образға кіргеннен бе, әлде көңіл-күйі болмағаннан ба Азамат маған жаралы қасқыр образын елестетті. Ойлы көздері, байсалды үні оны лирикалық эпостан шыға келген батырға ұқсатып-ақ тұрды. Алайда ол тек қыр-сыры шексіз актер болмысының бір жағы ғана екен. Сұхбатты жазу барысында актердің өмірге құштарлығын, позитивті, жайдары образын байқадым. Бір сөзбен айтқанда, мен үшін әсерлі өткен сұхбат алдарыңызда.

— Сәлеметсіз бе, Азамат! Сізбен театр жайында сөйлессек деймін. Өзіңіз осы театрда жұмыс істейтіндіктен, қазіргі театрдың жағдайын, деңгейін саралап айтып берсеңіз?

— Театрдың деңгейін дөп басып айту қиын шығар. Оның алтын дәуірі — ұлы Әзірбайжан Мәмбетовтың басқарған кезі. Ол театрды 30 жыл бойы басқарған кезде Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Молдахан Жантөриннің шыққан уақытын «алтын дәуір» дейді. Ал қазір сол межемен есептейтін болсақ, біз ол деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Ол кезде көрерменнің театрға деген көңілі басқа болды. Көрермен басқа ақпаратпен өмір сүрген, жаһандану заманының қаруымен жабдықталмаған, интернеттің болмаған кезі. Ол таза театрға келетін. Ал қазіргі инновация заманында театрға көрерменді, әсіресе жастарды қызықтыру өте қиын. Дей тұрғанмен, театр бұдан да өтеді. «Москва слезам не верит» фильмінде «енді телевидение ашылды, театр өледі» деген жері бар еді ғой. Бірақ театр өлмеді, ол 25 ғасыр өмір сүріп келе жатыр.

Қазіргі кезде театр жылайтындай деңгейде емес. Ол қазіргі көрерменнің сұранысын қамтамасыз етіп жатыр деп ойлаймын. Әрине, жаңа тұлғалар, есімдер керек. Тұлға, герой жасау — қоғамға, басшылыққа байланысты. Жалғыз ағаш орман болмайтынындай, жалғыз актер қанша жерден дарынды болса да, оған дем беру керек. Кезінде, мысалы, мүмкіндігінше қолдан геройлар жасаған. Сонда жастар соларға қызыққан.

Қазірде көрермендер қойылымға келеді. Ал басқа шет ел, Ресейде біраз уақыттан бері көрермен қойылымға емес, актерге келетін болды. Біздің айырмашылығымыз сонда. Қойылым деген жалпы ұғым. Онда кім ойнап жатыр, кім ойнамай жатыр көрерменге қызық болу керек. Театр көрерменмен сақталады десек, онда ол қойылымға емес, актерге келу керек. Мен Мәскеуге көрермен ретінде барсам, міндетті түрде кім ойнайтынын сұраймын. Ал бізде қандай қойылым болады деп сұрайды.

— Жастарды тарту қиын дедіңіз, мүмкін онда заман талабына сай жаңаша бағыт керек шығар?

— Көрерменнің жетегінде кетуге болмайды деп ойлаймын. Театр паровоз болу керек. Мысалы, сіз үйіңізге қонақ шақырып, оған жүрегіңізден шыққан тамақ бересіз. Қонағыңыз келіп алып, маған бешбармақ ұнамайды, борщ бер демейді ғой. Сол сияқты көрерменнің жетегінде кетуге болмайды, театр көрерменді тәрбиелеу керек. Мысалы, түк білмейтін адам театрға келіп, 10 қойылымнан кейін барып, театрдың деңгейін түсіне бастайды. Көрерменге не керек деп сұрасаң, қазірде оған, әрине, күлкі керек. Күлдіресің. Еуропада, мысалы, модерн көрсетеміз деп көрермендерін жоғалтып бара жатқандары соншалықты, сахнада секс көрсетеді. Бұл өнер ме? Оларға бастысы көрерменді ұстап тұру. Ал жалпы театрдың негізгі мақсаты көрерменді ұстап тұру емес, оны өзінің артынан жетектеу, бірге ілестіру. Сондықтан мен ондайға қарсымын, оның үстіне біздің театр дәстүрлі театр болғаннан кейін біздің көрермен оған дайын емес. Бар болғаны көп насихат керек. Актерлерді көп насихаттау керек. Бізде қазір «жұлдыз» дейді де, оны тек әншілерге таңады. Ал нағыз жоғарғы деңгейдегі опера әншілерін, балет, театр актерлерін жұлдыз демейді. Тек жеңіл эстрада әншілерін «жұлдыз» дейді. Ал негізінде ұзаққа баратын өнер — театр өнері.

— Онда өз онлайн-журналымызда сізді тұлға ретінде ашуға тырысайық. Жалпы Азамат Сатыбалды тұлғасының қалыптасу кезеңі қалай өтті? Оған қандай орта әсер етті? Суворов училищесінде оқыпсыз, оған түсуге, кетуге не себеп болды?

— Оған түсуге кереметтей бір себеп болған жоқ. Үйдегілер қинап түсірді. Өйткені ағаларымыздың бәрі офицер болғаннан кейін, «ағаңның жолын берсін» деп апарып түсірді. Бірақ ол жер маған ұнамады. Менің болмысым бұйрыққа бағынбайды. Маған істе деп бұйрық берсе, керісінше істемей қоямын. Ал жай ғана «осы сенің қолыңнан келеді, мынаны істей салшы» десе, істеймін. Солай таңғы алтыда тұру, біреудің бұйрығын орындау, тек түсте тамақ ішу сияқты істер ұнамаған соң кетіп қалдым. Оның үстіне өзім «жапалақпын», түнде ұйықтаймаймын — менің таңым он екі-бір.

Содан өнерге келіп, өзімді өнерде байқадым. Маған осы ұнады. Өзімнің бұрыннан бері тура келетін бешпентімді кигендей болдым. Бала кезімнен лидер болғаннан кейін, шапқылап ізденуді бастадым. Өйткені әкем: «Өнер деген қиын, болсаң болу керек, болмасаң жоқ болу керек. Тобырдың, топтың ішінде жүруге болмайды» деген еді. Содан бастап, өз бетімше оқыдым, Асанәлі, Әнуар ағаларға, Безруков, Мироновтарға еліктедім. Солар сияқты болғым келді. Олар не істеді, не оқыды, қалай жүрді, тіпті не кигеніне дейін бақыладым. Мен қазіргі күнге дейін, мысалы, Асанәлі Әшімовтың киіну үлгісіне қараймын. Қалай киінеді, өзін қалай ұстайды, қалай сөйлейді. Адам еліктеу арқылы өзінің сүрлеу жолын табады. Оған тек сәл ақыл мен еңбек керек.

Ал қазір мен өзімді керемет бір шыңды бағындырдым, керемет тұлғамын деп айта алмаймын. Өзімнің бір ойым қалыптасса, ол менің мінезім шығар деп ойлаймын. Өйткені тұлға болу үшін, өмірде өз орныңды қалыптастыру үшін адамға бір мінез керек. Өнерге, өмірге деген жеке көзқарасы, жолы болу керек. Біреу «ақ» десе, соған «ақ» деп ілесіп кетпеу керек. Өзінің жеке азаматтық позициясыңды ұстау қажет. Сонда ғана адам тұлға болып қалыптасады. Әрине, бұл қиын іс. Өйткені өзіңнің жеке позицияңды айту, жеке адам ретінде өзіңді орнықтыру көп адамға ұнамайды. Біреулер жамандайды, біреулер даттайды, біреулер мақтайды. Бірақ егер өз орныңды, жолыңды қалыптастырғың келсе, күресуің керек. Менде осындай позиция қалыптасты. Маған кейбіреулер сен өмірде жолы болғыш адамсың дейді. Ал мен олай деп дөп басып айтпаймын. Өйткені мен еңбектенбесем, маған ештеңе келмейді. Ал еңбектенсем, маған келе береді. Мүмкін бір фактілер бар да шығар, өйткені өнерде көп нәрсені бақ шешеді. Алла Тағаланың мүмкін маған берген бір нәсібі шығар.

— Бұйрықтарды ұнатпаймын деп жатырсыз, ал театрда режиссер деген ол да бір өз алдына майор, офицер емес пе? Режиссерлермен жұмыс істегенде қиындықтар болған жоқ па?

— Әрине, көп қиындықтар болады. Бірақ актер ретінде сен өз позицияңды қорғай білуің керек. Актер менің түсінігімде ғылыми зерттеуші сияқты. Сіздер, мысалы, кандидаттық, докторлық дәреже қорғайсыздар ғой, сол сияқты актер де өз рөлін қорғап шығу керек. Неге олай, неге бұлай деп. Режиссер, мысалы, «жат» десе, мен неге жатуым керек, менің жан дүнием мына жерге жатуға келіспейді, кейіпкерім бұл жерде жатпайтын еді дейсің.

— Сахнада үлкен айтыс болатын шығар сонда?

— Әрине. Онсыз болмайды. Біздің режиссерлердің көбі қазір саналы, боламын дейтін көптеген актерлерге ерік береді. Өзіміздің нұсқамызды көрсетеміз. Мен былай-былай ойлаймын деп. Одан кейін барып олар ақырындап арқамыздан қағып, басыңнан сипап түзеп, бағыттайды.

— Ал қай режиссермен жұмыс істеу өте қиын болды?

— Әзірбайжан Мәмбетовпен жұмыс істедім. Ең алғаш ойнап жүрген кездерде, «Абай» қойылымында Айдарды ойнағанмын. Сонда қиын болды. Өйткені ол кісі талдап түсіндірмейді. Әлі бала кезім, өзімнің білгенімше ойнап жүрдім. Ал онымен менен бұрын көп жылдар істеген апаларымыз, оның бір-екі ауыз сөзін бірден түсіне қояды. Мен таң қаламын, қалай ғана түсіне қойдыңыздар деп. Олар: біз 30 жылдай бірге жұмыс істейміз, оның көзінен, интонациясынан-ақ бәрін түсініп қоямыз дейді. Сосын «Гамлетті» қойған Астананың режиссері Юрий Иванович Ханенкомен жұмыс істеу қиын болды. «Білмеймін, өзің ойдан шығарып ойна» дейді. «Мына жерде мынадай сюжет, өзің шығар» дей салады. Үйге барып ойланып, ертесіне ойыныңды алып келесің. Бір нұсқа алып келсең, «тек бір-ақ нұсқа ма?» дейді. «Мен бірнеше нұсқа алып келер едім» дейді, сосын қайтадан барып, ойланасың. Сондай бір ерекше режиссер. «Генийсің, сенен асқан талант жоқ, сендей актер көрмедім» деп мақтап-мақтап қояды. Соған сеніп қаласың. Баласың ғой.

Жалпы көп режиссерлермен жұмыс істедім. Мысалы, бүгінгі болатын «Қыз мұңы» қойылымының режиссері Төлеубек Аралбаевпен өте жақсы жұмыс істедік. Өте жақсы қойылым. Позициясы бар қойылым. Жолымның болғыштығы сол шығар — маған тек қана жақсы рөлдер тиді. Спектакль болсын, телевидение болсын. (Жалғасы бар).

Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева
Фото: Ардақ Төлеубаев

Жексенбілік дастархан: денсаулыққа пайдалы салаттар

$
0
0

Бүгін «Аспаздық» айдарында жеңіл, қолжетімді, әрі денсаулыққа пайдалы салаттың екі түрімен танысамыз. Бұл салаттар әсіресе спортпен шұғылданатын адамдарға қажет.

Бірінші салатымыздың құрамында брокколи (broccoli) бар. Бұл өсімдіктің ағзаға не пайдасы бар? Брокколиде А, С, Е, В1, В2, РР дәрумендері мен минералды заттар (калий, кальций, темір, натрий, фосфор, магний, мырыш, марганец, йод, хром, бор) бар. Оған қоса, метионин, тиамин, фолий қышқылы, холин мен рибофлавин бар.

Сонымен, брокколиден жасалған салат үшін бізге не қажет:

- брокколи

- қияр (бізде тұздалған)

- сәбіз

- жүгері (консервіден)

- өсімдік майы

Бірінші, сәбіз бен брокколиді суға салып пісіреміз.

Қиярды турап аламыз.

Сәбізді үккіштен өткізіп аламыз.

Брокколиді турап аламыз.

Май мен жүгеріні қосып, араластырамыз, қажет деп есептесеңіз, лимон шырынын аздап қосуға да болады.

Салат дайын.


Келесі салат одан да жеңіл жасалынады, ал оның басты қосындысы - шпинат (саумалдық). Шпинаттың ағзаға не пайдасы бар? Шпинаттың құрамында жасұнық (клетчатка), калий, кальций, фосфор, магний, натрий, темір, цинк, магний, фтор, С, В1, В2, В3, В6, РР, Е, К, Р, D, Н дәрумендері, фолий қышқылы (В9 дәрумені), А продәрумені (каротин) бар. Шпинаттағы С мен А дәрумендерінің ерекшілігі - пісірілген кезде олар өз пайдасын жоғалтпайды.

Шпинат К дәруменіне өте бай, бұл дәрумен сүйегіміздің берік болуына әсер етеді.

Салат үшін бізге не қажет:

- шпинат

- қызанақ

- лимон

- фета ірімшігі

Шпинат, фета мен қызанақты турап аламыз.

Лимон шырынын қосып, араластырамыз.

Кейін бұл салатты жиі жасағандықтан, болгар бұрышын турап, зәйтүн қосатын болдым. Сіз де жасап көріңіз.

Асыңыз дәмді болсын!

© Екпін

Айдарбек Рысбек: «Өнердегі сабағым ешқашан тоқтамайды»

$
0
0

Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дейді: Біздің қазақ әнқұмар халық... Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады.

Ән әуезінің майын тамызып, жүректен шыққан ой терімдерін сезімталдығы мен сезгіштігінің арасында құлағыңның құрышын қандыратын, қазақтың кең даласындай дауысымен сахна дейтін қасиетті биікке қадам басқан, адамдықтың ауласынан алыстамауды басты мақсаты санаған, атаның емес, адамның баласы болар, болашағынан зор үміт күттіретін жас әнші Айдарбек Рысбекпен бір үзік сыр.


— Айдарбек, қазақ эстрадасындағы жанды дауыспен орындалатын, жыл әнін іріктеуші «Саз әлемі» бағдарламасына қатысып, бақ сынадыңыз? Қорытынды финалға дейін жетпеуіңізге не кедергі болды деп ойлайсыз?

— Бұл жоба жайын егжей-тегжейлі айтпай-ақ қоюыма рұқсат па? Олжас Сүлейменов ағамыз ақиқатты себеп-салдар жолымен түсіндіру — Лейбництің ойлап тапқан амалы. Соған орай тәжірибеден салдарды иланымды деңгейге жеткізуге қажет себеп теріліп алынады дейді.

— Айды етегіңмен жаба алмайсың дейді халық даналығы. Алысар болсаң шыныңды айт, табысар болсаң сырыңды айт деп жоба барысындағы көңіліңізге тиген дүниелерді ашып айтқыңыз келмей отырған секілді?

— Абай атамыз екінші қара сөзінде әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады дейді. Мен өткенді қазбалап, оны жаныма жара етіп жабыстырғым келмейді. Мен алдымен Аллаға сенемін, Алладан тілеймін. Барша дүниені таразыға салып, мәселенің дода жеңудегі жеңісіңде емес, адам ретіндегі адал жолдағы жеңісіңде деп білемін.

— Жігітке жеті өнер де аз. Өнер алды қызыл тіл демекші, сөз саптауыңызда кітапты көп оқитын, іздемпаздығыңыз бен жан- жақтылығыңызды аңғартады. Біз білмейтін тағы қандай өнеріңіз бар?

— Мен төрт жыл Чайковский атындағы музыкалық колледжде «қобыз» сыныбында оқыдым. Ол кезде жасым он алтыда болғандықтан дауысың өтпелі кезеңде деп «жеке ән салу» сыныбына мені қабылдамай қойды. Қобызда ойнау үшін де рухани үлкен дайындық керек, бағзыдан келе жатқан таңғажайып аспаптың дауысындағы үннің өзі менің жанымды ауыртатын. Мен лирикпын. Орындап жүрген әндерімнің барлығы дерлік лирикаға толы. Жанымның аңсағаны сахнаға шығып ән салу болды, мен сол қобыздың үнімен үлкен сағыныш пен небір қиындықтар арқылы бүгінгі шығармашылығыма жеттім. Сондай-ақ, гитарада, домбыра мен пианинода ойнай аламын. Мұны бейнебаяндарымнан байқауға болады, әндерімді өзім сүйемелдеймін.

— Әнші ретінде кімді өнеге тұтасыз?

— Бруно Марстың, Крис Браунның стилін ұнатамын. Менің қазіргі әндерім баяу ырғақты, негізі диапазоным кең ,алдағы шығармашылық жолымда жоғары нотадағы әндер мен динамикалық темптегі туындыларды көбейту жоспарда бар.

— «Оралшы махаббатым», «Туған күн» бейнебаяндарыңыз Хит Тв, Ел арна сынды арналардан үзбей беріліп, көрермендеріңізге кеңінен, барынша насихатталды. Бұл үлкен қаржыны талап ететіні сөзсіз, бір бейнебаян түсірілімінің өзі зор қолдауды қажет етеді деп әріптестеріңіз айтып жүр. Соған қарағанда продюссеріңіздіңдің сізді хедлайнер жасауда аянбайтыны көрініп тұр.

— Расы керек, менің продюссерім жоқ. Қолдайтын ата-анам мен достырым, өнердегі аға-әпкелерім. Менің тұсауымды кескен «Оралшы махаббатым» әні болмағанда мен аялдап әлі бір орнымда тұрар ма едім? Орайы келгенде айта кеткім келгені шығармашылығымда қолдау көрсетіп жүрген, рухани ұстаздарым Марат Тоқашбаев, Раушан Қарашалова апайыма, ата-анама, достарыма, тыңдармандарыма айтар алғысым шексіз. Алла жаны жұмсақ, жанашыр адамдарыма бар жақсылықты ғана бұйырса екен деп дұға етіп жүремін. Қазір жеке студиямды аштым. Мен тек әнші емес, аранжирлеуші, композитор ретінде бағымды сынап, бірнеше әндерім бүгінде өңделу үстінде, Алла қаласа тыңдармандарына да жетіп үлгереді.

— Өзіңізді әнші сезінесіз бе?

— Бұл менің арманым. Кейде өз әнімді басқалардың ұялы телефонынан, дүкендер желісінен естіп, көріп қалсам, қуанып кетемін. Сара жолдағы сүбелі еңбектің иегері болғым келеді. Жуырда өнердегі бір бауырым тойда бір асаба әнімді ұрлап, менің дауысыммен ән салып жүргенін естіртті. Бір жағынан әніңнің халыққа өтетінің біліп ортаға салғанына қуанып қалдым, бірақ, мен өз авторлық құқығымды білемін, бір ауыз хабарласып рұқсат сұраса болатын ба еді? Ол алдымен халықты алдау ғой.

— Біраз жеңістің дәмін таттыңыз. Ел асып шет елде де өнер көрсетіп жүрсіз. Алғашқыдай емес, сахнада халықпен жұмыс жасаудың кәсіби шеберіне айналып алған шығарсыз?

— Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бүгінде 4-курс студентімін. Төлешова Люция Қажығалиқызының шеберханасында дәріс алудамын. Ұстазымнан үйреніп жатқан дүниелерім көп. Адамның бәрін білдім, толдым дегені — өлдім дегені ғой, біз өмір мектебінің мәңгілік шәкірті болсақ, өнердегі де сабағымыз ешқашан тоқтамақ емес. Алғаш сахнаға шыққандағы қобалжуым әлі санамда жатталып қалған. Халық әніңді ұнатып, қол шапалақтап, әннің ырғағымен билеп тұрғанын көргенде жаның жәйлана бастайды. Маған күш пен рух, сенім беретін — тыңдармандарым.

— Сол тыңдармандарыңыздың көптігін тілеймін. Өзіңізді іздер, сағынар, жаңа әндеріңізді тағатсыздана күтер тыңдармандарыңыз көп болғай. Әңгімеңізге рахмет.

— Әмин. Сізге де шығармашылық шабыттың шынайы еңбегін тілеймін.

Сырласқан: Назерке Сланбек

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының

«кинотеледраматургия» мамандығының 4- курс студенті

Суреттер: Айдарбек Рысбектің жеке архивінен

«Аз уақытта көп білу жолының басы»

$
0
0

«Екпін» жобасы «Алаш» айдарында «Айқап»* журналының беттерінде жарық көрген мәдениет, әдебиет, тіл және жастар жайында жарияланған мақалалар тізімін жасап, оқырмандарымен бөліспекші. Алғашқы материалымыз 1912 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың оқу-білім мен тәрбие тақырыбына арналған.

Аз уақытта көп білу жолының басы

Мақсудлы жерге баруға сапар жолын анықтап білу міндет. Жалғыз болып жаңылса, қатесі өзіне тиеді, басшы болып адасса үлкен зияншылық шашады. Қазақ халқы барамыз деген жерін сезіп жүр «ғылым-білім» деп. Барамыз деген жерін біліп оқуға көңілденгенге басшы молда, мұғалімдерді не жолменен апарудың өздері анық білуге аса міндетті. Басшы түзу болса, ұзын жол қысқа, басшы олақ болса, қысқа жол ұзын. Қысқа жолға уақыт аз, ұзын жолға уақыт көп өтеді. Уақыттан бағалы дүниеде ешнәрсе жоқ. Өткен ғұмыр қайта келетұғын тағдыр жоқ, бүгінгі күн ертең жоқ...

Қазақ халқы жаңа көзін ашып келе жатқан халық. Боларлығы, жетерлігі, пісерлері, гүлденулері алдында һәм бала тәрбиесін және оқыту жайын нашар біледі. Бұрынғы өнер, ғылым, білім және тәжірибелері жоқтығынан һәм бала тәрбиесі, оқыту жайы турасында кітаптары аздығынан сол үшін қалімше қарлығаш болып, түзу тәртіппен сабақ бермек жолын һәм тәрбиесі хақында жазбақ ойым бар.

Әрбір жүз жылда көтерілген құпталған жұмыстармен замананы мінездеу (бір қалыпқа кіргізу) бар. Үстіміздегі ХХ ғұмырды (ғасыр) «білім ғасыры» деп айтылады. Кім біледі түзу жолменен жүріп кетсек, һәм базардың қызуында кез келген болып жиырмасыншы ғұмырда балаларды бәйгеге қоссақ, алдымен келіп бәйге алмасақ та, бөлініп қалмасақ жарар еді. Халықта да жазық мол шығар, солай болса. «Жұмыс ісмерден қорқады» деген. Халық су болғанда мұғалімдер жел секілді боларға керек. Желге су шыдап тұра алар ма?!

Бұрынғы кезде көбінесе молдалар қарын қамын жеп халықты пайда шығарлығына бір кәсіп тұқымы көретіндей еді. Бұл уақытта жаңа тәртіпті ойы бар мұғалімдер шығып, молдалықты халыққа қызмет ету деп ұғатұғын секілді. Халық құлқынды молдаларды ұмытып, жаңа мұғалімдерге басқа көзімен қарар деген үмітім бар. Һәм мұғалімдер «молданың айтқанын істеп, қылғанын қылма» деген мақалды өз заманындағы молдаларға беріп, сөз тәйтін жеткізбей үлгі болып, адал екендерін халыққа көрсетер деген тілегім бар. Ескі молдалар өтірік не мыс ойламай, жұмыс қайда, сонда болып, бірінің надандығын бірінен жасырмай, бірлікте болулары мақұл. Бірлігі болмағанда халықтық аңқаулық та, айғырлық заманның «жаңа қонаққа ескі қонақ орын бермек» деген мақалын ұмытпасқа керек. Әуелден жаңа жеңбек, ескі көнбек.

А. Байтұрсынов

Мақала «Айқап» журналының 1912 жылғы №1 санында жарық көрген.

Ахмет Байтұрсыновтың «Айқап» журналында басылған мақалалары:

«Қазақ пайдасындағы жерді алу турасындағы низамдар», «Қазақ һәм төртінші Дума», «Тағы да народный сот хақында», «Аз уақытта көп білу жолының басы», «Жазу тәртібі», «Қазақ өкпесі» т.б. Көптеген мақала, хабарлары «А.Б», «А.А.Б» деген бүргенгіш атымен жарық көрген.

*«Ай­қап» журналы бұдан 100 жыл бұрын Троицк қаласында (Челябі облысы) жарық көр­ді. Кейбір жарияланымдарда жур­нал атауы «ай», «айна» деген сөздер­ден шыққан деп жорамалданып жүр. Мұның нақты жауабын осы журналдың редакторы – «бас­қарушы, бастырушы» Мұха­мед­жан Сералиннің: «Журналға «Ай­­қап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінген де болар, түсінбеген де табылар. «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ici бар?!. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журна­лы­мыз да өкінішімізге лайық «Ай­қап» болды», – деген сөз­дерінен табуға болады. Демек, «Айқап» – ХХ ғасыр басындағы қалың қазақтың талай нәрседен қа­пы қалып, сан соғып, «Әй, қап!» деп өкінген өмірін өз аты­мен бейнелеген тұңғыш журналы.


Адам көркі — шүберек #2: Әсел Cherie

$
0
0

Әсел Қадірбаева блог әлемінде Cherie/Asselcherie нигімен белгілі. ҚБТУ-дің 4-курс студенті Қаржы-Экономика факультетінде білім алуда. Бьюти-блогингте бағын сынап, Yvision.kz сайтында «Chérie жазбалары» атты блогын жүргізеді. Проза, аспаздық, сурет салу, дизайн, қолөнер мен тігумен айналысатын Әселдің арманы — өзгелерге ұқсамайтын жоба жасау.


Жыл маусымдары ауысқан сайын ауа райымен қоса, киім үлгілері де өзгереді. Киім-кешекті бірінің үстіне бірін киіп, түрлі образдар жасауға болатыны үшін күзді ұнатамын. Мысалы, жазда жейде мен шорты немесе көйлек киіп, жүре береміз, оларға тек моншақ не білезіктерді қосуға болады, бірақ аптап ыстықта басқа аксессуарларды тағу қиын.

Ал бұл күзгі образға келетін болсам, университетке, жұмысқа, құрбыларыммен сыртқа шығуға немесе сүйіктіммен бір жерге баруға болатын киім үлгісі. Бойдағы нәзіктікті көрсете білетін осындай стильдегі киімді жақсы көремін. Себебі бұл стиль айналадағы адамдарға жағымды әсер етеді, әрі сені мезі қылмайды.

Әселдің үстінде:


Күзгі образымды тоқыма сарғыш Batik пальтосы құрайды. Бұл пальто күләпараға айнала алатын жағасымен ерекшеленеді, түсі де ұнайды. Мен үшін бұл өте сәтті модель, себебі орташа ұзындығы бар пальтоны тауып алу мен үшін қиын.

Жасыл түсті Zara блузкасын сатып алған себебім – оның түсі. Күзгі бейтараптықты осы жасыл түсті киім ерекше қылады. Белдемшеге (Shendel) назар аударсаңыз, байсалды стильді жақсы көремін, бірақ ерекше түстес киімді де үйлестіре білген дұрыс.

Nila&nila етігін мен сонау 2009 жылы Оралда сатып алған едім. Ерекше өкшесі бар етік анам екеумізді бей-жай қалдырмады. Осы етікті кисем, айналадағылар міндетті түрде оларға назар аударады. Етік өте ыңғайлы, алайда, қатты жел соқса, жүруге қиындық туғызады.

Сөмкем (Gilda Tonelli) көлемді болғанымен, әдемілігін жоғалтпайды. Мектепте оқып жүргенімде бұл сөмкені анам сыйға тартқан болатын. Итальян сөмкелерін жақсы көремін, себебі олар пішінін ұзақ сақтап, он жылдай қасыңызда жүруі мүмкін. Сыйымдылығы, әрі көп нәрселерді салып қойсаң да шар ұқсап үрленбейтіні ұнайды.

Орамал-шарфтарды қатты жақсы көремін, суық болса, басыма тағып аламын, себебі бұл образыма нәзіктік береді. Күзде оларды киімге қосып киюді ұнатамын. Бұл орамалым байсалды реңкте - қара мен қызғылт түстес. Әдемі ою кез келген look үшін жарасымды.

Аксессуарларға келетін болсам: ақ алтыннан жасалған алқа мен шексіздік формасындағы кулон және Romanson сағаты. Сағатты Жаңа жылға ата-анам сыйлаған болатын. Үнемі тағып жүретін сағатым кешке арналған көйлек болсын, күнделікті киімім болсын, бәрімен де үйлесіп тұрады.

Макияж күзге сәйкес жылы реңкте, қоңыр күздің түсін қайталап тұрғандай. Көзге акцент жасай отырып, ерінге тек қана бальзам жаққан болатынмын.

Киімді қай жерден сатып аламын

Киімді көп ретте жоспарламай сатып алатыным бар: ұнаса – ала беремін. Анаммен бірге дүкен аралаған көңілдірек, сол себепті Оралдан жиі киім сатып аламын, ал мына жақта құрбыларыммен немесе сіңліммен Mega Center, Promenade, Silkway city, Пассаж, ЦУМ секілді дүкендерді аралаймыз; жеке дүкендерге кіргенді жақсы көремін, ондай жерде басқа дүкендерде жоқ нәрселерді тауып алуға болады.

Материалды дайындаған: Әлия Сембай

_________________________________________________________________________

Адам көркі — шүберек #1: Гаухар Very Berry

«Талпын» тобы: «Біз үшін театрдың орны ерекше»

$
0
0

Қазіргі қазақ сахнасындағы эстрада бағытында бағын сынап, халық жүрегінен жылы орын алып жатқан жеке әншілер мен көптеген топтардың жыл сайын қарыштап дамып, көбейіп келе жатқаны қуантады. Десе де «әннің де есері бар, естісі бар» демекші, тыңдарман жүрегіне жол тауып жатқандары қуанта қоярлықтай көп емес. Жас та болса қазақ өнеріне өзіндік үн қатып, даңғыл жол салуды көздеген «Талпын» тобының жігіттері халыққа өз ойларын ортаға салып пікірлеспек.

- Сөзімнің бісмілләсі ретінде қояр сұрағым топтың атын «Талпын» деп қоюдағы басты себептерің неде?

Мәулен: - 2006 жылы Талдықорған музыкалық колледжінде 2 курста оқып жүргенімізде мен, Еркебұлан, Мерей үшеуміз акапеллалық әндер орындап жүрдік. Кейіннен дауыс үйлестігімізді байқаған адамдар «неге топ құрмайсыңдар?» - деп ұсыныстар айта бастады. Алғаш бірігіп халық әні «Ағажан Ләтипаны» қазіргі танымал әншілердің бірі Ерболат Құдайбергеновтың студиясында жазып орындадық. Топ болып нақты құрылғасын, ат қою мәселесінде ойлана келе қазақ өнеріне шамамыз келгенше үлес қосып, өсіп-өркендеуіне атсалысайық деген мақсатпен «Талпын» деп қойдық. Жақсылыққа, игі іске, соны бір жаңашылдыққа жетейік деген ниетті оймен солай атадық.

Еркебұлан: - Кейіннен топтың атын өзгертсек қалай болады деген де ойлар болды. Уыздың дәмі сүттен де дәмдірек демекші басқа да аттарды таңдағанымызбен алғаш қойып, сол ат ыстық болып кеткесін ба, өзгертпеуге бел шештік.

- Қазіргі қазақ эстрадасына қосар қандай жаңалықтарың бар?

Мерей: - Жалпы қазақ әншілік өнеріндегі әр кезеңнің өз хас шеберлері бар. Әр заманда дарындылар шоғырланатын бір кезеңдер болады ғой. Сондай сәтті кезеңде Шәмші, Нұрғиса аталарымыз тағы да басқа көптеген композиторлармен бірге мықты-мықты ақындар шығармашылық үндестікпен қаншама туындылар дүниеге әкелді. Міне, сондай дүниелер ғұмырлық шығармалар болып қалады. Ал қазіргі кезде эстрадада әннің музыкасына басымырақ көңіл бөліп, сөзіне аса мән бермейтін жұлдыз ауруына шалдыққан әншілер шоғыры көбейіп кетті. Біздің өнерге келудегі, осы саланы таңдап топ құрғандағы басты мақсатымыз - әннің ырғағы мен сөзінің үндестік тауып, ойлы, даңғаза шуға еліктемейтін, көрерменнің жас талғамай тыңдай алатын әндерді орындау. Әр өнер түрінің адам баласына берер тәрбиесі болады ғой. Суретші суретімен, жазушы қаламымен, режиссер камерасымен, әнші қоңыр даусымен деген сияқты. Біз де тыңдарманға шамамыз жеткенше жақсы әсерге бөлейтін туындылар шығаруға тырысамыз.

- Бүгінгі таңда Т.Жүргенов атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР академиясында музыкалық драма актері мамандығында Есмұхан Обаев ағаның шеберханасында оқып жатырсыңдар. Оқуды тәмамдағасын мамандықтарыңмен жұмыс істеу ойларыңда бар ма?

Еркебұлан: - Есмұхан аға, Ерлан Біләл аға, Баян Қажынәбиева, Алма Кәкішева апайлар сынды театрдың белді тұлғаларынан тәлім алып жатырмыз. Бұл кісілердің берген тағылымы көп. Әнші болу үшін де актерлік шеберлік, табиғи талант болуы керек. Мәселен сахнада қозғалыссыз, әсерсіз орындалған әнді кім елтіп тыңдайды? Жүрекпен ұғып, соны сезініп айтқан шынайы дүниені халық та қабылдай алады. Әнге жан беріп түрлендіру үшін де актерлік ойын көрсету керексің. Сахна талабы да сол емес пе. Адамның өзін-өзі ұстауы, таза сөйлеуі, биі, жан-жақтылықты үйрететін мамандық қой бұл. Нақты актер боп кетпесек те әншілік жолда көрген, түйгендерімізді кәдеге асырамыз.

Мерей: - «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген қазақта сөз бар ғой. Біз болашақта екі жолды қатар алып жүрсек те, мен бұл ойды қолдамас едім. Себебі өнер үлкен корабль. Ал актерлік өнер мен әншілік өнер бір-бірін толықтыратын теңіздің қос тамшысы секілді. Екеуі тоғысқанда көбейіп молаяды ғой, сол сияқты. Алланың қалауымен болады ғой бәрі. Қазіргі таңда қазақ театры күннен-күнге дамып, жаңарып келе жатқан сала ғой. Актерлік жолмен де кетуіміз мүмкін.

- Бір бүйрегіміз театрға да тартып тұрады дейсіңдер ғой? Театрға қаншалықты жиі барып тұрасыңдар? Әрине, теориялық білімдеріңе практика жүзінде іске асып жатқан жанды процесс те кері әсер етпейтін болар?

Мерей: - Сөзіңе толықтай келісемін. Үлкен аға-әпкелеріміздің рольдерін, сомдаған кейіпкерлерін көріп аудиториядағы сабаққа қосымша көп мағлұмат жинаймыз. Біз үшін театрдың орны ерекше.

Мәулен: - Кезінде талай майталман нарқасқалардың табаны тиген киелі қара шаңырағымызды ерекше құрметтейміз. Қаншама талантты шоқтығы биік өнер адамдарының маңдай тері сіңген М.Әуезов театрында сахнаға шығып актер болу біз үшін үлкен армандардың бірі. Театрға жиі барып тұруға тырысамыз. Есағаның, Оразхан аға Кенебаевтың, Әубәкір аға Рахимовтың, Мұрат аға Атабаевтың, Жанат аға Хаджиевтің сахналауындағы спектакльдерін үзбей тамашалаймыз. «Абай», «Қарагөз», «Мөлдір махаббат», «Махаббат дастаны», «Жаужүрек», «Сыған серенадасы» т.б. көптеген қойылымдарды тамашалағандағы алған әсеріміз ерекше. Құдайға шүкір, бүгінде қазақ театры күннен-күнге жаңаша қырынан ашылып, көркейіп келе жатыр ғой.

Еркебұлан: - Өнер әлеміне енді енгеніне қарамастан көрермен назарын жаулап алған кино саласы қанша жылдамдықпен дамыса да, сонау б.з.д. VI ғасырда пайда болып, содан бері жан-жақты қырынан өзгеріп келе жатқан театр өнері мәңгілік деп ойлаймын. Ғасырдан аса тарихымыз бар біздің театрдың бүгінгі хал-ахуалы қуантарлықтай. Күнде болмаса да жиі-жиі барып, жан сарайымызды сусындатып қайтуға театрға барып тұрамыз. Біз үшін театрдың орны ерекше. Жастар театрының да, басқа да театрлардың қойылымдарын көріп тұрамыз. Қарапайым көрермен ретінде де, болашақ маман ретінде де театрдан алатын тәлім-тәрбие көп. Кей қойылымнан жылап шықсақ, кейбірінен қуанып, спектакльдегі кейіпкермен бірге шаттанып шығасың. Жалпы театрға барған көрермен күнделікті күйбең тіршіліктен босап, жан-дүниесін демалтуға барады ғой. Қазіргі таңда қай театр болмасын, көрермен талабына сай заманауи да, классикалық та қойылымдарды қойып жатыр.

— Жаңа бір сөздеріңде айтып қалдыңдар, қазір бейсаубат әншілер, сапасыз әндер көбейіп кетті деп. Сондай келеңсіздікті қалай тиюға болады деп ойлайсыңдар?

Мәулен: - Кезінде Көркемдік кеңес деген болған. Егер сол кеңесті қайта құрып жұмыс жасаса бұл мәселе өзінен-өзі шешілер еді.

Еркебұлан: - Ауруды басыңа түскен кезде сезесің. Мысалы, жазушылардың өз одақтары бар. Әншілерге жазушылар, не болмаса журналистер келіп жаны ашып кеңес құрып бермейді. Ол ақиқат нәрсе. Өзіңе өзің жаның ашымаса, кімнің жаны ашиды? Әншілер өздері жоғары жаққа ұсыныс білдіріп қолға алса ғана бұл қиындық кетер еді. Қазір әркім өз қамын күйттеп кеткен заман болды ғой. Егер осы өнердің терісін илеп жүрген азаматтар мен азаматшалар шын таланттар ғана қалсын деп үндеу тастап жатса, біз де қолдар едік.

— Репертуарларыңда «Жан әкемнен» басқа қандай әндерің бар?

Мәулен: - Халықтың «Ағажан Ләтипа», «Хәләуләйлім» деген әндер бар және де «Жан әкем», «Ақбұлақ», «Отаным менің Қазақстаным», «Аяулым», «Сені іздедім» сынды әндеріміз бар.

Еркебұлан: - Мәулен «Сені іздедім», «Аяулым» секілді әндердің әнін жазған.

Мерей: - Жақында «Жан әкем» әніне бейнебаян түсірдік. Бұрын бұл әнге 2008 жылы басқа бейнебаян түсіргенбіз. Кейіннен сюжеті жақсы болғанымен, форматқа сәйкес келмегесін жаңаша түрде түсіруге тырыстық. Режиссері академияның студенті Самат деген жігіт. Бейнебаянның жартысы трекке, жартысы сюжетке құрылған.

- Жалпы әншінің халыққа кеңінен танылып, сұранысқа ие болуына продюсердің де септігі тиіп жатады. Басым көпшілік жұмыс сонікі десе де болады. Топтарыңмен жұмыс жасап жатқан продюсер бар ма?

Мерей: - Бізде нақты жұмыс жасап жатқан продюсер жоқ. Бірақ қолдау көрсетіп, көмектесіп жатқан азаматтар бар. Мәселен, Қанатбек Байтеков сынды жомарт ағаларымыздың қолдауын көріп жатырмыз. Ол кісілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

- «Жігітке жеті өнер де аз» деген тіркес бар, әншіліктен өзге қандай өнерлерің бар?

Мәулен: - Үшеуміз де фортепианода ойнай аламыз, домбыра, гитара аспаптарын тартатын қабілетіміз бар. Бос уақытымызда спортпен айналысып тұрамыз. Басқа да алдағы күндері көрсететін құпия өнерлеріміз бар. Уақыты келгенде көрермендерге көрсете жатармыз.

- ХХI ғасырдың жастары кітап оқымайды деп жоғарғы буын өкілдері наразылық білдіріп жатады, бұған не дейсіңдер?

Еркебұлан: - Бұлай деп көпке топырақ шашпаған дұрыс сияқты. Себебі «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей күннен-күнге техниканың қарыштап, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманында жастардың басым бөлігі компьтерге, интернет секілді заманауи дүниелерге қызығып, кітапқа көп қызықпай кеткендері рас. Дегенмен рухани дүниені байытып, сусындататын кітап екенін түсінетін, білетін жастар өзіне қажет кітабын оқиды. Маған қазақ әдебиетінде Ұлы Абайдан бастап, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Шаханов т.б. көптеген ақын, жазушылардың шығармашылығы ұнайды.

Мерей: - Шыңғыс Айтматов, Хемингуэй, Рабинранат Тагор, Чехов, Тургенев сынды шетел жазушыларының туындылары қызықтырады. Мәселен Айтматовтың «Ақ кемесі» ерекше ұнайды. Адам жанының нәзік қылдарын шертетін шығармада ата мен немере арасындағы аяулы сезімнің тұнықтығы, кішкене сәби жүрегінің пәктігі мен өмірдің ащы шындығы жаныңды тебірентпей қоймайды.

Мәулен: - Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Танакөз Толқынқызы, Назира Бердалы сынды ақын қыздардың поэзиялары, Мерей мен Еркебұлан айтпақшы, қазақ және шетел әдебиетінен көптеген жазушыларды оқимын. «Абай жолын» оқымаған қазақты қазақ деп есептемеймін. «Ұлпан» романындағы Есенейдей ерге жастық ғұмырын қиып, дүйім елді басқарып, бір рудың ұйытқысы болған Ұлпандай аруды өмірде де аңсаймын. Кейіпкеріне жан бітіріп, оқырман жүрегінен жылы орын алатын осындай туындыларды қазіргі жастар оқымайды деу қисынсыз секілді.

- Болашаққа қандай жоспарларың бар?

Мәулен: - Қазір «Сені іздедім» әніне бейнебаян түсіру жоспарымызда бар. Басқа да бес, алты ән жазып жатырмыз.

- Сұхбаттасқандарыңа көп-көп рахмет. Сендерге шығармашылық табыс тілеймін. Өнерлерің өрге жүзсін. Тыңдарман құлағының құрышын қандыратын әндерің көбейе берсін!

Сұхбаттасқан: АЙЖАН РАХМЕТОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР

академиясының «Кинотеледраматургия»

мамандығының IV курс студенті

15 қараша — Қазақстан ұлттық валютасының күні

$
0
0

Бүгінгі датаға орай теңгеміздің тарихына шолу жасасақ... Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мұражайының негізін КСРО Мемлекеттік Банкінің Қазақ Республикалық кеңсесінің басқарушысы В.А. Бондаренко мен Банк жүйесінің даму тарихы кабинетінің меңгерушісі В.А.Бахарев қалаған.

Мұражайдың 1997 жылдың 13 қарашасында болған ресми ашылуына ең бірінші болып келген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Мұражайдың құрметті қонақтарына арналған кітапқа»:



Бүгінгі күні тек Республикалық қана емес, сонымен қатар халықаралық та мәні бар Ұлттық Банк мұражайының қорында 5 мыңнан астам жәдігер бар. Ал экспозицияға мыңнан астам әр түрлі жәдігерлер қойылған. Олар: алтын адамның макеті, банкноттар, монеталар, тарихи құжаттар, кәдесыйлар, алыс және жақын шетелдерден келген қонақтардың сыйлықтары, Мемлекеттік банктің Қазақ Республикалық кеңсесі басқарушыларының портреттік галереясы, Ұлттық Банк Төрағаларының портреттері, антиквариат жиһаздар және альбомдар.


Көшпенділердің ежелгі мәдени байлығы ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің жетістігі де болып саналатын «Алтын адам» макеті мұражайдың декоративтік орталығында орналасқан.

Ал енді Ұлы Жібек жолы дәуірлеп тұрған уақыттан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықты кезеңдер бойынша қарастыратын «ақша әлеміне» қызықты саяхатымызды бастаймыз.


Ұлы Жібек жолы — біздің мыңжылдықтың бірінші ғасырынан бастап Х ғасырға дейінгі аралықта әйгілі ұлы сауда керуен жолы болған. Бұл кезең Отырар, Тараз, Испиджаб, Сарайшық қалашықтарында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған монеталармен әйгілі.




Орта ғасырда монеталарды тек беделді ру-тайпа өкілдері ғана шығарған. Олардағы белгілер мен таңбалар осы биліктің нышанын көрсетіп тұрған. Яғни бұл кезеңнің монеталарында таңба ретінде жер, су, аспан және әр түрлі хайуанаттардың сұлбасы, балық қаңқасы, құстардың бейнесі өрнектелген.

Ал бұл ортасында төрт бұрышты ойығы бар монеталар Ұлы Қытай қорғаны арқылы өтуге рұқсатнама ретінде қолданылған.

Екінші экспозияция «Төңкеріске дейіңгі Ресейдің ақша белгілері» деп аталады



Ресейдің бірінші қағаз ақша белгілері ІІ Екатеринаның кезінде 1769 жылы, ал монеталар 1534 жылы пайда болған.

ІІ Екатерина бейнеленген 100 рубльдік банкнот — сол кезеңде шағын сиыр табынын сатып алуға болатын атақты «катенька» болған.




1725 жылы шведтің мыс плиталарының үлгілері бойынша төрт бұрышты пластиналар түрінде соғылған мыс рубль. Металл ақшаның бұрыштарына елтаңбаның бейнесі, ортасына құны және шығарылған жылы бейнеленген. Салмағы 1,6 киллограмм, мөлшері 18-19 сантиметр.

Уақытша үкіметтің ақша белгілері


1917 жылғы ақпан төңкерісі көп жағдайда эсерлер және меньшевиктер партиялары қолдаған Уақытша буржуазиялық үкіметінің билікке келуімен аяқталды. Кезінде осы Уақытша үкімет кезінде пайда болған ақшаның сыртқы кейіпі халыққа ғана емес, сонымен қатар ірі буржуазияға да жағымсыз әсер еткен.

Суретте бейнеленген мың рубльдік билетте Мемлекеттік дума үйі бейнеленгеннен кейін оны «думалық» деп атап кетсе, 1917 жылдың жазынан бастап шыға бастаған 20 және 40 рубльдердің түрі ақшаға қарағанда шараптың және квастың жапсырмасына көп ұқсайтын болғандықтан, оны халық «Квастың ярлыктары» деп атаған.

РКФСР-дың және КСРО-ның ақша белгілері


Бұл экспозицияда 1919 жылғы наурызда РКФСР ХКК-нің 1919 ж. 4 ақпандағы декретке сәйкес пайда болған ақшалар орналасқан.


1920 жылы Хорезм республикасында ақша жібектен жасалынып, ол «шелковкалар» деп аталды. Кейінінен бұл ақша күшін жойғаннан кейін оларды әйелдер құрақ көрпелерге пайдаланған.


1965 жылы жаңа мерейтойлық кеңестік монеталар шығару дәстүрі қаланды.

ТМД елдерінің ақша белгілері






Ұлттық валюта — Теңге


Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 3 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі С.Терещенко — комиссия төрағасы және комиссия мүшелері — Қазақстан Республикасының вице-президенті Е.Асанбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Д.Сембаев, ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғ.Байназаров, ҚР Қаржы министрі Е.Дербісов және ҚР Экономика министрі Б.Ізтілеуов болды.

Республиканың Жоғарғы Кеңесінде және Үкіметінде өткізілген Ұлттық валютаның атауы туралы кеңейтілген жабық пікір таластың нәтижесінде Жоғарғы Кеңестің жоспарлау-бюджет комиссиясының сол кездегі төрағасы болған С.Тәкежановтың ұлттық валютаны — Теңге, ал оның жүзден бір бөлігін — Тиын деп атау туралы ұсынысы қабылданып, теңгенің дизайнын дайындау құрамында Т.Сүлейменов (жетекші), М.Әлин, Х.Ғабжәлилов және А.Дүзелханов (дизайнерлер) бар авторлық ұжымға тапсырылған.


Қазақстанның тұңғыш Ұлттық валютасы Англиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын ағылшын компанияларының бірінде дүниеге келген.


Алғашқы қағаз тиындар.


Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арнайы шығарылған тұңғыш күмістен жасалған 1 киллограмдық тиын. Бұл тиын екі нұсқада шыққан. Сол жақтағы еуропаның, ал оң жақтағысы шығыстың безендіру үлгісі бойынша жасалынған.


Астана қаласының 10 жылдығына арнайы шығарылған ескерткіш күміс монета.


Ұлттық валютаны еңгізудің 15 жылдығына арналған мерейтойлық алтын монета.


Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған ескерткіш алтын монета.


«Дүниенің танымал мешіттері» сериясынан ескерткіш монеталар.



Гауһар тастармен безендірілген алтын монеталар: «Қызыл бөрі», «Сілеусін», «Барыс».



Барыс жылына арнайы шығарылған күміс монета.





2007 жылдың 7-9 мамыры аралығында Бангкок қаласында өткен Currency Conference валюта конференциясында қолма-қол ақшамен жұмыс департаментінің бас дизайнері Меңдібай Қойшыбайұлы Әлиннің авторлығымен дүниеге келген 10 000 теңгелік банкнот «Ең үздік жаңа банкнот» сыйлығын иеленген.






«Қазақстан халықтарының ертегілері» сериясының күміс монеталары.


Қазақ жерінде тұңғыш рет өткен VII Қысқы Азиада ойындарына арнап Қазақстанның Теңге сарайы шығарған 1 килограммдық алтын монета.


Қазақ жерінде тұңғыш рет өткен VII Қысқы Азиада ойындарына арнап Қазақстанның Теңге сарайы шығарған 1 килограммдық күміс монета.


Қазақстандағы барлық монеталар Өскеменде орналасқан Теңге сарайында дайындалып шығады. Олардың дизайнын Ұлттық банктің банкноттар мен монеталар дизайны бөлімінің бастығы В.П.Ивженко басқарған дизайнерлер тобы жасайды.


Мекен-жайы: Панфилов көшесі, 98
Жұмыс уақыты: Дүйсенбі — Жұма
Демалыс: Сенбі, Жексенбі
Телефон: 8 (727) 261 25 70
Факс: 8 (727) 704 703
E-mail: museum@nationalbank.kz
Мұражайдың меңгерушісі: Сангулова Сәуле Тұрарбековна
Мұражайға кіру үшін алдын ала ҚР Ұлттық Банкінің Ұйымдастыру жұмысы, сыртқы және қоғамдық байланыстар департаментінің директоры Терентьев Александр Леонидовичке мұражайға келетіндер саны, жетекшінің аты-жөні және жеке нөмірі жазылған фирмалық бланкты факс арқылы жіберу міндетті.

Мәтін, фото: Айнұр Ракишева

16-қараша — Халықаралық толеранттылық, мейірімділік күні

$
0
0

ЮНЕСКО-ның «Толеранттылық қағидаларының декларациясында» бір-бірімізді тұлға ретінде сыйлауымыз керек, әр адамның түр келбетіне, әлеуметтік жағдайына, құндылықтарына, жүріс-тұрысына қарамастан, ол өмірде өз индивидуалдығын сақтауы керек, Жерде бейбітшілік пен мейірбандық ортасында өмір сүруі керек жайлары айтылған екен. Осындай күндері ойымызға еріксіз көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандар есімізге түседі. Ал «кіжінуің көп, килігуің жоқ» дегендей, сөйлеп қана қоймай, іс жүзінде көмек көрсетіп жүрген адамдар бірен-саран. Солардың бірі, «Екпіннің» бүгінгі кейіпкері еліміздегі ең жас редактор — Қуаныш Кәрім. Ол бүгінде 22 жасқа енді келсе де, «Жан мейірі» атты қайырымдылық журнал ашып, қазірдің өзінде көптеген жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп жүр.


Демалыс күнінде де жұмысқа шыққан Қуаныштың редакциясы жайлы екен, атына заты сай редактордың өзі де, айналасы да мейірімділік флюидтеріне толы. Сонымен амандық-саулық сұрасқаннан кейін, Қуаныш ісін қалай бастағаны, журналдың басты шаралары жайлы әңгімесін бастап кетті.

— Қуаныш, ҚазҰУ-де оқып па едіңіз?

— Иә, 2007-2011 ж.ж. ҚазҰУ-де, филология факультетінде оқығанмын. Енді магистратураға түспек ойым бар.

— Ал не себепті филология факультетін таңдадыңыз?

— Негізі 7-ші сыныптан бастап, мен екі мектепте оқыдым. Біріншісі — өзім туған Талдықорған қаласы Амангелді ауылындағы кәдімгі мектеп болса, ал екіншісі — музыкалық мектеп. Таңертең типтік мектеп бағдарламасын оқысам, түстен кейін музыкалық сауаттылығымды ашып жүрдім. Сонда мен 7-ші сыныптан бастап есейдім десем болады. Уақыттың қымбаттылығын сол кезде білдім. Бір сабақтан шығып, қайта сабаққа барып, кешкісін 2 үй тапсырмасын істеп жүрдім. 11-ші сыныпта елдің бәрі мектеп бітіріп, аттестат алып жатқанда, мен аттестатпен бірге музыкалық мектептің дипломын алып жаттым. Бір артықшылығым сол болды. 11 бітіре салып, мен музыкалық мектепке мұғалім болып орналасатындай деңгейге жеттім.

— Ал онда қандай аспапты меңгердіңіз?

— Бірнеше аспапты меңгердім: домбыра, гитара, баян, пианино. Бұл аспаптардың құлағында ойнамасам да, өз деңгейімде, өзім ұнататындықтан ойнаймын. Менің егізім бар. Егізім — қыз. Ол Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірді. Мен музыкалық мектеп бітіріп, ал ол өнер академиясын таңдаймын дегеннен кейін, үйдегілердің «екеуің бірдей өнер жағына барып қайтесіңдер, біреуің біраз басқа сала таңда» деген өтініштері болды. Содан мен журналистика саласын таңдамақшы болып, филфакқа түсіп кеттім. Жалпы ҚазҰУ-ға түсу әкемнің арманы еді.

— Сонда Талдықорған қаласында туып-өстіңіз ғой?

— Иә, сонда. Отбасымызыда үш ағайындымыз. Егізім-Гүлдәурен, сосын 1992 жылғы інім Тілеген. Әке-шешем қарапайым адамдар. Әкем мектепте күзетші болып қызмет жасайды. Анам үй шаруашылығымен айналысады.

— Рахмет, жалпы «Жан мейірі» журналын шығару идеясы қашан пайда болды?

— «Жан мейірі» журналы 2-курстан бастап пайда болған дүние. Журнал пайда болуының қысқаша тарихы да бар: бойым ұзын болғандықтан, мектеп кезінен спортпен, оның ішінде баскетбол, воллейболмен белсенді шұғылдандым. Бірнеше жарыстарға барып, кубок, медальдар алғанмын. Солай айналысып жүргенде, аяқ асты жаттығу кезінде қателік кетіп, аяғымнан жарақат алғанмын. Ол 9-шы сынып болатын. Содан бастап қыс болса, көктем болса, аяғым ауыратын болды. Сол ауру асқынып, 2-курс кезінде операция жасатып, ол сәтсіз болғандықтан, балдақпен жүретін деңгейге дейін жетті. Балдақпен жүрген кезімде, мүгедек адамдардың, жетім балалардың қандай күй кешіп жатқанын білдім. Олардың бізге қарағанда жігерлі, қайратты болатынын көрдім. Сол балдақпен жүрген кезде 22 группаласым мені алақанында ұстады. Сабағыма көмектесіп, тамақ жасап, киіміме дейін үтіктеп үлкен қолдау жасады. Қыздар, ұлдарға дейін жүгіріп жүрді. Мен сонда бір сәтке сондай күйге ұшырадым, ал өмір бойы сондай қиындықтармен күресіп жүретін адамдар бар емес пе? Олардың өмірін айтып-жеткізу өте қиын. Ең бастысы, көзім жеткені олар бізге қарағанда өмірді бар жан-тәнімен сүйеді екен.

Сол кездері осы жағдай мені қатты толғандырды. Сондай-ақ 1-ші курстан бастап әр жексенбі жетімдер үйіне барып тұратынмын, олардың да жағдайы жаныма бататын. Осының бәрі келе-келе себеп болды деп ойлаймын. Оқуды бітіре салысымен, осы журнал пайда болды. Қазірде журналымызға бір жыл толды. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Министрлік, «Нұр Отан» партиясы маған қолдау көрсетеді деп мүлде ойламаппын. Ол кісілердің назар аударып, алғыс хат жіберіп жатқан кезде игі нәрсе жасап жатқанымызға марқайып қалам.

— Журнал ашамын деп ниеттенген кезде, сізге қолдау жасаған кімдер болды?

— Группаластарымның бір айлық стипендияларын жинап алғам (күліп). Ашамын деген сәтте олардың барлығы маған көмектесті. Жаңа айтып кеткенімдей, өзім өте қарапайым отбасынанмын. Әкем 22 мың теңге жалақы алады. Ол үйдің шаруасынан аспайды, білесіздер. Сол себепті группаластарым, ағаларым қолдау көрсетті.

— Журнал шығаруда бас кезінде қандай қиындықтар болды?

— Идея ойға келгеннен кейін, ол іс жүзінде дәл қазіргідей бола қойған жоқ. Оның құжаттарын жасату, министрлікке тіркету, мөрін алу, жеке кәсіпкер куәлігін алу деген сияқты жұмыстардың бәріне де қарызданып әйтеуір бастама ретінде алғашқы саны шықты. Оқуды 2011 жылдың шілдесінде бітіре салып, журналды тамыз-қыркүйек айларында шығардық. Алайда ол мүлде өзін-өзі ақтамады. Алғашында таныстыру мақсатында көп жерлерге тегін тараттық. Ол алғашқы саны, шыны керек, дұрыс құрылмаған, қызықтыратын ештеңесі де болмады. Алайда алғашқы болғандықтан, өзіме ыстық. Кейін екінші санына, тегін таратып жүрген кезде кездейсоқ көріп қалған бір ағамыз қаржылай көмектесті. Одан кейін журнал өзін-өзі ақтауға жетіп, қазірде басқа біреулерге көмектесетін деңгейге жетті.

— Ал неліктен «Жан мейірі»?

— Басында «Мейірім» деп қоймақшы болдық. Алайда министрліктен куәлік алар кезде ондай фонд бар болып, ол атау бос болмады. Содан алдына «жанын» қосып, «Жан мейірі» болды.

— Қазірде журнал біраз қайырымдылық шараларымен айналысады екен. Сол туралы толығырақ айтып кетсеңіз?

— «Жан мейірі» журналы ашылғалы нақты жұмыс істеп жатқанына сегіз ай болды. Сегіз айдың ішінде біз 40-тан астам студентке 15 мың теңге көлемінде стипендия тағайындадық. Жаңа жылға дейін студенттер санын 50-60-қа дейін жеткізу жоспарланды. Сондай-ақ Қазақ Ұлттық Университетінің «Айналаңды нұрландыр» бағдарламасы мен «Жан мейірі» журналы бірігіп, «Шын жүректен» деген акция өткізіп жатыр. Бұл акция бойынша 14 жатақханаға кіріп, жұмыс барысын түсіндірдік. Акция нәтижесінде, бір жетім қыздың бір жылдық оқу ақшасын төлеп беретін болдық. Мұндай шаралар тек Алматыда емес, 14 облыстың 7-8 ауданындағы университеттерде де берілді.

Сондай-ақ жетімдер, мүгедектер үйіне барған сайын әншілерге «барып қайтайықшы» деп жалынатынбыз. Оларға кейде материалдық жағынан гөрі, бір көңіл-күй, мейірімділік жетіспейді. Сондықтан барған сайын әншілерге жалынудан жалығып кетіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында актер мамандығының 3-курс студенті Айбек Айдынұлы деген керемет дарынды баланы осы «Жан мейірі» журналының жеке әншісі ретінде шығаруды ұйғардым. Айбектің айтатын әндерінің басым көпшілігі мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға рух беретін, көңілін көтеретін әндер болады. Бейнебаяндар түсіру жоспарда бар. Айбек көптеген байқаулардың жеңімпазы. Ең басты бағындарған белесі — 20 жаста болса да Елбасының жарлығымен түсірілген Абай Құнанбаевтың 5 сериялы деректі фильмінде Абайдың рөлін ойнауы.

— Арнайы бір көрме ұйымдастырып жатырсыздар деп естідік?

— Интернет арқылы хабарласып, бізге аяғымен, аузымен салған мүмкіндігі шектеулі жандардың суреттерін жіберіп жатады. Біз солардың суреттерін бір университет қабырғасында көрме ретінде өткіземіз. БАҚ өкілдерін шақырып, сол арқылы оларға бір көмек болса екен дейміз. Алайда бұл «аузымен салған сурет» деп жұртты таң қалдыру мақсатында емес, балаға көмек көрсету мақсатында жасалынады. Мүмкін сол көрмені көру арқылы біреу көмектесіп қалар деген ой бізде.

Осы сынды шаралар өткізіп тұрамыз. Мысалы, журнал енді ашылғанда Студенттер сарайында «Мейірімді жүрек» деген концерт ұйымдастырдық. Оған 29 әнші шақырған болатынбыз. Сол атты пайдаланып, қазір «Мейірімді жүрек» деген қор аштық. Бұл қор аяқ асты біреуге операция керек болғанда не бір студенттің оқуын төлеу керек болғанда қолданылады. Қазірде «Жан мейірі» журналына бүкіл республика бойынша жазылу жүріп жатыр. Қаңтар айына дейін 20 мың адамды жаздыру жоспарланып отыр. Егер сол жоспарымыз іске асса, «Мейірімді жүрек» қорына әр данадан 10 теңге аударамыз. Сонда 20 мың адам жазылса, қорға айына 200 мың теңге түсіп отырады. Ол айына 1-2 адамға көмек ретінде бөлініп отырады. Бір журнал жылына 2000 теңге, сонда әр адам жазылу арқылы қайырымдылық жасап отырады.

Әрине, әр адам қандай журнал оқыса да өз еркі, алайда меніңше, қазірде жұлдыздар жайлы көптеген журналдар қаптап кетті. Біреуінің алған сұхбатын екіншісі басып жаза береді. Кім-кіммен ажырасып жатыр, кім-кіммен жүріп жатқанында біздің шаруамыз жоқ, бізге көмектесіп жатқан әншілер, олардың жақсылығы жайлы жазамыз. Олардың қатарында, мысалы, Ұлықпан ағамыз, Қайрат Нұртас, Қайрат Түнтеков сынды әншілер бар. Сондай-ақ қазірде мен министрлікке жаңа бір ұсыныс тастадым. Қазақстан бойынша шығып жатқан газет-журналдар «Мейірімді жүрек» қорына әр данасынан 1 теңге аударып отырса. Мысалы «Жұлдыздар отбасы» 40 мың данамен шығады, әр данасынан 1 теңге аударса, айына 40 мың теңге болады. Сонда қаншама ақша жиналар еді, қаншама адамға көмектесуге болар еді.

— Журналдың бағасы қанша? Дүңгіршектерде сатыла ма?

— Журнал бағасы — 200 теңге. Дүңгіршектерге тек жылдың басында тіркейді екен, біз былтыр ашқан уақытта қалып кеткен болатынбыз. Құдай қаласа, 2013 жылы, яғни жаңа жылдан бастап дүңгіршектерден сатылатын болады. Ал жазылу бойынша адамдарға Қазпочта арқылы жететін болады.

— Ал журналдың болашағын сіз қалай елестетесіз?

— Негізі журнал ашпай тұрып, оқу бітіріп жатқан кезімде видео түсіргенмін. Онда мен барлық жоспарларымды айтып, осы журналды 27 жасыма дейін жүргіземін деппін. Бес жылда бірнеше адамның шет елдегі операцияларына көмектесіп, студенттерге грант тағайындау сияқты үлкен жұмыстар атқарам деп жоспарлағанмын. Журналды да, Айбекті продюссерлеуді де 5 жылға жоспарладым. Егер Алла қалап сол үлкен мақсаттарымның бәріне қолым жетсе, журналды тоқтатамын. Егер де басқа біреу қолға алып жатса, берер едім. Алайда, меніңше, кез келген журналдың ғұмыры көп болмайды. Егер бес жылда «Жан мейірін» халық біліп, көмегін көріп жатса, онда мақсатымызға жеткеніміз, сол абыройымызбен кеткеніміз дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, Шоқан Уәлиханов, Ғани Мұратбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Төлеген Айбергеновтар 29 жастарында бір кітап жазып тарихта қалып кеткен жоқ қой. Барлығы 17-18 жастан бастап ел арасына кірісе бастаған. Сондықтан мен 22-де болсам да, өзімді жас деп ойламаймын. Өзімнің қатарластарымнан басқаша ойлайтын сияқтымын.

— Жаңа болашақ жоспарларымды тізіп бір видео түсірдім деп жатырсыз, ол сіздің бір сәттілікке жету тәсіліңіз болар. Жалпы сіздің ойыңызша, сәттілікке жету үшін не істеу керек?

— Менің ең басты қағидам: «Кім тәуекел етпейді, сол мақсатына жетпейді». Осыны жақсылап түйсініп алу керек. Тәуекелшіл болу керек. Бизнесте алғашында міндетті түрде «ұшып кетесің». «Ұшып кетсең» де, құлап қалсаң да мойымау керек. Мен, мысалы, алғашында қаншама группаласымның ақшасын жинап алып, шашып жібердім. Ол ұят болды. Алайда ұят болды-ау деп отыра бермей, оны керісінше, алға қойып, қайта тырысып көру керек. Мен өзім тәуекел еткенді жақсы көремін және өзімнің жолдастарымды да соған шақырып отырамын. Жалпы бизнеспен айналысамын деген жастарға айтарым: Үш нәрседен аулақ болу керек. Біріншісі — ұшып кеткен жағдайда көңілімді басамын деп арақ-темекіден аулақ болу керек, екіншісі — құмар ойын, казино, автомат, компьютер, т.б., үшіншісі — өзімнің қосып алғаным, ғашық болмау керек.

Қазірде көптеген жастар диплом алған соң ғана жұмыс жасаймын деген бағытты ұстанады. Немесе бір іс бастау үшін міндетті түрде қалталы болу керек, жоғарғы жақта аға-көкең болу керек деп жатады. Оның бәрі өтірік нәрсе екен. Істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған. Мен өзім мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не бере алам деп өмір сүремін. Сол бағытты ұстанамын. Өйткені Қазақстан Республикасында тудық, өстік, грантта оқыдық, стипендиясын алдық. Іс бастаймын дедім, бәрі ашық болды. Мысалы, біз журнал ашар кезде журналдың макеттерін, логотипін алып жүретін флешканың өзі болмаған. Сондықтан алдымен, аға-көкең болу керек, офис, машина болу керек дегеннің бәрі өтірік. Істеймін деп ұмтылсаң, керек нәрселер мен адамдардың өзі-ақ алдыңнан жолығады. Тек өзің әрекеттеніп, алға жүріп отыру керек.

— Басқа қатарластарымнан басқаша ойлаймын дедіңіз, ол не себепті деп ойлайсыз? Ерекше тәрбиеңіз бе, көп кітап оқығаныңыздан ба, әлде болмысыңыз сондай ма?

— Әр адам өзін жақсы көреді. Мен өзімді өте қатты жақсы көремін (күліп). Сондай-ақ екінің бірі егіз болып дүниеге келмейді. Соны да мақтан етемін. Және де мектепте де, университетте де, қазіргі ортамда да барлық жерде бойым ұзын болып жүреді. Мүмкін сол да өзіме бір ерекшелік болып көрінеді. Мектеп кезінде музыкалық мектепте оқығаным басқалардан ерекше қылып тұрды. Солай өзімді әрқашан ерекше сезінетінмін.

Қазір мүмкін ортам да үлкен болғандықтан, барлық жерде директор, редакторлар үлкен адамдар, қатарластарымның әңгімелері қызық емес, олардың проблемалары меніңше проблема емес сияқты болып тұрады. Соңғы кездері сол жиі байқалып жүр.

Әңгімелескен Айжан Кәрібаева

Студенттер туралы кино тізімі

$
0
0

Бүгін Халықаралық Студенттер күні. 1946 жылы 17 қарашада Прага қаласында Халықаралық студенттер конгресі өткен болатын, чех студент-патриоттардың құрметіне (1939 жылы Чехословакиядағы оқиғаға байланысты) бұл датаны әлем студенттеріне арнаған еді. «Екпін» журналы өзінің студент оқырмандарын мерекелерімен құттықтап, студенттер мен студенттік өмірді суреттейтін кино тізімін ұсынып отыр.


«Der Student von Prag»/«Прагалық студент»

Режиссері: Стеллан Рийе, Пауль Вегенер
Жанры: драма, фантастика, үрейлі
Шыққан жылы: 1926

Сыншылардың пікірінше германиялық киносимволизимнің алғашқы туындысы болып табылатын «Прагалық студент» тұңғыш үрейлі киноның барлық шарттарына сәйкес түсірілген фильм.

Фильмнің басты кейіпкері жоқшылықтан қиналып жүрген Балдуин есімді студент. Ол ақша тапшылығынан қиналып, бір күні Скапинелли есімді итальяндық жұмбақ адаммен кездеседі. Скапинелли студентке егер ол оның ұсынған келісім шартын қабыл алса үлкен байлық пен графтың қызы Маргитке үйленуіне жолын ашатындығын айтады. Ойында ештеңе жоқ, аңқау студент келісім шартқа қол қойып, ертеңіне келісімшарт жүзеге асты деп Маргиттің көңілін аулай бастады. Ал Скапинелли болса сол уақытта студенттің бөлмесіне келіп оның айнадағы кескінін алып кетеді...

Сол арада студенттің Маргитке көзсалып жүргендігін байқаған Лидушка есімді оған ғашық қыз Маргитті атастырып қойған барон Валдиске бәрін жеткізіп барады. Сонда барон оған шыдай алмай, Балдуиннің намысына тиетін сөздер айтады. Ал студент болса оған жауап ретінде оны семсерлесуден жекпе-жекке шақырады. Алайда студенттің кәсіби семсерші екендігін білген Маригиттің әкесі ол Валдисті өлтіріп қояды ма деп алаңдап, оған баронды өлтірмеуін өтініп барады. Ақ көңіл студент оны өлтірмеуге сөз беріп, жекпе-жекке аттанады. Белгіленген жерге келгенде қолында қанға малынған семсері бар өзінің егізін көреді. Ал барон өліп жатыр...


«Сердца трёх»/«Үшеудің жүрегі»

Режиссері: Даир Каракеев
Жанры: мелодрамма, комедия
Шыққан жылы: 2010

Бұл кинокартинаның кейіпкерлері бәрімізге таныс. Өйткені олар – біз. Кәдімгі махаббат, жанұя, сабақ деп жүрген студенттер. Ойына келген нәрсені істеп, алдынан шыққан қиындықтарға мойымай, бір-біріне ғашық болып жүрген қыздар мен жігіттер.
«Үшеудің жүрегі» - бұл сабырлы да салмақты Медет пен қорғансыз сүйкімді Айжанның, батыл әрі елгезек Даяна мен аздап өзімшіл, бірақ талантты Айдардың, өз бетімен ғана жүретін, тіпті қауіпті Алина мен мықты рухты Макстың хикаясы.

Бұл алтауы бір-бірінің қолынан ұстап, ұрысып-керісіп, өмірлік түрлі жағдайларға төтеп беріп, бір-бірін қолдап, өздерінің аяқасты қылықтарымен көрерменді таңқалдырып қамшының сабындай ғана қысқа өмірдің ұзын жолымен келе жатқан бойжеткендер мен бозбалалар хикаясы. «Үшеудің жүрегі» бұл - әлем. Өз армандарына сенетін адамдарға арналған әлем.

«Моя любовь на третьем курсе»/«Менің үшінші курстағы махаббатым»

Режиссері: Юрий Борецкий
Жанры: жастарға арналған киноповесть
Шыққан жылы: 1976

Фильм белгілі драматург Михаил Шартовтың «Пржевальскидің тұлпары» атты пьесасының желісімен түсірілген.

«Комунна принципы бойынша өмір сүру және жұмыс істеу»  деген ұстанымды ұстанған студенттік отряд өздерінің еңбек семестрін өткізу үшін тың игеру совхозына келеді. Бірақ кішкентай ғана кеңістік пен аз ғана уақыттың ішінде бұл ұстаныммен өмір сүру оңай емес екендігін студенттер бірінші күннен кейін-ақ түсінеді...
Қазір бұл фильм тек сонау кеңестік үгіт-насихаттың бір көрінісі ретінде қабылданады. Алайда кезінде Борецкидің: «Менің үшінші курстағы махабатым» туындысы студенттік құрылыс отрядының басынан өтіп жатқан қиындықтарды көрсеткені үшін билік тарапынан қатаң цензураға алынып, студенттің басында ондай проблемалар болмауы керек деп үлкен экранға шығуына тиым салынған болатын, деп айтқаны бар.

Ал шындығына келсек, сол кездегі студенттік отрядтардың ішінде бәрі дәл сол кинода көрсетілгендей болып жатқан еді. Бригадалық/отрядтық мердігерлік те, командирдің наполеондық қылықтары мен ақша табуға деген ықыласы да, ән мен би де, көңілді-көңілсіз күндер де, одан да басқа толып жатқан проблемалар...

«Студент»

Режиссері: Дәрежан Өмірбаев

Жанры: драма

Шыққан жылы: 2012Фильм Ф. Достоевскидің «Қылмыс пен жаза» романының желісімен түсірілген. Фильмнің басты кейіпкері жалғыз әрі қалтасында ақшасы жоқ  алматылық философия факультетінің студенті. Ол қала сыртында орналасқан үйлердің бірінде бөлме жалдап тұрып жатады. Оқу мен үйдің арасында жүрген студентті әрқашан да жоқшылық пен адамдардың бай және кедей, мықты және әлсіз деп бөлінетін тоталды бәсекелестік атмосферасы қоршап тұрады. Осының барлығы оны жан-жағынан қысқан кезде оған түрлі ойлар келе бастайды. Соның бірі - анда-санда нан сатып алуға барып тұратын кішкентай дүкенді тонау...

«The Perfect Student»/«Мінсіз студент»

 

Режиссері: Майкл Фейфер
Жанры: детектив, криминал, триллер
Шыққан жылы: 2011

«Мінсіз студент» деп аталатын бұл криминалды триллер Питтер Салливан мен Джеффри Шенктің жазған сценариі бойынша түсірілген. Сценарий авторлары студенттік өмірге детективті араластырғаннан кейін фильмнің сюжеті көрерменді тартатын шытырман оқиғалы, әрі қызықты болып шыққан.

Фильмнің желісі бойынша университет кампустарының бірінде студент бойжеткенді біреу айуандықпен өлтіріп кетеді. Ал полиция көп ойланбастан оның өліміне Джордан деген студент қызды айыптап, оны қамауға алады. Бірақ Николь есімді криминалист профессор полицияның істі жылы жауып қоя салу үшін бейкүнә қызды айыптап, барлық жаланы соған жауып отырғандығын түсінеді. Сөйтіп Джорданның кінәлі еместігін дәлелдейтін ешқандай фактісі жоқ Николь оның кінәлі еместігін басқаларға жеткізу үшін бұл істі өзі тергей бастайды. Алайда бәрі ол ойлағандай оңай болып шықпайды...

«Когда играет клавесин»/«Клавесин ойнағанда»

Режиссері: Эдуард Абалов
Жанры: комедия, мелодрама
Шыққан жылы: 1966

Мәскеу университетінің заң факультетінде білім алып жүрген студент-жасақшы Костяға алыпсатумен айналысады деген күдікпен ұсталынған қызды полиция бөлімшесіне алып бару тапсырылады. Жолда келе жатып Костя ол қызға оның істеп жүргені дұрыс еместігін түсіндіріп әлек. Бірақ сөздеріне мән беріп отырған қыз жоқ. Ұзақ жолда бір-бірімен жақсы танысып кеткенде Костя қыздың кінәлі еместігін түсінеді. Ол қала берсе оған ғашық болып қалады. Сөйтіп Костя қызға жалған жала жабылғандығын айтып, оны жібермек болады. Жігіттің жібергеніне кетіп қалса, тағы да қиындықтар туындауы мүмкін деп қорқақтаған қыз ешқайда кетпейтіндігін айтып, жолды жалғастыруын сұрайды. Сонда Костя қызды тастап өзі қашып кетеді, ал қыз болса оның артынан қарап қала береді...

Кейін Костяны басшылары шақырып, істеген ісі үшін ұрысып жатса, оның ойын сол бір белгісіз қыз жаулап алған. Ал жүрегі оны енді кездестірмейтін шығармын деп мұңаюда. Қанша уақыт өтсе де Костя сол қызды ойлап тыным таппайды. Бір күні университетте лекцияда отырып терезеге қараса, аулада сол қыз отыр...

«Наваждение» («Операция «Ы» и другие приключения Шурика)/«Еліктірме»

Режиссері: Леонид Гайдай
Жанры: комедия
Шыққан жылы: 1965

Балалық шағымыздың куәгері болған бұл фильм арқылы көбіміз алғаш рет «студент», «сессия», «экзамен» деген сөздерді естіген шығармыз. Советтік Қожанасыр болған Шуриктің емтиханға дайындалуы, конспект іздеп жүріп, ғашық болып қалуы әлі күнге дейін бізге мейірімді, таза сезімдер сыйлайды. 31 минуттық қысқаметражды фильмнің әр диалогын жатқа білсек те, тынып отырып, бірде күліп, бірде таңданып көреміз. Кезінде бұл фильм Краковтағы 65-ші Халықаралық қысқаметражды фильмдер бәйгесінде бас жүлдеге ие болған.

«21»

Режиссері: Роберт Лукетич
Жанры: драма, криминал
Шыққан жылы: 2008

Массачусетс технологиялық институтының профессоры (Кевин Спейси) казинода үлкен табысқа жету үшін дарынды студенттерді жинап, арнайы команда құрайды. Оның бірі оқуына ақша таппай жүрген Бен Кэмбелл. Алғашында тек оқуымның ақшасын шығарып алсам болды деп ойлаған ол соңында Лас-Вегас казиносын миллион долларға отырғызып кетеді. Фильм өмірде болған оқиға желісімен жазылған Бен Мезричтің «Удар по казино. Реальная история о шести студентах МТИ, которые обыграли Лас-Вегас на миллионы долларов» кітабының экранизациясы. Блэкджекта ұту үшін олар ықтималдық теориясы негізінде құрылған әдістерді қолданады. Басында Бенді тексеру үшін оған Монти Холлдың парадоксын шешуді береді. Ал кейіпкерлердің бірінің туған күнінде торт Фибоначчи сандарымен безендірілген.

«Социальная сеть»/«Әлеуметтік желі»

Режиссер: Дэвид Финчер
Жанры: драма, биография
Шыққан жылы: 2010

Қазірде ең танымал әлеуметтік желінің құрылуы жайлы. 2004 жылы Гарвард университетінің студенттері Фэйсбукты ойлап тауып, бір мезетте АҚШ-тың ең жас мультимиллионерлеріне айналады. Әлеуметтік желінің тағдырын баяндайтын фильм Facbook-тың өзі секілді сәтті шықты. 2011 жылғы Оскардың «Үздік сценарий», «Үздік монтаж», «Үздік саундтрек», Алтын глобустың «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік саундтрек» номинацияларының жеңімпазы болып атанды. Жалпы Марк Цукербергтің рөлін сомдаған Джесси Айзенбергтің де тартымды, жақсы ойынын атап өту керек.

«Сказ о розовом зайце»

Режиссері: Фархат Шарипов
Жанры: драма
Шыққан жылы: 2010

Ауылдан келген жас студент Ерлан қаланың алтынмен қапталған жастарының әлеміне кездейсоқ түседі. Содан бастап оның өмірі күрт өзгеріп, оған өз құндылықтарын қайта қарастыруға тура келеді. Жалпы картина жастар арасында жақсы лебізге бөленді. Мұнда тек қана студенттердің түсінетін әлемі емес, жалпы өмірлік ар-ұят, дүниеқорлық мәселелері, қазіргі алматылық жастардың тынысы бүкпесіз көрсетілген. Кино сценарийін режиссер Фархат Шариповтың өзі жазған екен. Басында басты рөлге Ануар Нұрпейісовпен бірге Арыстан Мырзагереев те қаралыпты.

© Екпін

Viewing all 450 articles
Browse latest View live




Latest Images