Quantcast
Channel: Кеудемде қимылдаған жаным барда...
Viewing all 450 articles
Browse latest View live

Гүл мекені «Гүлстан»

$
0
0

«Гүл өсіру біздің ата салтымызда бұрыннан бар дүние емес. Біздің тұрмысымызға бұл сала кейін келді. Ата-бабаларымыз көшпенді тіршілік кешіп, көгалдандыруға мән бермегендіктен, қазірде аталмыш сала кенже қалып отыр», — деп назын білдірген біздің кейіпкер, «Гүлстан» журналының журналисі Нәзира Бұрхан бүгін осы жайында толық айтып бермек.

Гүл өсіру Нидерландия, Германияда, Жапония сынды т.б елдерде жақсы дамыған. Аталған елдер қазірде гүлдің арқасында қыруар қаржыға кенеліп отыр деуге болады. Алайда, осы гүл саласы бойынша бізде ұлттық кадр жоқ. Біздікілердің көбі банкир, экономист, заңгер болғысы келеді. Ол жақсы ғой, дегенмен, нағыз қаржылы салада ұлтымыздың азаматтары мен азаматшалары жоқ екендігі бізді қынжылтады...


Редакциямызға оқырмандардан түрлі тақырыптағы хаттар келіп түседі. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Әр ауланың гүлденгені – мемлекеттің гүлденгені» деген ұранмен үндеу жариялаған болатынбыз. Көптеген оқырман осы үндеуді қолдап, жасап жатқан игі істерін хабарлап хат жолдап жатады. Сонымен қатар, қандай жерге қандай өсімдік егу керектігін, өсімдіктердің күтімін, гүл сыйлау этикасын т.б. сұрайды. Тұрақты оқырмадарымыз көп.

Әрбір жеткіншекке жастайынан табиғатты сүюге, әдемілікке деген құштарлықты оятуға көмектесіп, елімізді жасыл-желекке айналдырып, гүлденуіне үлес қосу әрбір адамның басты міндеті. Осы орайда, «Гүлстан» гүл бағы жасалды. Алқаптағы өсімдіктер жыл он екі ай кезекпен гүлдеп, бақтың көркін келтіреді. Бізде қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын қылқанжапырақты өсімдіктер егілген. Бақта тәжірибелік сабақтар, пленэр шеберлік сыныптары мен экскурсия өтіп тұрады. Баққа республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар келіп тамашалап, ақпарат алып қайтады. Біздегі эскурсияға балабақшаның бүлдіршіндерінен бастап білім саласының қызметкерлеріне дейін келеді. Біз келушілерге экскурсия жүргіземіз.

Бақта 15 түрлі дизайнмен жасалған композиция бар. Ұлттық нақышпен жасалған «Жайлау» және «Әжемнің құрағы» композициялары бар. Жайлау композициясы төрт түлік малын бағып жайма шуақ өмір сүрген қазақтың көшпенді тіршілігін көрсетеді.  Кезінде әжелеріміз құрақ көрпені матадан құраса, жас гүлпаздар оны өсімдіктен жасады. Құрақ бозкілем өсімдігінен  жасалған. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай бозкілемнен туды жасалды. Алқабымызда түрлі бақ мүсіндері бар. Мәселен: түбіртек өсімдігінен жасалған қолтырауын, тасбақа және өрмекші мүсіндері. Ерекшелігі - бір түбіртек он тал болып көбейеді де, аналағы өмірін тоқтатып, балалары ары қарай өмірін жалғастырады. Сондықтан, түбіртектен мүсін жасау үшін есептеп отырғызу керек.

Гүл өсiруге арналған бiрлi-жарым ғылыми кiтаптар  болмаса, халықтың сұранысына жауап беретін еңбектер таппайсыз. Халықтың гүл туралы бiлiмiн арттырып, көкiрек көзiн ояту мақсатында 2005 жылдың наурыз айынан бастап «Гүлстан» журналы шығарыла бастады.

Менің жұмысқа келгеніме 1 жылдай  ғана уақыт болды. Осы уақыт аралығында көгалдандыру, ландшафты дизайн саласы бойынша азды-көпті тәжірибе жинадым. Себебі, мен бұл саланың маманы емеспін. Негізгі мамандығым лингвист. Қазірде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің 4 курс студентімін. Сабақпен бірге қосымша жұмыс істеп жүрген жайым бар. Алғашқы кезде өндірістік тәжірибе үшін келгенмін, содан жұмысқа қабылдандым. Гүл өсіруге, оны күтіп-баптауға олар жайында жан-жақты ақпарат білуге қатты құмартамын. Сол үшін де осы салада жазатын журналист болып жүрмін. Бізде жоғары оқу орнын бітіргесін көп мамандарға жұмыс табылмайды. Қалам көтеріп, жұлдыздардан сұхбат алып, жеңіл тақырыпта мақала жазып журналист болғысы келетіндер көп. Сондықтан да, дәл осы  өсімдіктер жайында жазатын қазақтілді журналист мүлде жоқ деуге болады.

Журнал шығарумен қатар, республиканың түкпір-түкпіріндегі білім ошақтарымен, бала-бақшалармен жасыл желекті қалай өсіру, оны күтіп, баптау, гүл мәдениетін дамыту, табиғатты қорғау мақсатында бірігіп жұмыс істейміз. Жыл сайын балалармен бірігіп, құстардың ұясын жасап, ағаштарға орнатамыз. «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенін шығардық. Бас редакторымыз, әрі «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы Гөзел апайдың арқасында мемлекетіміз біршама гүлденіп келеді. Ол кісі елімізде көгалдандыру мәдениетін дамыту мақсатында басылым ашып, халықты ақпараттандырумен қатар, көптеген іс-шара өткізу арқылы жерімізді гүлдендіріп отыр.

Гөзел апай журналмен қатар, «Өсімдіктер әлемі» атты оқу-әдістемелік құралын шығарған болатын. Кешен мемлекеттік стандартқа сәйкес пәндерге қосымша пайдалану үшін арналып жазылған. Кешен барлығы 58 кітапшадан тұрады. Бала оқу мен жазуды әліппеден бастайтыны белгілі. Осы орайда, 42 әріпті қамтитын «Әліппе гүлдер әлемі» жарық көрді. Әліппенің жұмыс дәптері қоса шықты. Сонымен қатар, санды, әрі өсімдікті үйретуге арналған санамақ жарық көрді. Өсімдіктің суретін салу арқылы үйретуге арналған боямақтар шықты. Сондай-ақ, дидактикалық материалдар мен шағын кітапшалар, жұмбақтар пен плакаттар  бар.

Дидактикалық материал танымдық ойындар арқылы бала үйренген өсімдіктерін қаншалықты танып білгендерін, ойын түрлерін  ұйымдастыру жолдарымен өз білімін бағалайды. Дидактикалық материалдағы ойынның басты мақсаты - алған мағлұматтарын бекіту және жүйелеу болып табылады.

Әрбір сәби анасынан ертегі тыңдамай ұйықтамаған шығар. Осы орайда Гөзел апай өсімдіктерге қатысты түрлі ертегі құрастырып шығарды. Жалпы, біздегі кітапшалар бал тілді бүлдіршіннен бастап, ұстаздар мен ата-аналарға, ата-аналарға арналған.

Материалды дайындаған:

Айнұр Ракишева, Айжан Кәрібаева


Шетелде білім алу: University of Windsor

$
0
0

Серікқали Жамбылов Алматы қаласында туып-өскен. 123-гимназияны бітіріп, Т.Рысқұлов атындағы колледжде оқыған. Жоғарғы оқу орнындағы білімін Канадада жалғастырған Серікқали «Екпінге» шетел университетіне қалай түскені, оқығаны жайлы әңгімелеп берді.


- Сәлем, Серікқали сен бакалавр стипендиясы бойынша Канадада оқып келіпсің. Университетіңнің толық аты қандай? Қай жерде орналасқан?

- Канаданың Торонтоға жақын Уинсор қаласындағы Уинсор Университетінде төрт жыл оқып шықтым. Төрт жылдың бір жылы ағылшын тілін үйренумен кетті. Ал жалпы төрт жылдық бағдарламаны екі жарым жылдың ішінде оқып бітірдім. Бір жылдың ішінде сонда үш семестр оқыдым. Сондықтан біраз қиынырақ болды.

- Ал ол жаққа жолың қалай түсті?

- 2008 жылы Алматыда лингвистикалық орталыққа ағылшын курсына барып жүретінмін. Ол орталық сол Канададағы университетпен тығыз қарым-қатынаста болды. Содан сол жақта Стас деген агентпен танысып, ол маған осы университетті көрсетті. Орталықтан сертификат алып оқу бітірісімен, Уинсор университетіне түстім. Басында “Болашақ” бағдарламасы арқылы түсуге жоспар болған. Бірақ онда менің мамандығым болмады. Онда көбінесе инженерлік, IT саласына алып жатты. Экономика, қаржы жағынан бізде аз, өтуге тырыспай-ақ қой деген соң, тапсырмадым.

- Түсу үшін қандай құжаттар керек болды? Ақылы оқыдың ба?

- Ең алдымен, медициналық анықтамалар, Алматыда тұратын анықтамалар, төл-құжаттарымды тапсырған болатынмын. Шынымды айтсам, ол кезден бері 4 жыл өтіп кетті, нақты есімде жоқ. Алайда қазірде университетке түсу өте оңай болып отыр. Иә, оқуға өз қаржыммен бардым. Бір семестрі жатақханасымен, тамағымен, оқуы 15-20 мың канадалық долларды құрады.

- Жалпы шет елге оқуға баруға не түрткі болды?

- Кішкентай кезімнен мақсаттарымның бірі - шетелде оқу болатын. Қай ел болмаса да, Қазақстан қабырғасынан шығып, басқа ел, басқа жер көргім келді. Басқа елдің мәдениеті қандай болатыны мені қызықтыратын. Колледжді бітіре салысымен, үйде ойланып жатып, егер өзім бір қадам жасамасам, маған ешкім алдыма дайын нәрсе әкелмейді, дедім. Сөйтіп біраз пысықтығымды қостым. Бір жыл бойы маған виза берген жоқ. Өйткені қаржы жағынан жеткіліксіз болыпты. Бір жылдан кейін қайта тапсырып, сол жылы толық дайындалып, Канададан шақыру келді.
Бір айта кетерлігі, Канадаға барар кездегі күткен картинам мен барғандағы реалды картинаның айырмашылығы жер мен көктей болды. Мен армандаған Канада күткенімдей болмады: сынық көшелер, шұңқыр ойықтар, кішкентай үйлер. Сол біраз кірбің келтірді көңіліме. Бірақ кейін елмен танысқан соң үйреніп кеттім, әр елдің заңы басқа, иті ала қасқа демекші, мәдениетіне де адамдарына да тез үйренісіп кеттім.

- Мамандығыңды тез таңдадың ба?

- Иә, қаржы және экономика мамандығын кішкентай кезімнен қалаған болатынмын. Математикаға жақын адамдардың бірімін. Алгебра, геометрия - сүйікті пәндерім болатын. Мектепте сынып жетекшіміз математика пәнінен бергендіктен, бәріміз де ол сабақтан жақсы болып шықтық. Кішкентай кезімнен өзімнің ынтам сол салаға жақын еді.

- Ол жақтағы оқу процесі қалай өтті? Пәндерді игеру қиын болды ма?

- Қаржы, экономика, бизнес пәндерінен тек лекциялар өтті. Ал биология, экология сияқты сабақтардан лекциямен қоса, лабораториялық сабақтар өтті. Кей студенттер университетке бармай-ақ, тек үйде оқыды. Мысалы, Қытайдан келген бір бала болды, ешкіммен араласпады, тек үйінде дайындалып, тесттің бәрін үздік тапсырып шықты. Оқу үлгерімің сандармен емес, әріптермен бағаланады. Мысалы, А+ - 13 балл. Ең соңғы F - 1 немесе 0 болып саналады. Және бір қызығы, онда біздегідей қызыл диплом, көк диплом деген жоқ. Ең бастысы, барлық емтихандардан межелі деңгейді тапсыру керек. Бітіріп шыққанда, барлығына бірдей диплом беріледі. Олардың ойынша, үлгеріміне қарай берілген дипломдар студенттердің дискриминациясына жатады. Дипломдық жұмыс деген де болмады. Мысалы, менің мамандығым бойынша, 40 пәнді игерсеңіз, қолыңызға диплом беріледі.

Сабақтар қиын деп айта алмаймын. Ең қиыны, бөтен ортаға, айналаңа тез үйреніп кету. Өйткені ол өзге мәдениет, өзге орта. Мысалы, кейде өз ұясынан ұшқаннан кейін көптеген жасөспірімдер өзін ересек санайды. Кейде жаман жолдарға түсіп жатады. Көптеген жолдастарым клуб, ресторандардан шықпай, ақшаларын жеткізе алмай жүргендерін көрдім. Сағынып жүрмін, ауырып қалдым деп іштей өз-өзіне күш бермейді. Сондықтан, ең басты қиындық өз-өзіңді қайраттандырып, өз-өзіңе ұстаз болу. Шетелде бекер жүрген жоқсың, оқу үшін келдің деп мотивация жасау керек.
Ал мамандық ұнаса, оны оқып ары қарай алып кету оңай нәрсе.

- Ол жақта жұмыс істеген екенсің, толығырақ айтып өтсең?

- Ең біріншіден, өзім волонтерлық жұмыс іздедім. 2010 жылы Университеттің ішіндегі шіркеуде поп болып қызмет атқаратын Крис деген кісі мені менеджер ретінде алды. Ол жақта екі айдай жұмыс істедім. Екі айдың ішінде өз-өзімді көрсетуге тырыстым. Сосын екі айдан кейін мені жедел қаржылық департаментке кіргізді. Сол жерде жаздың үш айында жұмыс істеген соң, күзде толықтай айлық ретінде қызметке шақырды. Ол жерде бюджеттеу, аудиторлық бөлімдерде қызмет атқардым.

- Тұрғын үй мәселесі қалай болды?

- Бірінші рет келгенде бір семестр бойы сол университеттің жатақханасында тұрдым. Бірақ жатақханасы өте қымбат болды. Содан өзім пәтер алып тұра бастадым. Ең басында жолдастарыммен бөлісіп тұрдым. Соңғы екі жылда өзім жеке көшіп кеттім.

- Есте қалған, сүйікті мұғалімдерің бар ма?

- Есте қалған Рамиш Чандра деген 70-ке келіп қалған қарт кісі. Қаржы сабағынан берді. Өз біліміне толық сенімді, айтқан сөзін бүкіл сынып ұйып тыңдайтын. Бірақ бір жаманы, олар өте оқымысты адам болғандықтан, жаңа келіп жатқан студенттердің біліміне қарамай, секіріп-секіріп жоғары талаптар қояды. Өзің біраз қиналып қаласың. Сондықтан, сабақтан шыға салысымен, кітапханаға барып, білмей қалған жерлеріңді оқып алуға тырысасың. Жалпы айтқанда, Канада халықаралық мемлекет болғандықтан, мұғалімдер Египет, Үндістан, Гонгконг, Қытай, т.б. елдерден келе беретін.

Бір канадалық профессор Роналд Нэмнен университеттің болашағы, келіп жатқан мұғалімдері жайлы әңгімелескенімде, ол жыл сайын келіп жатқан студенттердің емес, мұғалімдердің білімі төмен түсіп бара жатыр деп күдігін айтып қалып еді.

- Ол жақтың жастары мен біздің жастардың қандай айырмашылығы бар?

- Халықаралық мемлекет болғаннан соң, онда көптеген ұлттарды көресің. Сондықтан оны бөліп-жарып айту қиынырақ. Канадалықтар өздерің мен канадалықпын деп көкірек танытпайды. Ол жағынан олар өте мәдениетті. Канадада неше түрлі мәдениет, неше түрлі киім-киістерді көресің. Мүмкін бір айырмашылық, бізде көбінесе киім-киіске, адамның түр-әлпетіне, тұрыс-жүрісіне көп көңіл бөледі. Әсіресе қыздар бір жаққа шығу үшін дайындалып, сыланып шығады. Ал ол жақта қыздардың ұйқысынан тұра салып, пижамаларымен мектепке келіп кететін кездерін көрдім. Бізде қыздар өздерінің жүріс-тұрысына көп көңіл бөледі. Ол жақта басқаша. Өзіме ыңғайлы, өзіме ұнаса болды деп ойлайды. Тек жастар емес, мұғалімдер де сондай. Кей мұғалімдерге қарап, көшеде қайыр сұрап жүргендер ме деп қаласың. Олардың ойынша, оқу орны сән көрсететін мекеме емес, сондықтан ол жерге әдемі киінудің қажеті жоқ.

Сондай-ақ онда, фитнес, йога, спортпен айналысатын, диета ұстайтын адамдар көп. Өйткені онда артық салмақ проблемасы өте жоғары. Сондықтан адамдар онымен күресуге тырысады.

- Болашақта қандай жоспарларың бар?

- Қазір Алматы, Астанаға жұмысқа түйіндемелер тапсырып жатырмын. Сол қалалардан жұмыс тауып жұмыс істеймін. Алда жоспарлар бар: Америка, Еуропаға барып, тәжірибе алмасу деген. Өзге елдерге барып тұрғым келеді, өйткені ол рухани жағынан болсын, сені әрқашан дамытып отырады. Сондықтан әр адамға, әр студентке шетке шықсын деп тілеймін. Әсіресе “студент” деген сөз белгілі жас мөлшерін қамтымайды. Канадада отыз, қырық, елу жаста болса да, сөмкелерін көтеріп алып, мектепке келіп жатады.

Әңгімелескен Айжан Кәрібаева


Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

Конституция күнін қалай тойлап жатырмыз?

$
0
0

Әдетте мемлекеттік мерекелерді тек демалыс ретінде қабылдап, 2-3 күнді ресми түрде қызылмен белгілесе, басқа қалаға не шетелге шығып кетуге қалап тұрамыз. Ал мерекенің маңыздылығы мен қажеттілігіне аса мән бере қоймаймыз. Шындығында, әр мерекенің негізінде үлкен тарих, үлкен маңызды оқиға жатқанына әркім ойлана бермейді. Мемлекеттік маңызы бар мейрамдардың бірі — Конституция күнін басқа елдер қалай тойлайтынына кішігірім шолу жасап, салыстырып көрейік.


2001 жылы 17 қыркүйекте президент Джордж Буштың ұсынысымен АҚШ-та Конституция және Азаматтық күні белгіленді (Constitution Day and Citizenship Day). Ал 1955 жылдан 17-сі мен 23-қыркүйек аралығы Конституция Аптасы ретінде қабылданған. Бұл мереке мемлекеттік болып табылмағанымен, американдықтар бір апта бойы адамдардың құқығы мен міндеттері жайлы әңгімелер жүргізеді, барлық оқу орындарында лекциялар оқылып, шығармалар жазылады. Конституцияның құрылу тарихы жөнінде сабақтар өткізіліп, қайырымдылық қорларға ақша өткізу дәстүрге айналған.

Францияда ең алғаш конституция 1791 жылы 3-қыркүйекте Ұлы француз революция кезінде қабылданған. Ал қазірде 1958 жылы Шарль де Голльмен қабылданған Конституция іске асады. Ол Еуропа бойынша конституция мәселесін алғаш көтерген ел болғанымен, қазірде бұл күн басқа күндерден еш ерекшеленбейді. Оның орнына 14 шілде тойланатын Бастилияны алу күні аса құрметке ие. Жалпы Францияда конституциондық дәстүрге қарағанда, революциондық дәстүрлер көбірек бағаланады.

Басқа еуропалық елдермен салыстырғанда, Испанияның конституциясы жақында қабылданды. 1939-1975 ж.ж. 30 жылдық диктатураны жеңген демократиялық құндылықтар испандық тарихтың жаңа бетін ашады. 1978 жылы 6-желтоқсанда испан халқы жалпыхалықтық референдумда ұлттық Конституцияларын қабылдады. Сол кезден бастап, олар үшін осы дата мемлекеттік мереке әрі демалыс күні. Жалпы тойлауды жақсы көретін испандықтар бұл мерекені де қалт жібермей, жалпыхалықтық қыдыру деңгейінде атап өтеді. Мерекеге қарсы Депутаттар Конгресі испан парламентінің Төменгі Палатасын аралап көру мақсатында ашық есік күндерін өткізеді.

Ал Жапония елінде Конституция күні 1948 жылдан бастап 3-мамырда тойланады. Мемлекеттік мейрамда Жапония Парламент ғимаратының есігі барлық келушілер үшін ашық тұрады. Демократиялық және пацифистік конституцияның маңызы жөнінде лекциялар оқылады. Ал газет беттерінде конституцияға арналған мақалалар жарық көреді, әсіресе мемлекеттің кез келген жағдайдағы соғыстан бас тартуын айқындайтын 9-бабы жайлы көптеген материалдар жарияланады.

Ал 1949 жылы 1-қазанда ресми қабылданған Оңтүстік Корея конституция күнін 17-шілдеде атап өтеді екен. Алайда 2008 жылдан бастап бұл дата мерекелік болғанымен, демалыс күніне жатпайды. Сеул сияқты үлкен қалалардағы ресми шаралардан өзге басқа мерекелік тойлаулар болмайды. Алайда, дәстүр бойынша бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде марафондық жүгірулер өткізіледі.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Әмірхан Омаров, кәсіпкер, блоггер:

Қазақстанда Конституция күні қалай тойланып жатқанын, шынымды айтсам, білмеймін. Себебі ресми мейрам күндері ұйымдастырылатын шараларға қызықпаймын. Мен қызығатын ресми мереке күндері — Тәуелсіздік күні және Наурыз мейрамы.
Менің ойымша, Конституция күнінің ресми түрде демалыс күні болып қалуы, әрине, артық болмас. Елімізде бір жылда 11-13 ресми мейрам күні бар. Бұл басқа елдермен салыстырғанда көп емес. Жылына 20-25 күн демалатын Бразилия, Иран, Бутан, Үндістан сияқты елдер бар.

Бірақ тойланатын күні ыңғайсыз. Кейбір өзге елдердегідей бірнеше мейрамды бірден өткізсек ыңғайлы болар еді. Мысалы, Қиыр Шығыс елдерінде «Алтын Апта соңы» деген ұғым бар. Жапонияда 29 сәуір — Егіс күні, 3 мамыр — Конституция күні, 4 мамыр — Мемлекет күні, 5 мамыр — Балалар күні. Осы күндер ресми мейрам болып табылады және жапондықтар бір апта бойы демалады. Егер біз жыл бойынша шашылып кеткен мейрамдарымызды осылай жинақтап өткізетін болсақ, тиімдірек болатын сияқты.

Осы күні жасалатын іс-шараларға келетін болсақ, Конституция күні билік пен халықты жақындастыратын шаралар өткізілсе орынды болатын сияқты. Мысалы, осы күні Парламент үйі, Президент Сарайы, Бас прокуратура, облыстық және қалалық билік органдары есіктерін бір күнге халыққа ашса, депутаттар, прокурорлар, төтешілер өз орындарында халықты/қонақтарды күтіп, қойылатын сауалдарға жауап беретін болса, бұл мейрам күнінің мағынасы зор болар еді. Кейбір елдерде Конституция күні осылай өткізіледі.

Бақытжан Бұқарбаев, саясаттанушы, блоггер:

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында Республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданғанын көпшілігіміз білеміз. Еліміздің Ата заңы адам мен азаматтың негізгі құқықтарын қамтамасыз етуге кепілдік беріп, мемлекет құрылуының жаңа принциптерін көрсетті.

Еліміздегі көптеген мерекелер кезінде халықтық қыдырулар өтеді, оларға көп жағдайда ойын-сауық сипаты тән. Атап айтатын болсақ, осындай мерекелер қатарына Наурыз мерекесін, Қазақстан халқының бірлігі күнін жатқызуға болады. Конституция күнінің маңыздылығы басқада: осы мерекеміз азаматтардың ұлтжандылығын арттыруға септігін тигізетін шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Қазақстанда Конституция күнінде әскери парад, ғылыми конференциялар өткізу дәстүрі қалыптасқан. Бұл орынды. Мәселен, былтырғы парадқа Қарулы күштеріміздің барлық әскер түрлері, атап айтқанда 2,5 мыңдай әскери қызметкерлер қатысып, 130-дан астам қару және әскери техника түрлері, 60-тан астам ұшақ пен тікұшақтар көрсетілді. Сол кезде халқымыз осылардың белгілі бөлігін тұңғыш рет тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл шараның патриоттық маңызы зор.

Биыл әскери парад өткізілмейді, себебі мамырдың үші мен алтысы аралығында Астанада «KADEX-2012» қару-жарақ және әскери техниканың Халықаралық көрмесі өткізілді. Дегенмен, еліміздің барлық аймақтарында Конституция күніне орай ғылыми конференциялар өтеді. Сонымен қатар, спорт шаралары да орын алады. Биыл, мәселен, Алматыда былтырғыдай веложарыс өтеді.

Той-думанның жөні бөлек, бірақ Конституция күні өткізілетін шаралар патриоттық бағытта болғаны дұрыс. Әрбір азамат демалыс күні үйінде жатып, кабель арқылы шетелдік арналарды тамашаламай, өзін бір шаңырақтың теңдей мүшесі сезініп, елім үшін не істей аламын деген ой түзу керек.

Өкінішке қарай, арамызда Конституцияның маңыздылығын біле бермейтін адамдар да бар, өзім де ондайларды бірнеше рет кезіктірдім. Олардан осының себебін сұрайтын болсаңыз, «жүз қайтара түзетілген құжаттың қандай маңызы бар екен, жай қағаз емес пе?» деп жауап қайтарады да, «ал АҚШ-тың Конституциясы болса...» деп өздерінше дәлел келтіре кетеді. Кейін тіпті Конституцияның бетін де ашып көрмегені анықталады. «Оқымадым, бірақ сынға аламын» деген сөз бар ғой орыстарда, сол сияқты шыға қояды. Бұл не деген сөз? Қазақстандағы конституциялық реформалардың маңызын түсінбейді деген сөз. Ия, рас, 1998 және 2007 жылы Ата заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ бұл заман талабына сай жасалған шара болды. Қазақстан қоғамды демократиялауға бағыт алған ел. Ол оңай іс емес. Соңғы конституциялық реформадан кейін, мәселен, заң шығарушы органымыздың кіші палатасының депутаттар корпусы 77 адамнан 107 адамға дейін кеңейді. Оның тоғызы Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан сайланады, яғни өзге ұлт өкілдерінің мүдделері Парламентте міндетті түрде таныстырылатын болады.
АҚШ-тың Конституция «300 жыл өзгеріске ұшырамады» дейтіндер, әдетте, осы уақытқа дейін америкалықтар Ата заңына 27 өзгерту енгізгенін біле бермейтін шығар. Оның есесіне әлеуметтік зерттеулер бойынша қазіргі кезде АҚШ халқының он пайызына жуығы өз Конституциясын ескірген деп санап, оған өзгертулер енгізілгенін қалайды.

Былай қарап тұрсақ, АҚШ Конституция әлем тарихындағы мемлекеттің негізгі заңы ретінде қабылданған тұңғыш Конституция. Дегенмен, АҚШ ресми түрде Конституция күнін тойламайды, олар Тәуелсіздік күніне басым көңіл бөледі. Америкалықтар Тәуелсіздік Декларациясы қандай жағдайда қабылданғанын жақсы білгенімен, Конституциясы қабылданғанда қандай даулар көтерілгенін біле бермейді. 2001 жылдан бастап қана АҚШ-та 17 қыркүйекте, яғни Конституциялары қабылданған күні, Азаматтық күні атап өтіледі. Осы күні «Конституция апталығы» жарияланып, оның шеңберінде білім беру мекемелері мен мәдени орталықтарда Ата заңға арналған іс-шаралар жүргізіледі.

Қарап отырсақ, АҚШ-тың өзі негізгі заң қабылданғаннан кейін 200-ден астам жыл өткесін Конституция күнін атап өтетін болды. Яғни осындай күннің маңыздылығы бар екенін көреміз. Сондықтан Қазақстанның мерекелер тізімінде Конституция күні болғаны заңды құбылыс. Оның маңызы жылдан жылға артып, оның мазмұны неғұрлым терең болса деген ниет бар. Халқымыз Конституция қай жылы қай күні қабылданғанын білсе де, ол қандай жағдайда қабылданды, Ата заңның құрастырылуына кімдер үлес қосты, сол жылдары қандай пікір-таластар орын алды, қысқа қайырғанда, қабылдану тарихын біле бермейді. Өз тарапымнан мереке күні өткізілетін шаралар осы мәселеге назар аударып, ақпараттандыру қызметін де барынша мол орындаса деймін.

Сонымен қатар, Конституция күнін тойлауда формальдылыққа ауып кетуден аулақ болу керек. Айтайын дегенім, мерекелік шаралар тек есеп беру үшін ғана өткізілмеуі керек, оның басты мақсаты — халықты жұмылдыру, ұлтжандылығын ояту. Білім беру орындарында, басқа жерлерде Конституцияға арналған конференциялар мылжыңға айналып, тек есеп беру үшін ғана өткізілмей (егер осындай жағдай орын алып жатса), жастарға қызық болу керек. Арамызда креативті ойлайтын жастар жетерлік, белсенді жастарға да тапшы емеспіз, жастармен ақылдасып, осындай жиындарды олардың қай формада өтетінін алдын-ала талқылап өткізген жөн.

© Екпін

 

Қазақстанның дәстүріне ғашық Сон Паскаль

$
0
0

Шыны керек, Сон Паскаль есімі алдымен «Englishman in Shymkent» әні арқасында танымал болды. Бір жыл бұрын итальяндық жігіт отандық aTunes онлайн байқау жобасының финалисі болып атанған еді. Кейін Сон көптеген хит әндердің римейкын, сондай-ақ, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің орындаушысы болып үлгеріпті. Қазіргі таңда әнші көптеген қайырымдылық жобаларға қатысып, белсенді түрде daily motion-дарын түсіреді. Ал тамыздың 15 күні сазгер «You should speak kazakhsha» атты жаңа бейнебаянының таныстырылуын өткізді. Әншінің продюсері Жомарт Сүлейменовтың айтуынша, бұл ән жастар арасында қазақ тілін насихаттауға, оны дәріптеуге аз да болса, септігін тигізу керек. Өйткені қазіргі жастар қазақ тілі дамымай жатыр деген зарға емес, оны насихаттайтын позитивті үнге көбірек назар аударатыны шындық.

Бейнебаян бүгінде 137 мыңнан аса көрсетілімге ие. Көптеген жастарға жаңа ән ұнап, ғаламторда түрлі пікірлер де жазылуда, мысалы youtube-та pandagrenovski деген қолданушы: «жанды жерімізге тиді, ана тіліңді білмегеніңе ашынып жүргеніңде, бұл жерде итальяндық қазақша өлең айтып, оның үстіне қазақша сөйлеңдер деп жатыр» десе, mustapeace24 атты қолданушы: «бұл адам елдегі қазақ тілі төңірегіндегі кінәмшіл жағдайды жақсы пайдаланып отыр. Қазақтар оның бір-екі ауыз қазақша біліп, бізге сөйле дегеніне мәз. Ұят.» деп пікір білдіреді.

Төменде арнайы «Екпін» оқырмандары үшін Сон Паскальмен жасалған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

— Алдымен өзің туралы айтып өтсең: қай жерде, қашан туылдың?

— Мен 1986 жылы 17 мамырда Оңтүстік Италия жерінде Миммо мен Лиза есімді жандардың махаббатынан туғанмын. Менен кейін Тереса және Федерика атты екі қарындасым бар. Олардың жанында көбірек болсам деймін. Қазақтар мен итальяндықтардың ұқсастықтары көп. Отбасы, дәстүр сынды құндылықтарымыз бірдей. Сондықтан маған бұл ел жақын шығар. Менің мұнда болғаныма тек жарты жыл болды, соның өзінде өзіме көп жақын достар таптым.

— Қай жоғарғы оқу орнында оқыдың, қандай мамандық бойынша бітірдің?

— Италия мен Ұлыбританияда музыкамен айналыса бастағанға дейін әдебиет пен ежелгі тілдерді оқығанмын.

— Музыка саласына қалай келдің?

— Музыкант боламын деп әдейі шешім қабылдаған жоқпын. Бала кезімнен музыка өмірімнің бөлігі болған. Сондықтан өзімен-өзі солай болып шықты. Бұл қызық, өйткені әке-шешемнің музыкаға еш қатысы жоқ. Ән айтып, аспапта ойнағанды қатты жақсы көретінмін және бұл қолымнан келетін ең жақсы іс деп білемін. Сол себепті мен бірте-бірте жұрт алдында көрініп, сахнаға шыға бастадым.

— Қазақстанға келуіңе Эйтюнс байқауы себеп болғанын білеміз, бірақ байқау былтыр аяқталды, ал сен болсаң, әлі күнге дейін осындасың? Бұған не себеп болды?

— Меніңше, Қазақстанда жүргенімнің басты себебін айтпасам да түсінікті: бұл жер өте әдемі, ал танымал бола бастаған сайын, адамдардың махаббатына бөлене бастаған сайын мен өзімді үйдегідей сезінемін. Мен Қазақстанның табиғатына, еліне, дәстүріне ғашықпын.

— Елімізге келгенде алғаш әсерің қандай болды?

— Өте жақсы. Әрине, әлемде көбінде қазақ елі жайлы біле бермейді, бірақ бұл елдің қонақжайлылығы таң қалдырарлықтай. Өткен жылдың қыркүйек айында келгендегі алғашқы ойым осындай болды.

— Қазақстанның қай қалаларында болып көрдің? Қайсысы ерекше ұнады?
— Қазақстанға келгендегі алғашқы қалам, Алматыны санамағанда, Шымкент болды. Одан кейін Атырау, Қызылорда, Павлодар, Астана. Маған бәрі де ұнады. Әр қаланың өзіндік бір ерекшелігі бар. Тек адамдардың мейірімділігі барлық жерде бірдей. Сондай-ақ, Астананың архитектурасы маған өте әсер етті.

— Қазақтың салт-дәстүрлерінен хабарың бар екенін білеміз, қай дәстүр ұнайды, толығырақ айтып берсең...

— Сарқыт өте ұнайды. Өйткені қонаққа барғанда үйге біраз тамақ алып кете аламын. Сосын бір апта бойы үйде тегін тамақ жеймін (күліп).

— Болашағыңды тек қана әншілікпен байланыстырасың ба?

— Жоқ, бірақ не болса да, көңіл көтеру саласында жұмыс істегім келеді. Мүмкін болашақта продюсер не актер болармын.

— Қазақ жастарын шетелдік жастармен салыстыра отырып, біздің жастардың ерекшелігін атап өте аласың ба?

— Меніңше, қазақ жастарының еуропалық жастардан еш айырмашылығы жоқ. Қазақтарды қазіргі кезеңнің декаденсы қатты бұзбаған, және бұл өте жақсы. Айтпақшы, алкоголь деген нәрсе әлі де бақылауда болу керек деген нәрселердің бірі.

— Қазақстанның музыканттарымен таныс болған шығарсың осы уақыт ішінде, өзіңе ұнаған қазақ әншілер, топтарды атай аласың ба?

— Бейбіт Қорған.

— Бос уақытыңды қалай өткізесің?

— Менің бос уақытым көп бола бермейді, шыны керек. Бірақ маған тауға, табиғат аясына шыққан ұнайды. Қала өмірі біраз шаршатады, сондықтан таза ауамен тыныстауды жақсы көремін.

— Қазақстанда әлі қанша уақыт боласың? Болашақта нендей жоспарың бар?

— Мұнда қала алғанымша, қалғым келеді. Өйткені сіздердің мәдениеттеріңіз маған керемет ұнайды. Және де Алматы — менің үйім болып кетті. Мен өзімнің музыкаммен ажырамастаймын, бұл мені бақытсыз болудан сақтайтын жалғыз нәрсе. Сені өмірде не күтіп тұрғанын ешқашан біле алмайсың және де мен оның барлығына да дайынмын.

Сұхбаттасқан Айжан Кәрібаева

Фото: http://vk.com/sonofmusic

Ерасыл мектепке барады

$
0
0

Кішкентай Ерасыл бүгін алғашқы рет мектеп табалдырығын аттады. Анасы Гүлзираның айтуы бойынша ол үйдің кенжесі, әрі ағасы екеуінің арасы 16 жыл болғандықтан өте ерке. Бірақ кішкентайынан зерек, өте ақылды, әрі шапшаң жігіт.

Ал енді бірінші сыныпқа барған Ерасылдың қолына гүл шоғын алып, алғашқы ұстазына жеткенге дейіңгі хикаясынан фото шолу ұсынамыз.

Ерасыл сақадай сай дайындығымен білім ордасына жол жүріп барады. Осы сәтті пайдаланып, біз оны сөзге тартқан едік.

- Ерасыл демалысың қалай өтті?

- Жақсы. Жазда Музей Жамбылда болдым. Әкеме көмектестім. Жылқы бақтым. Бірақ демалысымның көп уақыты үйде өтті.

- Ауылда жақсы ма екен, әлде қалада ма?

- Ауылда.

- Неге?

- Жылқыға мінесің, сиыр бағасың.

- Мектепке барғың келеді ме?

- Барғым келеді.

- Мектепке дайындығың қалай?

- Жақсы. Балабақшада Эльвира Мәжитқызы жақсылап дайындап жіберді. Кеше анаммен барып киімдер, дәптер алдым. Шашымды бастырдым.

- Алғашқы қоңырауда тақпақ айтасың ба?

- Айтпаймын.

- Мұғаліміңе қандай гүл алдың, өзің таңдадың ба, әлде ата-анаң таңдап берді ме?

-  Апайыма кеше гүл таңдап кеткенмін. Қазір сатып аламыз.

Гүлзира, Ерасылдың анасы:

- Ұлыңыз алғаш рет «мектепке барасың» дегенді естігенде не деп жауап берді?

- Балабақшаға барып жүрген кезде мектепке барасың дегенімізді естігенде алғашқы сұрағаны: «Онда апай ұрыспайда ма»?  Мектептің қандай екендігін білмегендіктен біз оған барымызша мектеп туралы айтып бердік. Онда мұғалімінің балабақшадағы апайы Эльвира сияқты мейірімді, жақсы екендігін айттық. Сонымен қатар, мектепте балабақшадағыдай еркіндіктің жоқ екендігін айтып, онда сабаққа көп көңіл бөлу керектігін түсіндірдік.

- Кейбір балалар өздері «мектепке барамын» деп сұранып жатады. Сіздің ұлыңыз мектепке барғысы келетіндігін айтып па еді?

- Әрине, мектепке барып жүрген аға-әпкелерін көріп менің де барғым келеді дейтін. Кейін келе өзі мектепке баратын кез жеткенде аздап қорқақтап «Апай ұрыспайды ма?», «Қанша сабақ болады?», «Қанша уақыт мектепте боламын?» деген сұрақтар қоя бастады. Бірнеше рет мектепке алып барып келгеннен кейін үйреніп кетті.

- Ерасылды мектепке неше жасынан бастап дайындай бастадыңыз?

- Негізі балаға кішкентайынан ертегілер оқып, ол сөйлеп, есі кіре бастағаннан соң ертегіні өзі оқитындай мүмкіндік жасау қажет деп ойлаймын. Өзім Ерасылды 5 жасынан әріптерді үйретіп, сандарды жаттаттырып, мектепке дайындай бастадым. Балабақшада барып жүргенінде сондағы арнайы бағдарлама бойынша оқып, қазір буындап оқи алады, дауысты-дауыссыз дыбыстардың бәрін біледі. Ондықтарды, жүздіктерді санап, жиырмаға дейінгі сандарды қосып-алады. Бұлар әзірше бірінші сыныпқа баратын балаға жеткілікті деп ойлаймын.

- Ал мектепті қалай таңдадыңыз? Мектеп таңдағанда арнайы талаптар болды ма?

- Әрине, талап болады ғой. Өзіміз таңдаған #146 мектеп-лицей біздің барлық талаптарға сай келіп тұр. Біріншіден, білімі өте жақсы. Екіншіден, Бостандық ауданындағы ең жақсы мектептердің бірі. Үшіншіден, жұмысымның жанында орналасқан.

- Ұлыңызды мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсадыңыз?

- Қазір бұрынғыдай емес. Кішкентай баланың киімдерінің өзі қымбат. Мектепке алған киімдеріне орта шамамен 40 мыңдай ақша жұмсалды. Соның өзінде біраз алынбаған заттарымыз бар. Әлі де біраз қаражат жұмсайын деп тұрмыз.

Ерасыл алғашқы ұстазымен.

11 сынып түлектерінің бірінші сыныпқа келген оқушыларға "Білім кілтін" табыстау сәті.

Үні сыңғыр қаққан қоңырау.

Мектепке келген барша бүлдіршіндерге "Ақ жол"!

Сынып сағаты "Мемлекеттік рәміздер - ұлттық мақтаныш".

Алғашқы сабақтан кейін Ерасылды әңгімеге тарттық:

- Алғашқы ұстазың қандай екен?

- Апайым ұнады. Ол жақсы.

- Ұстазыңның есімі кім екен?

- Нұргүл апай.

- Сынып сағаты қалай өтті?

- Сынып сағатында Әнұран айттық. Апай рәміздер туралы, Президент туралы айтты.

- Сыныптастарың қандай екен?

- Сыныптастарым жақсы екен. Бірақ әлі танысқан жоқпыз.

- Мектеп ұнады ма? Мектеп қандай екен?

- Мектеп ұнады. Әдемі екен.

- Ал ендеше сені бірінші сыныпқа баруыңмен құттықтай отырып, саған мектебіңнің мақтанышы, еліңнің елеулі, халқыңның қалаулы азаматы болып өсуіңді тілейміз!

Фото, мәтін: Айнұр Ракишева

Шахматист Гүлмира Бекзатқызы: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»

$
0
0

Гүлмира Бекзатқызы 1988 жылы 13-сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туылған. Кішкентайынан шахматқа құмар Гүлмира қазірде Әйелдер арасында халықаралық мастер, ҚР құрама командасының мүшесі, Азия, т.б. көптеген бүкіләлемдік олимпиадаларының жеңімпазы. Негізгі мамандығы – халықаралық қатынастар болғандықтан, магистрлік тәжірибесін Испанияда өтті. Ол жақтан да Гүлмираға жергілікті шахмат клубының атынан ойнауға, жастарға сабақ беруге ұсыныс жасалынды.

- Сәлем, Гүлмира! Шахматпен айналысып жүргеніңе қанша жыл болды? Және де оны бастауыңа не себеп болды?

- Сәлем, Айжан! Төрт жасқа толған шағымда әкем маған шахмат ойнауды үйреткен. Мен өте байсалды, салмақты болғандықтан, кішкентай болсам да, бір жайымда ұзақ уақыт отырады екенмін. Ал қала деңгейіндегі жарыстарға 12 жасымнан бастап қатынасып келемін.

- Ең бірінші шахмат сабақтарыңнан бастап, қазіргі жетістіктеріңе дейінгі қысқаша тарихыңды айтып берсең?

- Алғашында қала, облыс деңгейіндегі жасөспірімдер арасындағы жарыстарды жеңе бастадым. Қыздар арасында 3 рет, әйелдер арасында 3 рет Қазақстанның дүркін чемпионы болдым, 18 жасқа дейін Азия чемпионы болдым, Әлем біріншіліктерінде алғашқы ондыққа кіріп, 6 рет Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғадым. Мәскеудегі «Аэрофлот Опен», Чехиядағы «Пардубице» халықаралық турнирлерінде бас жүлдені жеңіп алғанмын. Халықаралық спорт шебері деген дәрежем бар.

- Қазірде шахмат бойынша әлемде қай ел көшбасшы болып тұр?

- Үндістан, Қытай, Ресей көшбасшы елдер болып табылады.

- Ал Қазақстанның шахмат саласындағы әлем бойынша деңгейі қандай?

- Бүгінде Қазақстанның әлемдегі деңгейін жоғары деп айту қиын. Өйткені қаржы мәселесі спортшыларды тығыраққа тығады. Басқа елдерде өз спортшыларын өссін, өнсін деп жақсы жағдайлар жасалынған. Соңғы кезде Қазақстандық бүлдіршіндер жақсы нәтижелер көрсетуде.

- Бізде әлемге танылған және де өз елінде үлгі боларлықтай қандай шахматистер бар, болған?

- Гроссмейстер Е.Владимиров кезінде әлем чемпионы Гарри Каспаровтың жаттықтырушысы болған. Ф.Хасанова Кеңестік кезеңде 20 жасқа дейінгі қыздар арасында, ал Д. Садвакасов 20 жасқа дейінгі жігіттер арасында әлем чемпиондары болған.

- Шахмат сенің өміріңе қалай әсер етті?

- Шахматтың өміріме әкелген көптеген жақсы тұстары бар. Біріншіден, мен уақытты өте үнемдейтін болдым, барлық істі дер кезінде орындауға қол жеткіздім. Екіншіден, шетелдерге шығудың арқасында өмірдің қызықтығын, әлемнің әралуандылығын байқадым, нәтижесінде өмірге деген көзқарасым өзгерді. Үшіншіден, мен өз елімнің нағыз патриотына айналдым. Өзге елдің бәрін көріп жүріп, жарыстарға барып жүріп, туған елімнің намысын қорғадым, өз туған жерімді сағынып, оның қадірін біле бастадым, түсіне бастадым.

- Шахмат әлемінде кімдерді үлгі тұтасың?

- 13ші әлем чемпионы Гарри Каспаров менің кумирім болып табылады. Оның партияларын кішкентайымнан қызығып қарайтынмын. 2010 жылы тіпті онымен бірге суретке түсуге мүмкіндік алдым. Ол мен үшін қымбат естелік.

- Жақсы шахматист болу үшін, сенің ойыңша, не керек?

  1. Еңбекқорлық
  2. Талант
  3. Жақсы есте сақтау қабілеті.

- Ең үздік шахматистер әдетте ер адамдар ма, әлде әйел адамдар ма? Әлде шахматта бәрі тең дәреже де ме? Жалпы шахмат әйел адам, ер адам деп бөле ме?

- Өте қызық сұрақ, Айжан, рахмет. Әдетте ең үздік шахматистер ер адамдар. Ол ер адамдардың ойлау қабілетінің бір бағытта, яғни бір арнада болуына байланысты да шығар, ал әйел затының ойлайтын істері де көп, сондай-ақ, олар эмоциялы болып келеді. Алайда, әйелдер ерлерге қарағанда нашар ойнайды деп айту қателік, өйткені әйелдер көптеген жарыстарда ерлерді жеңіп те тастайды. Мәселен, венгриялық Ю.Полгар жүз шақты ер адамның тізесін бүктірген. Жалпы шахмат негізінен әйелдер және ерлер арасында бөлек өткізіледі, дегенмен, әйелдерге ерлер жарысында ойнауға рұқсат берілген.

- Шахматтан бос уақытыңда немен айналысасың?

- Бос уақтымда көптеп кітап оқимын, биге қатысамын және анда-санда бассейнде жүзуді ұнатамын.

- Сүйікті кітабың, киноң? Қандай музыка тыңдайсың?

- Ең сүйікті кітабым – Теодор Драйзердің «Финансист» кітабы, ал сүйікті кином – «Гладиатор». Музыкаға келетін болсақ, ұнаған өлеңдерді тыңдай беремін, негізгі екпін поп-музыкаға келетін сияқты.

- Сарагоса қаласына жұмысқа шақырды деп естідік, келістің бе?

- Жоқ, келіскен жоқпын. Оның бірнеше себептері болды, біріншіден, жанұямды қимадым, екіншіден, туған жерімнен кеткім келмеді. Қазақтың мақалына салсақ, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағиданы ұстандым.

Әңгімелескен Айжан Кәрібаева

Шетелде білім алу: Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

$
0
0

Бірнеше ай бойы «Екпін» журналы сізді түрлі шетелдік университеттер мен сонда оқитын отандастарымызбен таныстыруда. Қожамжаров Абай Советжанұлы Жер үсті көлік жүйелері (Наземные транспортные системы) мамандығы бойынша Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін тәмамдады.

— Бірінші өзің жайлы айтып берсең. Қайда, қай университетте, қандай мамандық бойынша білім алдың?

— Жамбыл облысындағы Шу қаласында туып өстім. Сондағы лингвистикалық мектеп-лицейде білім алдым. Мектепте нақты ғылымдарға жақын болғанмын. Кішкентайымнан пойыздарға қарап, соларды құрастыру және техникалық қызмет көрсетуді армандайтынмын. Қазақстанда М.Тынышпаев атындағы академияда көлік мамандығын (бакалавриат) 2009 жылы бітіріп, 2010 жылы магистратураға Ресейге оқуға түстім. Алматыда оқу кезінде интернеттен ең күшті техникалық университетті іздеу барысында Н.Э.Бауман атындағы МҰТУ-нің аты шықты. Біраз мұғалімдерімнен осы университет туралы жақсы мәліметтер алып, сол оқу орнына түсемін деп шештім. Мәскеуде оқу барысында біраз қиындық туындады, өйткені оқу жүйелері өте күрделі. Техникалық мамандық, инженер маманы — әрдайым сұраныста. Қазақстанның даму бағытында да көліктік жүйелерді дамыту негізгі мақсат болып табылады. Бүгінгі күні еліміздің көлік жүйесін дамыту — менің ең басты мақсатым. Президентіміздің арқасында мен сияқты білім қуып, оқу жолында жүрген азаматтарға мемлеттік грант беріліп, толық мемлекеттің қаражатына білім алып келдік. Мемлекетіміз жастарға осындай мүмкіндік беріп тұрғанда елімізге еңбек ету әрбір азаматтың міндеті деп білемін.

— Шетелге оқуға түсуге не түрткі болды?

— Ең бірінші себебеп, шетелде білім алғым келді. Қазақстанда оқу барысында өзімнің мүмкіндіктерімді саралай келіп, білімі сапасына сай Ресейдегі ең беделді университетке түсуді арманыма айналды. Сонымен қатар, біраз жетістіктерге жеткен ағаларымыздан тәлім-тәрбие алып, олардың Мәскеу қаласында білім алғандығын білдім. Сондай азаматтарға еліктеу болды ма, осы Бауман университетін білгенде жаныма жақын бола қалды. Осында жүріп ғаламтордан қараған ақпараттарым бойынша әлемдегі техникалық мамандарды даярлау жолындағы университеттердің алдыңғы қатарлысы екендігін барлық мәліметтер көрсетті. Ресейде және әлемдегі тек осы Бауман университетінде инженер мамандығын алты жыл бойы даярлайды, сонымен бірге, оқу-әдістемелік құралдары ерекше күрделендірген.

— Бұл оқуға магистратураға түсу үшін қандай құжаттар тапсырдың?

— Кез келген жоғарғы оқу орны секілді бакалавр маманы деген диплом мен өзіңнің жеке құжаттарыңды тапсырасың. Мен ҚР стипендиясының иегері болып, халықаралық Болашақ бағдарламасы бойынша білім алып келдім. Бұл стипендияның иегері болу үшін бір жыл бойы байқауға қатыстым. Байқау үш бөлімнен тұрады: құжаттарды жинау, емтихандар тапсыру, кепілдікке жылжымайтын мүлік қою. Стипендия иегері болған соң, толықтай барлық оқумен байланысты шығындарды мемлекет өз мойнына алады. Бұндай жетістікке жету мен үшін үлкен бақыт болып табылды. Бауман университетінің тағы бір ерекшелігі, Болашақ бағдарламасы бойынша тізімде көрсетілген кез келген университетті таңдап, соған дереу оқуға қабылданасың. Ал Бауман университетінде қосымша емтихан тапсыру міндетті. Бауман универсететін таңдаған өзге де жастар мамандық бойынша емтихандарды тапсырып, сөйтіп Бауман студенттері қатарына қосылдық. Білуім бойынша мен оқыған мамандықтың ақысы жылына 700 мың теңге көлемінде.

— Шетелдік университет пен біздің университет арасында қандай айырмашылықтар байқадың?

— Білім беру жүйесінде, сапасында ерекшелік өте көп. Оқимын деген адамға барлық мүмкіндіктер жасалған. Студентке берілген жеке тапсырманы мұғалім қабылдағанда өте қатаң тексереді, сонымен қатар, дәріс уақыты көбірек берілген. Ұстаздар сол дәріс уақытында барлық тиісті мәліметтерді толықтай беруге тырысады. Бір семестрге курстық жоба беріледі, ол диплодық жұмыспен тепе-тең болып келеді. Онда берілген тапсырма әрдайым ерекше болып келеді. Сосын семестр аяғында ол жұмысты қорғайсың, оны екі немесе үш мұғалім тексереді.

— Ал біздің студенттер мен шетелдік студенттер арасында қандай айырмашылықтар бар?

— Мүлдем айырмашылық байқалмайды, бірақ әрбір Бауман студенті «бауманец» атағына ие болады. Бұл университеттің студенттеріне Мәскеу қаласында ерекше жеңілдіктер көрсетіледі. Мысалы, мұражай мен театрларға тегін және өзге мәдени орындарға үлкен жеңілдіктер көрсетілген. Бұл университетте оқып жүргенде әлемнің түпкір-түпкірінен келген азаматтармен танысып, жақсы араластық. Мұнда оқитын әрбір студенттің ерекше мәдениеті жоғары балалар екені бірден көзге түседі. Оқуға деген көзқарастары да өзгеше, берген тапсырманы тиянақты орындап, мұғалімді ерекше сыйлайды. Ал жеке жағдайларда университеттегі студенттердің жүріс-тұрысы біздікіндей-ақ. Студенттік бірлестіктерге мүше студенттер апта сайын әр түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Жаздық демалыс кезінде және қыстық демалыста студенттерге тегін демалыс жолдамалар беріледі. Қыста таулы аймақтарға, көрші мемлекеттерге, жазда теңіздерге жібереді.

— Сондағы ұстаздарың жайында айтып берсең...

— Мұғалімдердің көпшілігі жастары елуден асқан кісілер, жас мұғалімдердің өздері де өте білікті. Сонымен қатар, түсінігі мол. Бір сабақтан біраз қиналып, үй жұмысын дұрыс орындамай барғанмын. Ол жұмысты тапсыру барысында бір ұстазым: «Мен саған бесіңді қойып беремін, бірақ сен бір жерін түсінбей тұрсың. Сен оқу үшін келдің ғой, маман болу үшін», — деп айтып, бағамды қойып бергенде бір жағынан қуандым, бір жағынан ойландым. Сөйтіп, сол жұмысымды алып түнімен оқып, түсініп, келесі күні тапсырып кеткен болатынмын.

Менің ғылыми жетекшім Купреянов Андрей Анатольевич деген ғылым кандидаты, доцент болды. Ол кісіден біраз ілім-білім жинадым. Ол ғылыми жұмыс жасау мен бағытты дұрыс бере білді, тиісінше мен берілген тапсырманы жылдам орындауға тырыстым. Ғылыми жұмысымды қорғауға келгенде, ол менің екі жылдың ішінде біраз білім қосқандығымды және табандылық пен еңбекке құштар екенімд айтты. Ұстаз деген ерекше адам болып саналады емес пе. Мұндағы ұстаздарым әрбір студентке ерекше көзқараспен қарап, олардың мүмкіндіктеріне сай тапсырма беретін және толықтай өз бетіңмен жұмыс жасауға ерекше көңіл бөлетін. Оларға қарап, әрбіреуінің өз бағытының маманы екені айдан анық. Олардан кез келген сұрақты сұрап, біраз уақыт талқылап отыратынбыз.

— Оқу күнің қалай өтуші еді?

— Оқу сабақ кестесі бойынша өтеді. Дәріске келу міндетті. Алайда кейбір мұғалімдер сабаққа келуді ерекше орынға қойып, тәртіпті жақсы көрсе, кейбіреулері еркіндік беретін. Бірақ емтихан мен семестр аралық бақылауында толықтай білім деңгейін тексереді, сол кезде дәріске келмеген студенттер көбіне қиналатын. Таңғы сағат 8.30 басталып, қосымша мен консультациялармен кешкі сағат 17.20 дейін болатын күндер де болған. Бір сабақ — бір жарым сағат, пара болып өтеді. Лабораториялық жұмыстар үш-төрт пара болып, бір күн бойы өтетін. Бірінші 1-2 ай теориялық дәріс аламыз, содан соң 1 ай лабораториялық жұмыс болатын. Ең күштісі, Бауман университетінің асханасы қала университтері арасында 2010 жылы бірінші орын алған. Себебі дайындалған ас таза және студенттерге өте тиімді болатын. Бірінші, екінші тамақ, салат пен шай, десерт алып, жүз отыз рубльге түскі ас ішуге мүмкіндік болатын. Макарон гарниры — алты рубль, салаттар — сегіз рубльден басталатын.

— Ресейге барғанда ол жақтағылар алғашында қалай қарсы алды?

— Алғашқы рет келгенде үлкен қала, жан-жағыңда әрдайым бір жерге асығып жүретін адамдар. Ұстаздар мен жергілікті халық, әрине, әр қалай. Бірақ, тек сыйластықпен араластық. Орынды жүріп, өзіңді дұрыс ұстап жүрсең, еш қиындықтар болмайды. Ауа-райы ерекше, жаңбыр күз бойы жауады, қысы ылғалды. Күн көзін мүлдем көрмейсің. Басында күн жоқ деп, көңіл-күй де онша емес болатын, бірақ оқу барысында бәрін ұмытып, сапалы білім алуға бел будым. Қалада көлік өте көп, әйткенмен, өзім көпшілік сияқты метромен жүргенді ұнататынмын. Себебі кез келген жеріңе уақытында жетесің. Бұл елдің метро жүйесі қатты ұнады. Студенттерге метромен жүруге бір айға 350 рубльге (1750 теңге) кететін. Тамақтану жағынан еш қиындық болмады. Кезінде бір кеңес үкіметі болғандықтан, тағамдарымыз да аса ерекше емес. Борщ пен котлет жеп жүрдік.

— Тұрғын үй мәселесі қалай болды?

— Екі жыл бойы жатаханада тұрдым. Бір бөлмеге 2-3 адамнан орналастық. Мен қазақ балалармен бірге тұрдым. Аса қиындықтар болмады, тазалықты сақтадық, келе салысымен ремонт жасап, жайғасып алдық. Көршілерім Түркия, Франция, Италия, Малайзия, Миянма, Қытай, Корея, Вьетнам, Беларусь, Украин, Кавказ азаматтары болды. Бәріміздің мақсатымыз — білім алу болғандықтан, олармен жақсы қарым қатынаста болдық. Сенбі күндері жиналып, футбол ойнайтынбыз. Жатақханада жағдайдың бәрі жасалған, оку орнына дейін он бес минут жүретінбіз. Болашақ бағдарламасы қаражаттың барлығын өзі төлегендіктен, жатақхана ақысы қанша екендігін білмедім. Бірақ грантта оқып жүрген және ақылы бөлімде оқып жүрген студенттердің жатақханада тұру ақысы әр түрлі болатын.

— Ресейде оқу, тұру саған қалай әсер етті?

— Әсері өте ерекше және пайдалы болды. Біраз жаңа білім жинадым, қарым -қатынастардың қыр сырларын білдм. Мәдениетімді дамыттым, өмірге деген көзқарас біраз өзгерді. Шетелде жүріп, Отанымыздың әл-ауқатын әлі де көтеру керек екендігіне көзім жетті. Студенттер мен жастарға ерекше көзқарас болғаны дұрыс екендігін түсіндім. Намысшыл болғандықтан, біздің елімізде осындай оқу орындары мен жақсы өнеркәсіп саласын дамыту керек екендігін түсіндім. Ресейде күткен жайлардың бәрі толықтай ақталды деп ойлаймын.

— Болашаққа қандай жоспарларың бар?

— Еліме еңбек етіп, жиған-терген білімімді, жігерімді Отанымыздың әл-ауқатын көтеруіне жұмсамақшымын. Еліміздің экономикалық жағдайын тұрақтандыруды армандаймын. Биыл оқуымды бітіріп келдім, енді мемлекеттік қызметте еңбек жолын бастауды көздеп отырмын.

Әңгімелескен Айнұр Ракишева


Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Super normal Бақытжанның хикаясы

$
0
0

Mesqueunblog.kz — Бақытжан атты алматылық жасөспірімнің өмірі француз суретшісімен бейнеленген әңгіме. Өзгелер секілді болғысы келетін, бірақ бола алмайтын адам жайындағы комикс. Әдетте көпшілік байқай бермейтін мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың отбасы туралы хикая.

Ресми ститистика бойынша Қазақстанда мүгедектікке шалдыққан балалар мен жасөспірімдер саны 50 мыңға жуық.

Еліміздегі балалар мүгедектігіне себепкер болған аурулар арасында жүйке жүйесі бірінші орында тұр. Мүгедектікке шалдығуға ықпал еткен негізгі факторлардың арасында елдегі экологиялық жағдайдың нашарлауы, ана мен бала денсаулығына өндірістік қалдықтардың зиян келтіруі, сонымен қатар, көңіл қанағаттандырмайтын медициналық бақылау ерекше рөл ойнауда. Оның өзі қолдау білдіру терапиясы мен қосымша оперативті еммен ғана шектеледі.

Міне, осы мүгедектікке шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің проблемалары, қоғамның оларға деген қарым-қатынасы, Қазақстанда көпшілік елей бермеуге тырысатын шындықты аудиторияға ашып көрсету Mesqueunblog.kz ("Жәй ғана блог емес") жобасының лейтмотиві болып табылады.

Mesqueunblog.kz - балалар ми сал ауруымен ауыратын 18 жастағы Бақытжан Жұманов пен оның отбасының күнделікті өмірін суреттейтін комикс формасындағы репортаж.

Мұнда Бақытжанн мен оның отбасы, дәрігерлер мен әлеуметтік жәрдем мамандарының сөздері беріледі. Жобаға негіз ретінде құқық пен статистикалық фактілерді тізбелеп шығу емес, мүмкіндігі шектеулі адамның қазақстандық қоғамдағы өз-өзін көтеруге тырысуы алынып отыр.

Футболды өте қатты жақсы көретін Бақытжанның сүйікті футбол клубы "Барселона". Бұл клубтың ұраны "Mes que un blog" ("Жәй ғана блог емес") атауымен үндеседі. Яғни, блогтың атауы жоба авторларының кездесуін әңгімелеуді ғана емес, одан үлкен ойды жеткізу ниетін білдіреді...

Мүгедек жасөспірімнің өмірін көру арқылы оқырман оның да өз талғамы мен қызығушылығы бар екенін және өзге дені сау балалардан еш айырмашылығы жоқтығын түсіне алады.

Жобаның мақсаты - Қазақстанда аса назар аударылмайтын проблеманың шындығын аудиторияға жеткізу. Мүгедек адамдардың жағдайы оларға деген қарым-қатынасқа тәуелді екендігін адамдарға түсіндіру.

Автордың репортажға қатысуы - қоғамның мүгедек адамға деген ниетін жеткізетін көмек сияқты. Суретшінің күдігі - мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенде бізде пайда болатын қорқыныш пен стереотиптерімізді білдіреді.

Сонымен қатар, жоба ақпараттық-танымдық міндетті де өз мойнына алып отыр. Қоғамдағы осы проблемаға назар аудару Қазақтандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына қатысты құқықтық ережелер бастамасының өзектілігін арттыруға жол ашады.

Николя Журну, репортаждар авторы, иллюстратор:

Орталық Азия үшін комикс жаңа дамып келе жатқан өнер, қайталанбас түрде көптеген тақырыптарды сөз қылуға болатын жаңа тіл. Бұл - мүгедектік секілді күрделі мәселелермен жұмыс істеу барысында қажет тәсіл. Бұл мәселені көпшілікке жеткізу барысында маған үлкен көмек көрсеткен Бақытжанға және оның отбасына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Өйткені үйлеріне бейтаныс адамды кіргізе салу да оңай емес қой. Олар мені тек шақырып қана қоймай, менің жұмысыма қызу кірісті. Бұл жоба, комикс, көрме барлық жерде жазылып тұрғандай - екі автордың, яғни Бақытжан мен менің жұмысымыздың жемісі.

Рисалят Жамалова, Бақытжанның әжесі:

- Николя мен Бақытжан қалай танысты?

- Николя қыста Аяз ата болып киініп үйімізге келді. Сонда ол Бақытжанмен өте қызықты уақыт өткізіп, сол күннен кейін жиі келе бастады. Осы уақытқа дейін Бақытжанның жанында болып, көңілін аулап, қалдырмағанына үлкен алғысымды білдіремін.

- Бақытжан жайында айтып берсеңіз, ол қандай?

- Өте мейірбан, ақ көңіл жігіт. Адамдармен араласқанды, сөйлескенді ұнатады. Бастысы адал.

- Көбіне уақытын қалай өткізеді?

- Көбіне компьютерде отырады, теледидар көреді. Футболды өте қатты жақсы көреді. Футбол болған түндері сол ойынды көріп, таң атқанға дейін отыра береді.

Алдымыздан қандай қиындықтар шықса да, барынша төзудеміз. Өзі де бізге көмектеседі. Осындай ұлымыздың болғанына Аллаға рахметімді айтамын. Осындай болса да, бұл бала біздің басымызға біткен "Бақыт" деп білемін.

Дінмұхаммед Зиядин, жобаның үйлестірушісі:

Жалпы бұл жоба интернет сайтынан бастап, көрмемен жалғасқан ерекше жоба деп айтар едім. Қоғамымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты белгілі бір қатып қалған стереотиптік көзқарастар бар. Олар туралы БАҚ хабар таратса да, сондай аянышты, сұр, қара түстегі ақпарат беріп жатады. Адамдардың өздері де оларды көргенде қорқыныш пен күдік оймен қарайды. Шын мәнінде, осы көрменің арқасында олардың бізден айырмашылығы тек осы шектеулі мүмкіндік болмаса, ешқандай айырмашылық, ерекшелік жоқ екендігіне Бақытжан мен Николяның арқасында көзім жетті. Олардың талғамдары, ой-пікірлері, көзқарастары тура біздікіндей.

Жалпы бұл жобаның көрмесін тек Алматымен шектелмей, басқа қалаларда да көрсетіп, мүмкін бұдан да үлкенірек, ауқымдырақ жобаға айналдыру ойымызда бар. Бірақ сонау басында жоспарлағанымызда осы көрме Mesqueunblog-тың соңғы нүктесі, қорытынды шарасы болып саналған болатын. Барлығы уақыттың еншісінде.

Тахмина, әпкесі:

Негізі бұл жұмыстардың бастапқы кезеңін ғана көрген болатынмын. Бүгін көрмеден толық жұмыстарды көріп, таңқалып қалдым. Бәрі сондай түрлі түсті, әдемі. Суретші Бақытжанның өмірін шынайы көрсете білген. Комикстің орыс тілімен қатар қазақ тілінде де басылып шыққандығы қуантады.

Ұлмекен, көрермен:

Көрме өте ұнады. Бұл суреттерге қарап мүмкіндігі шектеулі адамдардың төзімділігін, өмірге деген құштарлығын көре аласың. Репортаждың әрбір бөлімі қызық, әрі суретші Николя суреттер арқылы белгілі бір жағдайды адамның жүрегіне жеткізе алған. Николяның бұл іс-әрекетін өте орынды деп білемін. Өйткені біздің қоғам мұндай адамдарға қызық қарайтындығы жасырын емес. Ал бұл комикстерді оқи отырып, Бақытжанның мүгедек екендігіне аса мән бермейсің. Оның қызық оқиғаларын оқи отырып, өзіміз қатарлы жігіт екендігін көресің.

Көрменің өткізілетін уақыты: 4-14 қыркүйек 2012 жыл

Адресі: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы, Сәтбаев көшесі, 30а.

Мәтін, фото: Айнұр Ракишева


«Оркестрлер шеруі» басталды

$
0
0

Кеше, яғни 6 қыркүйек күні, Алматы қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Оркестрлер шеруі» атты музыкалық фестиваль басталды. Үш күн қатарынан өтетін концерттік бағдарламаның бірінші күні Нұрғиса Тілендив атындағы «Отырар сазы», К.Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар, Мемлкеттік Академиялық Симфониялық және ҚР Ұлттық үрмелі оркестрлері көпшілік назарына өз өнерлерін паш етіп, қала тұрғындары мен қонақтарына әдемі кеш сыйлады.


Ашық аспан астында өтетін музыкалық фестивальге биыл Альфия Кәрімова (Ресей), Сүндет Байғожин, Mezzo квартеті, Сон Паскаль (Ұлыбритания), Ирина Левина, Вахтанг Торрели (Ресей), Андрей Илькив (Украина), дирижерлер: Ваг Папян, Дінзухра Тілендиева, Александр Беляков сынды бірқатар өнер иелері қонақ ретінде шақырылған. Сонымен қатар, бұл жылы оркестрлер шеруіне әлемге танымал «Luna» әнінің авторы, әрі орындаушысы итальян теноры Алессандро Сафина қатысады.

Қасымова Раушан, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы:

Бұл фестивальді өткізу туралы ой осыдан үш жыл бұрын туған болатын. Бүгінгі күні «Оркестрлер шеруі» атты фестивальді жыл сайын өткізу дәстүрге айналып отыр. Фестивальдің бірінші күнін ұлттық музыка ашты. Ертең, яғни 7сі классикалық музыка, 8-күні үрмелі аспапты оркестрлер өнерлерін көрсетеді.

Өткен фестивальдерден бұның айырмашылығы - тек қатысқан оркестрлерде деп айтар едім. Мысалы, бірінші фестивальде тәжірибелі оркестрлермен қатар музыкалық училищелердің, мектептердің түлектері де өнер көрсеткен болатын. Ал екінші жылы тек танымал оркестрлер өнер көрсетті.

Марат Омаров:

Eventicа компаниясы осы іс-шараны ұйымдастыруды тендрдан ұтып алған болатын. Әкімшіліктің бізге сенім артқанына өте қуаныштымын. Жалпы дайындыққа 2 айдай уақыт жұмсадық. Бірақ бұл осындай үлкен іс-шара үшін аз уақыт. Барынша барлығын уақытылы үлгеріп жасауға тырыстық, не дегенімен біраз кемшіліктер бар. Мысалы, мен мына орындықтарда 10 мың адамның отырғандығын қалар едім, бірақ ол 3 мың дегендей... Кем дегенде 7 мыңдай адам болғанда жақсы болар еді. Бірақ өткен жылғылардан жақсы. Себебі өткен фестивальде арнайы шақыру арқылы келген болатынмын, тек шақырылғандар ғана отырып, көрермендердің жартысынан көбі тұрып тұрды. Сонда неге осы халықтың барлығын отырғызбасқа деген ой келген. Биыл ұйымдастыруды өз қолымызға алғаннан кейін арнайы орындықтар қойып, қолжетімді бағада билеттерді сатылымға шығардық. Қазір қарап тұрсам, халық бұны жақсы қабылдаған сияқты. Ұйымдастыру жағынан ешқандай ақаулар болып жатқан жоқ. Бастысы шам бар. Алдағы жылдары әкімшілікпен бірлесіп, бұдан да үлкен көлемде керемет қылып өткіземіз деп ойлаймын.

Азамат Керімбай, үйлестіруші:

Мен бұл «Оркестрлер шеруі» туралы Eventicа компаниясында жұмыс істейтін танысым арқылы естіп, жазғы уақытта үйде жай жатпай, осы шерудің өтуіне аз да болса көмектесейін деп, үйлестіруші ретінде келдім. Үйлестірушілер болып фестивальге бір айдай дайындалдық. Бір ай бойы университеттерге және тағыда басқа мекемелерге барып, хабарландырулар ілдік, шақыру билеттерін тараттық және осы соңғы бір апта ішінде аппаратураларды орналастыру жұмыстарымен айналысып жүрдік. Өзіме өте ұнап жатыр. Өйткені бұл жылына бір рет қана өтетін ерекше концерт. Бұл фестиваль әрбір тыңдарманына рухани азық беретіндігіне сенімдімін.

Маржан Төлеева, көрермен:

Бұл фестиваль жайында интернеттен білген болатынмын. Бүгін құрбым Анар шақырғаннан соң келдім. Өзіме классикалық әуендер өте ұнайды. Әсіресе музыкалық аспаптармен өңделген түрлерін ерекше ұнатамын. Бәрі жақсы өтіп жатыр. Бірақ бір ұнамағаны - фестивальдің ресми сайтында бұл іс-шараның ақылы екендігі айтылмаған. Қазір келсек, кіру үшін билетті «Меломаннан» алыңыздар деп ішке кіргізбеді. Екі кештің ортасында «Меломанды» қайдан іздеп жүресің, кассалары да жабық. Енді сыртында тыңдап тұрмыз.

Бүгін бұл фестивальден Mezzo квартеті мен Сон Паскальді ерекше күтіп отырмын.

Әлия Батырбекова, көрермен:

Фестиваль жайында Facebook әлеуметтік желісі арқылы біліп келдім. Өзім меломан болғандықтан, классикадан бастап ауыр рокқа дейінгі барлық музыкалық туындыларды сүйіп тыңдаймын. Бұндай іс-шаралар қаламыздың мәдени дамуына үлес қосады деп ойлаймын. Сонымен қатар, осындай дүниелер жастардың классикалық музыкаға деген көзқарасын өзгертетіндігіне сенемін. Ауа райының сәл салқын болып тұрғандығы болмаса, бәрі керемет.

Mezzo квартеті:

Биыл «Оркестрлер шеруіне» біздің квартет бірінші рет қатысып отыр. Бізді ұйымдастырушылар қонақ ретінде шақыртты. Фестиваль өте ұнап жатыр. Бұл іс-шара жастарды әдемі музыкамен таныстырудың бір жолы. Әрі осындай іс-шаралар жас орындаушыларға тәжірибе жинауға, алмасуға өте жақсы алаң. Сондықтан болашақта да осындай фестивальдерге жиі қатысып тұрсақ деп ойлаймыз.

_________________________________________________________________________
«Оркестрлер шеруі» өтетін орын: Республика Сарайы, Абай атындағы алаң
Концерттер өтетін уақыт: 6-7-8 қыркүйек
Басталатын уақыты: 20:00
Билет құны: Тегін. Ал жабық алаңда көру - 1000 теңге, билеттерді Республика Сарайының кассасы мен «Меломан» дүкендерінен алуға болады.

Мәтін, фото: Айнұр Ракишева,

Айжан Кәрібаева

Жаңа театр маусымы

$
0
0

Күз басталғалы Алматының мәдени өмірі жаңдана түсетіні бәрімізге мәлім. Кеше ғана дүбірлеп өткен «Оркестрлер шеруі» соның айғағы. Алдымызда жаңа театр маусымының ашылуы. Жаз бойы балет, опера, драма мен комедияларды сағынған көрермен үшін «Екпін» журналы афиша ұсынуда. Мәдени кештерден қапы қалмаңыздар.


Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 87-маусымы.

Қашан: 3 қазан
Театрды ашатын қойылым: «Абай»
Жанры: трагедия
Қоюшы-режиссер: Е.Обаев
Қоюшы-суретші: Е.Тұяқов
Билет құны: 300-600 теңге

Мұнда Абайдың соқтықпалы-соқпалы өмірі, адами тыныс-тіршілігі, сонымен қатар, жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен болмысы көрінеді. Бұл қойылымда режиссер Абайдың творчествосындағы ән мен философиялық шығармашылығына көп көңіл бөлген. Ақынның бір философиялық өлеңінің, бір әнінің өзі философиялық уақыт пен адам тағдырына алып келеді. Абайдың ақындық, композиторлық шығармашылығы және сүйемелдік қасиеті, жақсыны көре білетін, ғашықтықты бағалай білетін, шәкірттеріне ұстаздық жасай білетін адам екендігін көрсететін қойылым.


Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрында 68-маусымның ашылуы.

Қашан: 9 қыркүйек
Маусымды ашатын қойылым: "Жоғалған уақыт туралы ертегі" ("Сказка о потерянном времени")
Жанры: ертегі
Қоюшы режиссері: Алексей Орлов (Ресей)
Қоюшы суретшісі: Эрик Дюсембаев
Билет құны: 400-450 теңге

Уақыттың құндылығы мен жастықтың мәні, кәрілікті қалай қарсы алу керек деген сынды сұрақтар кішкентай балаларды ешқашан мазаламайтыны анық. Әйтпесе Евгений Шварцтың осы уақыт туралы ертегісі туындамас та еді. Алайда жастығын құр босқа өткізгендерді не күтіп тұрғаны жайында одан өзге ешкім соншалықты шынайы жазбаған. Оқылмаған сабақ, құр босқа жүру, сабаққа бармау – осы барлығының жазасы ретінде мезгілсіз кәрілік келсе ше...

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 79-маусымы.

Қашан: 12 қыркүйек
Операны ашатын қойылым: "Абай"
Жанры: трагедия
Қоюшы режиссерлері: К. Байсейітов, ҚР халық әртісі, Б. Досымжанов, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік премияның лауреаты
Қоюшы суретшісі: А. Ненашев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері
Билет құны: 600-1 700 теңге

Бұл операда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының өмірі, оның барлық қарама қайшылықтары, феодалдық, рулық топтарға бөлінісі айқын көрініс тапқан. Сократ, Платон, Аристотель сынды ежелгі философтардың, Белинский, Салтыков, Щедрин сынды орыс жазушыларының туындыларымен толық танысып, тіпті  Пушкин мен Лермонтовты аударған білімі мол Абайдың қызығушылығы  кішкентайынан мүлдем өзгеше болған... Ал бүгінгі күні ауыздан-ауызға жетіп, әрбіріміз жатқа айтып жүрген өлеңдердің көбін ақын музыкаға салып орындаған. Өзінің елінің жарқын болашағына сенген Ұлы ақынның осы музыкалық мұрасы көп ұлтты мәдениетіміздің алтын қорына қосылып отыр.

Балетті ашатын қойылым: "Аққулы көл"
Қашан: 13 қыркүйек
Жанры: классика, романтика
Қоюшы- балетмейстер: В. Бурцев
Қоюшы суретші: Г. Исмаилова
Билет құны: 600-3 000 теңге

Мемлекеттік академиялық би театрында 45-маусымның ашылауы.

Қашан: 13 қыркүйек
Театрды ашатын қойылым: «Революция қырандары» («Соколы революции»)
Көркемдік жетекші: Болат Аюханов
Билет құны: 1 000-1 200 теңге

Уақытқа байланысты қысқа, не ұзаққа созылып кеткен оқиғалар болады. Ал тарихи фактілер көпжылдық кесірге айналып кетуі де ықтимал. Тарихты әлемнің бір бөлшегі болып табылатын оқиғалар құрайтындығын ескерсек, әлеуметтік революциялар адамзатты қанау туралы үнемі айтылатын әңгімелерге айналып кетеді. Бостандық болса, осы революциялық эксперименттердің шырмауында қалып отыр. Алайда, не дегенімен, бақыт туралы арман үміт отын жағуда...

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.

Қашан: 3 қазан
Маусымды ашатын қойылым: «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»
Жанры: трагедия
Қоюшы режиссері: Жанат Хаджиев
Қоюшы суретшісі: Ерлан Тұяқов
Билет құны: 250-500 теңге

Жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, шынайылық пен іңкәрлік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім тақырыптарынан сыр қозғап, адамдық пен адалдықты сөз етер, сертке берік екі жастың арасындағы ғашықтық жырларын шертер «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымы – өнер мен өмір, тәрбие тағылымы мектебі екені хақ.

Ғабит Мүсірепов жазған бұл туынды – көпшілік-көрерменге оқиғасы жағынан өте кеңінен таныс. Дегенмен, бұл жолғы Қозы Көрпеш те, Баян да – басқа… Жаңа...

Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының 80-маусымының ашылуы.

Қашан: 5 қазан
Театрды ашатын қойылым: «Үй» («Дом») қойылымының премьерасы
Қазіргі заманның сахналануы
Билет құны: 1 000-1 200 теңге

© Екпін

Жексенбілік дастархан: Сүзбе қосылған қатпарлы бәліш

$
0
0

Аспаздық айдарынның бүгінгі санында сіздермен қатпарлы бәліш немесе ватрушка жасаудың әдіс-тәсілімен бөліскіміз келеді. Қатпарлы ватрушка кәдімгі ватрушкаға қарағанда жеңіл тағам. Сонымен қатар, оны дайындау әдісі оңай әрі тез.

Бізге қажетті заттар:

  1. Сүзбе
  2. Қант
  3. Ванилин ұнтағы
  4. Қатпарлы қамыр:
  • 200 г. - маргарин.
  • 2 стақан - ұн
  • 1/2 стақан - су
  • 1 шәй қасық - қант
  • 1/4 шәй қасық - тұз

Қатпарлы қамырды жасау үшін: бірінші, ұнға маргаринді бөлшектеп саламыз. Екінші, суық суға қант пен тұзды салып, толық ерігенше араластырамыз. Үшінші, дайын болған суық суды май салынған ұнға құйып, тез илеп қоямыз.

Иленген қамырдың үстін майлықпен жауып, тоңазытқышқа 2-3 сағатқа (1 түнге қойып қойса да болады) қойып қоямыз. Артынша қамырды тоңазытқыштан алып жаямыз. Жайылған қамырдан қатпарлы қамыр шығуы үшін бірнеше қатпар қылып, бүктей отырып, қайта илейміз.

Дайын қатпарлы қамырды бірнеше бөлікке бөліп, домалақтап, майланған қаңылтыр табаға саламыз.

Домалақ қамырдың барлығын сүзбе салғанға ыңғайлаймыз.

Сүзбені қамырға салмас бұрын қантпен араластырып аламыз.

Дайын сүзбені әрбір бәлішке салып шығамыз.

Бәліштерімізге әдемі рең беру үшін үстінен жұмыртқаның сарысын жағамыз.

Артынан 280 градусқа дейін қызған пешке салып, қызарғанша пісіреміз.

Піскен бәліштердің үстінен ванилин ұнтағын себеміз. Сүзбе қосылған тәтті қатпарлы бәліш дайын.

Астарыңыз дәмді болсын!

Асханада болған Айнұр Ракишева

Жас режиссердің сәтті қадамы

$
0
0

Э.Олби - «Зоопарк», БҚО драма театры, режиссері А.Маемиров

Қазақ ұлттық режиссурасының жас буыны жаңа есімдермен толығуда. Солардың бірі Асхат Маемиров. Қазақ Ұлттық Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында театр режиссурасы мамандығын Маман Байсеркенұлы шеберханасынан тәмамдаған жас талант кейін Франциядан театр саласы бойынша тағлымдамадан өтіп, дипломдық жұмысын Мәскеудің Ресей театр өнерінің Академиясында қорғап (бұрынғы ГИТИС), магистратура академиялық дәрежесін алып шықты.

Асхат Маемиров режиссурадағы алғашқы қадамын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрынан бастаған. Онда Ж. Аймауытовтың «Сылаң қыз», Т. Ахметжанның «Қараторғай», А.Кравцовтың «Күнікей қыз», Г.Хугараевтың «Қара шекпен», Е.Аманшаевтың «Қасірет драмасы», Э.Олбидің «Зоопарк», М.Байджиевтің «Махаббат жағалауы», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» спектакльдерін қойды. Бұл қойылымдар театрдың репертуарын толықтыра, қызық ете түсті. Осылардың ішінде белгілі америка драматургы Э.Олбидің «Зоопарк» пьесасы бойынша қойылған спектакль театр жұртшылығына кеңірек танылды.

Театр «Зоопарк» спектаклімен АҚШ-тың Риджфилд (Нью-Йорк іргесінде) қаласында өткен Михаил Чехов атындағы әлемдік театр фестивалінің лауреаты атанып, «ең үздік шеберлік» аталымын жеңіп алса, 2010 жылы Алматыда өткен Қазақстан мен Орта Азия театрларының халықаралық фестивалінде Джерри ролін орындаған актер Данияр Базарқұлов «ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесіне ие болды.

Шығармада жеке адамның мәселесі арқылы қоғам мәселесі көтеріледі. Қойылым кітабын оқып отырған Питердің жайлы отырысын бұзып «мен бүгін зоопаркте болдым» деп Джерридің келуімен басталады. Осы сөздерді қайталап айта беруінен оны бір ой мазалағанын түсінуге болады. Джерридің бөтен адаммен болса да тілдескісі келетінін, ішкі жан айқайын сыртқа шығарғысы келетінін көреміз.

Спектакль Питер мен Джерридің диалогы барысында өсіп отырады. Джерри тастанды жігіт, ата-ананың аялы алақанын, жылулығын сезініп көрмеген көшенің жалаң аяғы. Ал Питер жұмысы, үйі, әйелі, екі баласы, мысығы, тіпті тордағы тотықұсы бар бақытты отағасы. Салыстырып қарасақ, екеуі екі әлемнің адамы. Бірақ екеуін ортақтастырып тұрған бір кесел бар, ол - жалғыздық. Бірінде бақытты болу үшін бәрі болса, екіншісінде осы өмірде тірі пендені бақытты етер дүниелердің бірі де жоқ.

Актер Д.Базарқұлов Джерридің ішкі жан дүниесін, өмірін сезінген, оның әр мизансценасы нақты сызылған. Д. Базарқұловтың Джерриі қамауынан еркіндікке шыққысы келіп торға секіріп, шынжырын жұлмалап қарсылығын білдірген жабайы аңдарша сахнадағы торларды әрлі-берлі сүйрелеп, оларға бір шығып, бір түсуі, тордың ар жарғынан үмітке толы көзқарасымен көкжиекке қарап ойланып кетуі арқылы бүгінгі өмірдің, қоғамның адамзат үшін тар, абақты екенін жақсы жеткізе алды. Ол өзін де, Питерді де зообақта отырған аңдарға балайды. Джерри роліндегі Данияр Жоламанұлы осы сәтті жақсы жеткізе білген. Актер Джерридің  ішкі  жан толғанысын, күйзелісін, қоғам проблемасын айқын әрі нақ көрсете алды. Егер Джерри қоғам, өмір атты қамауда отырған тордан шығуын, бостандығын қаласа, Питер керісінше тордағы өміріне әбден көнген адам. Актер Алмас  Шоман Питердің темір тордағы өміріне еш қарсылықсыз көндіккенін, тіпті сол өміріне риза екенін спектакль барысында жеткізе алды.

Қойылым соңында Джерри өлгенде режиссердің шіркеу музыкасын беруі арқылы адамның жан дүниесінің тазаруын дінмен байланыстырғандай әсер қалдырады. Яғни Джерридің өлімі арқылы Маемиров катарсис-тазаруды берген. Режиссер Джерри арқылы адам неге қатып қалған қағидамен өмір сүру керек деген ұғымнан бас тартқысы келген. Соған Питердің көзін жеткізу үшін Джерри де өзін құрбандыққа шалады.

Қойылымның сахналық безендірілуі шартты түрде шешіліп, темір торлармен отырғыш қана қолданылған. Режиссер темір торды біресе көп қабатты үй, енді бірде баспалдақ, біресе тор етіп жақсы ойната алған. Дегенмен де, жылжымалы торлар кей жерлерде актер ойынына кедергі тудыратынын да атап өткен жөн. Қойылым қоғамдағы адамның өмірі зообақтағы аңның өміріндей шектеулі деген ойды жетелейді. Шешімі жоқ өмірмен одан әрмен күресер шамасы болмаған Джерри өзін ажалға қияды. Режиссер «Зоопарк» қойылымы арқылы үлкен қаладағы жалғыздықты, адам жанының жалғыздығын әдемі суреттеген. Бостандықтағы аң еркінен айырылып, темір торға қамалып қиналады. Ал адам  болса, өзіндік ерекшелігін жоғалтып, өмір талабына бағына отырып, өзін-өзі ерікті түрде торға қамаған.

Өзіндік  қолтаңбасын қалыптастыру жолында еңбек етіп келе жатқан дарынды жас режиссер Асхат Маемировтің алар асуы әлі де алда. Театр дейтін ұлы өнердің жүгін арқалап, туын көтерісіп жүрген режиссердің қазақ сахнасында әлі де көптеген көркем, соны туындылар әкелері сөзсіз.

Салтанат Әбілғазиева

Қазақ Ұлттық  Т.Жүргенов атындағы

Өнер академиясы театртану бөлімінің 4 курс студенті

Шетелде білім алу: Université de Basse Normandie

$
0
0

Рүстем Жапаров Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тіледері университетін бітірген. Кейін Франция елшілігінің грантын ұтып алып, 9 айға Université de Basse Normandie-де Langues vivantes étrangères факультетінде білім алған.


- Сәлем, Рүстем! Францияда оқып келіпсің, сол жайында толығырақ айтып берсең.

- Мен Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тіледері университетін бітіргеннен кейін сол университетке магистратураға түстім. Магистратурадан кейін Франция елшілігінің грантын ұтып алып, 2011 жылдың қыркүйек айында Франция Республикасының төменгі Нормандияда орналасқан Кан (Cean) қаласына оқуға кеттім. Онда барып Universite de Basse Normandie–нің «Еуропа тілдері» факультетіндегі Langues vivantes étrangères (LVE) кафердасына оқуға түстім. Langues vivantes étrangères-ті тікелей қазақшаға аударатын болсақ, «Қазіргі өлі емес тілдер» деп аударылады. Мұнда тек тілдер емес, сонымен қатар, сол тілде сөйлейтін халықтардың әдебиеті, мәдениеті, өркениеті, лингвистика жағынан жан-жақты білім алдым.

- Құжаттар тапсыру жағы қалай болды?

- Магистратурада оқып жүрген кезімде Франция елшілігі Қазақстандық студенттерге сол елде білім алуға мүмкіндік беретіндігін естіп, Француз тілі мен мәдениетінің орталығы Француз Альянсына келдім. Сөйтіп сондағы жауапты хатшыдан қажетті құжаттардың тізімін алдым. Құжаттар соншалықты көп те емес. Ең алдымен Франциядағы өзің таңдаған университет сені қабылдайтындығы туралы анықтама, жеке куәлік, диплом (егер бакалавриатта оқып жүрген болсаң, оқу үлгерімін көрсететін транскрипт) және мотивациялық хат. Мотивациялық хатта болашақ жоспарыңды, Францияға бару саған не үшін қажет екендігін жазасың. Егер грант ұтып алып жатсаң, оқу жылының соңына дейін сонда тегін оқып, 760 евро көлемінде стипендия алып тұрасың.

- Сондағы оқу жүйесі қазақстандық оқу жүйесінен қалайша ерекшелінеді?

- Қазақстанның білім жүйесі әлемдік стандартқа енді сәйкестендіріліп жатыр ғой. Сондықтан екеуі екі дүние. Ол жақта автономдық көбірек. Әр студент өзіне жауапты. Сенің сабаққа келу-келмеуің, оқу-оқымауың өз талпынысыңа байланысты. Егер сенің талпынысың жоқ болса, ешкім келіп сені түртпейді. Ал оқу жүйесіне келетін болсақ, онда, әрине, кәдімгідей айырмашылықтарды байқайсың. Мысалы, бізде 1-5 баллдың арасында бағаласа, онда 1-20-ның арасында бағалайды. Жақсы оқитын студент сонда 10 баллдан жоғары алу керек. Жалпы оқу ұнады. Ұнамаған жақтары болмады. Тек басында не дегенімен шетел болғандықтан жатсыну болды. Бірақ сонда оқу, тұру кезінде еш қиындық көрмедім.

- Сондағы студенттер мен жалпы жастар арасында қандай айырмашылықтарды байқадың?

- Мен жалпы халық жайында айтсам, Нормандия бұрынғы Англияның аймағы болғандықтан ол жақтағы адамдар суықтау болып келеді. Тіпті ол жақтың ауа райы да суық. Үнемі  жаңбыр, тұман. Ал жастар барлық жақта бірдей ғой.

- Университеттегі ұстаздарың жайында айтып өтсең.

- Есімде ерекше қалған ұстазым - «Лингвистика және мәдениет» деген пәннен сабақ берген Michel Niquex деген кісі. Кейін ол менің ғылыми жетекшім болды. Өзі сондай сыпайы және нақты сөйлейтін кісі. Сабақ барысында барлық керек мәліметтерді толық беріп, әрі түсіндіріп жіберетін. Өзі сабақ беретін пәнді өте жетік білетін мұғалім екендігі бірден көрініп тұратын. Сонымен қатар, сол факультеттің деканы Mariella Colin деген кісі де есімде қалды.

- Университетін жайында тағы не айтып бере аласың?

- Кан қаласы кезінде Америка мен Англия тарапынан бомба астында қалып, жермен-жексен болған қала. Ал университет өте ежелгі оқу орны болғанымен, сол кезде қирап қалып, кейінінен қайта іргесі қаланған. Бұл университетті бітіріп шыққан танымал адамдар бар шығар, бірақ мен олар жайында білмедім.

- Нормандия жайында не айтып бере аласың?

- Бұл аймақта кезінде Мане тұрған. Табиғаты тамаша бұл жерге Бодлер поэма арнаған. Өте тыныш, әрі таза қала. Өзіне тән ерекшелігі бар қала. Оны айтып бере алмаймын, оны көру керек.

- Алғашында Франция сені қалай қарсы алды?

- Францияға келгеннен кейін Кан қаласына бару үшін вокзалға келдім. Ол жаққа бара жатқанда метроға отырған болатынмын. Метролары дым ұнамады. Вокзалға келіп, пойызға отырғаннан кейін біртіндеп өзіме келе бастадым. Жалпы өзім дайындықсыз келгеннен кейін тіпті Кан қаласының картасы да, дайындап қойған бөлмем де болмады. Сөйтіп таксиге отырып, шетелдік студенттер мен олардың стипендиясымен айналысатын CRUS деген ұйымға келдім. Ол жаққа барсам, менің стипендиям әлі бөлінбеген екен. Сөйтіп не керек, қалтамда бар ақшамды төлеп, жатақханадан орын алдым. Жатақханалары өте ыңғайлы, жақсы екен. Ішінде студентке қажетті дүниелердің бәрі бар. Көршілерім жайында айтатын болсам, арамызда тек бір француз болды. Қалғанарының бәрі испандықтар мен немістер. Өзім көбіне испандықтармен араластым. Ал университет асханасында берілетін тамақтар маған ұнамады. Басында жеп жүрдім, бірақ кейін бармай қойдым. Елдің бәрі жеп, ұнатып жүрді, бірақ маған ұнамады. Сөйтіп өзім жасап жеп жүрдім. Кейде сырттан тамақтанатынмын. Жалпы француз тағамдары өзіме ұнайды, бірақ университеттің тағамдары көңілімнен шықпады.

- Ол жақта студенттерге қандай жеңілдіктер бар екен?

- Стипендия түскенде банкке барып алатынмын. Сол банк картасында сенің студент екендігің көрініп тұрады. Сонымен ақша төлесең, барлық жерге жеңілдіктер беріледі. Соны көрсетіп, мысалы, макдональдсқа барып бір гамбургер алсам, екіншісін тегін беретін. Жалпы ол жақта студенттерге жеңілдіктер өте көп. Сонымен бірге, студенттерге ай сайын 100 евро көлемінде жәрдемақы беріліп тұрады.

- Оқып жүрген кезінде бір күнің қалай өтуші еді?

- Менің сабағым аптасына үш-ақ рет болды. Сабақты аптаның күндеріне қарай өзіңе ыңғайлысың таңдайтынсың. Мен өзім аптаның бірінші жартысын таңдап, сол кезде сабаққа барып жүрдім. Ерте тұрмас үшін түстен кейін болатын сабақтарды таңдағанмын. Асықпай оянып, көршілеріммен таңғы асымды ішіп, университеке барамын. Сонда лекцияларға қатысып, одан шығып біраз кітапханада отыратынмын. Аптасына екі рет тирге, кешке жақын аптасына бес рет бассейнге баратынмын.

- Кітапхана демекші ол жақтың кітапханасы қандай екен?

- Университетте бірнеше кітапханалар бар. Ондағы кітапханалардың қоры біздікілерге қарағанда әлде қайда бай. Жаңа әдебиеттер көп. Қазақстанда оқыған университетімнің кітапханасында да кітаптар көп болатын, бірақ мұнда кез келген кітапты тауып ала алатынсың. Онда тіпті тауып алмаймын деген кітапты кездестіретінмін. Сонымен қатар, кітапханалар салаларға бөлінетін.

- Онда оқу, әрі тұру қымбат па?

- Маған 700 евро жететін. Тіпті келесі стипендияны берген кезде қалтамда 100-200 евродай қалатын. Өзім Еуропада көп саяхаттағаннан кейін көптеу ақша кетті. Басында Францияға барғанда маған бәрі қымбат сияқты көрінетін. Бірақ қазір салыстырып қарасам, қазақстандық бағалар ол жаққа қарағанда қымбат екен. Өйткені Францияда жалақы жоғары, ал бағалары біздікіндей.

- Бұл сапарың саған не берді?

- Біріншіден, жақсы достар. Қазір бүкіл әлемнен таныстарым бар. Сонымен қатар, әрине, білім.

- Сол жақтан алып келген білімің қазір қаншалықты қажет болып жатыр?

- Қазір елшілікте уақытша жұмыс істеп жатырмын. Сол француз тілінің арқасы ғой.

- Сонда сол жаққа барып келмесең, елшілікте жұмыс істей алмас па едің?

- Жоқ, олай емес. Францияға бармай-ақ жұмыс істеп жүргендер бар ғой. Дегенімен, менің ойымша, тілді оқыған адамға сол елді барып көру керек. Өйткені тіл деген мәдениет қой, сол мәдениетті толығымен білу үшін барып келген дұрыс. Сонымен қатар, жұмысқа кірген кезде де шетелде білім алып келгендігін сәл артықшылық береді деп ойлаймын.

- Болашаққа қандай жоспарларың бар?

- Болашақта өзімді осы елшілікте халықаралық қатынастар жағынан көремін.

- Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Айнұр Ракишева


Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

 


Биолог зертханасы, немесе жас ғалым Жігер Акишевтің хикаясы

$
0
0

Жігер Акишев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетінің магистранты. Мамандығы - Молекулалық биология және генетика. Зертханасынан шықпайтын жас ғалым Жігерге жолығып, биолог мамандығының қыр-сырын білуге асықтық.

- Жігер, биология маманы боламын деп қалай шештің?
- Негізі мектеп кезінен биология пәнін ұнатып оқитынмын. Сол кезден бастап облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатыса бастадым. Жалпы биологияға қызығушылығымның басты себебі осы әлемнің қалай құрылғандығын білгім келді. Соның ішінде тіршіліктің қалай пайда болғанынан бастап, қалай жұмыс істейтіндігі мені өте қызықтырды. Содан тоғызыншы сынып оқып жүрген кезімде бізге өзге қаладан жаңа мұғалім келген болатын. Біз онымен осы мамандық жайында көп әңгімелестік. Сол кезден мен биология факультетіне түсемін деп шештім. Оған дейін өзге балалар сияқты ғарышкер да, банкир де болғым келген.

- Лабораторияда қашаннан бері жұмыс істеп жүрсің?

- Лабораторияда екінші курстан бастап жұмыс істеп келемін. Біздің мамандықта оқитын әрбір студент үшінші курстың соңы, не төртінші курстан бастап диплом алу үшін лабораториялық бір зерттеу жұмысын өткізу керек. Ал мен сонау олимпиадаларға қатысып жүрген кездерімде ғылыммен айналысатын лабораториялар жайында естіп, сондай жерде жұмыс істесем, ғылыммен айналыссам деп ойлайтынмын. Содан екінші курс оқып жүргенде менде осындай мүмкіндік пайда болды.

- Өзің қандай зерттеу жұмысымен айналысып жатырсың?

- Мен қазір популяциялық генетикамен айналысып жүрмін. Яғни белгілі бір аймақта ғана өсетін өсімдіктерді зерттеудемін. Нақтылап айтсам, Іле мен Балқаш аумағында өсетін өсімдіктердің тіршілігіне адамдардың әсері туралы. Қазір қарап тұрсаңыз бұрын кең дала болған  жердің барлығын адамзат игеріп, жолдар, зауыттар, ғимараттар, тұрғын үйлер салып жатыр. Осы факторлардың барлығы Қазақстанның табиғат қорына үлкен әсерін тигізуде. Дәл қазіргі уақытта Іле-Балқаш аймағында өсетін бөріқарақаты мен лимониум деген өсімдіктерді зерттеп, олардың целлюлоза ферментін өндеу арқылы биоэтанол алу жолын қарастырып жатырмын.

- Зерттеу жұмысың жайында толығырақ айтып берсең. Бұл зерттеуден қандай нәтиже күтесің?

- Алдыңғы сөзімде айтып кеткендей, Іле-Балқаш аймағындағы өсетін бөріқарақаттың өзгеруі мен оны сақтап қалу жолдарын қарастырып жатырмын. Бұл өсімдікті зерттеп жатқан себебім - ол Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктер қатарында. Әрі дәрілік өсімдікке жатады. Біздің жағдайда біз осы өсімдіктің бастапқы түрін қаншалықты өзгерткендігіне тоқталудамыз. Қазіргі уақытта біз ол жұмысты екі тәсілмен қарастырып жатырмыз. Біріншісімен мен, екіншісімен әріптесім айналысты. Мен алған бірінші мәліметтер бойынша бұл өсімдіктің өзінің бастапқы түрін 74 %-ға сақтап қалған. Сондай-ақ, бұл өсімдікті бүкіл Қазақстанда өсуін толықтай қалпына келтіру мүмкіндіктері әлі де бар екендігін көрдім. Осы эндемикалық өсімдіктер 20-30%-ға жәндіктермен тозаңданса, қалғаны өз популяциясында тозаңданатынына көзім жетті.

- Осы бөріқарақат ағашын зерттеуді өзің қолға алдың ба, әлде бұл ғылыми зерттеу институтынан арнайы берілген тапсырма ма?

- Бұл институттың жобасы. Бұл жобаны тендрдан жеңіп алған. Мен онымен бір жарым жылдай айналысып келемін. Жақында аяқтайын деп жатырмын.

- Бұл зерттеуде қандай қиындықтар бар?

- Бөріқарақат дәрілік өсімдік болғандытан, оның құрамында түрлі дәрілік заттар кездеседі. Сол заттар кейде анализдер жасау кезінде кедергі келтіреді. Біздің жұмыстың бір жарым жылға созылып кеткендігінің өзі осыған байланысты. Осыған дейін оны зерттеудің оңтайлы жолдарын қарастырдық. Өйткені зерттеуді бастағанда көпке дейін ешқандай нәтиже шығара алмай қиналған болатынбыз. Сөйтіп зерттеу барысында бұл жұмысқа қандай факторлар кедергі келтіруі мүмкін деген кезде бөріқарақат жапырақтарының жасушаларында полифенольды бірігулердің бары анықталды. Сол үшін біз оның ДНҚ-сын шығару үшін түрлі заттар қосуымыз керек болды. Сол сияқты тағы да басқа қиындықтар кездесті...

- Өзің зерттегін келіп жүрген өсімдік бар ма?

- Зерттеуден бұрын қазіргі уақытта осы лабораторияларда зерттеу жұмыстарын жүргізетін машиналар құрастырғым келеді. Ал өсімдікке келетін болсақ, еліміздің байлығы бидай болғандықтан, сол бидайдың сапасын жоғарылату, оның сақталу уақытын ұзарту, бидайдың құрамында пайдалы заттарды ұлғайту мен өсу уақытын жылдамдату үшін не істеу қажет екендігін ойластырып жүрмін. Өйткені нан адамзаттың басты байлығы. Егер осыған қажетті құрал-жабдықтар болса, осы ойымды жүзеге асыруға болар еді.

- Осы салаға енді келіп жатқан студенттерге қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едің?

- Негізінен ол кітаптардың көбі орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Мысалы, Ленинджердің 3 томдық «Биохимиясы», Уотсон мен Тейлордың бірлесіп жазған «Молекулярная биология клетки» деген 3 томдығы, Щелкуновтың «Генная инженерия», Глик пен Пастернактың «Молекулярная биотехнология», Дж.Кайгердің «Современная генетика». Бұл кітаптарды жазған авторлар әлем бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулерді бақылаушы ғалымдар. Ол кітаптарды оқи отырып, ғылымда қандай жаңа ашылулар мен өзгерістер болып жатқандығын көре аласың.

- Ғылымнан басқа қандай әуестігің бар?

- Бос уақытымда сурет салғанды ұнатамын. Көбіне абстаракция саламын. Одан басқа табиғатты, адамдарды саламын.

- Оқуыңды бітіргеннен кейін қандай жоспарларың бар?

- Биыл магистратураға түстім, бітірген соң PhD-ға тапсырып, әрі қарай ғылыммен айналыссам деп ойлап жатырмын.

- Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

 

Балет пен киносүйер қауымға арналған бәйге

$
0
0

Құрметті оқырмандар, сенбі күні сайтымызда театрлардың жаңа маусымы туралы жарияланған материалдың арқасында 17 қыркүйек күні болатын Болат Аюхановтың балет қойылымына бір билетке ие болдық. Осы билетті сіздердің араларында ойнатып, кішігірім конкурс жасайық деп отырмыз.

Конкурстың шарты: суреттегі кадрлар қай кинодан екенін дұрыс анықтау.

1. 

2. 

3. 

4. 

Жауаптарыңызды пікір арқылы қалдырып отырыңыздар. Жеңімпаз - басқалардан бұрын дұрыс жауап берген адам. Deadline: 15.09.12, сағат 14:00-ге дейін. Сәттілік!

UPD Конкурс аяқталды. Дұрыс жауаптар:

1. Black swan

2. Ballet Shoes

3. Street Dance 3D

4. Фуэте

Дұрыс әрі ең жылдам жауап берген Ернар Бекенов жеңімпаз атанды. Құттықтаймыз!


Алматы, туған күніңмен!

$
0
0

Достар, әсіресе біздің алматылық оқырмандарымыз, сіздерді Алматы күнімен құттықтаймыз! Ару қаламызды басты кейіпкер ретінде ала отырып, ф.ғ.к, доцент, «Жұлдыздар жылай ма?», «Біздің ауылдың жігіттері», «Тымық түн» атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы, журналистика факультетінің оқытушысы Кәкен Қамзинді әңгімеге тартқан едік.


- Кәкен ағай, Алматыда қаншасыншы жылдан бастап тұрып келесіз? Бұл қалада тамырыңыз қалай жайыла бастады?

- Бала кезімізде Алматы жайында республикалық көрмеге барып қайтқан еңбек озаттарының, астанада оқып жүрген студенттердің, өзіміздің мұғалімдердің аңызға бергісіз әңгімелерін аузымызды ашып, көзімізді жұмып тыңдайтынбыз. Гүлзарлар, субұрқақтар, парктер, еңселі ғимараттар қасында түскен олардың суреттері қандай әсерлі десеңізші. Алматы шаһарының тыныс-тіршілігі хақындағы деректі фильмдердің жөні және бір бөлек. Әйтеуір, осының барлығы мені – жас баланы осы әсем қалаға ынтазар етті де тұрды.

1964 жыл, тамыз айының аяғы. Бірінші Алматы теміржол вокзалынан түсе қалдым. Әлгінде ғана жаңбыр себелеп өткен екен. Аспан шайдай ашық. Көгілдір бояуы басым Алатаудың  асқақ та айбынды шыңдары сонадайдан мен мұндалайды. Жетінші троллейбусқа отырып қалаға тарттым. Өзімнің Алматыдағы №9 қазақ мектеп-интернатындағы өмірім осылай басталды. Бұл орта мектепке мені қолымнан жетелеп әкелген жақын құдамыз, қалада ертеде тұрақтап қалған ауылымыздың оқыған азаматы Батырбек Өртенбайұлы Оразбаев еді.

- Сіздің балалық, студенттік шағыңыздағы Алматы қандай еді?

- Біздің мектеп ботаникалық бақтың қасында. Сағат алтыларда, тіпті одан да ерте көшеге сары машиналар су сеуіп өтеді. Алатау аңғарларынан аңқылдаған самал райхан гүлі мен апорттың хош иісін әр бөлмеге уыстап шашатындай. Керемет рахатқа бөленіп оянасың. Көшеде көлденең шырпы, темекінің тұқылы жатпайтын десем, сіздерге өтірік, маған шын. Маршруттағы автобус, троллейбус, трамвайлар өмірі графигінен жаңылмайтын. Интервалы, көп болса, бес минуттан әрі аспайтын. Көшелер де кең сияқты көрінетін, қазіргідей қайшыалысқан қалың көлік нөпірі жоқ.

Алматыда мектепте оқып жүрген кезімізде композитор Ахмет Жұбанов, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов сияқты аты көпке мәшһүр ардақтылармен кездестік. Қазіргі Қабанбай батыр мен Абылайхан даңғылының қиылысында – балалар мен жасөпірімдер театры. «Арманым, Әселім» спектаклі. Басты рольдерде Чапай Зұлқашев, Мәриям Жақсымбетова. Сол кездегі театр мәдениеті, ауаны мен аурасы қандай, шіркін!

Ғылым академиясының палеонтология мұражайындағы зіл-мамонттың қаңқасын көргенде, тоғызыншы сынып шәкірттері – біз мұз дәуірінен бір-ақ шыққандай әсер алғанбыз. М.О. Әуезов музейінің есігінен де имене аттатқан директорымыз Жәлила Жаңғазықызы Жолаева, тәрбиешіміз Мәриям Тоқтыбайқызы Тоқтыбаевалардың өнегесі қандай десеңізші. Мектебімізде хор үйірмесінің, үрлемелі оркестрдің орны бір бөлек еді ғой. Мектеп көркемөнерпаздарының қалалық байқауында бірінші орын алып, Пионерлер үйінен жүлдеміз – көк автобусқа мініп, Шәмші ағамыздың «Бақыт құшағында» әнін шырқап қайтқанымыз қайдан естен кетсін.

Кластастарымыз Жақсыберген Дабаев Орталық стадионда футбол ойнайтын, Назым Садықов бокс секциясына қатысатын. Осының бәрі әлі күнге дейін жадымда.

- Әлемнің әрбір үлкен қаласының өзіндік аңыздары болып жатады. Алматының бұрыннан бері келе жатқан, біз, яғни жас буын, біле бермейтін, аңыздары бар ма?

- Қазіргі «Орбита», «Самал» ықшам аудандарының орнында дүңкиіп-дүңкиіп үйдей-үйдей тастар жататын. Біреулер су тасқынының алапаты десе, тағы біреулер жер сілкінісінен кейінгі жұрнақ дегенді алға тартатын.Үлкендерден естігенімдерімді айтсам: Алматыда генерал-губернатордың кеңсесі мен қазіргі Панфилов паркіндегі кафедралды собор арасын жалғастыратын жер асты жолы болыпты деген аңыз бар.

- Әр қала тұрғындарының ерекше бір мінезі болады дейді ғой. Алматылықтарға сіздің көзіңізбен сипаттама берсек?

- Әр уақыттың өзіндік ерекшелігі, стилі, мінезі болады. Әркім өз кезеңін көбінесе идеал санайды. Біздің бозбала кезімізде алматылықтар қала тазалығына немкетті қарамайтын. Балмұздақтың қалбырын қоқыс жәшігіне тастамасаң, үлкендерден ескерту алатынсың. Кінәңді бірден мойындай қоятынсың, беттен ала кетпейтінсің. Алматылықтар кітапты құрметтейтін, қалада жылда жаңа кітап дүкендері ашылып жататын. Мереке күндері міндетті түрде кітап жәрмеңкелері өтетін. Сыйласымды адамыңа кітап тарту үрдісі бар еді. Жастардың қолынан қоғамдық көлікте де кітап, газет, журнал түспейтін.

- Алматыдағы ең сүйікті жерлеріңіз қандай?

- Тимирязев, Байзақов және Мәлік Ғабдуллин көшелері. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазіргі ғимараты тұрған территория. Осы кеңістікте менің балалық шағымның, мектептік өмірімнің қызықты да қызу шақтары өтті. Ол кезде қазіргі университет орнында –  құлпынай мен жүгері плантациясы. Мына сылдырап аққан бұлақтың үні де бөлек, суы да мөлдір сияқтанатын. Әлі күнге дейін осы мекенді аңсап тұрамын.

- Қала архитектурасы жайлы не айтар едіңіз?

- Ұлттық, шығыстық үлгіге бас игеніміз жөн. Әр қаланың өзіндік бет-ажары болғанын қалар едім. Күндіз-түні көз ілмейтін жарқылдаған жарнамалар мен билбордтарда да қазақы ажар болса ғой.

- Студент кезіңізде студенттер қалай көңіл көтеруші еді?

- Біз опера театры, драма театры премьераларынан қалмауға тырысатынбыз. Көркемсурет галереясына жиі баратынбыз. Тек Интернет ақпаратын, шоу-бизнес өкілдерінің концерттерін місе тұтпас едім.

- Бұрында Алматыны қызып жатқан әдеби орта деуші еді. Қазіргі таңда сол әдеби орта бар ма? Ақын-жазушылар арасында бір-бірін демеу үрдісі қалды ма?

- Кезінде өзіміз көзін көрген Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты алыптар тобының орны ойсырап тұр. Бірлік пен тірлік сол ақсақалдардың соңынан ілесіп кеткендей көрінеді де тұрады маған. Қазір тек жылы сөзбен демеу аздық ете ме деп те ойлаймын.

 

Әңгімелескен Айжан Кәрібаева

Алматыда Халықаралық Цирк Фестивалі алғаш рет қалай өтті?

$
0
0

15-16 қыркүйек аралығында Алматы әлемдік цирк өнерінің астанасына айналды. Бұл күндері Алматы циркі Германия, Италия, Франция, Қытай, АҚШ, Ресей және Украинаның цирк өнерінің жұлдыздары жиналып, Алматы халқын шат күлкіге бөледі.


Алғашқы International Circus Festival–ді Мәдениет жылы аясында Алматы әкімдігі ұйымдастырып отыр. Егер әлемдік цирк фестивальдерінің тарихына көз тастайтын болсақ, бұл ең атақты, әрі беделді Фестиваль Монте-Карлода 37 рет болған. 20 рет цирк өнерінің жұлдыздарын Будапешт, 10 рет Мәскеу қабылдаған екен. Ал Алматы бұндай көлемдегі іс-шараны бірінші рет өткізіп жатыр.

Бұл Фестивальден кейін Қазақстанда цирк өнерінің жаңа парақшасы ашылады десек, артық айтпағанымыз болар.

Екі күн бойы көрермендерді Латвия және Вьетнам циркінің әртістері өз өнерімен таңқалдырса, Майамидің әртістері акробатикалық жанрда сирек кездесетін «икариялық ойындар» немесе «аяқпен жонглерлеу» шоуын көрсетті.

Ұлы цирк династиясының жалғастырушысы 16 жасар Андреа Буглион “Диабло” бұйымымен.

Германия циркінің әртісі Виктория Лапидус.

- Мен Украинада туып-өскенмін. Германияда тұрып жатқандығыма 18 жыл болды. Қазіргі уақытта Германия циркінің әртісімін. Германияда циркке қарағанда ревю жақсы дамыған. Негізі өзім ревюмен айналысамын. Ал циркке кейде ғана шығамын.


Беларуссиядан келген клоун Дмитрий Чистолинов

Бұл кеште 46 килограммнан тұратын 6 гірді қолымен де, тісімен де көтеріп, зілдей көлікті жаяу тартып жүргізіп, іші толған адамы бар машина астында қалған Ресейлік Фахриддин Ахназаров барлық көрермендерді ерекше таңқалдырған батыр.

Ол өзінің өнері жайында:
- Мен бұл өнермен айналысып жүргеніме 25 жыл болды. Өзбекстанда туып-өскендігім болмаса, ол жақта өнер көрсеткен емеспін. Кезінде Ресейге оқуға барған болатынмын. Содан сонда жұмыс істеуге қалдым. Бұл шоуды жасау маған оңай. Егер ақысын толық төлесе, пілді де алып келе аламын. Алматыға екінші рет келіп тұрмын. Әдемі, жылы қала. Қазақ тағамдары да дәмді екен. Мұнда 2 күнге емес, жұмыс істеуге жарты жылға келгенде болар еді.


Сонымен қатар, Еуропаның атақты комигі Питер Шаб Circus Festival-ге қонаққа келіп, көрермендерді ду күлкіге қарқ қылды. Питер Шабтың бұл өнерге келгеніне 30 жыл болыпты. Ол 1983 жылы АҚШ-тың Mime Festival-інде Made to Measure жеке шоуы үшін бірінші орын алған. Ал 1985 жылы Парижде өткен 8-ші Cirque de Demain әлемдік Фестивалінде күміс жүлденің иегері атанса, 1994 жылы Монте-Карлода өткен Фестивальде күміс клоун мүсінің жеңіп алған. Қазіргі таңда ол өзінің шәкірттеріне «актерлік шеберлік» бойынша сабақ береді. Сонымен қатар, неміс ТВ шоуларына жиі қатысып тұрады.

Шаб өзінің творчествосы жайында: «Басында мен сабырлы-салмақты әртіс болғым келген. Бірақ мен сахнаға шыққан сайын адамдар күле бастайтындығын көріп, бұл менің күшім екендігін сездім» - дейді.

Ресейден келген “Ағайынды Запашныйлар” циркінің әртіс қыздары “Акробатикалық этюдімен”.

Вьетнамдық қонақ Тху Иен.

Эквилибрист Владимир Малашихин, АҚШ

АҚШ-тың акробатика шеберлері Джош және Майлс


Барша шетелдіктерді таңқалдырған Қазақстандық жігіттер “Nomad”.


Ал енді цирктың басты көрермендері кішкентай бүлдіршіндерге сөз берсек.


Лия, 7 жаста:

-  Маған цирк өте ұнады. Әсіресе клоундар.

Рия мен Анасы Дина:

- Circus Festival өте ұнады. Әсіресе Ветнамдықтардың шоуы. Таңғажайып, әдемі  қойылым.

Осымен үлкен-кішіге думанды мереке сыйлаған цирк күндері аяқталып, әртістер кезекті қала көрермендерін таңғалдыруға асығып кетті.

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева, Айнұр Ракишева

Мен көрген Түркия

$
0
0

Шілде айында әкеммен бірге Түркия еліне барудың сәті түсті. Әрине, қазір екінің бірі барып жатқан Түркияның келбеті ешкімге де таңсық емес. Сонда да болса түрік елінің екі астанасы жайлы өзім көрген дүниелермен бөліссем деймін. Сонымен... менің көзіммен қарағандағы Түркия... ол маған ерекше әсер қалдырды.

Әлемдегі әдемі қалалардың бірі Стамбулға (дегенмен Стамбул ауарайының ерекше қапырық болып келетіні ұнамағанын айта кетейін) түсе салған беттегі сапарымыз Босфор бұғазында кемемен саяхат жасаудан басталды. Өздеріңіз білетіндей, ұзындығы 30 шақырымға созылып жатқан Босфор бұғазы Қара теңіз бен Мәрмәр теңізін біріктіреді.

Ал оның үстіндегі атақты көпір Азия мен Еуропаны жалғастырып тұр. Оны тек көзбен көру керек, керемет әдемі екен, әсіресе жағалаудағы ескі архитектуралық стильде салынған үйлер, сарайлар мен ескі қамалдар ерекше көз тартады.

Ал мына теңіз ортасындағы маякты түрік сериалдарынан көргендеріңіз анық.

Кемемен саяхаттан кейін бірден мешіттерге бардық. Стамбулдың өзінде шамамен үш мыңдай мешіт бар деседі. Біз барған мешітіміз Ая София деп аталады. Бұл – қаладағы ең үлкен, танымал мешіттердің бірі, мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан туристердің санында есеп жоқ.

Мешітке барсаңыз, бірден хиджаб пішіндес кең киім ұсынады. Тіпті қысқа шортымен келген америкалық саяхатшыны кіргізбей, ақырында мына суреттегі менің киген юбкам сияқты киім киюге мәжбүр болды. Мешіттің айналасында біз сияқты саяхаттап келушілер көп екен, бәрі де суретке түсіріп жатыр.

Стамбулдан Анкараға сапарымызды автобуста жалғастырдық. Автобус керемет жайлы екен, ішінде алдыңа тамақ әкеп қояды, әр орындыққа орналастырылған монитор арқылы кино, мультик көресің, музыка тыңдайсың, ғаламторға шыға аласың. Сондықтан да 4-5 сағаттық жолды қалай артқа тастап, баратын жеріңе қалай тез жетіп қалғаныңды білмей де қаласың.

Стамбулдан гөрі маған Анкара қатты ұнады. Ол жерде бізді күтіп алған сол жақта тұратын әкемнің жолдастары бізге қаланың ең көрнекті жерлерін аралатуға тырысты.

Алдымен барғанымыз Ататүріктің мавзолейі болды. Осы бір ғана мавзолейдің өзінен Ататүрк жайлы көп мағлұмат алуға болады.

Ал «Панора» мұражайы Түркия елінің тарихына арналған десек болады. Оның ішіне кіргеннен-ақ зеңбіректің, автоматтың дауыстары, айғай-шу, дәk бір соғыс болып жатқан жерді көз алдыңа әкеледі.

Тарихтан сыр шертетін жерлердің бірі – ескі қамалдың орны. Үңірейген терезелерінің өзі зеңбірек орнын елестететін қамалдың үстіне шығып, қала келбетіне көз тастағанда алдымен көзге түсетіні – үйлердің қып-қызыл шатырлары.

Бір қызығы, Түркияда әдейі сақталған ескі көшелер бар екен, олардың кейбіреуіне реставрация жасалып, айналасында кәдімгі барлық қалалардағыдай ұсақ сауда жүріп жатыр. Ал мына бір жазу біздің елімізде алғашқылардың бірі болып көрсетілген «Асмалы қонақ» фильмін еске түсірсе, мына бір үйлер мен тар көше менің сүйікті фильмім «Нерминдегі» Нермин үйінің алдын елестетеді :)

Айта кетерлігі, таксилер өте қымбат екен. Бізге солай көрінді ме әлде, баратын үш-төрт аялдамалық жерге біздің ақшаға шаққанда үш-төрт мың теңге кетеді. Ал дәмхана мен мейрамханалардың бағасының удай екенін айтып қажеті жоқ. Бір жақсысы, киім-кешек арзан сияқты көрінді. Әсіресе, біздің қалаларда филиалдары типтес үлгілері қаптап кеткен LC Waikiki дүкендері көп. Сол сияқты басқа дүкендері де шоппинг жасауға ыңғайлы жасалған, ішіне бір кірсең, шегі жоқ ғимараттардағы сауда бутиктері созылып кете береді...

Ал мейрамханалардағы бассейн, теннис ойнайтын алаң сияқты жағдайлар жақсы жасалған.

 

Есімде қалған қызықты жайттардың бірі – мына көшеде ойнап жүрген кішкентай қыздардың мені көріп: «О, японка» деп айғайлағаныболды:) Бәрі маған жалт қарасып, ішіндегі біреуі тіпті: «Конничива» (жапонша «сәлем» деген сөз) деп қояды. Мен үндеместен, оларға күліп қарап, өте шықтым.

Түркиядан бір топ кітап ала келдік. Олар – негізінен ТҮРКСОЙдан шыққан кітаптар. Олардың ішінде түрік тілінде шыққан қазақ ауыз әдебиетінің «Қыз Жібек», «Мамай батыр» сияқты жауһарлары бар.

Сонымен қатар, Елбасымыздың ескерткіші және антиквариат сататын дүкен қатты ұнады, тек ол суреттерді мұнда салуды онша жөн көрмей отырмын.

Түркия сапарынан кейін мені алда Қытай еліне сапар күтіп тұр. Бірақ бұл жолы қыдырып емес, оқуға кетіп барамын. Қыркүйекте Шанхайға ұшамын, Алла қаласа! Бәріміз де аман болайық!

Әсел ӘЛІМ

ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің

3-курс студенті

Әлия Мұсаева: Мақсатымыз — «Қазақстанда жасалған» белгімен прет-а-порте киімдерін жасау

$
0
0

Бүгінгі таңда өз-өзіңе жұмыс істеп, табыс табу — әр адамның арманы. Алайда бел буып, қиындықтарға төтеп беру әркімнің қолынан келе бермейді. «Екпіннің» бүгінгі кейіпкері «Apolti» шеберханасының иесі Әлия Мұсаева оқырмандарымызға өз ісін қалай, неден бастағаны туралы баяндап бермек.

— Әлия, сәлеметсіз бе! Тігіншілікпен қашаннан бастап айналыса бастадыңыз?

— Осыдан бір жыл бұрын әпкелеріммен бірге тігін шеберханасын ашуға әрекет жасадық. Бір аптаның ішінде шеберхана орны да табылды. Сөйтіп ақ қабырғалы пәтерде 1 үстел, 2 орындық, 2 тігін машинасы және 1 үтікпен Apolti дүниеге келді.
Әрине, жоспарымда модельер жұмысын жасап, коллекция шығарамын деген ой болатын. Бірақ диплом алғаннан кейін, ғылым артынан қуып, университетте ары қарай оқуымды жалғастырдым. Қанша дегенмен, киім тігетінімді біліп алған жұрт уақытымды білім саласымен ғана шектетпейтін. Сөйтіп, теория мен тәжірибе қатар жүрді.

Тігуді 2 курстан бастадым, себебі салған нобайларымды тігіншілер жасай алмады. Басында студент болғанымда, киім тікпей, тек сурет салып және киімнің конструкциясын жасаймын деп ойлатынмын. Қазіргі модельер салған жұмысын құрып та, пішіп те, тігіп те білу керек деп санаймын.

Ал сурет салып, өнерге деген қызықшылығым бала кезімде қолыма қарындашты ұстағаннан басталды. Үйде таза қағаз қалмайтын. Сәл өскен соң барлық қыздар сияқты қуыршақтарға киім тігетінбіз. Шүберек бос жатпайтын, тіпті мамам мен папамның сау киімдері де қайшының астына түсетін. Содан мамам суретшілер үйірмесіне жазғызды, оны мектеппен қатар бітірдім. Әрине, келешекте кім боламын деген сұрақ туған жоқ. Сөйтіп, «Модельер және конструктор мамандығына» түстім. Негізі үйде екі үлкен әжем де, анам да тігеді.

— Ең бірінші киіміңізді кімге тіктіңіз?

— Ең бірінші киімді сіңілім Алмаға тіккенмін. Алманың үстіне киім тігіп үйрендім десем болады. Алма тоғызыншы сыныпта оқыған кезде ең бірінші тіккенім — мектепке киетін шалбар мен үстіне киетін корсет болды. Сол форма көптеген қыздарға ұнаған болу керек, Алмуша көшеде келе жатқанда бәрі қызығатын. Жарты жылдың ішінде көп қыздар солай киіне бастады. Алманың өзі кішкентай кезінен ерекше киініп жүруді жақсы көретін. Кішкентай кезімізде барлық киімімізді мамамыз тігіп, өзі киіндіретін. Киім сатып алмайтынбыз. Алайда мамамның мамандығы — дәрігер, тек қолы бос кезінде тігінмен айналысады.

— Ең алғашқы тапсырысыңыз есіңізде ме?

— Ең алғашқы үлкен тапсырыс мектеп бітіру кешіне арналған көйлек болды. 2005 жылы Гүлнұр деген қыз өзінің эскизын салып алып келді, оны біз ары қарай толықтырып, тіктік. Сол жылы оның көйлегі Тараз әкімшілігінің шешімімен 2005 жылдың ең әдемі көйлегі атағына ие болған.

— Мамандығыңыздың қыр-сырлары турасында айтып кетсеңіз...

— Негізгі мамандығым — құрастырушы. 1999 жылы Тараз қаласындағы ТарМУ-ға «Тігін бұйымдарының технологиясы және дизайн» кафедрасына түскен болатынмын. Онда 5 жыл оқып, одан соң «Тігін бұйымдарының технологиясы» мамандығы бойынша магистратураға түстім. Алдында құрастырушы мен бейнелеуші болсам, енді технологиямен де айналыстым. Магистратурадан кейін, аспирантураны да оқып, 1 жыл университетте «Материалтану» сабағын оқыттым. Матаның құрамын, құрылымын зерттейтін қызық әрі қиын сабақтардың бірі болатын. Сол кезде мүмкін өз ісімді бастауға ниетім пайда болды. Өйткені жай ғана мұғалім болып қалу болашағы маған ұнамады. Өз ісімді, өз шеберханамды ашуды армандадым. Солай бір жылдан соң отбасымның, жақындарымның қолдауымен осы «Apolti» шеберханасын аштық. Бір аптаның ішінде бәрі де шешіліп, Алматыға көшіп келдім.

— Ал іс бастағанда қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

— Ең басында шеберхананы немен толтырамыз деген сұрақ пайда болды. Өйткені мен өзіммен тек 3 тігін машинасын, екі-үш тігілген көйлек және алдын ала жасап қойған бірнеше той көйлегіне арналған аксессуарлар ғана әкелдім. Одан басқа ештеңе болған жоқ. Кейін жайлап 1-2 айдың ішінде шеберхана сөрелерін толтыра бастадық.

Содан соң алдымыздан шыққан мәселе — клиенттер сенімін иелену. Алғашында клиенттер бізге киімдерін жөндеуге ғана алып келетін. Шалбар қысқарту, көйлек тарылту сияқты «тексеріс» кезеңінен өткендей болдық. Кейін бара-бара киімдерді тапсырысқа бере бастады. Солай бір жылдың ішінде өзіміздің тұрақты клиенттеріміз де пайда болды.

Тағы бір қиыншылығымыз — уақытты жоспарлау. Жарты жыл түнделетіп жұмыс жасадық, өзімізді тоқтата алмадық. Жалпы, жоспарсыз қиын — ол тек бизнес жоспары емес, жеке уақытыңыз да. Шағын жеке бизнес болғандықтан, тіпті бос уақыт туралы ұмытасыз, ауырып, мұңая да алмайсыз, себебі бәріне өзіңіз жауаптысыз.

Аксессуарлар

— Киім үлгісін өзіңіз ойлап табасыз ба?

— Әр клиентпен жеке жұмыс істейміз. Тапсырыс берушінің талғамына, түріне, бойына, мінез-құлқына қараймыз. Не жарасатынын айтып, кеңес береміз. Әр деталін өзімен ақылдаса отырып жасаймыз.

— Шеберхана атын неліктен "Apolti" деп қойдыңыздар?

— Бұл шеберхана 2011 жылы 28 маусымда ашылған болатын. Орнын, арендатура шаруасын — бәрін сіңілім Алма шешті. Атын қалай қоямыз деп біраз ойландық. Сосын бұл істі Алма бастаған соң, Алманы еркелетіп атайтын Apolti деп қояйық дедік. Негізінен жұмсартып, Апольти деп айту керек. Әкеміз кішкентай кезінен оны Апорт деп еркелететін, тәтті алма, апорт деп, содан Апольти болып кетті.

Алманың үстінде трансформер көйлек

— Шеберхананың қазіргі жағдайы қандай?

— Қазіргі жағдайы бірқалыпты жақсы. Өйткені осы жылдың мамыр мен маусым айының ортасына дейін алты ұзату көйлегін тіктік. Сол уақытта тапсырыс көп болды. Ораза айына дейін жұмысымызда сәл кідіріс болды, енді міне, қайта жанданды.
Жарты жылда тапқан ақшамыз жалға беруге кетіп отырды. Келесі жарты жылдық табысымызға жаңа тігін машиналарын алдық. Өзіммен алып келген машиналардың тоқтамай жұмыс істеуге қуаты жетпеді. Сондықтан арнайы кәсіби машиналарға жараттық. Енді мамыр айынан бастап сәл де болса, табысқа жетіп жатырмыз.

— Көбінесе қандай киімге тапсырыс беріп жатады?

— Көбінесе ұзату көйлектеріне, кеш көйлектері, той көйлектері және ұлттық киімдерге тапсырыс жасалады.

— Матаны қайдан аласыздар?

— Матаны тапсырыс беруші қыздармен барып, бірігіп сатып аламыз. Өйткені олардың көбісі мата таңдай алмаймыз деп, кеңес сұрайды. Матаны өзіміздің таңдап алуымыз да маңызды, өйткені қыздардың сатып алып келген маталары салынған үлгіге сай келмей қалуы мүмкін.

— Қазірде Алматыда осындай шеберханалар көп. Сіздің ойыңызша, олардан сіздердің ерекшеліктеріңіз қандай?

— Алматыны осындай шеберханалардың отаны десек те болады. Қазіргі таңда аса ерекшелігіміз жоқ. Өйткені ол ерекшелікті жасайтын уақыт керек. Тек бір айта алатыным, көйлекке салынған бір ою екінші қыздың көйлегіне қайталанып салынбайды. Осы біздің ерекшелігіміз деп ойлаймын. Содан кейін жасайтын гүлдеріміз, аксессуарларымыз қайталанып жасалынбайды, бәрі де жалғыз экземплярдан.

Жалпы, жоғарғы сән үлгісіне көп жұмыс жасау керек, оған, әрине, уақыт, қаражат қажет. Біз сапа мен клиенттің сұранысына көп көңіл бөлеміз.

— Ал шеберхананы қалай жарнамалайсыздар?

— Әдеттегідей арнайы жарнама жасамадық. Елдер бір-бірінен естіп, келе бастады. Достарымыз немесе клиенттеріміз достарына айтып тұрады. Оған қоса сіңілім ғаламторда жұмыстарымыздың суреттерін іліп, Ювижн сайтында посттар жазып тұрады.

Апольтидің ең бірінші клиенті — Мәдина есімді қыз, ол той әшекейлерімізді жұмыстағы әріптесі әрі біздің досымыз арқылы фотодан көрген. Осылайша тойға басына тағатын әшекей гүлге тапсырыс берген болатын. Мәдина үшін сол кездегі бос шеберханамыз күдік туғызбады. Біздің мақсатымыз — осындай сенімділікті жоғалтпау.

— Шеберхананы дамыту мақсатында болашақта қандай әрекет жасаймыз жеп жатырсыздар?

— Болашақта топтама ретінде кешкі көйлектер үлгілерінің санын көбейткіміз келеді. Ал ең басты мақсатымыз, арманымыз — «Қазақстанда жасалған» белгімен прет-а-порте киімдерін көбейту. Дизайнер ретінде өз коллекциямызды шығаруды да армандаймыз.

— Шеберханадан басқа немен айналысасыз?

— Уақытым болғанда латина биіне қатысамын. Өйткені бір жерде отырып жұмыс істегеннен арқа да, денеміз де талып кетеді. Соны біраз жазу үшін билеп тұрамын. Бір жағынан хобби, бір жағынан гимнастика.

— Өз ісін бастағысы келетін жас тігіншілерге қандай кеңес айтар едіңіз?

— Ең бірінші кеңес — қорықпау керек. Адам қорықса, ары қарай ісі жүрмей қалады. Есейген сайын батылдық пен еркіндік азая береді. Себебі жауапкершілік көбееді, уақыт азаяды. Бірақ қандай себеп болса да, өз арманыңды күтіп алуға дайын болу керек. Бұны өнерлі жастар арасында өтетін «Профи» атты бәйгеге қатысқанымда түсіндім. Магистратураға құжаттарды жинап жүргенде, аяқ астынан сол бәйгеге сайыскерлер санын көбейту үшін мені де шақырған. Бәйгеге диплом жұмысымның коллекциясын көрсеттім. Бірінші орын маған бұйырады деп ойламаппын. Сол кезде алғаш рет жұмысыма сұраныс бар екенін көрдім. Киім тігуге деген қызығұшылығым арта бастады.

Жалпы, шеберхананы ашпай тұрып, түрлі киім тігуді және түрлі адамдардың сұранысын түсінуді жақсы біліп алдым. Сондықтан, бастапқы тәжірибе мен негізгі қаражатпен жұмысты бастауға оңай болды. Басқа мәселелерді бауырларымның мойнына арттым. Арамызда бухгалтер, экономист, жеке кәсіпкер, тіпті эколог пен дәрігер де бар.

Тағы бір маңызды дүние — қолдайтын адамдарың. Олар — жанұяң, достарың, жұмыстағы серіктестерің. Бірақ бұның бәрі ішкі құштарлық пен жеке ұмтылыстың арқасы екені тағы ұмытпау керек.

Cұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева

22-қыркүйек — Тілдер күні

$
0
0

1989 жылы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Ол заңда сол кездегі Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі — ұлтаралық тіл деп бекітілді. Бүгінгі күні қазақ жастары үшін екі тілді меңгеру аздық етеді, заманауи білім алу, жаңа қызметке тұру немесе шетелдерді аралау үшін ағылшын, француз, неміс, қытай, араб, түрік тілдерін оқытатын түрлі курстар, клуб-үйірмелер баршылық. Қазақ жастары арасынан белсенді, білімге ұмтылған кейіпкерлеріміз шет тілін қалай меңгергені туралы әңгімелеп, жеке тәжірибесімен бөлісті. Алайда, әңгімені ана тілімізден бастасақ...

Максим Рожин, журналист, 28 жаста:

Мен Алматы облысындағы Қаскелең қаласында туылғанмын. Алты жасқа толғанда отбасымызбен Оңтүстік Қазақстандағы Арыс қаласына көшіп келдік. Қазақ тілін еркін меңгеруіме осы Арыс қаласының қазақтары себеп болды. Ол жақта басында өзім қатарлы балалармен араласып кетуім қиын болды. Өйткені олар орысша білмейді, ал мен қазақша білмеймін. Кейін біртіндеп солардан қазақ тілін үйрене бастадым. Тіпті бір күнде үйренген сөздерімді ұмытып қалмайын деп іштей қайталап жүретінмін. Кешке үйге келгенде қазақ тілін жақсы білетін анам менің күнде үйреніп келген сөздерімнің мән-мағынасын түсіндіріп беретін. Сөйтіп жүріп бір жылдың ішінде қазақ тілін ел қатарлы үйреніп алдым.

Негізі болашағын Қазақстанмен байланыстырған кез келген азамат мемлекеттiк тiлдi бiлуге тиiс деп ойлаймын. Қазір қарап тұрсаңыз қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілін көрсек, оған тамсана қараймыз. Бірақ бұл дұрыс емес екендігін түсіне бермейміз. Себебі мемлекеттік тіліді білу олардың міндеті. Керісінше, қазақ тілін білмейтін өзге ұлт өкілдеріне таңқалуымыз керек егендігін ұғынуымыз қажет. Кейде қазақша білмейтіндердің жанында қазақ тілін білгенім үшін ыңғайсызданып қалатын кездерім болады. Өйткені «Мен қазақ тілін білемін, сен білмейсің» деп, олардың көздеріне шұқып тұрғандай сезінемін өзімді. Осы сынды көзқарастардан арылу үшін бәріміз де мемлекеттік тілді дамытуға жұмыла кірісуіміз керек.

Негізі адам баласының бақытты болуы екi нәрсеге байланысты дейді ғой. Бiрі  – алған жарыңның жақсы болуы болса, екiншiсi – мамандығыңды адаспай табу. Осы екi бақыттың да кiлтiн табуыма қазақ тiлi себепкер болды. Мен бар бақытымды қазақ тiлiнен таптым десем болады. Сондықтан қазақ тiлiне де, маған тiлдi үйреткен қазақтың қара домалақтарына да сары басымды иiп, алғысымды айтамын.

Кәмшәт Төлеулиева, мамандығы - халықаралық қатынастар, 25 жаста:

Француз тілін оқи бастағаныма 15 жылдай уақыт болыпты, бірақ осы уақыттың соңғы 7 жылында ғана «білем» деп айта алатын жағдайға жеткен шығармын. Бұл тілді оқуға себеп дейтіндей себеп болған жоқ, мектепте француз және неміс тілінің біреуін таңдауымыз керек болғаны есімде, сол таңдағаннан бері оқып, қолданып келемін.

Кейін университетке түскенде де осы француз тілін таңдап, оны басынан бастап оқыдым. Сол уақытта Франциядан келген стажерлер апта сайын бір сабақ өткізіп кететін, содан француз оқытушымен бірнеше айлық курстарға барып оқыдым. Шынымды айтсам, бұл тілді үйрену үшін арнайы материалдар қолданған емеспін, негізгі сабақтарымды толық тиянақты орындаудың өзіне көп уақыт жұмсайтынмын. Университетте Попова, Казакова, Ковальчук деген авторлардың оқулығымен оқитынбыз, әрбір тақырыпты бекітуге арналған жаттығулары көп, бәрі сондай жетік түсіндірілетін, көпшілік мақтайтан оқулықтардың бірі. Осылай өзіңе ұнап көңіліңнен шығатын оқулықтар болса, ұстаздың түсіндіргені шынымен миға қонса, ерекше ештеңенің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сонымен қатар, сол тілде газет-журнал, кітаптар оқып, музыкасын тыңдау керектігі сөзсіз. Фильмдер көру де көп көмектеседі. Мүмкіндік болса, француздармен танысып, араласқан да жақсы.

Француз тілі мен үшін жай ғана шет тілі емес, менің өмірімдегі таңдауларыма бағыт беріп отырған маңызды бір бөлшек. ҚазҰУ-де алып шыққан мамандығым, Францияда тегін білім алу мүмкіндігі, қазір Француз Альянсы сияқты ұйымда жұмыс істеп, осындай қызық адамдар ортасында өмір сүруім – кезінде француз тілін таңдауымның арқасы.

Абай Отар, журналист, 21 жаста:

2006 жылы Тараздағы Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжіне оқуға түстім. Ағылшын және түрік тілдерін осы оқу орнында жүргенде үйрендім. Бірінші жылы дайындық курсынан өттік. Алғашқы жарты жылдықта тек қана ағылшын, қазақ, түрік тілдерін оқыдық. Тоғыздан кешкі беске дейін сабақ оқитынбыз.

Мен бұл тілдерді меңгеремін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Үлкен әпкем қазақ-түрік колледжінің (КТК) өзгелерден оқ бойы озық екенін айтып, менің сонда түсуіме кеңес берді. Сосын дайындалып түсіп кеттім. Ағылшын, қазақ, түрік тілін меңгеру колледждің басты шарты болғандықтан шетелдік екі тілді үйренбеске амалым қалмады.

Тілді меңгеру үшін ең алдымен сол тілді үйренуге деген құштарлық керек деп есептеймін. Егер жеткілікті дәрежеде мотивация болмаса, Оксфордқа барып оқысаң да үйрене алмасың анық. Менің әлгі тілдерді үйренуге деген құштарлығымның шексіз болғаны соншалық, жатпай-тұрмай кітап оқи беретінмін. Гюгоның «Отверженные» деген кітабын түрік тілінде (Sefiller) оқып шықтым. Басқа да әлем әдебиетінің маржандарын ағылшын және түрік тілінде оқыдым. Тағы бір айта кетерлігі, бізде сабақтың басым бөлігі ағылшын тілінде болды. Сондықтан тіл үйренуге бұл да өз әсерін тигізді деген ойдамын. Ұстаздарымыз түрік еді. Түрік тілін жақсы үйрену үшін олармен әрдайым түрікше сөйлестік.

Тілді жақсы үйрену үшін ең алдымен сөздік қор керек. Яғни, сөзді көп білген сайын сол тілде таза сөйлей бастайсың. Мен тіл үйренемін деушілерге «Оксфорд» түсіндірме сөздігін ұсынар едім. Advanced нұсқасы небәрі 3000 теңге тұрады. Онда қосымша ағылшын тіліндегі ең көп қолданылатын 3000 сөз бар. Соны жатқа білсеңіз, еркін сөйлесуге болады. Түрік тілі қазақшаға өте ұқсас. Әсіресе біздің көнерген сөздерімізді көп байқауға болады. Егер қазақша жақсы білсеңіз, түрікше үйрену қиынға түспейді. Түрікше үйренемін деушілерге Gökkuşağı türkçe кітабын ұсынамын. Ол кітапта деңгей-деңгейге бөлінген. Жаңадан үйренушілерге өте қолайлы. Кітапты көп оқу да тілді меңгеруге тікелей ықпал ететін факторлардың бірі.

Тіл білгенімнің арқасында жұмысқа тұрдым. Тіл білгенімнің арқасында өңім тұрмақ түсімде көрмеген адамдармен жолықтым. Мәселен, 2006 жылы «Beautiful Mind» (Игры разума) деген киноны көргенде басты кейіпкер Нобель сыйлығының иегері Джон Нешті көремін деп ойламаған да едім. Алайда, алты жылдан кейін Астанада өткен V-экономикалық форумда Нешпен бірге суретке де түстім. Түрік тілін білгенімнің арқасында «Эмми» жүлдесін алған алғашқы қазақ Хасан Шерефлмен тілдестім, асылдың сынығы Мұстафа Өзтүріктің баласы Нәзірбекпен телефон арқылы сөйлестім. Франция лигасында өнер көрсететін кіл қазақ жастарынан құрылған «ПарижҚазақСпорт» клубының ойыншыларымен сұхбат жасадым. Бұл тек жұмысыма қатысты. Ал, екі тілді білуім сол елдің мәдениетін түсінуге ықпал етті. «Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам» деген сөзді ескерсек, мені төрт Абай деуге тура келетін шығар...

Аружан Жазылбекова, актриса, журналист, 26 жаста:

Лингвистикалық №105-ші гимназияда оқығандықтан, ағылшын тілін 1-ші сыныптан бастап оқыдым. Жалпы өзімнің тілдерге деген аса қабілеттілігім жоқ. Алайда кішкентайыңнан жақсы базаңның болуы маңызды. Біздің мұғалімдер өте сауатты, нағыз педагогтар болатын. Бесінші сыныптың өзінде біз “New York Times”, “Washington Press” сияқты газеттердің мақалаларын оқып, талдайтынбыз. Сондықтан ҚМЭБИ-ге түскен кезде аса қиналмадым. Ол жерде де барлық сабақ ағылшын тілінде өтті. Журналистика негіздерін ағылшынша оқыдық.

Ал жеке әдістеріме келетін болсақ, тәжірибем бойынша байқағаным: қай тілді оқымасаң да, ең біріншіден бәрін жаттау керек екен. Түсініп, логикалық түрде жүйелеудің көмегі шамалы, барлық сөздерді, ережелерді тек жаттау керек. Содан кейін ең басты шарт - тіл үйренуге басыңмен кіру керек. Жүрдім-бардым аптасына үш рет репетиторға барып қана жүрсең, тілді ешқашан меңгере алмай кетесің. Бар миыңды жұмыс істетіп, күн сайын 5-6 сөзден жаттап, процесске еніп кетуін керексің. Маған ағылшынша кино көру, музыка тыңдау жақсы көмектесті. Сосын тағы да бір құпия - сол тілде сөйлейтін дос тауып алу керек. Өйткені ең бастысы - практика. Сөйлеуге келген кезде, біріншіден психологиялық кедергіні жеңуің керексің. Сол тілдің атмосферасына кіру - тіл меңгерудің ең қысқа жолы. Мысалы, мен осыдан жеті-сегіз жыл бұрын жарты жылдай Парижде тұрып, онда модель болып жұмыс істегенмін. Сонда әжептеуір французша сөйлеп, үйреніп қалғанмын. Алайда қазір практиканың жоқтығынан, түсінем, бірақ сөйлей алмаймын. Сондықтан, әрине мүмкіндік болса, үйренгің келетін шет тіліңнің отанына барып, практика жасаған тілді тез үйренуге және акцентіңді жоюға септеседі.

Ағылшын тілін білу, меніңше, бүгінгі күні мақтанарлық дүние емес, міндетті нәрселердің бірі болып кеткен. Тікелей мамандығымды алатын болсам, шетелдіктермен болатын баспасөз-маслихаттарында, сұхбаттарда маған ағылшын тілі көп көмектеседі. Өйткені сол жердегі аудармашы айтқан сөзді дұрыс аудармауы мүмкін немесе сөзіңді өз дегеніңдей емес, басқаша жеткізуі мүмкін. Сондықтан журналистерге ағылшын тілін білу - міндетті шарт деп ойлаймын. Ата-анамның кезінде мектепті дұрыс таңдағаны үшін қазірде алғысым шексіз.

Әйгерім Таукелова, шығыстану факультетінің студенті, 18 жаста:

Қытай тілін осы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түскелі бері үйреніп жүрмін, қазір 2-курс студентімін. Бұл тілді таңдауыма себеп болған нәрсе, ең біріншіден, өзімнің шет тілдерге деген қызығушылығым болды. Ал дәл осы тілді таңдауыма себеп - оның қиындығы, сонымен қатар, қызықтылығы болды.

Қытай тілін үйренуге салғырт қарауға болмайды деп ойлаймын. Себебі жақсы меңгеріп шығу үшін күнделікті көп уақыт бөлу керек. Өз басым күніне 2-3 сағат, кей кездері 8 сағатқа дейін бөлемін. Иероглифтерді жазуды үйрену, әр сөзді тонмен айта білуге жаттығу үшін, ең алдымен, шыдамдылық керек. Өзіме қытай тіліндегі фильмдерді көрген көп көмектеседі.

Қазіргі кезде еліміздің көрші елдермен, соның ішінде Қытаймен, арадағы қарым-қатынасы дамып келе жатыр. Сонымен қатар, Қытайдың әлемдік саяси-нарықтық кезеңде алатын орны ерекше деп айта аламыз. Қазақстанда қазірдің өзінде қытай тілін меңгерген мамандар сұранысқа ие болып жатыр. Сол үшін де қытай тілін үйрену қазіргі заманда маңызды деп ойлаймын. Қазіргі таңда әлі де осы тілді үйрену үстіндемін. Өзіме қатты ұнайды. Алдағы уақытта, Алла қаласа, қытайға барып, білімімді толықтырғым келеді.

Сая Салимова, аудармашы, 19 жаста:

Араб тілін 2011 жылы 11 сыныпты бітірген соң ҚазҰУ-дің Шығыстану факультетінің Аударма ісі мамандығын таңдап, осы оқу орнына түскеннен бастап үйреніп келемін, толықтай 1 жыл болды десе болады.

Араб тілін таңдауымның басты себебі - қасиетті Құран кітабының араб тілінде жазылуы қызықтырды. Өзім намаз оқып, дін жолында болмасам да, арабша сөйлеудің мәнерлілігіне қызығушылығым туындаған.

Араб тілі дүние жүзіндегі ең қиын үш тілдің бірі болып табылады, сол қиындықты жеңгім келеді. Араб тілі айтылуы және жазылуы тұрғысынан өте күрделі. Әрбір әріпті айтылуының өз заңдылықтары бар, оларды үйрену үшін дыбыстық мәселеге көп көңіл бөлу керек. Өте көп тыңдау керек және де ол әдеби (фусха) тілде болуы тиіс. Жазуға да аса зор мән беру қажет, күніне бір мәтінді алып қайталап жаза берсе, тез әрі әдемі жазуға машықтанасың. Әрдайым сөздік қорды толықтыру қажет. Араб тілін үйренуге арналған кітаптар қазақ тілінде жоқтың қасы... Қазақ бөлімінде оқысам да, орыс тілінде жазылған кітаптармен оқып жүрмін. Оның ішінен: И.Д. Ибрагимов “Интенсивный курс арабского языка”, В. Г. Лебедев, Л. С. Тюрева “Практический курс арабского литературного языка”, Яковенко Э.В. “Практический курс перевода (Арабский язык)”, Абдессамад Гаммух “Арабский язык в диалогах” (+ CD-ROM) осыларды атай аламын.

Өзім 2-курс студенті болған соң, нақты бір пайда берді деп айта алмаймын. Бірақ оқу барысында шыдамдылыққа үйретті, арабтармен қарым-қатынас жасау мәдениетіне үйретіп жатыр.

Сәния Ошақбаева, студент, 20 жаста:

Неміс тілін 2009 жылдан бері оқып келе жатырмын. Оқуға түскенімде бірінші шет тілі ретінде таңдауға үш тіл болған: ағылшын, неміс, француз. Қазіргі таңда ағылшын білгеніңмен ешкімді таң қалдыра алмайсың деген оймен неміс тілін таңдададым. Ол кезде неміс тіліне деген сүйіспеншілігім болмайтын. Үйрене келе бұл тілге ғашық болдым. Неміс тілін көбіне қатаң, ұрысуға арналған тіл деп жатады. Бірақ мұнымен неміс тілін игергендер келіспейді. Неміс тілі өте әдемі тіл. Оны нәзік қылып сайратуға да болады.

Мен неміс тілін Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУінде үйреніп жүрмін. Қосымша немісше фильмдер қарағанымнан басқа бітіріп жатқаным шамалы. Неміс тілін жақсы көру керек, сонда ғана үйрене аласың. Бұл тілдің грамматикасы өте қиын, қиындығы жағынан оны орыс тілінің грамматикасымен салыстыруға болады, сол себептен неміс тілін үйренуге бел буған адамдар көп жұмыс жасауға дайын болу керек. Тағы бір айта кететін жайт - ауызекі тіл. Мәселен, мен ауызекі неміс тілін түсіне бермеймін, бізге әдеби тлді ғана үйретеді, ал қазіргі заманғы қарапайым немістердің күнделікті сөйлегендерін түсіну қиын. Бір қызығы, немісше тіл тарихы, немісше стилистика сияқты пәндердің теориясын, қиын сөздері мен сөйлемдерін түсінем де, қарапайымын түсінбеймін. Сол себептен, ауызекі тілге де үлкен назар аудару керек екенін ескерткім келеді. Оқулықтарға келетін болсақ, біз енді Optimal деген австриялық оқулықтан бастадық, жастар үшін қызықты оқулық. Ал грамматика жағына келер болсақ, еуропалық оқулықтар оған көп көңіл бөлмейді, сол үшін кеңес авторларынан, мысалы, Паремскаядан үйреніп жүрміз.

Бұл тілді үйрену, жалпы кез келген шет тілін үйрену, бірінші кезекте өз ана тіліңді тереңірек түсінуге көмектеседі. Неміс тілімен бірге неміс мәдениетін де бірте-бірте бойыма сіңіріп жатқан сияқтымын. Жалпы осы әлемге немістердің көзімен қарағандай боламын. Оған қоса, неміс тілі - менің болашақ наным деп сенемін.

Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева,

Айжан Кәрібаева

Viewing all 450 articles
Browse latest View live




Latest Images